447 Мектеп 114 мың шәкіртті қарсы алады

Жаңа оқу жылында облыстағы 447 мектепте 114 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның 12 мыңнан астамы — 1-сынып оқушылары.
Облыс бойынша мектептерде 16 408 мұғалім еңбек етеді.
«Қазақстан — 2050 Стратегиясы: бір халық — бір ел — бір тағдыр». Қыркүйектің 1-і күні барлық жалпы білім беру мекемелерінде салтанатты жиын осы тақырыпта өтеді.
Биылғы оқу жылының ерекшеліктері қандай? Облыс мектептері жаңа оқу жылына дайын ба? Осы және басқа да сауалдарға облыстық білім басқармасының мамандары жауап береді.
Басты 5 ерекшелік
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің 2011 жылғы 17 сәуірдегі кеңейтілген отырысында еліміздің барлық мектептерінде ағылшын тілі пәнін 1-сыныптан бастап оқытуды тапсырған болатын. Соған байланысты жаңа оқу жылында 1-сынып оқушылары ағылшын тілін үйренеді. Бұл — бір ерекшелік.
Екіншісі, оқушылардың математика пәнінен сауаттылығын арттыру мақсатында математиканы оқыту сағаттарының саны артты.
Үшіншісі, информатика пәні 5-сыныптан бастап оқытылады.
Төртіншісі, сыныптағы бір мүмкіндігі шектеулі бала 3 бала болып есептеледі. Сыныптарды топқа бөлерде осы ескеріледі. Мысалы, бір сыныпта 22 оқушы болып, оның біреуі мүмкіндігі шектеулі бала болса, ол сыныпта 25 бала оқытылады деп есептеледі.
Бесіншісі, бұдан былай технология пәні қыз балалар мен ер балаларға бөлек оқытылады. Бұл жаңалық жаңа жұмыс орнындарының ашылуына септігін тигізеді, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.
185 Түлектің сенімді қадамы
Облыс мектептеріндегі мұғалімдер саны 2011 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 522 адамға көп. Педагогтердің орташа жалақысы — 65 011 теңге.
Мектептерге маман жеткілікті ме? Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы Шамшат Шалабаева жауап береді.
— Облыстық білім беру ұйымдарындағы 16 408 педагогтің 84 пайызы жоғары, 16 пайызы кәсіптік орта білімді, 0,66 пайызы жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Облыс бойынша жоғарғы және бірінші санатты педагог кадрлардың саны — 6677 (39,5 пайыз), өткен жылмен салыстырғанда жоғарғы санатты педагог кадрлардың үлесі 0,5 пайызға өсті, — дейді Шамшат Оңайқызы.
Жас мамандарды жұмыспен қамтуда «Дипломмен— ауылға» бағдарламасының маңызы зор. Бұл туралы Шамшат Шалабаева былай дейді:
— Білім беру ұйымдарын жас мамандармен толықтыру — аумақтық дамыту бағдарламасының бір бағыты. 2013-2014 оқу жылына 310 педагог кадр, оның ішінде 241-і ауылға қажет болды. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты мен Ақтөбе гуманитарлық колледжі түлектерімен біршама жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 185 түлек алдын ала жұмысқа орналастырылды. Қазір қала мектептері мұғалімдермен толық қамтылды. Ауыл мектептері үшін әлі де болса маман жетіспейді. Мысалы, орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика, химия, дене тәрбиесі, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері керек.
Қаржыландыру
Қанша білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізілді? Қанша мектеп еңсе тіктейді? Үш ауысымды, апатты жағдайлардағы мектептердің проблемасын шешуде қандай шаруалар тындырылып жатыр? Білім беру мекемелерінің жағдайын білмек ниетпен облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Марал Мыржықбаеваны сөзге тартқан едік .
Күрделі жөндеу
— Биылғы жылы күрделі жөндеуге 2 миллиард 261 миллион 900 мың теңге бөлінді. Оның 560 миллион теңгесі — жергілікті бюджеттен, қалғаны — республикалық бюджеттен берілді. Бұл қаржыға жалпы 81 білім беру нысанын күрделі жөндеу жоспарланды. Нақтырақ айтар болсақ, мұның 45-і — мектеп, 28-і — балабақша, 7-еуі — колледж, 1-еуі — мектептен тыс білім беру мекемесі, — дейді Марал Абылахатқызы.
Жалпы біздің облыста білім беру саласын қаржыландыруға көп ақша бөлінеді. Мысалы, биылғы жылдың өзінде білім беру шығындарына 48,6 миллиард теңге қаралыпты. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда, білім жүйесін қаржыландыру көлемі 4,1 пайызға артты деген сөз.
Құрылыс
— Биылғы жылы 22 білім беру ұйымының ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. 5 нысан республикалық бюджеттің қаржысынан салынуда, қалғанына қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Жылдың аяғына дейін 14 ғимарат пайдалануға беріледі. Оның — 13-і мектеп, 1-еуі — балабақша. Осы 14 нысан үшін бөлінген қаржы — 3 миллиард 100 миллион теңге. 14 нысанның 2-еуі Ақтөбе қаласында бой көтереді. Оның бірі — мектеп, бірі — балабақша.
Елбасы үш ауысымды, апатты жағдайдағы мектептердің проблемасын шешуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты біздің облыста үш ауысымды мектептер саны азайып келеді. Құршасайда 150 орындық мектеп салынып жатыр. Мұндағы мақсат — сол ауылдағы үш ауысымдағы мектептің жағдайын қалыпқа келтіру.
Әйтеке би ауданындағы Жабасақ пен Сұлукөл мектептері апатты жағдайда болатын. Сол себепті бұл мектептердің орнына жаңа ғимарат салынып жатыр. Аталған ауданда биыл 3 мектеп еңсе тіктейді.
Жалпы биыл пайдалануға берілетін 13 мектептің 10-ы — апатты жағдайдағы, 2-еуі — ыңғайластырып салынған, 1-еуі үш ауысымда оқытылатын мектептердің орындарына ашылады, — дейді Марал Абылахатқызы.
Биыл Мұғалжар, Ырғыз, Ойыл, Хромтау, Шалқар, Қарғалы аудандарында жаңа мектептер пайдалануға беріледі екен.
Ақтөбе қаласы аумағындағы 5 үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін инвестициялық жобалар тізіміне 6 мектеп құрылысы енгізіліпті.
Жалпы облыста заман талабына сай бой көтерген білім беру шаңырақтары артып келеді. Соңғы 10 жылда жобалық қуаты — 23 155 орындық 51 жаңа білім беру нысаны еңсе тіктеді. 43 апатты мектептің мәселесі шешілді. Облысымызда тек бір ғана оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектебі және 10 жаңа мектеп іске қосылды.
2015 жылға қарай жаңа құрылыс есебінен облыста үш ауысымды мектеп мәселесін толықтай шешу жоспарланып отыр.
108 «Жастағы» мектеп
Ең ескі мектеп — Шалқар қаласындағы №5 орта мектеп. 1905 жылы еңсе көтерген білім ордасының жобалық қуаттылығы — 400 орындық. Мұнда қазір 781 бала оқиды. Одан кейінгі «жасы үлкен» мектеп — Ақтөбе қаласында орналасқан №22 мектеп. Аталған білім шаңырағы 1923 жылы ашылған. Бұл мектептің де сыйымдылығы — 400 орындық. Қазір мұнда 803 бала білім алады.
— Мамыр айынан бастап үлкен жұмысты қолға алдық. Облыстағы ескі, заман талабына сай емес құрылыс материалдарынан (саман, қамыс, т.б.) салынған мектептерге талдау жүргізіп жатырмыз. Бұл мақсатта аудандардағы білім бөлімдеріне тапсырма берілді. Қазіргі құрылыс талабына сай келмейтін материалдардан (саман, қамыс) салынған мектептерге техникалық сараптау жүргізу үшін лицензиялары бар тәуелсіз құрылыс мекемелері тексеру жасауда.
Саманнан, ағаштан, қамыстан салынған мектептердің басым бөлігі — Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз аудандарында орналасқан. 1970-жылдарға дейін салынған мектептер Қарғалы, Мәртөк және Мұғалжар аудандарында көп, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы.
223 383 Оқулық
Жаңа оқу жылында мектеп кітапханалары қанша оқулықпен толығады? Оқулық сатып алу үшін қанша қаржы бөлінді? Бұл туралы Марал Мыржықбаева былай дейді:
— Облыстық, қалалық, аудандық бюджеттерден оқушыларға оқулықтарды сатып алу және тасымалдау үшін 143 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға жалпы 223 383 дана оқулық сатып алынды.
Биыл Алматыдан оқулықтарды тасу тамыздың 12-сі күні басталып, тамыздың 23-і күні аяқталды.
Қорландыру циклына байланысты 2 және 9-сыныптардың оқулықтары баспадан қайта басылып шықты. Сол себепті бөлінген қаржының басым бөлігі осы сыныптардың оқулықтарын алуға жұмсалды.
Биылғы оқу жылының ерекшеліктерінің бірі — еліміз бойынша 1-сыныптан бастап ағылшын тілі пәні оқытылатын болды. Соған байланысты мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер мүмкіндігінше ағылшын тілі оқулығымен қамтылады.
Қай сыныпқа қандай оқулықтар, қай баспаның оқулықтары керектігі жөнінде хабарландыру жазып, мектептің дәліздерінде іліп қою туралы әр мектепке тапсырма берілді. Сондықтан ата-аналар балаларына қай баспаның оқулығы керек деп әуреге түспейді.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ
Білім гранты иесі — 38
№32 мектеп-гимназия 2012-2013 оқу жылының нәтижесі бойынша облыс әкімінің 4 миллион теңге грантына ие болды. Біз мұны мақтанышпен айтамыз. Облысымыздың, қаламыздың өркендеу жолында заман талабына сай міндеттерді айқындап, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен қала әкімі Ерхан Омаровқа №32 мектеп-гимназия ұжымы атынан алғысымыз шексіз.
Оқушыларымыз 1-сыныптан бастап қалалық, облыстық ғылыми жобалар сайысына қатысып, өз ойларын ғылыми деңгейде еркін жеткізіп, жүлделі орындарға ие болуда. Мысалды көп келтіруге болады. Мәселен, мектеп абыройын асқақтатып, республикалық олимпиадада химия пәні бойынша Т.Аққожиев, Д.Наурызбаев II орынмен марапатталса, орыс тілі пәні бойынша
М. Кенжебаева, қазақ тілі пәні бойынша Г.Балқасынова II, III орынмен марапатталып, толағай табыспен оралды. 2012-2013 оқу жылында Әсем Жекеева шетелде ағылшын тілінде ғылыми жоба қорғап, II орын иемденіп, шетелдің жоғары оқу орнына грантпен оқуға түсті.
Шәкірттеріміз жыл сайын ҰБТ-дан жақсы көрсеткішке ие болуда. Мысалы, былтыр 32 оқушымыз білім грантына ие болса, биылғы мемлекеттік тапсырыс иеленгендердің үлесі — 38.
Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші бойынша мектептің орташа балы — 95,7 пайыз.
Соңғы 4 жыл ішінде мектебіміз көп жетістікке қол жеткізіп, «Республикалық үздік 100 мектеп» қатарына енді.
№32 мектеп-гимназия ұжымының үлгілі істері бұдан кейін де өз жалғасын таба бермек.
Марта МАЛАЙДАР,
№32 мектеп-гимназия директоры.
Ақтөбе қаласы.
Үздіктер — нәзира, әселхан,әлнұр…
Ойыл ауданындағы Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназия ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген мектеп ретінде облыс әкімінің ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталды. Сонымен қатар мектеп ұжымына 300 мың теңге сыйақы берілді.
Биыл бұл мектептің 14 оқушысы ҰБТ-ға қатысты. Орташа балл — 87,9. 100-ден жоғары нәтиже көрсеткендер саны — 5. 1 оқушы — Нәзира Мусина «Алтын белгі» иегері атанды.
Биылғы оқу жылында Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне екі оқушы түсті. Олар: Әселхан Абдуллина, Әлнұр Галиакбаров.
Мектептің материалдық-техникалық базасы жақсы, заман талабына сай жабдықталған 9 кабинет бар. 1936 жылы ашылған бұл білім шаңырағында қазір 201 бала білім алады. Оларға 38 мұғалім сабақ береді. 2012-2013 оқу жылында «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша бұл мектепке 5 жас маман жұмысқа орналасты.
Мектепке жол
Жомарт жандар көп
Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында Хромтау қаласындағы №3 орта мектепте де көптеген жұмыстар атқарылуда.
Тамыз айы басталғалы акцияға арнайы жоспар құрылып, ауданымыздағы жеке кәсіпкерлерге қайырымдылық шараларының басталғаны жөнінде арнайы хат жолданды. Сөйтіп, «Айгерім» сауда орталығының иелері мектебіміздегі оқушыларға киім-кешектер сыйға тартса, ал «Сабыр» дүкенінің иесі Гүлнар Аяпова қыз балаларға арналған 10 мектеп киімін ұсынды. Сондай-ақ Хромтау ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімшесінің басшысы Ерболат Айтпамбетов 10 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті.
Мектебіміздің ұстаздар қауымы да балалар қуанышын еселеуге атсалысты. Мұғалімдерден жиналған 40 мың теңгеге оқушыларға оқу құралдары мен киім-кешек сатып алынды.
Бізді қуантатыны, өз ниеттерімен балаларға сыйлық жасағысы келетін жомарт жандар күн сайын артып келеді.
Гүлмайра КЕУЛІМЖАЕВА,
№3 Хромтау орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Көркемдік дәрістері
Ақтөбе қалалық көркемсурет лицейі тек қана облысымызда емес, республикамызда және халықаралық деңгейде де танымал десек, артық айтқандық болмас. Көркемсурет лицейінің педагогикалық ұжымы отыз жылдан астам кәсіби деңгейін үнемі көтеріп, оқытудың әдіс-тәсілдерін тиімді пайдаланып, оқытудың инновациялық технологияларын игеріп, әрдайым шығармашылық ізденіс жұмыстармен айналыса отырып, балаларға көркемдік білім беруде елеулі жетістіктерге жетіп келеді.
Өткен 2012-2013 оқу жылында лицей мұғалімдерінің жетекшілігімен оқушыларымыз 15 халықаралық, 12 республикалық, 9 облыстық, 31 қалалық көрмелер мен байқауларға қатысып жоғары жетістіктерге жетті. Мұның барлығы мұғалім шеберлігінің арқасы екендігі белгілі.
Биыл тамыз кеңесінде сондай шебер ұстаздардың бірі — лицей директорының қазақ бөліміндегі тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, жоғары біліктілік деңгейдегі шығармашылық пәндер мұғалімі Дина Умарова облыс әкімі А.Мұхамбетовтің атынан Алғыс хат пен ақшалай сыйлыққа ие болды.
Өткен оқу жылы Дина Мұсақызы үшін жемісті болды. Колледжде Д.Умарова жетекшісі болып тағайындалған жалпы білім беру мектептерінің бейнелеу өнері мен технология пәнінің мұғалімдері, мектепалды мекемелердің тәрбиешілері, мектептен тыс ұйымдардың өнер бөлімдерінің мұғалімдері, сондай-ақ жас суретшілер үшін «Өрнек» шығармашылық шеберханасы жұмыс жасай бастады.
Ұстаздың оқушылары көптеген халықаралық, республикалық деңгейлердегі байқаулар мен көрмелердің жеңімпаздары болды. Былтыр Д.Мұсақызы республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының Алғыс хатына ие болды, бірнеше халықаралық балалар шығармашылығы байқауында жеңімпаз педагог ретінде дипломдармен марапатталды.
К.СӘДУАҚАСОВА,
Ақтөбе қалалық көркемсурет лицейінің әдіскері.
Жаңа ғимаратқа кіреміз
Бауыржан ЕРЖАНОВ, Әйтеке би ауданы Сұлукөл орта мектебінің директоры:
— Облыс әкімінің Алғыс хаты мен 100 мың теңге сыйақысын алуым мектептегі барлық ұстаздардың еңбегінің, оқушыларымыздың білімге деген ден қоюының, ата-аналардың білім ұясына көрсеткен қолдауларының нәтижесі деп білемін.
Оқушыларға сапалы білім беруді біз мектеп базасында ғана емес, облыстық «Дарын», «Достық» орталықтарымен байланыс жасау арқылы да жүзеге асыруды қолға алдық. Жыл сайын осы орталықтарда оқушыларымыздың білім деңгейін 20-25 күн дайындық жұмыстары арқылы анықтап, тиісті шаралар қабылдап отырдық.
Ауыл тұрғындары, ұстаздар мен оқушылар үшін биылғы тағы бір үлкен қуаныш 1 қыркүйекте жаңа оқу жылын жаңа мектеп ғимаратында бастағалы отырмыз. Құрылысы жаңадан салынған сәнді де салтанатты білім шаңырағында еліміздің болшақ азаматтарын тәрбиелеуде бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге аянбай еңбек етеміз.
Мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылды, спорттық жабдықтар алынды. Ауылдың болашағы бар, себебі жастарымыз осында темір рудасын шығаратын, мыс өндіретін өндірістерде жұмыс істеу үшін қаладан елге оралуда. Қазір бізде 170 оқушы, 28 мұғалім бар. Өткен жылы математика пәні мұғаліміне қажеттілік болды, өзіміздің мектеп түлегі жоғарғы оқу орнын өте жақсыға тәмамдап, осы мектепке мұғалім болып қайта оралды. 2013 жылы 3 оқушы грантқа оқуға түсті, ауыл балаларына осындай мүмкіндік жасағанымызға дән ризамыз.
Жүректің жылуы
Облыстағы арнаулы (түзетім) есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернатында оқушыларға сапалы білім берумен қатар, тәрбие жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Қазір осы білім ордасында қызым Жайна Батырбаева тәрбиеленіп жатыр. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде, жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді дарытып, болашаққа бағыт-бағдар беретін ұстаз еңбегі ерекше. Осы орайда мен мектеп-интернат ұстазы Айнагүл Нағашыбаева мен тәрбиешілер Мейрамгүл Шаукенова, Сандуғаш Шәкеноваларды ерекше атағым келеді.
Қызым көп уақытын мектеп-интернатта өткізеді. Оқу жылы барысында білім ордасында әртүрлі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұның өзі жастарды қоғамға бейімдеп, отансүйгіштікке тәрбиелейді, білуге деген құштарлығын арттырады. Мектептен тыс уақытта болатын осындай іс-шараларға қызым белсенді қатысады. Соның бір дәлелі — қызым биыл Астана қаласында өткен республикалық «Жұлдызай» шығармашылық фестивалінде өнер көрсетіп, көптеген достар тапты. Бұл байқауға балғын бишілерді дайындаған мектеп-интернаттың би жетекшісі Майра Үмбетованың кәсіби шеберлігіне риза боласың.
Білім күні қарсаңында балаларға есігін айқара ашатын осы бір мектеп-интернаттың ұжымын, әсіресе, жоғарыда аттары аталған ұстаздарды мерекемен құттықтап, алғыс білдіргім келеді.
Дина САҒЫНОВА,
Мұғалжар ауданы.
27 ОҚУШЫ. 100 БАЛ
М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты түлектерінің ҰБТ-дан орташа баллы — 103,4. Ең жоғарғы балл — 122. 27 оқушы 100 балдан жоғары нәтиже көрсетті. «Алтын белгіге» үміткер 11 оқушының алтауы сенімді ақтады. Былтырғы оқу жылында да 6 оқушымыз «Алтын белгі» иегері атанған болатын. Үздік аттестатқа үміткер болған 5 оқушымыздың 5-еуі де білімдерін дәлелдеді. 31 оқушы білім грантын жеңіп алды. ҰБТ қорытындысы бойынша мектеп-интернаттың білім сапасы — 90,2 пайыз.
Өткен оқу жылында мектеп-интернатта 77 педагог қызметкер жұмыс жасады. Оның 71 пайызы — жоғары және бірінші санатты мамандар. Кембридж тәсілімен оқыту бағдарламасы бойынша 29 педагог өз білімдерін жетілдірді. 22 педагог республикалық, облыстық деңгейдегі кәсіби байқауларға қатысып, жетістіктерге жетті. Мысалы, химия пәнінің мұғалімі Д.Жамалбекова ҚР Білім және ғылым министрлігінің грантын ұтып алып, Қытайдың Цинхуа университетінде магистратурасын жалғастыруға мүмкіндік алды.
Дарынды балаларды қолдау, таланты мен қабілетін ашу — мектеп-интернаттың миссиясы. Облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобалар қорғау жарыстары, шығармашылық байқаулар мен спорттық сайыстарда қол жеткен табыстар — соның айғағы. Мектебіміздің оқушылары Мәскеу қаласында өткен «Компьютерная физика» ХVII халықаралық турнирінде және Ө.Жолдасбеков атындағы метематика және механикадан ІІІ халықаралық конкурста жүлделі орындарға ие болып, білім гранттарын ұтып алды. 11-сынып оқушысы Әлия Ермағанбетованың туындысы Жапонияда өткен халықаралық сурет байқауында ІІІ орын иеленді. Жалпы оқушылардың білім сайысына қатысымы — 1529.
Халықаралық, республикалық сайыстардың жеңімпаздары болған мектеп-интернаттың 8 оқушысы облыс әкімі А.Мұхамбетовтің Алғыс хатымен марапатталды.
Гүлнар ТӘЖІҒАЛИЕВА,
М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың директоры.



