Мәдениет

Заңғар Заңгер

 Белгілі мемлекеттік және қоғамдық қайраткер, ұстазымыз, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, 1 дәрежелі мемлекеттік заң кеңесшісі Өтеген Сейітовті тағы да бір еске алатын сәт келіп жеткендей. Ол бүкіл саналы ғұмырын Қазақстан прокуратурасына арнаған аса көрнекті заңгер, тұлғасы биік асыл азамат, он сегіз жыл бойы республикамыздың прокуроры болған ерекше тұлға.

Қазіргі кезеңге дейін ешбір адам осыншама мерзім республиканың прокуратурасына басшылық етпеген, осының өзінен оның сан қырлы кәсіби шеберлігі, биік парасаттылығына қоса біліктілігі, өзіне ғана тән адами қасиеті мен өзгелерден ерекше көзге түсер қабілеті танылғандай.

Өтеген Сейітов 1923 жылы қыркүйек айының 15 жұлдызында Шалқар ауданының Ақтоғай селосында дүниеге келген. Ол он алты жасында Шымкент облысы прокуратурасында тіркеуші қызметін атқарады, жарты жылдан кейін осында кеңсе меңгерушісі болады. Одан кейін Шымкент облыстық партия комитеті бірінші хатшысының қабылдау хатшысы қызметіне алынады, бұл кезде ол он жеті жаста. Кейін жасы он сегізге толмаса да, өзі сұранып, елін қорғауға аттанған.

Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, үш рет жараланса да, госпитальдан майданға қайта оралып отырған. Соғыстан кейін, 1945-1949 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Келес, Сарыағаш аудандары прокуратурасының тергеушісі, кейін 1949-1951 жылдары осы облыс прокуратурасының аға тергеушісі, ал 1951-1959 жылдары республика прокуратурасының бөлім прокуроры қызметін атқарады.

1960 жылы Алматы қаласындағы Совет ауданының прокуроры, сосын Алматы облысының прокуроры болып жұмыс істейді.

Ал1962 жылы республика прокурорының бірінші орынбасары, 1966 жылы республика прокуроры болып тағайындалып, зейнет демалысына шыққанша, яғни 1984 жылға дейін, осы қызметте болды.

Өтеген Сейітов соғыстағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі ерен еңбегі, заңдылықты нығайтудағы үлесі үшін Қызыл Жұлдыз, І-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, екі мәрте «Халықтар Достығы» орденімен марапатталды. Көптеген медальдар мен Жоғарғы Кеңес Төралқасының Құрмет Грамоталарының иегері. Бірнеше рет КСРО прокуратурасының мадақтауына ие болды. Ол Республикаға еңбегі сіңген заңгер, прокуратураның құрметті қызметкері атақтарын алған.

Республика прокуратурасы құрылымының бекіту, қылмыстардың алдын алу,  олармен күресу, құқық сақталуы мен зандылықтың нығайтылуын қамтамасыз ету мәселелері тұрғысында ол атқарған жүйелі жұмыстар ұшан-теңіз. Сол кездегі прокуратура органдарының нашар жабдықталған кеңселерде орналасатындығын, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайлары да талапқа сай бола бермейтіндігін ескеріп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Д.Қонаев жолдастың көмегімен қызметкерлер жағдайларын едәуір жақсартуға қол жеткізеді.

Бұған қоса, 1966 жылы Мәскеудегі басшылардың қарсылығына қарамастан, Алматы қаласы прокуратурасының ашылуына себепкер болды. Республика прокуроры ретінде сала қызметін одан әрі жетілдіре түсу мақсатында нақты шаралар керектігін айтып, құжат дайындайды. Онда 300 адамға қызмет, 50 жеңіл автокөлік, 5 облыстың прокуратураларына қызмет үйін салуға Мәскеуден қаржы сұрап жазған хаты бойынша Одақтың Бас прокуроры Руденко мәселені тез шешеді. Бұл Өтеген Сейітұлының мыңдаған игі істерінің бірі ғана. Осындай азаматтың қарамағында қызмет жасағандықтарын шәкірттері мақтаныш етеді. Ол кісіден алған ілім-тәрбиені кейінгі жастарға жеткізіп, тәжірибеде үйретуді көпшілігі өздерінің парызы деп санады.

Өтеген Сейітұлы қажырлы да, қалтықсыз еңбегінің нәтижесінде Одақ прокурорларының арасында ерекше құрметке ие болды. Ол өмір бойы әділеттің ақ семсерін ұстап, қара қылды қақ жарған мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілгендігі біз үшін қуанышты жағдай.

Бірқатар шетелдерде болып, халықаралық аренада да ел намысын биік ұстады. 1946 жылғы Нюрнберг процесі арқылы атағы әйгілі, көрнекті заңгер, мемлекет қайраткері, бұрынғы КСРО Бас прокуроры Роман Руденкомен талай рет кездесіп, оның қабылдауында болғанын және оның айтқан ақыл-кеңестерін Өтекең ерекше ықыласпен еске алып жүрген.

1977 жылы Одақтық Бас прокурор Руденконың ұсынысымен Өтеген Сейітов Кеңестер Одағы делегациясының құрамында Женева қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының қылмыстардың алдын алуға арналған бесінші Конгресіне қатысқан.

Біздің негізгі мақсатымыз бір қылмыс жасаушылармен күресіп, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, дейтін Өтекең.

Өтеген Сейітов аса беделді болатын. Ол кездегі Одақ Бас прокуратурасының қызметкерлері, одақтас республикалардың прокурорлары оны ерекше құрметтейтін.

Адам бойындағы қоғамға аса қажетті асыл қасиеттердің барлығы осы азаматтың бойынан табылатын еді. Әсіресе, кадрларды тәрбиелеу, өсіру мәселесіне аса сергек, әкелік қамқорлықпен қарайтын, қарауындағы қызметкерлерге іскерліктеріне қарай, адамгершілік тұрғыдан баға беретін. Заңгерлердің біліктілігіне, жауапкершілігіне аса назар аударушы еді.

Үлкен жүректі азаматтың тәрбиесін алған шәкірттері оның әр іс-қимылын өздеріне бағдаршам ретінде ұстап жүрді.

Соғыстың отты жолдарынан оралған, оның алдында да, одан кейін де көп қиыншылықтарды бастан өткерген абзал ағаның қайырымдылығы мен ұстамдылығы, кішіпейілділігі мен кісілігі өз алдына бөлек әңгіме.

Прокурорлық қызметін айтпағанда, Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде біздің облысымыздың Мұғалжар ауданынан ұсынылғандықтан да елге тұрақты келіп тұратын. Сол кездегі Ақтөбе облысының прокуроры Ғұбайдолла Лұқпановпен өте көңілді күйде кездесетін еді, сол суреттер жадымызда сақталып қалыпты.    

Сонша жылдар бойы республика прокуроры міндетін абыроймен атқарған парасатты да, білікті ағамызды еске алу, оның ізгілікті істерін, берген тәрбиелік кеңестерін жас қызметкерлерге баяндау біз үшін игілікті іс.

Өтеген Сейітұлы ұстамды, мінезі салмақты, қандай мәселе болса да асықпай, ойланып шешетін, қарауындағы қызметкерлерге де осындай талап қоятын. Өйткені заңдылықты сақтап, әділ болудың адам тағдырын шешкенде өте қажеттігін айтып ақыл беруші еді. «Әрбір заң бұзушылық кімнің тарапынан болмасын, Отанға, қоғамның дамуына кері әсерін тигізеді, әсіресе, қылмысты әрекеттердің қай түрі болмасын қоғамға жат, қауіпті. Сондықтан заңның алдында кім болмасын бәрі бірдей, заңсыздық, оның ішінде қылмыстық әрекеттері үшін бірдей жауапты болуға тиісті», деп санайтын.

Ол кезде прокуратурада тергеу болғандықтан, Өтекеңнің бұған байланысты қойған талабы: қылмысты адамдарға жаза тағайындау сот билігінде, оның үкімінсіз ешкім кінәлі деген атаққа ие бола алмайды. Сондықтан әрбір  қылмысты әрекеттерді әшкерелеп, қылмыскердің айыбын объективті, жан-жақты түрде, заңға сәйкес дәлелдеу тергеушінің қасиетті парызы. Тергеу жұмысында қате жіберу немесе сол жұмысқа немқұрайды қарау, тергеушінің өзі сияқты адамдардың тағдырына қалай болса, солай көзқараста болуы халық алдында, мемлекет пен партия алдында кешірілмес күнә екендігін ол қатты ескертетін.

Өтеген Сейітұлы қандай жағдайда да өзін бірқалыпты ұстайтын, үлкенге де, кішіге де бірдей ілтипатпен, құрметпен қарайтын, қатты айтып көңіл қалдырмайтын. Кішіпейілді, адамды жылы шыраймен қарсы алып, айтар ойыңды зор ниетпен тыңдап, өз шешімін, ақылын беретін еді. Сонымен қатар ісіңе сәттілік, отбасыңа амандық тілегін айтқанда, қызметті жігерленіп істеуге сенім тудыратын. Ақ ниетті ағаның үлкен жүректі адам екендігін «Өмір өткелдері», «Советник юстиции» кітаптарын оқығанда жақсы ұғына түсінесің. Сонымен қатар Өтеген аға өзінің республика прокуроры қызметін атқарған кездерінде бүкпесіз, тура сөйлеп, ащы да болса, шындықты айтатын, заңдылықты нығайтуға нағыз берілгендігін ісімен дәлелдеген адам болатын.

Сол кездегі республика прокурорының бірінші орынбасары И.В.Кацай, бұрынғы республика Бас прокуроры Ю.А.Хитрин, сондай-ақ Қ.Е.Мыңбаев, И.Сейітов, О.Боранбаев, А.Д.Мызников, Р.Ғұбайдуллин, М.М.Туткин, О.Мұқашев, О.Жұмабаев және т.б. прокурорлардың жақсы қызмет істегендерін ол өзінің кітабында жазып қалдырған. Өзі басшылық қызметте болғанда оң жағынан табылған көмекшілері, республика прокуратурасының сол кездегі бөлім бастықтары Т.К.Айтмұхамбетов, И.М.Родин, Н.Л.Зубченко және басқаларын жаңа заман талабына сай қызметкерлер деп бағалапты.

Өтеген Сейітұлы зейнеткерлікке шыққан соң да өзінің халқына қызмет істеген. Республиканың Жоғары Кеңесі Президиумында, мүгедектер қоғамында еңбек етіп, республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары ретінде игілікті істерге мол үлесін қосқан.

Аяулы ұстаз ағамыз 1997 жылы желтоқсанның 14 жұлдызында өмірден өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылды «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылы деп жариялаған Жарлығына сәйкес, сол кездегі Ақтөбе облысының прокуроры Тыныбек Оңалбаев Өтеген Сейітұлының шәкірті ретінде осы азаматтың рухына арнап оның кіндік қаны тамған туған жері Шалқар ауданында оның есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде шараларды жүзеге асыру жөнінде облыс әкімінің атына ұсыныс жасаған-ды. Ол қолдау тауып, аталған ауданда Өтеген Сейітовтің аты бір көшеге берілді, ол оқыған мектепке мемориалды тақтайша ілінді. Облыс прокуратурасы ғимаратында Өтеген Сейітұлының мұражайы ашылды. Онда Өтеген ағамыздың сонау балалық шағынан бастап, зейнеткерлікке шыққанына дейінгі өмір жолдарынан алынған фотосуреттері мен деректер, еңбегіне қарай берілген орден, медальдары, киген прокурорлық кителі, бұрынғы КСРО прокуроры Рекунковтың Қазақстан прокуратурасына келгендегі кездесу сәттері жәдігерлер ретінде мұражайда орын алған.

Сол уақыттарда ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, рухқа бағышталып ас берілді. Осы өткізілген шараға Өтеген Сейітұлының шәкірттерінің бірі, сол кездегі ҚР Бас прокуроры Юрий Хитрин, Бас прокуратураның бірқатар жауапты қызметкерлері, ағаның туыстары, белгілі тарих және заң саласының ғалымдары, тәжірибелі заң қызметкерлері қатысып, сөз сөйледі. Бірсыпыра іс-шаралар сол күндері Шалқар ауданында да өткізілді.

Осылардың бәрі жинақталып, «Өнегелі ғұмыр. Жизнь, достойная подражания» атты  кітап шығарылды.         

Өмірден озып кеткенімен, артында ұлағатты іс қалдырған үлкен жүректі азаматтың халық жадынан шықпасына кәміл сенеміз. Бұның дәлелі қазіргі облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің басшылығымен ағамыздың атамекені Шалқарда оны еске алу мақсатында тағы бір үлкен шара өткізілді. Өтеген Сейітұлы оқыған мектепке жаңартылған мемориалды тақтайша ілінді.

Ақтөбе облысы прокуратурасында өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияға Алматыдан және Ақтөбеден көптеген адамдар жиналды, облысымыздың белгілі тарих, заң ғалымдары, прокуратура ардагерлері, тәжірибелі прокурор қызметкерлері қатысты, олар өз естеліктерін айтты.

Соңында Өтеген Сейітов туралы түсірілген толық метражды деректі фильм, кітап-альбом көрсетілді, осының бәрі зор әсер қалдырды.

Айта кету керек, облыс прокуратурасындағы мұражайға жөндеу жасалып, сәулеленді, қосымша жәдігерлер толықтырылып жабдықталды. 

Қазақтың сүйсінуге жараған, сүйер ұлы, Отан соғысы және еңбек ардагері, жерлес ағамыз, парасатты ұстазымыз Өтеген Сейітовті еске алу ретінде облыс прокуратурасының алаңында Өтекеңе орнатылған ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткіш ағамызды тірілткендей болды. Оның жарқын бейнесі қазіргі прокуратура қызметіндегі жерлес жас ұрпақтарына бата беріп, ризашылығын білдіріп,  заңдылықтың қамтамасыз етілуін қолдап тұрған іспетті.

… Мен Өтеген Сейітұлын алғаш рет 1975 жылдың маусым айында республикалық семинар өту барысында көрдім. Бұл семинардың маңызды екендігін айтып, өзі өткізді. Оған бүкіл облыстардың прокурорлары, ұйымдастыру-бақылау бөлімдерінің бастықтары шақырылды. Біз сол кездегі облысымыздың прокуроры Ғұбайдолла Лұқпанов екеуміз қатыстық. Ол кезде маған облыс прокуратурасының бүкіл ұйымдастыру-бақылау, жедел есеп пен статистика, азаматтарды қабылдау және арыз-шағымдарын қарау, құқықтық ақпарат қызметтері жүктелген болатын. Сондықтан міндеттермен бірге жауапкершілігі де өте зор болды.

Семинарда Ө. Сейітов сөз сөйлеп, осылардың бәріне назар аударды. Семинар біткесін әрқайсымызды бөлек қабылдады. Менің жадымда осы уақытқа дейін қалғаны ол кісінің жарқын жүзді келбеті, өте жылы көзқарасымен айтылған сөздері. Менің аты-жөнімді толық атап, жылы лебізбен хал-жағдайымды, қызмет бабын, жанұя ахуалын, тіпті баспанам бар ма, кіммен тұратыныма дейін бәрін сұрап, қызметте жеке басыма, жанұяма келешекте жақсылық тіледі. Мен өзімді осы кездесуден кейін бақытты санадым. Өз қызметімді адал атқарып жүрдім, облысымыздың прокуратура саласындағы еңбегім бағаланып, талай жүлделердің, атақтардың иегері болдым. Осының бәрі ұлағатты ұстазымыз Өтеген Сейітұлының берген батасы, тілегі өзіме қабыл болуынан деп санаймын.      

 

Мәрия ТӘЖІБАЕВА,

облыс  прокуратура ардагерлері

қоғамдық бірлестігінің төрайымы,

Ақтөбе қаласының құрметті азаматы.     

                                                                                 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button