Аудан

90-жылдардың басында еліміз ауыр жағдайды бастан өткерді. Бұл Алға ауданын да айналып өткен жоқ. Кеңес Одағы тұсында дүрілдеп тұрған С.Киров атындағы химия зауыты жұмысын тоқтатқан соң алғалықтар біраз қиындыққа тап болғаны рас.
Шағын қаланың шаруасы шалқайды. Жұмыссыздар көбейді. Үйлерін тастап ел асып кеткендер болғанмен, үдере көшу болған жоқ. Аудан халқы Алғаның көркеюі, гүлденуі үшін тынбай еңбек етті. Елдің бірлігінің, тұтастығының арқасында Алғаның абыройы арта түсті. Мұнда 55 ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
Халықтың көңілі шат, тұрмысы жақсы. Соның айғағы, қазір аудандағы 9 елді мекенде газ бар. Алға, Есет батыр Көкіұлы, Бестамақ, Тамды, Қайнар, Нұрбұлақ, Самбай, Тоқпансай және Тоқпансай станциясы ауылдарының тұрғындары көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Жыл аяғына дейін Қарабұлаққа да газ беріледі. Маржанбұлақ, Қарақұдық ауылдарын көгілдір отынмен қамту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұндай игі шара Кеңес Одағы тұсында да болған жоқ. Демек, бұл — Тәуелсіздіктің жемісі.
Жасампаздықтың тағы белгісі — аудан халқының 82,7 пайызы (14 елді мекен) таза ауыз сумен қамтылып отыр.
Былтыр Алғада магистральды су өткізгішін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сол жұмыстарға қаражат төлеу үшін биыл 276,4 млн. теңге бөлінді (республикалық бюджеттен — 221,2 млн.теңге, облыстық бюджеттен — 55,2 млн. теңге). Қазір Ақай ауылында 183,3 млн. теңгеге су жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жұмыс қарашада аяқталады.
Бұдан бөлек, Бесқоспа ауылын сумен жабдықтау үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындауға облыстық бюджеттен 1,8 млн.теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.
Ал Алға қаласының инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысына (№1 тұрғындар шоғырын сумен қамту) 60,0 млн.теңге бөлінді.
Жылу маусымына дейін Алға қаласындағы жылу құбырларын жаңарту жұмыстары толық аяқталады. Енді құбырлар бұрынғыдай жер бетінде емес, топырақтың астында орнатылып жатыр. Өз кезегінде бұл қаланың архитектуралық келбетін сақтауға мүмкіндік береді.
— Қаладағы жылу жүйелерін ауыстыруға республикалық бюджеттен 553 миллион теңге бөлінді. Қазір жұмыс қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар жергілікті маңызы бар жолдарды күтіп ұстау мақсатында аудандық бюджеттен 11 миллион теңге бөлінді. Алға қаласының 8 көшесін орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 192,3 миллион теңге бөлініп, қазір 7 көше жөнделді. 1 көшені жөндеу жұмыстары жүргізілуде, — дейді Алға қаласының әкімі Талғат Сұлтанов.
Айта кету керек, «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасының аясында жақында Алға қаласында сән-салтанаты келіскен 2 қабатты тұрғын үй бой көтереді. Тәуелсіздік күні 8 отбасы қоныстойын тойлайды.
Оралу
Равиль Құрбанғалиевті облыс тұрғындары жақсы біледі. Ол 27 жыл бойы облыстық наркологиялық диспансерде бас дәрігер болып жұмыс істеді. Сол қызметтен зейнеттік демалысқа шықты. Қазір Равиль Құрбанғалиев өзінің туған ауылы — Ақайға қоныс аударды. Әке шаңырағының отын қайта жақты.
— Менің бала кезім осы шаңырақта өтті. Жоғары класты Ақтөбеде оқыдым. Сөйтіп ауылдан алыстай бердім. 1966 жылы Ақтөбедегі медицина институтына оқуға түстім. Институтты бітірген соң оқуға қабылданғандағы келісім бойынша 3 жылға азаматтық авиация саласында еңбек етуге жіберді. Онда 13 жыл жұмыс істедім. Одан кейін бір жылға жуық облыстық ішкі істер басқармасы бастығының медициналық қызмет көрсету жұмыстары бойынша орынбасары болып қызмет еттім. Одан соң облыстық наркологиялық диспансерге бас дәрігер болып тағайындалдым. Сол мекемеде 27 жыл бойы еңбек еттім. Бұдан 2 жыл бұрын зейнеттік демалысқа шықтым. Содан ауылға қоныс аударғанды жөн деп шештім. Себебі, бала кезімнен ауылда тұрғанды қалаған едім, — дейді Равиль Құрбанғалиев.
Қазір кейіпкеріміз ауыл ортасындағы әкесінің иесіз қалған шаңырағына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қайтадан қалпына келтіріп жатыр.
— Әбден тозығы жеткен үй ғой. 1953 жылы салынған. Жөндеу жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Демалыста інім келіп көмектеседі. Арасында қаладан ұлдарым келіп, қолғабыс етеді. Әйелім көмектескен болады. Негізгі шаруаны өзім істеймін.
Аулада бау-бақша бар. Оны да өзім күтіп-баптаймын. Біраз қаз, тауығым бар. Соларды бағамын. Жалғыз атым бар. Асау. Әлі үйрете алмай жүрмін. Менің тірлігім — осы. Бала кездегі арманым орындалып, әке шаңырағына оралдым. Ауылдың таза ауасымен тыныстап, шаруамды жайғастырып жүрмін. Қартайғанда тағы бір арманым бар. Ауылдан 4 шақырым қашықтықта шаруашылық мақсатқа алған жерім бар. Сол жерді тоған етіп, шағын балық шаруашылығын ашуды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар дәл сол маңға аң аулаушылардың тынығатын үйін салғым келеді. Жоспарым жүзеге асса, қаланың беймаза тірлігінен қашқан жұртқа тамаша демалыс орны болар еді, — дейді Равиль Құрбанғалиев.
Балалар үйінің 86 түлегі автомектепте тегін оқыды
Алға қаласындағы «Айым-А» автомектебі облыстық Алға балалар үйінің 86 түлегін жүргізушілік курстарда тегін оқытыпты. Олардың арасында қазір аталған мекемеде жұмыс жасап жатқан 10 жас маман да бар.
— Кәмелетке толғандарға ғана көлік жүргізуге рұқсат етілетіні белгілі. Сол себепті, 11-сыныпта оқып жүрген балаларды оқуға қабылдаймыз. Биылғы оқу жылында балалар үйінде 15 оқушы 11-сыныпта оқып жатыр. Курс қаңтар айында басталады. Оларға 2 санат бойынша (В және С) куәлік беріледі.
Автокөлік мектебі бұдан 4 жыл бұрын ашылды. Содан бері жалпы балалар үйінің 86 түлегінің тегін білім алуына жағдай жасадық.
Балалар үйінің тәрбиеленушілері мектеп бітірген соң Жасөспірімдер үйіне орналасады ғой. Болашағы үшін еңбек етулері керек. Ал көлік жүргізушісі болса, нансыз қалмайтындары анық. Сол себепті, балаларға қолымнан келгенше көмектескім келді. Оларға тәжірибелі мамандар сабақ береді, — дейді автокөлік мектебінің басшысы Абзал Айымбаев.
2009 жылдан бері автомектепті 1280 түлек бітіріпті. Бұған дейін мұнда тек көлік жүргізушісі курсы бойынша маман даярланса, биылдан бастап есепшілік және репититорлық курстар ашылды. Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі, көлік жүргізушісі курстарына қыздар да қабылданыпты. Жалпы мектепте 16 адам еңбек етеді.
«Айым-А» автомектебі «Жол картасы — 2020» бағдарламасының аясында мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, 6 миллион теңге қаржы алды.
— Алғаның орталығынан өз қаржыма ғимарат сатып алған едім. Мемлекеттен бөлінген қаражаттың арқасында ғимаратты жаңартып, заман талабына сай жабдықтармен қамтыдық, — дейді Абзал Айымбаев.
Жаңбыр жауды себелеп…
Облыста баламасы жоқ көпфункциялы егістік суаруға арналған алып техника Алға ауданындағы Есет батыр Көкіұлы ауылындағы егістік алқабында бар. «Омега» деп аталатын Испаниядан шығарылған бұл техниканың ұзындығы — 2 мың метр, ені — 350 метр. Құны — 18 миллион теңге.
Аталған ауылда «Рамазан» ЖШС-ның бөлімшесі бар. Техника осы серіктестіктікі.
— Биыл осы ауылдан игерілмеген 2 мың гектар жерді 49 жылға жалға алдық. Көктемде 560 гектар жерге дән себілді. Оның 140 гектары — жүгері, қалғаны — тары. Мұның бәрі «Рамазан» серіктестігінің құс фабрикасының құстарының азығы үшін керек. Бұған дейін құстардың азығын сырттан сатып алатынбыз. Енді жүгері мен тарыны өзіміз өсіретін болдық. Ал бұл біздің серіктестіктің жұмыртқаларының бағасын төмендетуге сеп болады, — дейді «Рамазан» ЖШС серіктестігінің өкілі Нұрлан Гильманов.
Егістік алқабын суару оңай шаруа емес. Әрі соңғы жылдары қуаңшылық болып, егін шықпады.
— Сол себепті тәуекел етіп, бағасы қымбат техниканы сатып алдық. Сөйтсек, бұл техниканы қондыру, полиэтилен құбырларды алу техникадан да бірнеше есе қымбатқа түсті. Суды егістіктен 800 метр қашықтықтағы Шолақ өзенінен тартамыз. Бұл үшін осыншама ұзындықта полиэтилен құбырлары жүргізілді. Ал алқаптың ені — 2,5 шақырым, ұзындығы — 5 шақырым. Сөйтіп, жалпы ұзындығы — 11 шақырым құбыр тартылды. Құбырлардың құны — 36 миллион теңге. Ал оларды қондыру үшін 8 миллион теңге жұмсалды. Бұл, әрине, қыруар қаржы.
Біз істі бастағанда кейбір шаруашылықтардың иелері шошынды: «Бұл техника өзін-өзі ақтамайды. Сонша ақша босқа кетеді» деп. Десе де, тәуекел еттік. Әрине, бір жылда баға ақталмайды. Бірақ бұл техниканың мықты екеніне көз жеткіздік. Сонша үлкен алқапты суару үшін соншалықты көп адам күшін тартпайсың. Егістік басында еңбек ететін небары 6 адам. Тағы бір пайдасы — жерге ылғал түспеді, жауын жиі жаумады деп қиналмайсың. Өзі-ақ «жаңбыр» жауғызады. Келер жылы осындай тағы 4 техника сатып алу жоспарда бар, — дейді Нұрлан Гильманов.
«Жасыл экономика» және жел генераторы
Алға ауданына қарасты Тамды ауылындағы екі бірдей шаруа қожалығы «Жасыл экономиканың» игілігін көріп отыр. «Бейбарыс» және «Дания» шаруашылықтарына электр қуатын өндіретін жел генераторлары қондырылды. Бұл — «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының жемісі. Жел генераторлары шаруаларға қолдау көрсету мақсатында мемлекет тарапынан тегін берілген.
Жаңа технология бұған дейін пайдаланылып келген дизельді генераторды алмастырды. Соның арқасында шаруалар тәулік бойы электр энергиясының қызығын көріп отыр.
— Дизельді генератор бізге тиімсіз-тін. Біріншіден, шығыны көп, екіншіден, қоршаған ортаға келтірер зияны аз емес.
Жаңа технологияны қондыру біз үшін күтпеген қуаныш болды. Мемлекет тегін берді. Ақысыз қондырды. Мамандар пайдалануын үйретті. Түсінбесем, телефон соғып сұрап аламын.
Бұрын шаруашылықтағы техника сынса, оны дәнекерлеу үшін бірнеше шақырым қашықтықтағы Тамдыға баруға тура келетін. Генератордың арқасында бұл мәселе де шешілді, — дейді «Бейбарыс» шаруа қожалығының басшысы Серік Нұрболатов.
Аталған шаруашылыққа қондырылған жел генераторының қуаттылығы — 6 кВт.
— Осындай электр қуатын өндіретін қондырғы біздің аудандағы екі шаруашылыққа қондырылды. Себебі, бұл шаруа қожалықтары «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының жобаларына белсене қатысып жүр.
Айта кету керек, генератордың бұл түрінің экологияға зияны жоқ. Далада жел жиі соғады. Желдің күшінен қуат алады. Нәтижесінде, шаруа тегін электр энергиясын тұтынады.
Шалғайдағы шаруа қожалықтарына электр желілерін тартып, бағаналар орнату оңай шаруа емес. Аудандағы басқа шаруа қожалықтарының иелері жел генераторларына қызығушылық білдіріп отыр, — дейді Тамды селолық округінің әкімі Амандық Еспағамбет.
Лақтың «мамасы»
Мұндай қызықты бұрын көрдіңіз бе? Ал біз куә болдық. Лақ итті еміп жүр. Иттің үш күшігімен бірге таласа-тармаса лақ та иттің бауырына тығыла түсіп, талғажау іздейді. Оны енесі тастап кетіпті.
— Шыбыш он күн бұрын төлдеп еді. Бірінші төлдеуі болған соң ба, төлін алмай кетті. Содан бері ит лақты «бауырына» басты. Лаққа — Лиза деп ат қойдық. Итіміздің аты — Джейси. Лиза Джейсидің төрт күшігімен бірге тамақтанады, — дейді Тамды ауылындағы «Бейбарыс» шаруа қожалығының басшысы Серік Нұрболатов.
Тіпті, Лиза өзіне құйылған сүтті де «ұяластарымен» тең бөлісіп ішеді екен. Джейсидің бауырына тығылып, бәрі бірге ұйықтайтын көрінеді. Бір-бірінен бір елі қалмайды.
Қуаныш пен Айгүл
Қуаныш пен Айгүл — Алғадағы облыстық балалар үйінің түлектері. Қазір екеуі де сол мекемеде еңбек етеді. Атқарушы билік өкілдерінің көмегінің арқасында қазір олардың екі бірдей баспанасы бар: бірі — Ақтөбеде, екіншісі — Алғада.
Қуаныш балалар үйіне 1997 жылы інісі екеуі түсіпті.
— Ол кезде он жаста болатынмын. Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылынан келдік. Ата-анамыз қайтыс болды.
2004 жылы мектепті бітірдім. Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып, 80 балл жинадым. Сөйтіп, өз күшіммен сол кездегі Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына «Дене шынықтыру және спорт пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Институтты бітірген соң өзім тәрбиеленген Алға балалар үйіне жұмысқа орналастым, — дейді Қуаныш Тоқсанбаев.
Келіншегінің аты — Айгүл. Екеуі Тимур есімді ұл бала өсіріп отыр.
— 2011 жылы желтоқсан айында Айгүл екеуміз шаңырақ көтердік. Айгүл де осы балалар үйінің түлегі. Осында тәрбиеші болып жұмыс істейді. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста.
Інім Атырауда «Теңізшевройл» компаниясында жұмыс істейді. Ол «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен» үй алуға есеп-шот ашып қойды. Кезегі жақындап қалды, — дейді Қуаныш. Жас маман мемлекет тарапынан қорғансыз қалған балаларға, жастарға көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын білдірді.
— 2009 жылы облыстық әкімдіктің қолдауымен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы «Болашақ» шағын ауданынан жаңа пәтер алдым. Облыстық әкімдік демеушілердің көмегімен 1 миллион 200 мың теңге аударды. Өзім институтта оқи жүріп, қосымша қоғамдық көлікте бақылаушы болып жұмыс істеп, 800 мың теңге жинадым. Інім де көмектесті. Қалған ақшаны банк аударды. Ай сайын банкке 10 мың теңге төлеймін.
2011 жылы Алға ауданының сол кездегі әкімі Қабай Сәрсенғалиевтің қолдауымен 2 бөлмелі қызметтік пәтерге ие болдым. Қазір сонда тұрып жатырмыз, — дейді Қуаныш.
Айқара бетті әзірлеген Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.




