Ақиқаттың алдаспаны

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтанов ұлттық драматургияның негізін қалаушылардың көш басшылары Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сынды алыптар шоғырының заңды жалғасы іспеттес. Ұлттық театр өнерінің болмыс-бітімінің кәсіби тұрғыда дамуына ол өлшеусіз еңбек сіңірді.
«Қазақ театр өнері біздің заманымызда басталғанына біз қуаныштымыз. Бірақ сол қуанышпен бірге, біз ірі өнердің келешегі үшін жауапты екендігімізді де ұмытпауымыз керек» деп ой сабақтаған М.Әуезовтей ұлы жазушының аманатына адалдық танытқан Тахауи Ахтанов ұлттық драматургияның жанрлық сипатын кеңейтіп, әлемдік сахна туындыларының заңдылығына жауап бере алатындай дүниелер жазды.
Жетпіс жыл өмір сүрген Кеңестер Одағы кезінде өз ұлтымыздың шынайы құндылықтарын айта алмадық. Әдебиет пен ғылымның қай саласында болмасын ғажайып пен кереметтің барлығы басқа ұлтта, ұлы халықтарда делініп келді. Өз ұлтымыздың кереметтерін кеңестік жүйе көзге ілмеді. Соған қарамастан, сол кездің өзінде әлемдік деңгейдегі жазушылармен иық теңестіре алатын ұлы суреткер Т.Ахтанов әдебиеттегі шыншылдық пен әділдіктің синонимі іспеттес тұлға болып қалыптасты.
Өйткені Т.Ахтанов қаламынан туған дүниелердің қай-қайсысына да биіктік пен тереңдік тән. Заңғар қаламгер Әбіш Кекілбаевтың: «Т.Ахтанов — жиырмасыншы ғасыр әдебиетінің кезеңдік биігі», — деп баға беруі жазушы болмысын айқындай түседі. Кезінде Мұхтар Әуезов те Ахтановтың шығармашылық әлеміне қолдау білдірген. «Сен шынайы қызығарлық соныға түскенсің. Соған мейлінше құдіретің де жетеді. Ілгері тереңдеп, ірілеп, таныта түс, тарта бер…», — депті.
Т.Ахтановтың драматургиядағы алғашқы қадамы 1960-жылдардағы ақтаңдаққа толы идеологиядан алшақтаудың нышаны байқалған тұста дүниеге келді. Бұл кезең сталиндік тоталитаризмнің солақай саясатының қатаң сынға алынып жатқан жылдары болатын-ды. Сонда да болса, өнер саласы кеңестік идеологиядан және саясаттан алшақтай алмады. Өйткені, өз уысынан ешнәрсені шығармау, «цензуралық шынымен» барлығын жіті бақылау идеологияның басты ұстанымы еді. Алайда қайсар қаламгер Т.Ахтанов өз шығармаларында сол «кеңестік идеология» айтқызбаған дүниелерді астарлап жеткізді. Ұлттық құндылықтар мен елдік рухқа қатысты дүниелер драмалық туындыларында ерекше көрініс тапты.
Кеңес дәуірінің әдебиеті мен өнері коммунистік партия тарапынан берілген бағыт-бағдарға сәйкес жүргізілді. Бірақ жазушы Т.Ахтанов сол кеңестік кезеңнің ешбір шеңберіне шырмалып қалмай, идеологияны айналып өтті. Ол өзінің өміршең шығармалары арқылы ақиқаттың алдаспанын жарқылдатты.
1960 жылдың алғашқы жартысынан бастап жаза бастаған Т.Ахтановтың драматургия жанрындағы қаламы қарымды болды. 1962 жылы «Сәуле», 1966 жылы «Боран» пьесалары Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театры репертуарынан орын алды. Мұның алдында, 1964 жылы Семей облыстық драма театрында «Арыстанның сыбағасы» пьесасы қойылды. Жетпісінші жылдары қатарынан бес пьеса дүниеге келді. Бұлардан «Күтпеген кездесу» (1970), «Ант» (1973) М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, «Махаббат мұңы» (1974), «Күшік күйеу» (1976) Алматы жасөспірімдер театрында, «Әке мен бала» (1975) Талдықорған облыстық драма театрында, кейін Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар мен жасөспірімдер театрында сахналанды.
Т.Ахтановтың драматург ретіндегі қарым-қабілеті мен суреткерлік эстетикасын айырықша танытқан сахналық шығармалары ұлттық театрларымызды көркемдіктің, халықшылдықтың жаңа биіктеріне жетеледі. Бұл ретте «Ант» атты трагедиясының алатын орны ерекше. Ол ұлттық тарихымыздың әлеуметтік мән-маңызын тереңдей зерделеудің өнегесін көрсетіп берді. «Ант» драмалық дастаны — Т.Ахтановтың кәсіби драматург ретіндегі ең шоқтығы биік сахналық шығармасы.
Үш бөлімнен тұратын, ақ өлеңмен жазылған бұл шығарма — елдік пен бірлік тақырыбын ту етіп, қазақ халқының елін, жерін қорғап соғысып, ат үстінен түспеген екі жүз жылдық тарихының ең бір шеменді де шешуші кезеңдерін қамтиды. Атап айтқанда, бірінші бөлім негізінен қазақ тарихына қасіретпен жазылған «Ақтабан шұбырынды» кезеңіне арналады.
Екінші бөлімі басқыншы жау — ойраттарды ойсырата жеңген «Аңырақай» шайқасы, үшіншісі Ресейге «өз еркімен» қосылу хикаясын қамтиды.
Пьеса «кеңестік идеология» кезінде қойылғанда Әбілқайыр хан алға шығарылып, «Ресейге өз еркіммен қосыламын» деген әрекет қойылымның ең басты арқауы етіп алынатын. Ал еліміз өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет ретінде тарихи ақтаңдақтарды ашқан кезде, пьеса идеясы бұрын айтқыздырмаған, жаңа қырынан ашылды. Пьесаның да мақсаты — Ресей империясына өз еркімен қосылудан гөрі, елдің тұтастығы мен бірлігін ойлаудан туған ұлы мұраттар мен ұлттық мүдде еді.
Аңырақайда болған ұлы жеңісінен соң Әбілқайыр хан аузынан жиылған жұртшылыққа мынадай үлкен мәнді сөздер айтылады:
Асқар белім Бөкенбай,
Айналайын Саураным,
Екі бірдей беренім,
Әттең, шіркін, екеуің,
Ертерек тізе қосқанда,
Ақтабан боп шұбырған,
Алқакөлде сұлаған,
Қаралы күнді кешегі
Шыққыр көзім көрер ме ед?!
Тарихи дастанның өзекті идеясы ел, жер тұтастығын көздейді. Оны жүзеге асырушы Сауран сұлтан — пьесаның бас кейіпкері. Сахнаға басты кейіпкер Әбілқайыр ханға қарағанда жиі шығатын Сауран — шығарманың бірлікшіл идеясын бәрінен де берік, дәйекті ұстанатын бөлек жаратылған тұлға. Сауран образы — автордың үлкен ізденісінен туған типтік бейне. Сауран бейнесі атамекен мүддесін бәрінен де жоғары қоюды көксейді. Тартыс, дүрбелең оның өз кеудесінен от алып дүрілдеп, күллі шығармаға екпін бітіреді.
Сауран ел бірлігін сақтау жолында тіпті сүйген қызын басқа біреуге қияды. Әбілқайырды хан ету үшін Әлім тайпасымен сүйек шатысты болу қажеттігі туады да, ол ғашығы Бәтиманы Әбілқайырға әйелдікке беруге келіседі. Осының бәрін өз қолымен атқаратын Сауран — ердің ері. Ел тәуелсіздігінің табанды күрескері һәм құрбаны.
Пьесада Сауранның да, өзінің де бейнесін асқақтатып тұрған және бір кесекті тұлға бар. Ол — Бәтима (Бопай) образы. Дала қыздарының ақыл мен парасат, сұлулық пен адалдық, тектілік пен даналық, адамгершілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинақтаған Бәтима — типтік образ. Бәтима басына түскен бар қиыншылыққа төтеп береді.
«Ант» тарихи дастаны — Тахауи Ахтановтың ғана емес, бүкіл қазақ драматургиясының жетістігі. Үлкен роман-эпопеяға лайық тақырып еркін игерілген драма. Жоңғармен шайқас, Ресейге қосылу секілді қиын тарихи тақырыптардың басын қосып бір пьеса аумағында, сахналық кеңістікке сәйкестендіріп, философиялық биік деңгейде талдау, әрбір бейненің ішкі психологиялық иірімдерін анық ашу, кейіпкерлерінің лирикалық сезімдерін, жүрек лүпілін қанықты беру, ең бастысы, оқиғалардың эпикалық ұлы рухын жеткізе білу — пьесаның ең басты және озық ерекшеліктері.
Т.Ахтановтың алпысыншы жылдары туған «Сәуле» және «Боран» атты кесек дүниелері де кезінде театрларда үлкен табыспен қойылды. Әсіресе «Сәуле» жоғары бағаланды. Бұл пьесалар замана дертіне дөп диагноз қойған, өз уақытынан озған шығармалар қатарына жатады.
Талғампаз таланттың суреткерлік өнері, әсіресе, «Боран» драмасында айрықша реңк алды. Алғаш рет «Дала сыры» атты повесть (1963) күйінде-ақ даңққа бөленді. 1965 жылы орыстың кеңес кезіндегі ең беделді, ерек талғамды «Новый мир» журналында жарық көрді. Бұған дейін бұл журналда ешқандай қазақ туындысы жарық көрмеген екен. Повесть өңделіп, толықтырылып, романға айналды. Бірсыпыра одақтас республикалардың тіліне аударылды. Неміс, түрік, парсы тілдеріне тәржімаланды. Ахтанов осы шығармасы үшін 1966 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Кейін бұл шығарма 1966 жылы «Боран» драмасы болып М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында сахналанды.
Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» драмасы да әуелі повесть болып жазылып, кейін сахналық шығармаға айналды.
Еркіндікке құштар Ахтанов азаматтық екпін мен принциптерге толы сахналық шығармаларды дүниеге әкелді. Адамдар санасының әлеуметтік және қоғамдық бейнесін аяусыз сынай отырып, «Арыстанның сыбағасы» трагикомедиясын жазды. Тарихи дастаны «Ант» та, психологиялық бағыттағы «Әке мен бала», «Махаббат мұңы», эпикалық бағыттағы «Боран» немесе «Күшік күйеу» комедиясы секілді пьесаларының қай-қайысысы да формасы мен мазмұны жағынан қазақ драматургиясына жаңалық әкелген шоқтығы биік дүниелер.
Тахауи Ахтанов қаламынан туған бітімі бөлек, кез келген режиссердің оң жамбасына келе бермейтін драмалық шығармалар аз емес. «Ант», «Ана дауысы», «Боран» тәрізді жұмбақ мінезді, қатпары қалың драмаларды сахналау режисерлардан үлкен шеберлікті талап етеді.
Мазмұн тереңдігі мен форма, түр, өзгеше стильдік болмыс, идеялық-тақырыптық тегеурін, таным мен тағылым көкжиегі — Тахауи Ахтанов драмаларының ең басты темірқазығы.
Елтай КЕМАЛ,
Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының бас режиссері.
Хамаң — басшы, біз — қосшы
1983 жылдың қазан айында белгілі жазушы, сыншы, драматург Тахауи
Ахтановтың 60 жылдық мерейтойын бүкіл республика дүрілдетіп өткізді. Республикалық газет-журналдар Тахаңа қос беттен арнап, онда қазақтың небір марқасқаларының мақалалары жарияланды. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Т.Ахтанов — XX ғасыр әдебиетінің кезеңді биігі» деген ұлағатты сөзін «Қазақ әдебиеті» газеті 2-3 беттерге аншлаг етіп берді.
Сол қазан айының 19-ы күні Тахаң Шалқарға ат басын тіреді. Делегацияны көрнекті ақын Хамит Ерғалиев бастап келді. Аудандық 600 орындықты мәдениет үйінде қала жұртшылығының, сондай-ақ елден келген ауыл адамдарының қос сөз зергерлерімен үлкен кездесуі болды. Кездесуді аупарткомның хатшысы Сәуле Алтаева ашып, жазушының қысқаша өмірбаянымен таныстырды.
Сол кеште ақын Зиядин Әбдуәлиев, қарт журналист Тілеужан Шойғарин, әдебиетші ұстаз Мәрия Сүгірбаева және осы жолдардың авторы болып бірімізден-біріміз озып дегендей сөз сөйледік. Хамаң «Ахтанов анасының зиратының басында» деген өлеңін оқыды.
Ертеңіне аудандық партия комитетінің қонақүйінде (осы күнгі тарихи-өлкетану музейі) қаламгерлер құрметіне қонақасы берілді. Жылқының қазысының сыртын сыпырғалы жатқан аупартком қызметкеріне Тахаң: «қазыны жалаңаштама, сол күйінде қиялай тура» деп ескертті. Біз қазының дәмді болатынын сонда білдік. Кейін қазыны осылай турау Шалқарда үрдіс болып кетті. Хамаң шай үстінде де, ет үстінде де шылым шегіп, коньяктан алып отырды. Қызды-қыздымен мен де шылым шегіп кетсем керек, журналист Жанғабыл Қабақбаев бүйірімнен түрткен соң дереу сөндіріп тастадым.
— Мұқамбетәли, сен кеше мені шамалы описывать етіп жібердің-ау, — деді Тахаң.
Шамасы Тахаңды мақтаңқырап, тым әсірелеп жіберсем керек. Үлкен жазушының тап менің мақтауыма зәру емес екенін қайдан білейін. Дегенмен, қарап қалмадым.
— Таха, тап сол жерін сіздің «Қаһарлы күндер» романына жазылған аннотациядан алып едім, — дедім.
— Ә-ә, онда дұрыс. Апыр-ай солай жазып па-ей, — деп Тахаң тағы да таңданыс білдірді.
Қазір кез келген сағатқа, теледидардың пультіне пайдаланып жүрген саусақтай батареялар ол кезде өте қат болатын. Соны аудан басшылары тек Тахаң сұраған соң ғана ауданаралық сауда базасынан бес түйірін алдыртып берді. «Жақсы кісінің аттан құлағаны да жақсы» дегендей, Хамаң балаша бұртиып: «енді біреуін берші, а» дегенде Тахаң сараңдығы ұстап, біреуін ғана бергендігі әлі есімізде.
20 қазан күні қонақтарды «Қазақстан» атты фирмалық пойызға шығарып
салдық. Вокзалда — аудан басшылары, Тахаңның Шалқардағы туысқандары, қала жұртшылығы, «жалаң аяқтардан» Жанғабыл екеуміз. «СВ» аталатын үш купеге билет алынған екен. Жанғабыл екеуміздің көк сорпамыз шығып тиеген Хамаң мен Тахаңның сый-сыралғылары бір купеге әрең сыйды. Бір купеге Хамаң мен Тахаң, енді біріне оларға еріп келген сатирик-жазушы Есенжол Домбаев пен Гүлшара жеңгей орналасты. Хамаң Жанғабылға телефон нөмірін беріп, «Мұратқа бүгін біздің Шалқардан шыққанымызды хабарла» деп тапсырма берді. Біз көпке дейін теледидардан «Азия даусын» жүргізіп жүрген Мұрат Иргалиевті Хамаңның баласы шығар деп жүруші едік. Олай емес екен. 2001 жылы Алматыға барғанымда нағыз Мұрат Ерғалиевтің өзімен дәмдес болдым. Келісті келген әдемі, ақ құба жігіт. Беделді бір мекемеде жұмыс істейді екен. Қарындасы Гүлжан белгілі әдебиет сыншысы Бауыржан Нөгербековтің әйелі екен. Ол да атақты мәдениет қайраткері.
Тахаңдар сол жолы, білмеймін, әлде №8 вагонға, әлде №9 вагонға тапсырыс бергізді. Билет Ақтөбе облыстық партия комитеті арқылы алынды. Сөйтсек, дәл сол вагонда Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Жұбан Молдағалиев келе жатыр екен. Қасында Софья жеңгеміз бар.
Қайта-қайта төс түйістіріп, қимастықпен қоштасып қала бердік.
Мұқамбетәли ЕСМАҒАНБЕТОВ,
Қазақстанның Құрметті Журналисі.
Шалқар қаласы.



