Ауыл

Көкжар жәрмеңкесінің жаңғырығы

 Өткен жұмада Ойылда «Ұлы Жібек Жолында жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Айтысты Ойыл аудандық әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымы ұйымдастырды. Ал ауыл патриоттары Талғат Есқалиев, Серікқали Раушанов, Манарбек Аққонысов секілді кәсіпкерлер демеушілік етті.

Әр өңірдің басқа жерлерге қарағанда ерекшеленіп тұратын өздеріне тән қасиеттері болады. Ойылдың немесе ойылдықтардың қандай да бір тойына немесе отбасылық отырыстарына бара қалсаң, шетінен әнші екенін бірден аңғарасың. Жастарын айтпағанда, жасы жетпіске келгендердің өзі еш қысылып-қымсынбай, домбыраның құлағын келтіріп, сырнайынан саз төгілтіп, «Әу!» деп әнді бастап кете береді.

Өнер қонған өлкенің ерекше болатын себептері де бар сияқты. ХІV-XV ғасырларда өмір сүрген Асан Қайғы Жәнібек сұлтанға: «Ойыл көздің жасы еді, Ойылда кеңес қылмадың» деп мұң шақты. Одан беріректе Кердері Әбубәкір, Қашаған, Нұрым, Ақтанберді, Шернияз ақындар жырын төкті. Қызыл мен Мұрат ән салды. Тіпті, өзіндік мектебін қалыптастырып кеткен Мұхит пен Ғарифолланың да ауылы — Батыс Қазақстан облысының Қаратөбесі Ойылмен көршілес жатыр, тіпті, бір өңір.

Ойыл дегенде ерекше еске түсетін жай — Көкжар жәрмеңкесі. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Көкжар жәрмеңкесі қазақ жерінің батысында үлкен экономикалық, сауда-саттық, мәдени орталыққа, өнер ордасына айналды. Жәрмеңкеге сауда-саттық жасай отырып, өзінің кім екенін көрсеткісі келген бай мен бағылан жиналды. Алып күштің иелері мен құдіретті өнерді ту еткен ақын-жыраулар, әнші-күйшілер халықтың көңілін тапты.

Міне, сол Көкжар жәрмеңкесі өткен жылы «Ұлы Жібек Жолында жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» деген атпен этнофестиваль өтіп, кең көлемде тойланған болатын. Сол дәстүр биыл ақындар айтысымен жалғасты. Айтысты ашқан аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев айтысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сөз додасына қатысқан 14 ақын Көкжар жәрмеңкесінің өз заманында көтерген мән-маңызын ашып, өнер қонған өлкенің қасиетін, аты аңызға айналған сынықшы Сүлеймен ата, ақ тарының атасы  Шығанақ Берсиев, ғалым, дәрігер Ишанбай Қарақұлов, қазақтың алғашқы кәсіби бишілерінің бірі Нұрсұлу Тапалова сынды Ойылдан шыққан тұлғаларды жырларына қосты.

Айтыскерлердің құрамы да мықты болды. Олардың бірқатары талай облыстық, республикалық айтыстарда жүлде алып, елге танылған сөз сайысының майталмандары. Мәселен, Есентүгел Әзиев, Оралбай Кәметия, Жұлдыз Қожабекова, Марат Ахметов, Қайнар Алагөзов, Ораз Қиынбаев, Ертай Сарманов… Бұларға «Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен өткен «Жастар жырлайды» республикалық жас ақындар айтысының арнаулы жүлдесін иеленген Ершат Қайболдин, студенттер арасында және облыс көлемінде жүлделерге ие болып үлгерген Есімхан Жаманбай, Жанкелді Әлібаев, Айбол Сағынжанұлы, Сәкен Бекетаев қосылды. Ойыл ауданының жас ақыны Ерқанат Сәрсенбаев айтыс додасына бірінші рет шығып, тұсауы кесілді. Көрермендерді Өскемен қаласынан келген жас ақын Қуаныш Еркінұлы тәнті етті.

Айтыскерлердің бірінші жұбын С.Бәйішев атындағы университеттің оқытушысы Есентүгел Әзиев пен Шығыс Қазақстан облысынан келген студент Қуаныш Еркінұлы құрады. «Абыл, Нұрым, Ақтандардың ұрпағымын, Айтысты мен бастамай кім бастайды?!», — деп жыр төккен Есентүгел жас Қуаныштың жастықпен айтқан артық тұстарына кешіріммен қарап, жолын бөгей қоймады. Қайта демеп отырды. Қуаныш сөз арасында Ойылдың жиені екенін айта отырып, әдемі әзілдермен сөз орамдарын жасады. Бұл екі ақынның айтысы көпшіліктің көңілінен шықты.

Бұдан кейін хромтаулық Жұлдыз Қожабекова мен Ойыл ауданының атынан шыққан Ораз Қиынбаевтың арасында әзілге толы әдемі айтыс болды. Басқа жұптардың да сөз сайысы көрермендерді желпінтіп отырды.

Құрамында белгілі айтыскер ақын Нұрлыбек Қалауов, жергілікті ақын, сазгер Жолдыбай Айтқұлов, Ойыл халық театрының ұзақ жылдар режиссері болған мәдениет қайраткері Амангелді Жұманов, облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Ләйла Омарова, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Болат Бақтыгереев бар қазылар алқасының ұйғарымымен сайыстың екінші айналымында Ораз Қиынбаев пен Марат Ахметов, Қуаныш Еркінұлы мен Ершат Қайболдин, Есентүгел Әзиев пен Оралбай Кәметия, Жұлдыз Қожабекова мен Қайнар Алагөзов жұптасты. Бұл ақындардың арасындағы айтыс кезінде тәлім-тағылымы мол сөз өрнектері құралды. Талай сайыстарда жүлде алып жүрген Марат қарсыласы Оразға жолын берді. Қазылар алқасы Марат Ахметовке «Мәрт ақын» деген арнайы жүлде тапсырды. Ершат Қайболдин «Көрермендер көзайымы» жүлдесін иеленді.

Айтыстың бас бәйгесі — 120 мың теңге Есентүгел Әзиевке бұйырды. Бірінші орынға Оралбай Кәметия ие болды. Ал екі екінші орынға Қуаныш Еркінұлы мен Жұлдыз Қожабекова, екі үшінші орынға Қайнар Алагөзов пен Ораз Қиынбаев лайық деп танылды. Жүлдегерлер және орын ала алмаған айтыскерлер де тиісінше ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.

Ақындар айтысын қорытындылаған аудан әкімі Мавр Абдуллин сайысқа келген ақындарға алғысын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.

Айтысты жүргізген «Нұр Отан» ХДП аудандық ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин сөз сайысы кезінде ақындар елдің өткені мен бүгінгісін, жетістігі мен кемшілігін орамды ойларымен жеткізуді, бабалардан қалған өнегелі істерді насихаттауды, Көкжар жәрмеңкесінің маңызын кеңірек ашуды мақсат етсе деген болатын. Ақындар өздерінің шұрайлы тілдерімен, өткір ойларымен осы үдеден шықты деп ойлаймыз.

Бердібай КЕМАЛ.

   

  

  

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button