Мәдениет

«Жүрегімнің ең бір ғазиз бөлшегі…»

Ақтөбеде таланты жас ақындар легі өсіп келеді. Бұлар — бүгінде: «Қане, қай жас ақының бар?» — десе, өзіміз мақтанышпен айтып жүрген Жақсыбек Кемал, Гүлжайнар Қалдина, Индира Кереевалардан да кейін, Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта дүниеге келген ұрпақтың өкілдері. Өлеңдегі қадамдарына сәттілік тілей отырып, бір топ студент және оқушы жастардың жырларын оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз.

 

Сырым Сәтім

 Жаңбырдан соң

 Балалықтан  жадырап  тұратын жүз,

Арманшыл да болдық па, сірә, тым біз!

Құлақ аспай сөзіне  анамыздың,

Жаңбырлы күн далаға шығатынбыз.

 

Қуаныштан көңілім қонған шыңға,

Елемедік денені тоңған сонда.

Қырда жаңбыр әдемі көрінетін,

Сенің үйің сол жақта болған соң ба?

 

Тырсылынан түндегі ән шығарып,

Ақ тұлпарын қиялдың қамшыладық.

Сені сүйер жан барын ескертті ме?

Терезеңді мен емес тамшы қағып.

 

Осындайда жаныма өлең медет,

Біз ауылдан кетерде елеңдеп ек.

Қырға қарап тұрамын жаңбырдан соң,

Күнмен бірге өзіңді көрем бе деп…

 

Әке

 

Шабыт алам, әке, сендік сенімнен,

Жадымда жүр әрбір айтқан ақыл-сын.

Маңдайдағы терді сүртіп жеңіңмен,

Түн болса да жұмыс істеп жатырсың.

 

Қиындығы қажытты ма кей істің,

Көңіліңнен күндер кетсін күрсінер.

Мен өмірде шегінбеуге тиіспін,

Сенің ұлың екенімді білсін ел.

 

Таудан түскен селдей сәби сезіммен,

Бала жүрек жалын жырын ақтарды.

Көктемді ертіп әкелсем де өзіммен.

Ерітпейді-ау, ол сендегі ақ қарды.

 

Үмітімнің жалауы сан жығылды,

Қазып келем жүректің жыр кенішін.

Ұйқы емес жанарға мұң тығылды,

Сен тағы да ұйықтамадың мен үшін.

 

… Қазір, әке, таң атады қарашы…

Нұрсұлтан Қожабеков

 

Анама

 

Тоғыз ай көтерген талмастан,

Анама арналсын алғашқы ән.

Анамның сүтімен бойыма,

Тектілік қасиет жалғасқан.

 

Түнімен ұйқысын төрт бөліп,

Бойыма дарытқан тектілік.

Бағына балаған балам деп,

Жаныма жақсылық ектіріп.

 

Танысқан сәтімнен тірлікпен,

Санама сіз жайлы сыр бүккем.

Перзенттік парызын өтесін,

Бас иіп қыз біткен, ұл біткен.

 

Тұрағын қастерлеп, түндігін,

Көгінен төгетін күн нұрын!

Сыңардай бір етіп байлаған,

Жер менен ұлының кіндігін.

 

Әлем мен бесікті тербеткен,

Әлдимен іңгәсін емдеткен.

Жаныңның жылуын сезініп,

Көзіңнің алдында ер жеткем.

 

Сіз Ана! Тірліктің бөлшегі,

Сіз Ана! Өнеге өлшемі.

Ер етіп өсірдің елімнің,

Ертеңі болсын деп еңселі!

 

Тарқамай бұл күнде базарың,

Ғажаппен өтелсін азабың.

Құдірет саналған анама,

Арналсын ең ғазиз ғазалым!

 

 

 

Ақмарал  Сансызбай

 

 

Өлең — менің өмірімнің өлшемі,

Жүрегімнің ең бір ғазиз бөлшегі.

Өзіме ұқсап өбектесе деймін тек

Өнер сүйгіш, өлең  сүйгіш ел сені!

 

Көзге түсіп келмесе де еленгім,

Өзге түсті ақын болам дегенмін!

Көңілімді күпті етсе де көркем ел

Кеуіліне тимесе екен өлеңнің.

 

Жүрегімнің  келген  кезде  толғағы

Дәрігерім — қалам  ғана  қолдағы.

Өзегіме шер салса да  өз  елім,

Өлеңімді өксітпесе  болғаны.

 

Одан басқа, сірә, тілек жоқ менде,

Мейлі, мені өзімшіл де, өктем де!

Ың-шыңы жоқ өлеңімді іздеңдер

У-шуы көп мен өмірден өткенде.

 

Аларың да, берерім де тек осы,

Өлеңімнің сөгілмесін көбесі.

Ақтөбемнен аяқтанып ұшам да,

Алашымның шыр айналам төбесін!

 

Мені бөліп қарамаңдар өлеңнен,

Тек өлеңге арқа сүйеп келем мен.

Маған артық керегі жоқ атақтың

«Жұмабайдың ақын қызы» дегеннен!

 

ххх

Көзіңдегі

мазалап жүр бейтаныс сезім  мені.

Күліп қана бір сауал тастайсың-ау,

шеше алмай жүрмісің өзің де оны?

 

Жүрегіңде

бір өзгеріс барын мен білемін де!

Сені  қайдам?.. Мен болсам алаңсызбын,

(алаңсыз боп кірпікті ілемін де…)

 

Сосын да  бір

гәптің барын сездім де, шошынғанмын…

…Маңдайымнан «көкем» деп сүйіп  жүрсің,

алабөтен ой бар-ау осында бір…

 

Өзгерерін

бәрінің де, әйтеуір сезген едім.

Көзбен қойған сұрақтар қиын екен,

сөзбен айтшы, не еді көздегенің?!

 

Зейнеп Жақсылықова

 

Ана

 

Ана, сен деп ағымнан жарылайын,

Өлең болып, жыр болып ағылайын.

Сәбиің сәл ауырса басқалардан,

Сен емес пе көп шегетін сары уайым.

 

Қате басып, жасасақ бұрыс қадам,

Қашан да жөнге салып дұрыстаған.

Қарлығаштай қорыған балапанын,

Бір елі  өз жанынан тастамаған.

 

Баласының қатайтып қанатын жас,

Адам қып жеткізгенше ана тынбас.

Ендеше, қуаныштан болсын дейік,

Анамыздың көзінен таматын жас!

 

 

Азамат Әбілқайыр

 

 

Түндегі жыр

 

Намазында жалбарынып жыр-айдын,

Мадақ айтар мейіріміне құдайдың.

Қатал жалған, бақытымды тепсең де,

Тістеніп ап, бәріне де шыдаймын.

 

Өкінішім бүгінім мен кешемнің,

Өйткені ол — сағыну мен есер мұң.

Аппақ сүті айналғасын қаныма,

Тағдырым бар әжіміндей шешемнің.

 

Жақсы деген сөз келмейді өзге түк,

Мылтық берді.

Әкем сосын сөзге кеп:

«Адам менен аңды емес, жарқыным,

Қарсыласар қиындықты көзде», — деп.

 

Күз бен шатқал бақытының қиясы,

Сол жерде бар бақ, дәулеттің ұясы.

Адам деген қаламсап қой қолдағы,

Өлім келсе, таусылатын сиясы.

 

Есімхан Мырзабайұлы

 

Айырылысу  азабы

 

Сен де кеттің ауылдан, мен де кеттім,

Кетті екен деп біздерді тергемек кім.

Арадағы байланыс үзілген соң,

Құса-мұңның барлығын жерлемекпін.

 

Қайтемін құр өкпелеп өткен күнге,

Қырсықсың, уын шашқан еккен гүлге.

Ақ жауыны қара жерді сорғалатып,

Жылап тұрды менімен көктем бірге.

 

 

Кектендірме сен мені, жек көр деме,

Ұшып барады жаңылып кептерлер де.

Қара сиям ақ дәптерге жыр құяды,

Құса-мұңым кеңірдекке кептелгенде.

 

Тәкаппарсың сөзімді тыңда, бірақ

Жүрсем-дағы олжадан құр қалып-ақ.

Тілекшімін, сезімім сөнбеді әлі,

Өмір-өзен арнасында ырғалып-ақ.

Жалғыздық жараспайды дегенменен,

Бір адамға жетеді бір қабір-ақ.

 

Наурызбек Отарбек

 

Студенттің бір күні

 

Бітірер студент ер әлі іс,

Күн сенбі, ертеңім — демалыс.

Тумамның үйіне тарттым мен,

Арасы жатақтан ең алыс.

 

Ақша жоқ болған соң қолымда,

Жатыр ем ағамның «домында».

Бай жеңгем шай үсті жеткізді,

Дәмесі бар екен соғымға.

 

Шарасыз жымиып күлдім де,

Мен, әлде мал тауып жүрмін бе?

Көңілде кірбіңді қалдырды-ау,

Қонақ боп келгенде бір күнге.

 

Әрине, өкпе, наз қонбай ма,

Тумашыл қасиет, ол қайда,

«Студент, жағдайың қалай?» деп,

Бабымды жасаса болмай ма?

 

Қазір-ақ сойдырып әдемі ат,

Берер ем үстіне және лақ.

Бірақ та оқудың ақшасын,

Ауылдан тасимын әрең-ақ.

 

Бос сөзге жанымды құмар қып.

Қайтейін халіңді мұнартып?

Бүгін мен қонбай-ақ қайтайын,

Жатағым бұл үйден мың артық.

 

 

 

 

 

 

Ақгүлім Есенова

 

Туған жер

 

Ауасы — бал, суы — шекер, таңы — май,

Қояр емес қайратымды жанымай.

Қалай өскем, қалай жеткем бұл күнге,

Туған жердің табиғатын танымай?!

 

Аспан, жерің, байтақ далаң көкпеңбек,

Сен туралы жырларымды төккем көп.

Ұрпағыңа түсінбеген сырыңды,

Туған жерім, білем сенің өкпең көп.

 

Көңіліңе мен түсірем қаяу мұң,

Қажеті не онда мені аяудың?

Жырақ жүрсем, тұлпар шабыт шабан боп,

Күйін кешем жалғыз қалған жаяудың…

 

Асылдана Жұмашева

 

Қазақ деген халықтың бір қызымын

 

Қазақ деген халықтың бір қызымын,

Шолпаны боп жарқырар жұлдызымын.

Тәтті өлеңді жанына серік еткен,

Күләштай әпкемнің нұрлы ізімін.

 

Қазақ деген халықтың бір қызымын,

Арманы асқақ, түзде өскен қырмызымын.

Салт-дәстүрін атаның жалғастырар,

Бір қызымын, халқымның нұр жүзімін.

 

Қазақ деген халықтың бір қызымын,

Көппен бірге бөлісер бар қызығын.

Сіңлісімін әпкесін ардақтайтын,

Жинап өскен бойына қыр қызығын.

 

Қазақ деген халықтың бір қызымын,

Көңіліне қарайтын құрбысының.

Ата сөзін жықпайтын, ардақтайтын,

Арлы ұлдардың аяулы құрбысымын.

 

Қазақ деген халықтың бір қызымын,

Жайқалып, жайнап өсер қырмызымын.

Білімімен артқа тастап білімсізді,

Жап-жарық боп тұратын күндізімін!

 

 

 

 

 

Ершат Қайболдин

 

Ақынға өлу керек пе?

 

Қалса  да бiраз өсiп ақылдар,

Билiкке  жүрмiн күлiп өзiм де.

«Елiм» деп жүрген есiл ақындар,

Ескерiлмейдi-ау тiрi кезiнде.

 

Бүлiк  шығарып  бұқара қилы,

Талай  ақынның  езiлген  ары.

Ел  мұңын  айтқан  Мұқағалиды,

Мұқатып  едi  кезiнде  бәрi.

 

Арыстан  болып  жаным  ақырды,

Көңiлiм  кұрғыр  алаңдай  бердi.

Таудай  талант  Табыл ақынды,

Табынушылары  таба алмайды ендi.

 

Тiрi  кезiнде Оразалыны,

Қайсысың, қашан  тағылым қылдың?

Қара  жамылып жаназа күнi,

Қабiрiн қазып,  қадiрiн бiлдiң.

 

Фәниден кетсе шын дарын өтiп,

Өмiрге қайтып  келтiрмейсiңдер.

Өлмейтiн  өлең-жырларын оқып,

Өлермен  болып  еңкiлдейсiңдер.

 

Өмiрге келу – өлгеннен қиын,

Тiрi  кезiмде көкидi қатем…

Мен  өлсем  көрге көмгеннен кейiн,

Жырымды бiреу  оқиды  ма  екен?

 

Жақтырмас  ақын жағыну iсiн,

Қарсы  емес  бiрақ  сенуге көпке.

Ақындар  елге  танылу үшiн,

Мiндеттi түрде  өлу  керек  пе?

 

 

Жандос НҰРЛЫБАЙ

 

Махаббат – құмарлықпен емес, сенімділікпен, баяндылықпен өлшенеді…

…Тек кездесу мен қоштасу сағаттарында ғана адам шын мәнінде өз жүрегінде қанша махаббат жасырынып жатқанын біледі. Сөйте тұра, оны жеткізуге жасқанады. Алайда, бір сәттік қателік, өмір бойғы өкінішке ұрындырары хақ. «Мезгілінен кеш сермелген» сөзім шерге айналғанда, шумаққа сыйғызу мүмкін бе, сірә?

 

Г-ге

 

Сен бе едің?

Сезгенім.

Іздедім,

Келмедің.

Үмітке желеу қып,

Сертіңді бермедің?!

Арбалдым неше мың,

Қай тұстан келген мұң?

Білмедім.

 

Білмеймін

ұнаттым.

Қуанып

жылаппын.

Күз бейне көңілдің,

Жалауын құлаттың.

 

Не түйдім?

Не ұқтым?

Білгенім — ынтықпын.

Сергек ем,

қайтадан,

Көзіңді сен сұқтың.

 

Қайтадан мұң басты,

Шырмасты,

Құт қашты.

…Сорыма оралып,

Шырқымды бұзбақшы!

 

Айдана Қожықова

 

Кінәлама

 

Мен сені, рас, кеш ұғындым,

Достық па деп арамызда гүл атқан?

Сен де мені кеш ұғындың,

Болғаныңмен ұнатқан…

Екеумізді күтеді алда,

Өксіп түн де, жылап таң.

Куә болған көп сырларға,

Қарайлайды Ай қыраттан.

Кінәлама ешкімді енді

Зырласа да жыл-аптаң.

Қатал тағдыр…

Тағдыр ғана,

Екеумізді жылатқан.

 

Ұстазға

 

Ұстаз деген ұлағатты бір сөзден,

Жүрегінің жылылығын мен сезгем.

Ұстаз атын биік қойып келемін,

Қолға кітап, қалам алған сол кезден.

 

Күн нұрындай сәуле шашқан ғаламға,

Ұстаз аты әрқашанда санамда.

Ұстаз сөзі мейірім төккен әр күні,

Оған-дағы, саған-дағы, маған да.

 

Асыл ұстаз, мен өзіңе — балдырған,

Кесе өтпеймін әлі күнге алдыңнан.

Мен өзіңе өмір бойы қарыздар,

Шәкіртіңмін жүрегіммен табынған.

 

Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,

Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып?

Ұстаз деген — ұлылардың ұлысы,

Қасиетіңе бас иеміз мәңгілік.

 

 

Ержан Байқараев

 

Қатар жүрер іштарлық пен құштарлық,

Бірі достық, бірі оның дұшпандық.

Қызғанышпен жүрмей әрбір істі аңдып,

Ер көп болсын достық туын ұстар нық.

Кімге керек мыстандық?

 

Араласып адалдық пен арамдық,

Жағаласып жақсылық пен жамандық.

Мың құбылып мырзалық пен сараңдық,

Барады асып адамдықтан надандық,

Керегін ал, амал ғып.

 

Күндіз бен түн өтіп жатыр алмасып,

Ай менен Күн өз уақытын дәл басып.

Шаттық пен мұң, ақ пен қара арбасып,

Бір-бірінің жағасына жармасып,

Өтіп жатыр жалғасып.

 

 

Әсия Әжімбаева

 

 

Әсем ән

 

Ән дегенің — құдірет,

Көңіліңді ашатын.

Жадыратып көктемдей,

Жүрекке нұр шашатын.

Ән дегенің — құдірет ,

Мұң мен шерді басатын

Қайғы судай шайылып,

Қуаныштар тасатын.

Ән дегенің — құдірет,

Жеткізер ақ тілекке,

«Бақыт құсы міне», — деп,

Таратар жылу жүрекке.

 

Қызғалдақтар

 

Арулар аппақ нұрдан жаратылған,

Көргенде дидарыңды дала тұнған.

Көктемдер көмкерілген көңіліңе,

Қалайша қаңтарлардың қары атылған?!

 

Ақылдың аралында тоқтаңыздар,

Әдеп пен салтымызды сақтаңыздар.

Тілегім — сабырлылық самалымен,

Гүл болып тербелсе екен бақта қыздар!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button