Тәуелсіздіктің басты тірегі

30 тамыз ҚР Конституциясы күні
1995 жылдың 30 тамызында Тәуелсіз еліміздің тұңғыш заңы — Ата Заңымыз қабылданғаны белгілі. Ұлт тарихының әр кезеңінде, түрлі тарихи сатыларында қоғам тынысы сол заманның мүмкіндігі мен талаптары аясында түрлі ережелер, жарғылар мен заң күшіндегі шешімдер арқылы реттеліп келген. Солардың ішінде Тәуелсіз Қазақ елінің Конституциясы бір төбе.
КСРО тарағаннан кейінгі кезде ел өмірінде үлкен өзгерістер орын алып, жаңа мемлекет құруда Конституция зор рөл атқарды. Қазір елімізді әлем жұртшылығы мойындады.
Қуатты мемлекеттік билік пен демократия — бір-біріне кереғар ұғым емес екенін адамзат тәжірибесі дәлелдеп келеді. Конституцияда демократия тек заңдылық қатаң сақталатын жерде ғана дамиды делінген. Өз елін, туған жерін, ортасын объективті бағалайтын азамат үшін тарихи маңызды ең қымбат қазына – Қазақстан Республикасының Конституциясы.
Референдум алдында және оның барысында 1993 жылы қабылданған конституция қоғамға толық енбей жатып, соның ізімен Негізгі Заң қабылдау қажет пе, жоқ па деген пікірлер айтылды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында КСРО кезіндегі экономикалық байланыстар ыдырап, кәсіпорындар жұмысы тоқтап, жұмыссыздық белең алып, ақша құнсызданып, халықтың күнделікті тіршілігіне қажетті тауарлар тапшы болған жағдайда кеңестік заңдар өз күшін объективті жойды. Сол заманда ел тұтастығын сақтау мақсатында өмір талабынан алыс, ақиқатқа қайшы шешімдер қабылданғанына да куә болдық. Ал 1993 жылғы Конституция қоғамда жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды мүлдем қолдамайтындармен ҚКСР-ны демократиялық, өркениетті мемлекетке трансформациялауды жақтаушылар арасындағы дәнекер рөлін атқарды десек ақиқаттан алшақ болмас. Бұл тарихи құжатта құнды қағидалар болғанына қарамастан, бұрынғы сыңаржақ идеологияның саяси, экономикалық басымдықтары да болды.
Мысалы, 1990-1994 жылдар аралығында қабылданған заңдардың көбі кездейсоқ популистік ұрандарға иланып, нарықтық экономика мен демократиялық қоғам құрылысындағы құқықтық қатынастардың формальды реттеушісі сипатында қала берді. Конституцияны қабылдаудың басты шарттары —тәуелсіздігін жаңа алған мемлекеттегі игі ұмтылыстар мен қоғамдағы қатынастарды тұрақтандыру және мемлекеттіліктің стратегиялық болашағына негіз салу қажеттілігінен туындады десек, қателеспейміз.
Елбасының көрегендігі болса керек, Конституция жобасын дайындау кезінде әлемдік демократиялық тәжірибелер жан-жақты сарапталып, Қазақстандағы мемлекеттік құрылым мәселелері өткір талқыланды, соның нәтижесінде қазақстандықтар биліктің өзіне тиімді түрін таңдады.
Конституцияның бірінші бабында “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ” — деп ерекше көрсетілген. Бұл ретте Конституцияда мемлекеттегі адам құқықтарының құндылығы ең маңызды орын алатынын айқын көреміз. Референдум барысында осы баптың аясында сайлаушылардан жүздеген ұсыныстар түсіп, халық арасында кездесулер өткізілді. Бұрын-соңды бұндай шараларды ашық, еркін өткізу тәжірибесінің болмауы салдарынан алқа мүшелері біршама қиындықтарға тап болды. Әсіресе, Конституция жобасын халық арасында талқылап, олармен пікір алысуда кәсіби тұрғыда жауап бере алатын заңгерлер тапшылығы әбден байқалды.
Конституция тарихымызда тұңғыш рет адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі болу міндетін Президентке жүктеген. Сондықтан ел азаматтарының құқығын қорғауға биліктің барлық буындары жауапты екені белгілі.
Әлемнің өркениетті елдерінің тәжірибесі аясында Конституцияда адам жеке тұлға, құқықтық қатынас субъектісі, мемлекеттің құрылтайшысы деп бағаланған.
Ең маңызды құндылықтар – сөз бостандығы, меншік ұстанымы, әлем және көршілес халықтармен баянды қарым-қатынас сақтау, көшіп-қону еркіндігі, т.б. адам тағдырына байланысты жайттар Конституцияның 26-бабында шегелеп көрсетілген. Яғни: «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады… Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі… Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды», — деп жазылған.
Конституцияның негізі, оның өміршеңдігі мен құндылығы әлем тәжірибесі бойынша демократияда, яғни халықтың билікке араласуында жатыр. Ата Заңда азаматтардың билігі тек қана еркін сайлау аясында өз өкілдерін билік орындарына ұсыну арқылы мемлекетті басқаруға қатысатыны да баяндалған, яғни билік көзі халықта екені, көптің мүддесі жоғары екендігі жан-жақты сипатталған.
Сол кезде Конституция аясында ұлттық идеологияның негізінде қандай құндылықтар болуы қажеттігі турасында түрлі пікір айтылды. Біздің пайымдауымызша, құқықтық мемлекеттің тұғыры заңның жоғарғы мәртебесінде, ұлттық идеологияның негізі және түпқазығы — Конституцияның мызғымас беріктігінде. Егер олай болса, ұлттық идеология – тәуелсіздік, дамыған мемлекет, саясат биігіндегі халық мүддесі, ұлт тарихы мен мемлекеттік тіл, еркін бәсекеге лайық экономиканың теориялық жиынтығы.
Конституцияда еліміздің көпұлтты құрылымы, оның себептері мен тарихи жолы ескеріліп, ұлтаралық қатынас мәселелері мен оған қойылатын міндеттер де айқын көрсетілген. Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық бірінші орынға қойылды. КСРО ыдырағаннан кейін жас тәуелсіз мемлекеттердің барлығы дерлік кездескен қиындықтан Қазақстан Елбасының көрегенділігі арқасында шықты — Конституция қағидаларында ұлтаралық татулық туралы толық айтылды.
Қуатты мемлекет — тәуелсіздіктің басты кепілі мен тірегі. Ал қуатты мемлекеттің негізі Ата Заңның мәртебесінің жоғарылығында, беріктігінде екені айқын. Конституция кіріспесіндегі: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, казіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз», — деген сөз еліміз ұстанып келе жатқан стратегиялық бағдарламаның басты кепілі деуге толық негіз бар.
Н.АБДОЛЛАЕВ,
тарих ғылымының докторы, профессор.
Ата заң және мен
Күнделікті тірлігіміздің әр тіні Ата Заңымыз — Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алады. Осыны кім қалай сезінеді?
Рая Исмағұлова, жеке кәсіпкер:
— Қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысып, шаруамды реттеп жатқан жайым бар. Ал желілік маркетинг бойынша жеке кәсіп ашып, оны әрмен қарай дамытудың өзіндік қиындықтары да жетіп артылады. Рас, ел Конституциясының 24-бабы,
1-тармағында айтылғандай, «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар». Дегенмен кәсіпті таңдау — жартылай іс, бастысы — нәтиже. Менің бұл кәсіппен шұғылданғаныма он жылдай уақыт болды. Осы мерзім ішінде мен баламды жоғары оқу орнында оқытып, үйімді жаңарттым, басқа да қажеттіліктеріме қиналмай қол жеткіздім. Ал желілік маркетинг ісі елімізде жақсы жолға қойылған. Қазір мен бұл кәсіптен нәсіп көрем деушілерге ақыл-кеңес беріп, өз тәжірибеммен бөлісіп жүрмін.
Болат Ашабаев, Хромтау аудандық мәслихатының депутаты:
— Еліміздің бүгінгідей мықты да қуатты мемлекетке айналуына Ата Заңның ықпалы зор. Өйткені мемлекеттігіміздің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары сияқты өмірлік маңызы зор міндеттердің реттелуі үнемі Ата Заңмен ұштасып жатады.
Он жылға жуық аудандық мәдениет бөлімін басқардым. Сол жылдары атқарған табысты да жемісті еңбегімнің арқасында «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталдым. Одан бері де көптеген табыстарға қол жеткіздім.
Халық мүддесін ойлау — біздің парызымыз. Сол себепті қазір біз аудандағы әрбір тұрғынның мұң-мұқтажын, өтініш-тілектерін назарда ұстап, Заң аясында шешуге ықпал етеміз. Өз басым Ата Заңымызды елдің жарқын болашағының кепілі ретінде қастерлеймін және оның талаптарын бұлжытпай орындау арқылы қоғамның өркендей беретініне сенімдімін.
Қуаныш Елеукен, Ақтөбе қаласындағы №46 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
— Мемлекетімізде азаматтардың тегін білім алуы Конституциямен реттелген. Яғни Ата Заңымыздың арқасында барлық азаматтың толық, сапалы білім алуына жағдай жасалған. Соңғы жылдары білім саласы оң өзгерістермен ерекшеленеді. Соның бірі — қазір елімізде заманауи талаптарға сәйкес келетін кең әрі жаңа білім беру ошақтарының қатары көбейіп жатыр. Өзім еңбек ететін мектепте де оқушылар жаңаша оқу әдісімен білім алады. Пәндік кабинеттердің барлығы сұраныстарға сәйкес келеді. Жыл сайын ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдау бағытындағы жұмыстар да оң жолға қойылып отыр.
Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде бүгінге дейін жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Соның бірі — биыл наурыз айында республика деңгейінде өткен семинарда «Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану» тақырыбында дайындаған баяндамам жоғары бағаланып, арнайы сертификатқа ие болдым. Жас ұрпаққа тәрбие беру ісіндегі мұндай жетістіктер біздерді, яғни ұстаздар қауымын алдағы күндері атқарар істердің нақты бағытын айқындап, күш-қайратымызды жігерлендіреді.
Міне, Ата Заңымыздың арқасында қол жеткізген жақсылықтарымыздың бірер мысалы осындай.
Әлия Жолдасова, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:
— Қолданыстағы Ата Заң — Қазақстан дамуының берік іргетасы. Конституция тармақтарын орындауда әрі конституциялық құқықтарды жүзеге асыруда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халық алдына нақты тапсырмаларды жүктеді.
Соның айқын дәлелі — соңғы жылдары елімізде кәсіпкерлік саласы, оның ішінде ауыл кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл бағытта кәсіпкерлер жаңа бағдарламаларды жүзеге асыру мен субсидия, гранттар алуда мемлекеттен шынайы қолдау тауып отыр. Осындай қолдаудың арқасында облыста 300-ге жуық ауыл шаруашылығын өндірушілерге қор арқылы жалпы сомасы 2 миллиард теңгеге кәсіп ашып, шаруашылықтарын дамытудың мүмкіндігі туды. Ата Заң тармақтарын жүзеге асыру арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімізді осылайша қосып жатырмыз.
Сауалнаманы жүргізген Арайлым НҰРБАЕВА.
Құқығынды білу — өзіңді қорғау
Хромтау аудандық кітапханасында Конституция күніне арналған «Құқығынды білу — өзіңді қорғау» атты ақпараттық сағат өтті.
Шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары, кітапхана филиалдарының кітапханашылары қатысты. Кешті жүргізуші Баян Абиева Қазақ хандығы тұсындағы заңдар туралы, ҚазКСР Конституциясы және Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Конституция туралы мәлімет берді. Кітапхана жанынан құрылған «Ақ қауырсын» поэзия клубының мүшелері Конституцияға арналған өз өлеңдерін оқыды.
Кеш барысында «Конституция — мемлекеттің негізі» тақырыбындағы кiтап көрмесі жас оқырмандардың назарына ұсынылды. Көрмеге елiмiздiң қазiргi таңда жеткен жетiстiктерi туралы фотосуреттер мен тарихи деректер туралы материалдар қойылды.
Жастарды отансүйгiштiкке, құқын білуге тәрбиелейтін мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Динара БЕРКІМБАЕВА,
кітапханашы.
Бір шаңырақ және біз
Анастасия Подолянова, «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің төрайымы:
Қазақ жерінде өмір сүріп жатқан әрбір ұлт өкілі Қазақстанмен мақтана алады. Өйткені біздің мемлекетімізде ұлттардың өзінің ана тілін үйрену, мен дамытуы үшін жағдай жасалған. Нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, наным-сеніміне байланысты кемсітуге тыйым салынған.
Бұл заң тұрғысынан алып қарағанда. Ал Қазақстан халқы арасындағы бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан өзара бауырмалдық, туысқандық қатынастар, кеңпейілділік Конституция баптарына сызат түсірген емес. Мәселен, Ақтөбе облысының өзінде бірнеше ондаған ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әрбір ұлттың тілін, салт-дәстүрін дамытып, ұстануына ешқандай кедергі жоқ.
Мен — болгар ұлтының өкілімін. Ата-бабаларымыздың Ақтөбе облысына қоныс аударғанына 100 жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде негізінен Алға ауданының Болгарка ауылын қоныстанған болгарлар жергілікті қазақтармен «тонның ішкі бауындай» араласып, құраласып кетті. Қазақша айтқанда, құда-жегжат, тума-туыс болып өсіп-өніп жатыр. Ауылда қазақтар болгарша, болгарлар қазақша сөйлесе береді. Айтпақшы, болгар тілі мен түрік тілдес халықтардың тілінде ұқсас сөздер аз емес.
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Алматыда Қазақстан халықтарының алғашқы форумы өтіп, соған қатысу бақытына ие болдым. Форумға жиналған түрлі ұлт өкілдері әрқайсысы өздерінің ұлттық киімдерін киіп жарқырап жүрді. Ол кезде жаспын ғой. Шынымды айтайын, өзімнің болгар қызы екенімді сол жолы ғана сезіндім. Ұлтымның басқа екеніне оған дейін мән бермеппін.
Жалпы мұндағы болгарлар өздерінің тілін, мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін ешқашан ұмытқан емес. Алғаш рет 1975 жылы болгарлардың фольклорлық ансамблі құрылып, сол кездегі астана — Алматы қаласында өнер көрсетіп жүрді.
Кейін 1997 жылы Ақтөбеде ұлттық-мәдени орталық болып құрылды. Қазір «Вяра» («Сенім») этномәдени бірлестігі болып аталады.
Ақтөбедегі Достық үйінің ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігіне, ақыл-ойының кемелділігіне таң қаламын. Бұрынғы КСРО тарап, республикалар тәуелсіздіктерін жариялаған жылдары көптеген мемлекеттерде ұлтқа бөліну пайда болып, халықтар арасына жік түсті. Ал біздің Қазақстанда Президентіміздің сарабдал саясатының нәтижесінде ұлттар біріге түсті. Елбасы әрбір ұлт өкілдерінің тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін дамыту үшін Қазақстан халықтары институтының құрылуына жол ашты.
Бауырластықтың, туыстықтың ұясындай болған Достық үйінде бірнеше ұлттың орталықтары жұмыс істейді. Бір шаңырақ астында топтасқан орыс, болгар, украин, неміс, корей және басқа да ұлт өкілдері жергілікті халық — қазақтардың қонақжайлығы, кеңдігі арқасында ғасырлар бойы еркін өмір сүріп келеді. Қай ұлттың болса да ұлттық мерекелерін, той-думандарын бірге қарсы алып, бірге мерекелейміз.
Біз, болгарлар, қазақтардың тілін ғана біліп қоймай, салт-дәстүрлерін де үйреніп болдық деуге болады. Мысалы, біз де соғым соямыз. Соғымнан үлкендерге сыбаға береміз. Бір асым етте тұрған ештеңе жоқ. Бірақ сыбаға берудің өзінде үлкен мән жатыр. Мұның үлкенді сыйлау, құрмет көрсету секілді тәрбиелік маңызы бар.
Қазіргі кезде облыста 900-дей болгар ұлтының өкілдері тұрады. Келе жатқан еліміздің Конституциясы күніне болгарлар да өздерін жоғары мерекелік сезімде сезінуде.
Бердібай КЕМАЛ.
Әр ел — әрқилы ықылас
· Әлемдегі ең бірінші жазылған конституция АҚШ Конституциясы 1787 жылы қабылданды. Ол құжат АҚШ-тың мемлекеттік басқаруынан феодалдық топтарды шеттетті.
· Сол тұста қабылданған Ұлыбританияның конституциялық актісі бойынша төменгі палата — қауымдар палатасы саяси аренаға шыққан буржуазияның мүддесін, жоғары палата — лордтар палатасы феодалдық топтардың мүддесін қорғауға тиіс болды.
· Францияда ең алғаш конституция 1791 жылы Ұлы француз революциясы кезінде қабылданған. Ал қазір 1958 жылы, Шарль де Голльдің тұсында қабылданған Конституция қолданылады. Франция Еуропа бойынша конституция мәселесін алғаш көтерген ел болғанымен, конституцияның қабылданған күнін тойламайды. Оның орнына 14 шілдеде Бастилияны алу күнін асқан құрметпен атап өтеді. Жалпы Францияда конституциялық емес, революциялық дәстүрлер көбірек бағаланады.
· Еуропаның басқа елдерімен салыстырғанда, Испанияның конституциясы ең кеш қабылданған құжат болды. 1939-1975 жылдары 30 жылдық диктатураны жеңген демократиялық құндылықтар испан тарихының жаңа бетін ашты. 1978 жылы 6 желтоқсанда испан халқы жалпыхалықтық референдумда ұлттық Конституцияны қабылдады. Сол кезден бастап испандықтар үшін осы күн мемлекеттік мереке әрі демалыс. Олар бұл мерекені жалпыхалықтық деңгейде атап өтеді. Депутаттар конгресі халықтың проблемаларын тыңдау, ұсыныстарын қабылдау мақсатында ашық есік күндерін өткізеді.
· Жапонияда Конституция күні 1948 жылдан бері мамырдың 3 күні тойланады. Ол күні Жапония Парламентінің есігі барлық келушілер үшін ашық тұрады. Баспасөз беттерінде конституцияға арналған мақалалар жарық көреді, әсіресе, мемлекеттің кез келген жағдайда соғыстан бас тартуға тырысатынын айқындайтын құжаттың 9-бабын насихаттаған материалдар жарияланады.
· Оңтүстік Корея конституциясын 1949 жылы 1 қазанда ресми қабылдағанымен, 17 шілдеде атап өтеді екен. Олар 2008 жылдан бастап бұл мерекенің құрметіне демалыс күнін жарияламайтын болып шешті. Сеул сияқты үлкен қалаларда ғана ресми шаралар өтеді, ал жалпы халық үшін бұл мереке елеусіздеу болып қалды.
· Дүние жүзі елдері АҚШ Конституциясы әлем тарихындағы мемлекеттің негізгі заңы ретінде қабылданған тұңғыш құжат екенін әлдеқашан мойындады. Дегенмен, АҚШ ресми түрде Конституция күніне емес, Тәуелсіздік күніне басым көңіл бөледі. Америка халқы Тәуелсіздік декларациясы қандай жағдайда қабылданғанын жақсы білгенімен, конституциясы қабылданғанда қандай даулар көтерілгенін біле бермейді. 2001 жылдан бастап қана АҚШ Конституция қабылданған 17 қыркүйекті «Азаматтық күн» деген атаумен атап өтеді. Оның шеңберінде «Конституция апталығы» жарияланып, білім беру мекемелері мен мәдени орталықтарда тарихты еске түсіретін іс-шаралар ұйымдастырады.
(БАҚ материалдары бойынша әзірленді)
Мерекелік шеру
Темірбектің тұлпары
Ақтөбелік бірінші топ мүгедегі Темірбек Матаев мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ұйымдастырылатын автошеруге бірнеше рет қатысып жүр.
Конституция күніне арналған мерекелік автошеруде де Темірбек мінген темір тұлпар бірінші болып жол бастады.
«Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен «Марат» оқыту орталығы ұйымдастырған шара «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!» республикалық акциясы аясында өтті.
Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл шара биыл Конституция күніне арналды. Автошеруге 5 мүмкіндігі шектеулі азамат пен оқыту орталығынан 5 инспектор қатысты. Автошерушілер жол полицейлері мінген көліктердің ілесуімен қаланың басты даңғылдарын бір сағатқа жуық аралады.
— Шараны өткізудегі мақсат — жол ережелерін қатаң сақтау мен жүргізушілердің бір-біріне деген құрметін арттыру, қауіпсіздікке баса мән беру. Өйткені қоғамдағы көптеген мүмкіндігі шектеулі жандар жол апатынан зардап шегіп отыр. Қазір мүгедектерге мүмкіндігінше жағдай жасалып жатыр. Арамызда өздігінен көлік басқарып, жұмысқа қатынап жүргендер де бар. Кейбір науқас жандар таксист болып, жол бойында қызмет етеді, — дейді «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмирам Сражова.
Автошеруге арналған салтанатты шарада қоғамдық бірлестіктің төрайымы Құралай Бәйменова, «Марат» оқу орталығының директоры Бауыржан Нұрманов пен облыстық жол полициясы басқармасының өкілдері жиналғандарды мерекемен құттықтап, автошерушілерге сәттілік тіледі.
Ақтөбелік бірінші топ мүгедегі Темірбек Матаевтың көлік жүргізіп жүргеніне алты жылдан астам уақыт болыпты.
— Қаламызда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін түрлі жарыстарға белсенді қатысуға тырысамын. Бұған дейінгі автошерулерге де қатыстым. Ел Конституциясына арналған шараның маңызы зор. Өйткені өзім көлік басқаратын болғасын, күн сайын жол-көлік оқиғасына куә болып, теледидардан естіп жатамыз. Әрине, мұндай жағдайлар екі жақтан да орын алады. Жаяу жүргіншілер де жол бойында қауіпсіздікке аса мән бермейді. Кейде өзіміз де жеңіл-желпі жол ережелерін бұзып жатамыз. Мұндай кезде жол полициясы қызметкерлері бізге түсіністік танытып, ескерту жасайды, — дейді Т.Матаев.
Темірбектің астындағы «Nissan Sunny» маркалы көлігі қолмен басқарылады. Бұл жолы ол автошеруге отбасымен келді. Оның айтуынша, қазір қаламызда көлік жүргізетін мүгедектерге техникалық байқау мен сақтандыру, салық төлеу ісінде елу пайыз жеңілдік көрсетілген.
Мерекеге арналған автошеруді Байқоңыр қаласынан келіп тамашалаған жарымжан жандар да болды. Автошерушілердің көңіл күйін жергілікті әнші Сейсен Айтжанов көңілді әнмен көтерді.
Арайлым НҰРБАЕВА.
Адастырмайтын темірқазық
Ата заңымыз — дүние жүзіндегі ең жас Конституциялардың бірі. Мемлекетіміздің қысқа уақыт аралығында өз Конституциясын жасап, қабылдағаны талайларды таң қалдырды. Халық өзі дауыс беріп қабылдаған заңын әрдайым әділ деп есептейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық» деп белгіленген. Сондықтан да әр азамат Ата Заңға арқа сүйеуге міндетті. Себебі Ата заң — әрбір азаматтың конституциялық құқын қорғайтын, әр қазақстандық бұлжытпай орындайтын заңдардың темірқазығы.
Жұмыста да Конституцияны негізге ала отырып, жұмыс істейміз. Мысалы, тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата Заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», — деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі. Сонымен қатар Ата Заңымыз — еліміздегі ұлттар татулығы мен бейбіт өмірді қамтамасыз ететін және кепілдік беретін өте маңызды құжат.
Ата Заң тек қана қызмет бабында жүргендердің ғана емес, әр азаматтың күнделікті өмірінде де негізгі құжаты болуы тиіс. Құқығын білгісі келетін әр азамат Конституцияны жатқа білгені жөн. Өкінішке қарай, қазір кейбіреулер Ата заңның мазмұнымен таныс та емес. Конституция — болашағымыздың берік болуына бастайтын шамшырақ іспетті, елдігіміздің бұлжымас бағдары. Сондықтан да
Ата Заңымызды ардақтауды әскеріміздің айбыны арқылы емес, күнделікті тәрбиемен ұрпақ бойына сіңіру керек шығар.
Мира ЖОЛЫМБЕТОВА,
Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік
сотының бас маманы.
Сөз бостандығының көрінісі
Тәуелсіз елдің Конституциясының бізге бергені көп. Оны аз жылдың ішінде-ақ сезіндік. Мәселен, сөз бостандығының өзін алайықшы. Бұрынғы қоғамда қандай еді, қазір қандай? Екеуінің арасы жер мен көктей емес пе? Рас, кешегі кеңестік қоғамда да сөз бостандығы бар деп есептелді. Бірақ іс жүзінде шектеулі болып шықты. Сөз бостандығын жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттің бақылауында болды. Мейлінше саясаттандырылған қоғам екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойды.
Ал қазір Ата Заңымызда жазылған сөз бостандығы жөніндегі құқықтарын қоғам мүшелері толық пайдаланып отыр. Сан мыңдаған басылымдар шығады. Толып жатқан балама электрондық ақпарат құралдары бар. Қандайын пайдаланамын десе де, адамдардың еркі. Қоғам мүшелерінің өз ойын, пікірлерін айтуына шек қойылмайды. Сын айтқаны үшін қудалау жоқ. Олай болса, заң жүзінде жазаланады.
Міне, біздің еліміз тәуелсіздік жылдарында қабылданған Ата Заңымыздың арқасында қоғамда осындай дамуға жетіп отыр. Бұл — әлемдегі өркениетті дамыған елдердің қатарында тұрғандығымыздың бір айғағы.
Жәкен БИСЕНҒАЛИЕВ,
зейнеткер.
Ойыл ауданы.



