Құрбан айт құтты болсын!

Құрметті Ақтөбеліктер!
Баршаңызды ұлық мереке — Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Құрбан айт — барлық мұсылмандар үшін үлкен мереке. Бұл — елдің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мейрам.
Бұл күні әр мұсылман Алла разылығы үшін құрбан шалып, дініне, иманына адалдығы мен шынайы ықыласын білдіреді. Құрбандық шалу адамды шүкіршілік пен тәубаға, аманатқа, адалдық пен серт беріктігіне шақырады.
Ислам діні барлық істе салиқалылық пен сабырлылыққа үндеп, шектен шығуға, өзгеге қиянат жасауға жол бермейді.
Ата дініміз бен салт-санамызды сақтай білген халқымыз қандай қиын замандарды басынан өткерсе де имандылық пен инабаттылықтан аттап өтпей, адамгершілік құндылықтарды жоғары ұстаған.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүннитіміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін — ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» деп атап өтті.
Дәстүрлі дініміз Тәуелсіздікпен бірге түлеп, халқымызға қайтып оралды. Бүгінде бейбітшілік белдеуіне айналған Қазақстанда ислам діні кеңінен қанат жайып келеді.
Құрметті жерлестер!
Ұлық мереке ниеттеріңізді қабыл етіп, әрбір шаңыраққа құт-береке, мол ырыс пен ынтымақ әкелсін!
Келешегіміз кемел, жүзіміз жарқын болсын. Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем, бауырымыз бүтін болсын!
Ізгі тілекпен,
облыс әкімі Архимед МҰХАМБЕТОВ
Құрбан айт күні Айт намазы мешіттерде сағат таңертеңгі 9.00-де оқылады. Ал Құрбан айттың тарихы, құрбандық шалудың үкімі, тәртібі және жөн-жобасы жөнінде имамдар уағызын тыңдауды ниет еткен азаматтар сағат 8.00-ге дейін мешітке жиналуы тиіс. Айт намазы оқылып болғаннан кейін құрбандық шала беруге болады.
— Құрбан – араб тілінде “жақындау” дегенді білдіреді, яғни, Аллаға жақындай түсу. Бұл күні құлшылық ниетімен құрбандыққа мал шалған адамның дұға-тілегі қабыл болып, күнәлары кешіріледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың нұры жаусын!) өзі, балалары және үмбеті үшін, бірнеше мал құрбан шалған. Оның кенже қызы Фатимаға айтқан: «Аллатағаладан сен үшін тілек тілеп, құрбан шаламын. Осы малдың қаны жерге тамып үлгермей-ақ, сенің күнәларың кешіріледі» — деген сөзі сахабалар арқылы бізге жеткен, — дейді облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл-имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков.
Ханафи мәзһабында Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу — уәжіп (әрине, шамасы жеткендер үшін). Пайғамбарымыз: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!», – деп бұйырған.
Құрбандыққа қой-ешкі шалынатын болса, жағдайы орташа отбасы — бір қой, ал ауқатты отбасыларда әрқайсысы (ері, әйелі, т.б.) үшін — бір-бір қойдан шалынады. Сиыр, түйе сынды малдарды 7 адам бірігіп құрбандыққа шалуына болады, бірақ бұл жерде ескеретін жайт: сол 7 адамның бәрі де құрбандық шалу ниетінде болуы керек. Егер олардың бірі құрбандық шалуды ойламай, ет керектігі себепті ғана басқаларға қосылған болса, онда қалған алты адамның ниетін текке кетіреді.
Құрбандық шалуды ниет еткен адам оны өзі шалғаны жақсы, мұны істей алмаса (әйел адам не жас бала болса), мал сойылып жатқанда, жүнінен ұстап тұрғаны жөн. Оны да істей алмаса, тым болмаса, қасында қарап тұруға тырысқаны дұрыс. Малды өзі соя алмай қасапшы жалдаған адам оның ақысын құрбандыққа шалынған малдың етінен бермейді, бөлек төлейді.
Құрбандыққа сойылған мал еті үшке бөлінеді: бір бөлігі жоқ-жітікке беріледі; екінші бөлігі — көршілерге, ағайын-туысқа; ал үшінші бөлігін бала-шағасына алып қалады. Құрбандыққа шалынған малдың терісі де садақаға беріледі.
Сонымен қатар, біз облысымыздың бас имамына Құрбан айт қарсаңында оқырмандарымыздан телефон арқылы түскен сауалдарды жеткізген едік:
Сұрақ: «Біздің көршіміз — ауқатты адамдар. Жыл сайын Құрбан айтта мал шалып, бір бөлігін бізге береді. «Алмауға болмайды» — дейді. Біз бай болмағанымызбен, Аллаға шүкір, мұқтаж жандар емеспіз. Көршіміздің берген етін қабылдағанымыз дұрыс па? Мұқтаж жандарға тиесілі нәрсеге ортақ болып отырған жоқпыз ба?».
Жауап: «Құрбан айтта құрбандыққа шалынған малдың еті үшке бөлініп, бір бөлігі көршілерге беріледі. Бұған: «біз мұқтаж емеспіз ғой» — деп намыстанудың керегі жоқ, керісінше, «Алла ниетіңізді қабыл етсін!» — деген жақсы тілек айтып қабылдауыңыз қажет. Жалпы, Құрбан айттан да былайғы жерде садақа тек жоқ-жітікке ғана бағыттылмайды. Оның да түр-түрі болады: мысалы, ағайын-туыстың басын қосып, ата-бабалар әруағына Құран бағыштап, үлкендерден бата алуды ниет етіп садақа жасайсыз. Халқымыз: «Айына араласпаса — ағайын жат, жылына араласпаса — жекжат жат» — деген ғой, ағайын арасындағы сыйластықты арттыруға, бір-біріне деген сенімді бекіте түсуге тырысу да — сауапты істердің бірі. Дінімізде көршімен қарым-қатынасқа да үлкен мән беріледі. Егер көршіңіз мұсылман болса, онда оның сізде екі ақысы болады: мұсылман ақысы және көрші ақысы. Бұрынғы үлкендер Құрбан айттан былайғы уақытта да сойылған малдың етінен көршіге әрдайым сыбаға беретін, алыстан базарлық келсе, одан да көршіні құр қалдырмайтын. Мұны бала кезімізде өзіміз көріп өстік. Бұл, әрине, мұқтаждықтан емес, арадағы қарым-қатынасты, сыйластықты нығайта түсу үшін істелген. Алла алдында мұсылман адамнан тек ораза мен намаз ғана сұралмайды, адамдармен қарым-қатынаста сыйластыққа, қайырымдылыққа, бейбіт, тату тірлікке ұмтылып-ұмтылмағаны да сұралады».
Сұрақ: «Менің балаларым көп. Баласы көп адам құрбандық үшін сойылған малдың етін үшке бөліп, таратпай-ақ, тұтас күйінде бала-шағасына алып қалуына болады дейді. Осы рас па?»
Жауап: «Егер ауқаттылар қатарында болмасаңыз, ал отбасында балаларыңыз көп болса, құрбандық үшін сойылған малдың етін бала-шаға үшін алып қалуға болады».
Құрбан айтқа, құрбандық шалуға, сондай-ақ, жалпы, дінге қатысты сауалдарыңызбен «Нұр Ғасыр» мешітіне хабарласа аласыздар: 77 43 48; nurgasyrmeshiti@mail.ru.
Шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын!
Индира ӨТЕМІС.




