Денсаулық

алтын мақсат. қол. медаль

Еліміз бойынша сегіз дәрігерге ғана берілген А.Н.Сызғанов атындағы «Хирургия саласына қосқан үлесі мен еңбегі үшін» алтын медалінің біреуінің иесі — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің хирургия кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор, жалпы хирургияның жоғары дәрежелі дәрігері, Ырғыз ауданының құрметті азаматы — Нағашыбай Ақатаев.

 

Мықты маманға тән мінез

 

— Нұраның құмында ойнап өскен қара бала медицина ғылымының профессоры болды, ел-жұртының ықыласына бөленді… Мықты хирургке тән мінез қандай болуы керек?

— Адамның алдына қойған мақсаты айқын болғанда ғана арманы орындалады. Әкем Ақатай соғыс мүгедегі болатын, шешем Рабиға да жастайынан жетімдік көрген жан еді. Мен алты баланың үлкені болдым, тез есейдім. Әкем мен шешем көп ауырды. Оларды мәңгі жасайтындай етіп емдеп жазсам деген бала кезгі арманым мені дәрігерлік оқуға жетелеп келді.

Сосын мықты маман болу үшін еңбекпен дос болуың керек. Мәселен, Ырғыздың Нұрасында тірі орыс көрмей өскен мендей қазақ баласы үшін медицина институтында орыс тілінде білім алу қиынның қиыны болды. Бәрін еңбектің арқасында жеңдім.

Ең бастысын ең соңына қалдырып отырмын: мықты хирург шұғыл шешім қабылдауға қорықпайтын асқан батыл болуы керек. Хирург екі жағдайда шешім қабылдайды. Біріншісі — шұғыл операция қажет болғанда, екіншісі — жоспарлы хирургиялық аурулар кезінде. Жоспарлы хирургиялық аурулар кезінде хирургтің пациентті толық тексеруге, басқа ағзаларының ауруларын емдеп жазуға, операцияның тиімді түрін таңдауға мүмкіндігі, уақыты бар. Ал бірінші жағдайда егер хирург шұғыл шешім қабылдамаса, пациенттің бір-екі минутта өмірі қиылып кетеді. Ондайда бас қатырып ойлануға уақыт жоқ, адам жанын сақтап қалу үшін тез арада операция жасалуы керек. Хирург үшін қателесуге жол жоқ. Оның шешімінің артында адам өмірі тұр.

 

Бір жылда 100 операция

                                      

— Сізді алтын қолыңыздың шипасына бөленген адамдар ешқашан ұмытпайды. Адам өмірі үшін жанталасқан сәттер ой «күнделігінде» сақталып қалатын шығар. Еңбек жолыңыздың басында бірінші рет жасаған ең күрделі операция есте ме?

— Хирургтің көмегіне жүгінген адам операция жасалған күнін екінші туған күнім деп есептеп жүреді. Кіндік шешесін, тұсауын кескен адамды ұмытпағаны сияқты өзіне операция жасаған дәрігерді де адамдар ұмытпайды. Туған-туысқандарша отбасымызбен араласып кеткен пациенттерім де бар. Егер орташа есеппен жылына 100 операция жасадым десем, осы жылдардың ішінде 4-5 мыңнан астам адамға көмектескенімді білемін. Тек Ақтөбенің айналасы емес, мені Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Оралдан да естіп келетіндер бар. Кафедра меңгергеннің бір міндеті — ең ауыр операцияларды жасауың керек болады. Жүктің ең ауырын атан түйеге артатыны сияқты ғой. Бұл әрі біздің халықтың менталитетіне де байланысты қабылданған шешім болуы керек. Себебі операцияны жас хирург жасап, ол сәтсіз шықса, пациенттің туған-туыстарының ойында «тәжірибелі хирург жасағанда әлде қалай болар еді» деген әттеген-ай тұрады. Ал тәжірибелі хирург жасап, сәтсіз шықса, «қалай болғанда да мықты маманның алдына барды ғой, Алланың жазуы осы болар» деген жұбаныш медеу болады. Бірақ операция сәтсіз аяқталса, оны жасаған хирургтің жарым жасы кемиді. Ол пациенттің жақын-жуықтарынан кем қайғырмайды…

Ал әрбір хирургтің еңбек жолының алғашқы жылдарында жасайтын операциялары бірдей болып келеді. Соқыр ішек, жарылып кеткен асқазан жарасы, өт қалтасынан тас алу, түйілген ішек, қабынып кеткен іш қуысы, сынған сүйек, осылай күрделене береді. 1977 жылдың жазында жасаған бір операциямды ешқашан ұмытпаймын. Ол кезде тәжірибесі аз, жұмысты бастағаныма екі-үш жыл болған Ырғыз ауруханасының жас маманымын. Телман деген жерде бір жас баланы құтырған бұқа сүзіп, мүйізі кеуде тұсынан іліп лақтырған кезде қабырғаларын сындырып, өкпесі сыртына шығып кетіпті. Шалажансар баланы әке-шешесі аудан орталығына тракторға салып алып келіпті. Күрделі операция сәтті аяқталды, баланың өмірін сақтап қалуға себепші болдым. Кейін сол бала ержетіп, медицина институтын бітірді, дәрігер болды.

 

Көз көріп, қол ұстамайтын операциялар

 

— Хирургия ісіне ғұмырын арнаған дәрігердің тәжірибесі медицина саласына енді келген жас буын үшін үлгі. Он шақты оқулық пен монографиялардың авторы еліміздегі хирургияның дамуына қандай баға береді?

— Соңғы жылдары даму қарқынды деуге болады. Бұрын-соңды арман болған операцияларды пост кеңестік елдер кеңістігінде тұңғыш рет Қазақстан жасап жатқанын дәлелдейтін мысалдар өте көп. Соңғы уақытта мемлекет осы саланың дамуына көп қаражат бөліп, шетелдік әріптестердің үздік тәжірибесін әкеліп жатырмыз. Жас буынның талайына өте күрделі операциялар жаңа заманға сай техникамен жабдықталған орталықтарда жасалып жатыр. Бұл адам өмірін арашалап қалу бұрынғыға қарағанда көп мүмкін екенін білдіреді. Бұрын елімізде тек Сызғанов атындағы хирургияның ғылыми орталығы, балалар хирургиясы мен педиатрияның ғылыми орталығы ғана жұмыс жасаған болса, қазір травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығы, республикалық ұлттық нейрохирургия ғылыми орталықтары, тағы басқалары ашылып, бұл жалпы хирургия саласының дамуына үлес қосты. Еліміз бен шетел хирургиясы арасында тығыз байланыс орнады. Олардың тәжірибесін үйрену үшін біздің мамандарға мүмкіндік жасалып жатыр.

Негізі хирургия деген қолмен қимыл жасау дегенді білдіреді. Бірақ соңғы уақытта әлемдік медицина эндовидтік хирургияны жетілдіруге маңыз берді. Ол дегеніміз —адам ағзасына қолдың қатысуынсыз жасалған операция. Қазір лапроскопиялық деп жүрген операцияны осы эндовидтік хирургияға жатқызамыз. Яғни көз көргенді қол ұстамайды, бәрі аппарат арқылы жасалады.

Қолдың қатысуынсыз жасалатындықтан инфекцияның түсуіне мүмкіндік берілмейді, кеспейтін, тілмейтін болғандықтан, жарақат көлемі де үлкен болмайды. Ондай операциядан кейін адам тез айығып кетеді. Яғни осы күнгі хирургия талабы бойынша біз операция кезінде адамның ағзасын, терісін неғұрлым «аз бүлдіруіміз» керек.

Заман талабының бағыты жөнінде, алған тәжірибемнен, оқығандарымнан жинақтаған бірнеше еңбек жаздым. Қазір менің қатысуыммен жазылған 4 кітап жоғары медициналық оқу орындары бағдарламасы бойынша міндетті оқулықтар қатарына енді. Биылдың өзінде студенттерге арналған хирургиялық аурулар туралы 3 оқулық шығару мүмкін болды. Кітаптарым оқулық ретінде қабылданған соң, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығы Ахмет Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор» медалін тақты.

— Қазір «өркениетпен бірге келген аурулар» көбейді дегенді айтып жүрміз. Адамзаттың денсаулығын жақсарту үшін керектің бәрі бар сияқты. Бірақ… адам аурудың алдында дәрменсіз. Соңғы уақыттарда көп кездесетін хирургиялық аурулар түрлері қандай? Себебі неден?

— Қай заманда да ең жиі жасалатыны соқыр ішек операциясы. Қазір өт қалтасында тастың болуы, оның асқыну аурулары, ұйқы безінің ауруы, асқазан мен бауырдың, өт жолдарының ауруы көбейді. Осы ағзаларға жасалатын операциялар жиілеп кетті. Әйелдерде бұл семіздіктің, қан құрамында қанттың жоғарылау әсерінен болып жатады. Ал ерлерде көбінесе арақ ішкеннің кесірінен, түрлі дене жарақаттарының салдарынан болады.

Осы адамдар денсаулықтың қадірін ауырғанда да біліп жатпаған сияқты. Әбден өлермен халге келіп жетеді де, «операция сәтсіз шықты» деп хирургтен көреді. Жалпы хирургтердің өздері ең аз өмір сүретін мамандық иелеріне жатады. Себебі көп күйзеледі. Бір операцияның орташа алатын уақыты 4-6 сағат десек, осы уақыт аралығында хирург бір орында тапжылмастан жұмыс істейді. Жұмысына күн-түн демей кірісіп кетеді.

 

Адамға ақша жасында керек

 

— Осындай міндет жүгі ауыр мамандықтың иелерін материалдық ынталандыру жағы қалай? Әлеуметтік салаға жататын медицина қызметкерлерінің әлеуетіне көңіліңіз тола ма? Соңыңыздан өкшелеп келе жатқан жастардан мықты маман шығу үшін жаңағы өзіңіз айтқан мақсат, еңбек, батылдық жеткілікті ме?

— Дәрігер екенімді дәлелдейтін дипломымды алып, ауылға бір басым екеу болып қайтқанымда ырғыздықтар құшақ жайып қарсы алып, үлкен үй салып берді. Сол үйде әкем мен шешем тұңғыш немерелерін көрді, үш інімді үйлендірдік, екі қарындасымды ұзаттық. Қазір де жастарды «баспана береміз, көтермеақы төлейміз» деп ауылға шақырып жатыр ғой. Бірақ дәулетті отбасының баласы болмаса, бүгінгінің жасының аяғынан нық тұруы өте қиын.    

Кеңес өкіметінің тұсында «дәрігерлерге қанша жалақы төлейміз» деген пікірталас болыпты. Сонда бүкілодақтық староста Михаил Калинин: «жақсы дәрігерді халық өзі аш қалдырмас, ал нашар дәрігердің бізге мүлдем керегі жоқ», — деп медицина саласына азғантай айлық беретін болып шешіпті. Біздің саланың еңбекақысы қай уақытта да төмен болып келді. Жақсы жалақы алу үшін қорғаған атақ-дәрежең, жоғары санатың болуы керек. Оның бәрі еңбек жолын енді бастаған жас маманда қайдан болсын. Содан айлығы шайлығына жетпей жүрген жастардан біз мақсат, еңбек, батылдық талап етеміз. «Етегіңнен тартып, соңыңнан қалмай жүріп үйренгісі келетіні жоқ. Жастарды қамшылау керек» дейміз. Бірақ екі жерде, кейде үш жерде жұмыс істеп, күндіз-түні ақша табудың жолында жүрген маманның оқуына, оқығанын көңіліне тоқуына мүмкіндігі бола бермейтінін естен шығардық.   

Жасымда мен де жатақхананың көкесін көрген адаммын. Бірақ солай екен деп, жастарды жарға жыққан дұрыс емес. Қазір заман басқа, уақыттың талабы өзгерек. Негізінен адамға ақша да, сәнді көлік те, баспана да, жақсы киім де жас уақытта керек. Алпысқа келіп, айлығыңның 200-300 мыңға жеткені кімге керек? Жастардың қолы қысқа, оларға «ізденбейді, үйренбейді» деп кінә арта беруге болмас. Менің ойымша, қай салада болмасын, жастардың айлығы жоғары болуы тиіс.

 

Айгүл БАЙМЕНОВА.

      

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button