Сәулетші

Елбасы таяу болашақта миллион тұрғыны бар қалаға айналады деп болжаған Ақтөбе қаласы қазірдің өзінде көрікті келбетімен көптің назарын аударады. Еліміздің батысында тұрған сәулетті шаһар бұл дәрежеге тәуелсіздік жылдарында, оның ішінде негізінен соңғы он бес жылда жетті. Әрине, бұл осы жылдарда жасалған көптің жұмысының нәтижесі. Дегенмен, мұнда жекелеген адамдардың, әсіресе, сәулетшілердің еңбегі барлығын да ешкім жоққа шығара алмайды. Әр жылдарда, тіпті қазірде де қаланың көркеюіне сондай өлшеусіз еңбек қосып отырған бір азамат — «Құрылысконсалтинг» Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының директоры, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі, ҚР Құрметті сәулетшісі Жәнібек Тәттібаев. Бұл ретте сәулет пен құрылыс саласында қырық жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп, 60 дейтін мерейлі жасқа қадам басып отырған азаматтың атына қандай жылы сөз айтылса да жарасатын сияқты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің Құттықтау хатында көне ғасырлардағы сәулеттік өнердің жауһарларын бізге жеткізген көне Көкжар атауымен белгілі Ойыл өңірінде туып-өскен Жәнібек Қаржауұлының сәулетшілік өнеріне жоғары баға беріп, ізгі тілегін білдіреді. Онда «Сіздің теориялық біліміңізді практикаға ұштастырып, Ақтөбе қаласы мен облыс аумағында атқарған істеріңіз, сәулетші ретінде қиялыңыздан туған кесек дүниелеріңіз өңір көркін арттырып отыр. Ақтөбе қаласындағы тұтастай шағын аудандардың көркеюінде сіздің жарқын қолтаңбаңыз бар» деген жолдар бар.
Расында да, жастай суретші, сәулетші болсам деген арман құшағына беріліп, көне Көкжардың, Италияның қайта өрлеу дәуірінің алыптарына айтылатындай, «таспен жазылған дастандарын» көріп, сезініп өскен Жәнібектің осал сәулетші болатын реті де жоқ еді. Оның үстіне ол орта мектеп бітіргеннен кейін дер кезінде Алматының В.И. Ленин атындағы политехникалық институтына түсіп, «Сәулет» мамандығы бойынша білім алды. Мұнан соң Ташкентте, Мәскеуде аспирантурада оқып, сәулет өнерінің корифейлерінің берген дәрісін бойына сіңірді. Және осы толымды біліммен келіп, 10 жылдай Целиноград инженерлік-құрылыс институтында құрылыс-сәулет кафедрасында аға оқытушы, ауыл шаруашылығы құрылысы факультетінде деканның орынбасары болып, шәкірттерге білім берді. Осы институт базасында құрылған құрылыс жобалау конструкциясы бюросын басқарды.
Оның туған облысына ат басын бұруы да қызық. 1992 жылы Целиноградтан келіп, Ақтөбеде ауыл құрылысы мәселесіне байланысты өткен республикалық жиынға қатысады. Сол кездегі облыс басшысының орынбасары Анатолий Исайкин төрағалық жасаған жиында өз кезегінде баяндама жасаған кезде ауыл құрылысын сынайды. Ел бойынша ауыл құрылысына мән берілмейтінін айта келіп, құрылыстардың, әсіресе, малшылардың тұрғын үйлерінің қалай болса солай салынатынын, есік-терезелерінің сапасыз материалдардан қолдан құрастырылып, тіпті ішкі есіктерінің болмай, шымылдықпен жабылатынын, жалғыз терезе, оның өзі жалаң әйнектен тұратынын, жалпы ауылдағы кез келген құрылыстың сметалық-жобалау құжатынсыз сапасыз салынатынын айтады. «Республиканың 70 пайыз халқы ауылда тұрады, неге ауыл құрылысына мән берілмейді?» деп, аяқтайды әңгімесін. Басшыға бұл әңгіме ұнамай қалған болуы керек: «Сен мында, Ақтөбе облыстық агроөнеркәсіп құрылыс бірлестігіне кел, бас сәулетші болып жұмыс жаса, әуселеңді сосын көрелік!» дейді. Жәнібек те адайдың қаны бар қызу мінезді жігіт, сол жерде орнынан атып тұрып: «Дұрыс айтасыз. Ал, халайық, естіп отырсыздар ғой. Мен келемін!» дейді. Исайкин де ер екен: «Жұмыстан соң, менің қабылдауыма кір!» деп кетеді.
Міне, Жәнібек осылай елге оралды. Тоқсаныншы жылдардың қиын кезі, өлара шақ, талай қиындықты күтіп алады. Жылдап салт бас, сабау қамшы жұмыс жасап, жағдай шамалы түзелгесін ғана Есіл бойындағы отбасын, бала-шағасын көшіріп алды. Ақтөбе өңіріне танымал азамат, 42 жасында Қазақ ССР еңбек сіңірген агрономы атағын алған, кеңес шаруашылығының белгілі ұйымдастырушысы әкесі Қаржау аға 57 жасында дүниеден өтіп, балалардың үлкені ретінде бір қыз, жеті ұл тәрбиелеген отбасына, белгілі ұстаз анасына қарайласады.
Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде ірі құрылыс бірлестіктері божырап, күйі тарқай бастайды. Облыстық құрылыс бірлестігі «Ауыл құрылысы» акционерлік қоғамына айналып, көп ұзамай қаржы тапшылығынан ол да адымын аша алмайды. Осының бәрінде де бас сәулетшілік қызмет атқарған Жәнібек талай құрылыстарға сметалық-жобалық құжаттар жасап, өзінің міндетін жақсы атқарды. Алайда сол тұстағы таршылыққа байланысты ол құрылыстар: ауылдарда іргетасы қаланған талай жаңа мектептер мен балабақшалар, басқа да ғимараттар аяқсыз қалып, кейін заман түзелген соң ғана бой түзеді.
Құрылыс жұмыстары кенжелеген тұста Қаратоғай құрылыс материалдары комбинатында директорлыққа сайланып, құрыққа сырық жалғап, ұжым бағып жүрген басшыны ойламаған жерден облыс әкімі Аслан Мусин Ақтөбе қаласының бас сәулетшісі қызметіне алдырады. Бұл облыстың экономикасы өрге қарай талпына бастаған тоқсаныншы жылдардың аяғы, екі мыңыншы жылдардың басы еді. Алайда жағдай әлі де ауыр болатын. Ол сәулетшінің әңгімесінен де байқалады.
— Қала әкімі Елеусін Сағындықов бас сәулетші ретінде маған не істейтініңді сызып бер деді. Ол күні сенбі еді. Дүйсенбі күні алғашқы жасалатын жұмыстардың тізбесін алып келдім, жиырма шақты тараудан тұрады. Бірінші кезекте қаладағы құжынаған дүңгіршектерден арылу, сосын ретсіз, жөнсіз тұрған базарларды жою керектігін көрсеттім. Тас-талқаны шығып жатқан көшелерді, қаланың иесіз жерлерін, үйлердің, ғимараттардың қасбеттерін реттестіру, әрбір үйлерді ажарлау, қисық, алқа-салқа аулаларды жөнге келтіру айтылды. Міне, басқа да осы сияқты жұмыстар көрсетілген болатын. Мұнымды облыс, қала әкімі мақұлдады. Содан кеттім шапқылап. «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады» дегендей, қарауымда бес-ақ адам. Қазір ол мекемеде 60 адам жұмыс істейді. Қолымызда қаржы жоқ. Астымдағы көлігім жаман «Жигули», көрінген жерге тұрып қалады. Қала басшысы қаланы аралаған кезде ере алмаймын. «Қайда кетіп қалдың?» деп наразылығын білдіреді. «Мына көлікпен ере алмаймын. Қаланың жалғыз бас сәулетшісінің көлігі жоқ, сізге ұят емес пе?» деймін. «Мынау қалай-қалай сөйлейді» деп тағы ренжиді. Солай айта салатыным бар… Ұнамаймын. Күйіп-жанған жұмыс. Жасап апарған жобамды, макетімді: «Мынаның бәрі фантазия, мұны кімге берейін деп жүрсің» деп лақтырған кездер де болды. Ақыры жібіп, тіл табысамыз.
Жәнібек қала үшін қиын болған 1997-2002 жылдарды, өзі бас сәулетші, қала әкімінің орынбасары болған кезеңді осылай еске алады. Қалада құрылыс пен сәулет саласында қызмет атқарған ұзақ жылдардың ішінде Ақтөбе облысы бойынша сәулеттік-құрылыс бақылау және лицензия беру аумақтық басқармасы, «Құрылыс консалтинг» Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалы мекемелеріне басшы болып, алғаш рет ашып, қалыптастырды.
Араға жылдар салып, 2004 жылы қаланың бас сәулетшісі қызметін екінші мәрте қолға алды. Және қиын кезде оралды. Қала құрылысы жұмысында жіберілген көптеген кемшіліктерді түзетуге, жөнсіз берілген жер телімдерін қайтаруға тура келді. Мазасыз жұмыс, жүйкеге түскен салмақ ізсіз кетпеді. Сырқатқа ұшырап, жатып қалды. Екі мәрте жұлынға ота жасатты. Ұзақ емделуден кейін ғана аяғына мінді, бүгінгі қызметіне оралды.
«Ер істеді дегенше, ел істеді десеңші», деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Жәнібек өзі бас сәулетші болған тұста қалада тұрғызылған көп құрылыстар мен игіліктердің көзіне ыстық көрінетінін айтады, мен істедім деп еншілемейді. 25 қабатты үш тұрғын үйдің бой көтеруі, Сазды өзенінің екі жағалауының бекітіліп, көріктендірілуі, жаңа мешіт, басқа да іргелі ғимараттар, 12-шағын аудан тұсындағы, Әлия Молдағұлова даңғылы бұрышындағы скверлер сол тұстағы жасалған жобалардың нәтижесі еді.
— Сәулет жұмысы тез жасала қалатын дүние емес. Бір кездегі жобалар, ойлар қазірге дейін жүзеге асып жатыр. Менің қуанатыным, бір кездегі біздің жұмысымыздың күрделілігінде емес, талапқа сәйкес келгеніндігінде. Ақтөбе басқа қалалардай қателіктерге ұрынған жоқ, құрылыстары заңды салынып келді. Соның арқасында бір жүйеге келді. Әттеген-ай дейтін жері жоқ. Қазірде де көп нәрсе дұрысталып жатыр. Жылдан-жылға қалаға қаржы көп бөлінуде. Соның арқасында күрделі-күрделі құрылыстар салынуда. Тұңғыш рет тұрғызылып отырған қала ішіндегі аспалы көпір, «Нұр Ақтөбе» ауданы қаланың жаңа ажары, сән-салтанаты болмақ. Қаланың ішінде ескі үйлерді бұзып, қайта құру жұмыстарының жүріп жатқанын да көріп отырмыз. Алайда «Нұр Ақтөбе» сияқты жаңа, таза жерге салынған тұрғын үй құрылыстары көптеген әлеуметтік мәселелерді тездетіп шешуге жәрдемдеседі, — дейді Жәнібек Қаржауұлы.
Құрылыс пен сәулет ісінің майын ішкен саналатын ірі маман қала мен облыстың көп шаруасына ықпал ететін мекеменің тізгінін ұстап отыр. Оның үстіне ол қала әкімшілігі жанындағы құрылыс-сәулет жұмыстарын бақылау кеңесінің мүшесі. Осындай көп жауапкершілік арқалаған азамат абырой-бедел иесі. Еңбегі бағаланып Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл, 20 жыл толуына арналған мерекелік медальдармен, әр жылдарда Индустрия және сауда министрлігінің, Қазақстанның Сәулетшілер одағының, еліміздің Құрылыс ассоциациясының, Қазақстанның қала құрылысы одағының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Үлгілі отбасының басшысы. Үш бала тәрбиелеп өсіріп, бес-алты немере сүйіп отырған ата.
Әйтсе де, ол үйден гөрі түзді, өзі басқарып отырған мекеменің қамын көбірек ойлайтын сияқты.
— Менің ойымша, қазіргі дағдарыс жағдайы сынақтың бір түрі. Біз бұл сыннан жүдеп-жадамай, қайта күшейіп, шынығып шығуымыз керек. Елбасымыз да осыны айтады. Сондықтан біз осыны түсініп, жұмысымызды соған сай ұйымдастыруға тырысып отырмыз, — дейді тәжірибелі басшы.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.



