Құқық

Заңсыз өнімдер тәркіленді

Рейд

 Ақтөбе қалалық салық басқармасының қызметкерлері қаладағы алкогольді өнімдерді сатуға, сақтауға мемлекеттік лицензиясы жоқ мейрамханалар мен кафелерге тексеру жүргізді.

Қалалық салық басқармасының тіркелмеген салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас маманы Асылхан Жұбаналинның айтуынша, егер кәсіпкердің алкогольді өнімдерді сатуға, сақтауға  мемлекеттік лицензиясы болмаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша әкімшілік іс қозғалады. Осы мақсатта басқарма қызметкерлері ай сайын дүкен, мейрамхана және кафелерге рейдтік тексерулер жүргізеді. Бұл жолы қызметкерлер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге қаладағы мейрамханаларды аралады.

Алдымен басқарма қызметкерлері Ғ.Жұбанова көшесінің бойында орналасқан «Минария» кәуапханасына барды.  Кәуапхана иесі кәріс жігіті ішімдіктерді лицензиясыз сатып келген. Салық қызметкерлері акт толтырып, жалпы құны 18 мың 600 теңге тұратын алкогольді өнімдерді тәркіледі. Бұдан кейін 11-шағын аудандағы «Ақ орда» мейрамханасына барды. Мейрамхана әкімшісіне заңсыз ішімдіктерді сатып жатқанын ескерткен қызметкерлер сөредегі өнімдерді тәркіледі. Жеке кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылды. Кейін іс мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберіледі.

Асылхан Жұбаналинның айтуынша, лицензиясы жоқ жеке тұлғаға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал жеке және орта кәсіпкерлерге 30-40, ірі кәсіпкерлерге, заңды тұлғаларға 100-200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.   

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Таксист, заңға бағын!

 

Қазір қалада такси қызметі — қаржы табудың көзі. Жеке көлігі барлардың көпшілігі  такси қызметін атқарып жүр. Олардың бірі  жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп,  мемлекетке салығын төлеп отырса, екіншісі заңсыз кірісе салады. Соңғы уақытта осы мәселеге байланысты қалалық салық басқармасына арыз түсіретін жеке кәсіпкерлер көбейді. Басқарма қызметкерлері аталған жайға қатысты рейдтік шараларды жиі  ұйымдастырып жатыр. 

Жақында қалалық салық басқармасының тіркелмеген салық төлеушілермен жұмыс және шұғыл тобының қызметкерлері Сазды ауылдық округінде жиын өткізді.

Аталған басқарманың бас маманы Өркен Көбейсіннің айтуынша, такси жүргізушілері, яғни табыс тапқан әрбір азамат салық төлеп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Бірақ қазір қала маңындағы селолық округтерде бұл талапты орындайтындар аз.

  Статистикадан тыс мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда Сазды ауылдық округінде қырыққа жуық жеке таксист бар. Оның 7-8-і ғана кәсіпкер ретінде тіркелген. Тіркелмеген такистер заңды түрде жұмыс істейтін азаматтарға кедергі келтіріп отыр. Жеке такси жүргізушілеріне кәсіпкер ретінде тіркелудің тиімді екенін түсіндіргенмен құлақ аспайды. Бұған қоса оларды  анықтау қиын. Олар  туысқанын немесе танысын тасып жүргенін  айтып мойындамайды. Сондықтан бұл жерде ішкі істер саласының қызметкерлері белсенді жұмыс істеу керек, — дейді қалалық салық басқармасының тіркелмеген салық төлеушілермен жұмыс және шұғыл тобының бас маманы Өркен Көбейсін.

Салық басқармасына тіркелген азаматқа жұмыс істеудің үш тәртібі (режимі) ұысынылады. Олар —  патент, оңайлатылған, жалпы тәртіп. Мәселен, оңайлатылған тәртіп бойынша  кәсіпкер тапқан табысының үш пайызын мемлекетке салық ретінде төлейді. Бұдан бөлек зейнетақы қоры, әлеуметтік сақтандыру аударымдары бар. Мәселен, кәсіпкердің айлығы ең төменгі есептік көрсеткіш бойынша 18 мың 660 теңге болса, оның он пайызы яғни 1860 теңгесі әлеуметтік салық, зейнетақы, 933 теңгесі  жеке әлеуметтік сақтандыру аударымдары ретінде мемлекетке төленеді. Патент бойынша да жұмыс істеу әдісі осындай. Бірақ бұл жерде кәсіпкер  табыстың екі пайызын ғана салық ретінде мемлекетке төлейді. Ал жалпы тәртіп бойынша жұмыс істеу ірі кәсіпкерлерге болмаса, шағын шаруашылықтарға тиімсіз. Бір айта кетерлігі, бұл жерде кәсіпкер табыс көрсеткішін өзі тағайындайды. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп жұмыс істейтін таксиситер үшін патент тәртібі тиімді. Қалалық салық басқармасының ақпараттық қабылдау және жөндеу бөлімінің бас маманы Гүлім Жақсыбергенова патент алып жұмыс істеудің ешқандай қиындығы жоқ екенін айтты. Бұл үшін жеке куәлік, үй кітапшасының көшірмесі қажет. Және азамат арыз жазып, 3462 теңге төлеуі тиіс. Бұл шаруалардың барлығы үш күннің ішінде шешіледі.

Сондай-ақ, бұрын барлық қажетті құжаттар қағаз жүзінде тапсырылатын болса, енді жыл соңына дейін олардың барлығы электронды түрге ауысады.

Талап бойынша жыл аяғына дейін қала маңындағы барлық ауылдық округтер электронды түрде құжат тапсыру тәсіліне көшеді. Бүгінгі таңда Сазды ауылдық округінен басқа округтердің барлығы электронды түрге ауысты. Егер осы ауылдық округ басшылығы  біздің ұсынысымызды қолдаса, бір адам басқармадан қалай жұмыс істеу керектігін үйренеді. Кейін ол өзгелеріне үйретеді. Жалпы электронды құжат тапсырудың ешқандай қиындығы жоқ. Арнайы бағдарлама қондырылса, кез келген азамат бүкіл әлемдік желіге қосылу арқылы үйінде отырып-ақ жұмыс істеуіне болады. Бұл, біріншіден, тұрғындардың өзі үшін тиімді. Құжат үшін қалаға келіп уақыт жұмсамайды, — дейді Гүлім Жақсыбергенова.

Сазды селолық округінің тұрғыны Аманкелді Мұсағалиев мамыр айында жеке кәсіпкер болып тіркеліпті. Ауыл ішінен такси паркін ұйымдастырып, қарамағына бірнеше адамды жұмысқа алуды ойластырған азаматтың ісі кейін кетіп отыр. Себебі өз бетімен такси қызметін ұсынатындар кәсіпкердің жұмыс істеуіне кедергі келтіріп бағады екен.

— Жеке көлігім болғаннан кейін халыққа такси қызметін ұсынуды жөн санадым. Сөйтіп мамыр айында заңды түрде қалалық салық басқармасына тіркеліп, құжаттарымды әзірледім. Алайда ауылдағы жеке таксистер жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Тіпті такси тұрағына жақындатпайды. Олардың көпшілігінің тұрақты жұмысы бар. Соған қарамастан такси қызметін атқарады.

Егер мен халыққа такси қызметін ұсынсам такси жүргізушісін медициналық тексеруден өткізіп аламын. Ол адам ішімдік ішпеуі тиіс. Өйткені халықпен жұмыс істегеннен кейін жауапкершілік болу керек. Түрлі жол апаты орын алып жатыр, осылардың барлығынан сақтанып жүру керек.  Ал жеке адамдар бұндай тәртіпке бағынғылары келмейді. Және бұндай тәртіппен жүретіндерді жақтырмайды. Сондықтан олар менің үстімнен арыз жазды. Мен де тиісті орындарға шағымдандым. Алайда нәтиже жоқ. Барлығы заңды болса да ешқандай әділдік таппадым. Жеке кәсіпкерді қолдайтын, оның шаруасына көмектесуге ниетті орындар болмай отыр, — дейді кәсіпкер.

Аманкелді Мұсағалиев  Ресейден құны 25 мың теңге тұратын арнайы есептегіш қондырғы сатып алыпты. Алайда жеке таксистердің кедергісінен бұл шығындарды өте алмай отыр. Жалпы Сазды селолық округіндегі таксистер қалаға бару үшін бір адамнан 200 теңге алады.  Қаланың 12-шағын ауданындағы 25-ші үйдің қасына әкеліп тастайды.

Қалалық салық басқармасының бас маманы Қазыбай Аманов бұл мәселені шешу бір ғана салық басқармасының құзырында емес екенін,  ішкі істер органдары және ауылдық округ басшылығы арқылы бірігіп жұмыс жүргізгенде ғана шешімін табатынын айтты. Жиынға Сазды селолық округінің әкімі Ихсан Дисикуш белгілі бір жағдайларға байланысты қатыса алмағандықтан ол кісімен телефон арқылы сөйлестік. Округ әкімінің айтуынша, азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізілгенмен, құлақ аспайды екен. Ал халыққа заңды түрде қызмет көрсетуді қолға алған Аманкелді Мұсағалиевтің ісі жыл соңына дейін оң шешілетініне сендірді.

 

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button