Мәдениет

Тазалық — иманнан

 

1560 жылы, Кануни Сүлеймен сұлтанның тұсында, Стамбулға келген бір неміс попы былай деп жазып қалдырыпты: «Стамбулдағы тазалыққа таң қалдым. Мұнда адамдар күніне бес рет жуынады екен. Бүкіл дүкендер таза, көшелерінде қоқыс жоқ. Сатушылардың киімдерінен кішкентай болсын дақ таппайсың… Ал біздің жақтың адамдары ластыққа әбден үйренген, жуыну дегенді білмейді».

Дінімізде тазалық мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Құран Кәрімде: «Киіміңді таза ұста, жаман нәрселерді таста» («Мүддәсир» сүресі, 4-5-аят); «Біз берген ризықтың тазасын ғана жеңдер!» («Ағраф» сүресі, 160-аят) — деп бұйырылған.

 

Бұрынғы тазалық…

 

Пайғамбарымыз да өз үмбетіне тазалықты бірінші орында ұстауды өсиет еткен. Бұл жөнінде Ақтөбедегі «Рахым» мешітінің имамы Аягөз қажы Оңайбаев былай дейді:

Пайғамбарымыздың хадисінде: «Тазалық — иманның жартысы» — делінген. Біріншіден, дінімізде барлық құлшылық амалдарының тазалық шарттарымен қатар жүретінін білесіздер. Мысалы, намаз оқитын адам міндетті түрде дәрет алып, тазаланады. Хадисте айтылады: «Жаннаттың кілті — намазда, намаздың кілті — дәретте». Дәретсіз оқылған намазды Алла қабыл етпейді. Сондай-ақ жүніп күйінен тазаланбаған адамға мешітке кіруге, Құранды ұстауға тыйым салынады. Яғни тазалық болмаса, ешқандай құлшылыққа орын жоқ. Екіншіден, Пайғамбарымыздың хадистеріне үңілсек, мұсылман баласынан бой тазалығы ғана емес, үстіндегі киіміне, үй-жайына, қоғамдық орындардағы тазалыққа мұқият қарау, әсіресе, ішкі жан-дүниенің тазалығы талап етіледі. Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың нұры жаусын!) өз өсиетінде: «Алла — жомарт, жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла таза жүретін құлдарын да жақсы көреді. Ендеше, үйлеріңіздің маңайын да таза ұстаңыздар!» — деген. Сондай-ақ бізге Пайғамбарымыздың хазіреті Әлиге айтқан: «Ей, Әли, тырнақтарыңды қысқарт. Оның ішінде зиянды нәрселер жүреді» — деген сөзі де жеткен.  Алла елшісінің тазалықтың денсаулық үшін маңызды екенін ескертіп, мұрын мен тамақты шаю, шаш, киім күтімі турасында айтқан хадистері өте көп. Халифалар, Ислам әлемінде аты әйгілі басқа да тұлғалар тазалықты барынша насихаттаған. Хазіреті Омар: «Көне киім болса да, тап-таза киініп жүру керек» — деген.

Пайғамбарымыз көпшілік жүретін, жұрттың ортақ пайдалануындағы жерлерді ластау – күнә екенін жеткізіпті. Бір күні ол сахабаларына: «Абайлаңыздар, қарғысқа ұшырағандардан болмаңыздар» — дейді. Сахабалар: «Олар кімдер?» — деп сұрағанда, «Ел жүретін жолға, ел көлеңкелейтін ағаштың түбіне, ел пайдаланатын өзен-көлге дәрет сындырып, ластайтындар» — деген екен. Пайғамбарымыз тазалық тұрғысынан ақ киімнің ыңғайлылығын ескеріп, мешітке келгенде, намаз оқығанда ақ түсті киім киюге шақырған. Ал лас киініп жүрген жандарға реніш білдіретін болған. «Киім де тәкбір айтатынын білмеуші ме едіңіздер? Кірлеген киім тәкбір айтуын тоқтатады» — деген.

Хадистер кітабынан: «Тамақтың берекеті — тамақтанудың алдында және кейін қол жууда» — деген өсиетті де оқисыз…

«Кешегі Кенесары тұлпарына,

Доңыздың басқан шөбін жегізбеген.

Тектілік үлгісіндей Зере әжеміз,

Құнанбайды дәретсіз емізбеген.

Атаның бойындағы тазалықтан,

Абай туды тектілік негізбенен» — деп ақын Мұхаметжан Тазабеков жырлағандай, біздің халқымыз да тазалықта берекет бар деп білген. Үлкендер: «Лас жерді баспа», «Кірдің суын әр жерге төкпе» — сынды сөздерді баланың құлағына құйттайынан-ақ әбден сіңірген.

Мұның сыры туралы Аягөз қажы былай дейді:

Ата-бабаларымыз Құранға сенген. Ал Құранға сенген әр адам мына ғаламды адамзат баласымен қатар жындардың да мекен ететініне сенеді. Жындар көбіне лас жерлерде жүреді, лас жүретін адамдарды маңайлайды. Таза жерде періштелер жүреді, жын-жыпыр жоламайды. Сол себепті де халқымыз тазалықты көп жақсылықтың бастауы деп білген, әсіресе, айналаның ластанбауын, жас балалардың қоқыс үйіндісін баспауын, жас сәбиі бар аналардың ерекше таза жүруін қатаң қадағалаған.

 

…пен бүгінгі тазалық

 

Әрине, қазір де тазалықты «тағынан түсірген» ешкім жоқ. Бұған үй тазалығына, дене күтіміне, ыдыс-аяқ, кір жууға арналған түрлі заттар самсап тұрған дүкен сөрелері дәлел. (Оларға деген сұраныс жоғары болмаса, самсап тұрмас еді!) Алайда, зерттеушілердің айтуынша, нақ осы тазартқыш заттардың кесірінен бүгінгі тазалығымыз — денсаулықтың кепілі емес, керісінше, жауына айналған көрінеді.

Мысалы, лас қолдағы миллиондаған зиянды микроағзалардан арылу, сөйтіп дәрігерлер зәрені ала сипаттайтын түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында қолымызды жиі сабындап жуамыз. Дұрыс-ақ. Бірақ шектен тыс тырысатынымыз да бар: жай сабынды былай қойып, бактерияларға қарсы сабынды пайдаланамыз. Ал бұл сабынның құрамындағы химиялық заттар бактерияларды жойып қана қоймайды, ағзаның қорғаныс қабілетіне де кері әсерін тигізеді, басқаша айтқанда, иммунитетті әлсіретеді.

АҚШ-та бүгінгі күні аллергияның түрлі формаларынан зардап шегіп отырған 50 миллион адам бар екен. «…және олардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Дамушы елдерде аллергияға шалдығушылар үлесі нақ біздің елдегідей емес» — дейді америкалық профессор  Уильям Паркер. Солтүстік Калифорниядағы Дьюк университетінің ғалымдары осының себебін іздепті. Зерттеу жұмыстарына жоғарыда аталған Уильям Паркер жетекшілік еткен. Қорытындысында ғалымдар «бар мәселе… шектен тыс тазалықта» деген ұйғарымға келіпті. «Зиянды микробтарға қарсы «аяусыз» күрес жүргізілген отбасылардан шыққан балалар аурушаң келеді. Әрине, салақтықты ешкім де дәріптемейді. Ең бастысы — шектен шығып кетпеуге тырысу керек» — дейді олар.

Ал шектен шықпаудың бір жолы — түрлі химиялық тазартқыш құралдарға аса үйір болмау, олар туралы неғұрлым көбірек білуге ұмтылу.

Мысалы, кір жуатын ұнтақтар құрамындағы химиялық белсенді заттар (ПАВ) ағза жасушалары құрылымын өзгертіп, миға, бауырға кері әсер етеді. Ұнтақтар құрамындағы аниондық белсенді заттардың (а-ПАВ) әсерін арттыру үшін пайдаланылатын фосфаттардың түрлі аллергияларға;  қолдағы жараларға, бүйрек ауруларына соқтыратынын зерттеушілер әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан Австрия, Норвегия сынды елдерде фосфат қосылған ұнтақтарды сатуға шығаруға тыйым салынған. Франция мен Англияда ұнтақ құрамындағы фосфаттар мөлшеріне 12 пайызға дейін шектеу қойылып отыр. Ал әзірге заң тұрғысынан мұндай шектеулер қаралмаған елдерде тұтынушыларға екі есе сақтық керек. Ұнтақ қорабынан оның құрамындағы белсенді заттардың, фосфат пен хлордың мөлшері жөніндегі ақпаратты міндетті түрде оқыңыз! Егер ондай ақпарат таппасаңыз, ұнтақты сатып алмағаныңыз жөн. Өйткені құрамындағы зиянды заттардың мөлшері қалыпты деңгейден жоғары кір жуғыш ұнтақтар Сізге, сіздің балаларыңыздың денсаулығына залалын тигізіп қана қоймайды, кірдің суы арқылы топыраққа, жер асты суларына да жайылады.

Тағы бір зерттеушілер бүгінде химиялық зиянды элементтердің көшеден гөрі үйде көбірек болатынын ескерткен. «Кейбір үйлердің ауасында зиянды заттар сырттағы ауадан 70 пайызға артық болады» — дейді олар. Мұның себебі — еден, жиһаз, әйнек, әжетхана, ванна бөлмесін тазалау үшін пайдаланылатын — дезинфекциялайтын, ағартатын, жылтыратын, жай ғана тазартатын — химиялық заттар көрінеді.

Ал ыдыс-аяқ жууға қолданылатын сұйықтықтар құрамында асқазанға зиян заттар болады. Тіпті бірнеше рет шайған күнде де, ыдыс-аяқта зиянды заттар 10-20 пайызға дейін қалып қоятын көрінеді.

Кәдімгі шаш жуатын сусабынды да тексеріп алыңыз. Олардың құрамындағы этоксилат, натрий лаурисульфаты сынды заттар гормондық жүйеге кері әсер етеді. Бұл, әсіресе, балалар үшін зиянды! «Сусабын дамыған елдерден келген, демек сапалы» — деген пікірді ұстанбағаныңыз жөн. Өйткені дамыған елдерде өндірушілердің дамушы елдер жұрттарына «екінші сортты» деп қарайтыны бәрімізге белгілі. Сондықтан олар дамушы мемлекеттерге экспорттайтын тауарларына жоғары талап тұрғысынан қарай бермейді.

Ресейлік мамандар күнделікті тұрмыста тазалық жұмыстары үшін химиялық заттардан гөрі, ас содасы, кір сабынның қалдығы, тұз сынды қарапайым заттарды қолдануға кеңес береді. Мысалы, еден жуғанда кәдімгі кір сабынды пайдаланыңыз: микробтарды да өлтіреді, тазалайды әрі линолеум ұзағырақ сақталатын болады. Әйнек тазалауға тұз ерітіндісі-ақ жетіп жатыр. «Әжелеріміз түрлі дақтарды кетіру, үй тазалау, дене күтімі үшін ғасырлар бойы табиғи заттарды орын-орнына пайдалана білген. Қазіргі дүкен сөресінде тұрған дайын (бірақ зиянды!) заттардың кесірінен біз соларды қолданудың тәсілдерін ұмытуға айналдық» — депті ресейлік мамандар.  Орынды айтылғанына дау бар ма?

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Шайтан — вирус,

Намаз — антивирустық бағдарлама

 

Мұрат Мыңбаев,

профессор, «Руханият» мұсылмандық университетінің ректоры.

 

Намаз — мұсылманның бес парызының бірі. Дінімізде намаздың орны мен маңызы неге соншалықты зор? Намаз оқыған кезде адам ағзасында қандай биоэнергетикалық процестер болады? Дәрет алудың маңызы неде? Фундаментальдық ғылымдардың бүгінгі жетістіктері биігінен осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Намазға кіріспес бұрын мұсылман алдымен дәрет алуы тиіс. Қасиетті Құранда айтылады: «Әй, мүміндер! Қашан намазға тұрсаңдар, (тұрарда,) жүздеріңді және шынтақтарға дейін қолдарыңды жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар. (Сипаңдар.) Және екі тобықтарға дейін аяқтарыңды жуыңдар». Молекулярлық биохимия мен медицинаның қазіргі жетістіктері дәрет алу кезіндегі биоэнергетикалық процестер механизмін ашуға мүмкіндік береді. Белгілі ғалым Юрий Мизун өзінің «Ғарыш және денсаулық» деген кітабында: «Адам ағзасының әр жасушасында барлық ағза мүшелерінің функциональдық «түп-тамыры» болатыны белгілі. Өз алдына жеке-дара әкімшілік бірлік ретінде жасуша қызметі электрлік және энергетикалық негізге сүйенеді,  бұл үшін жасушаның электрохимиялық өндіргіштік күші пайдаланылады. Жасушада оң әсерлі электрод-анод (янь) пен теріс әсерлі электрод-катод (инь) болады. Ұқсастық заңы бойынша тұтас, бүтін бір дене ретінде бүкіл ағзаның да  нақ осындай анодты және катодты өндіргіштік күші болады. Өндірілген қуат ағзада меридиан бойынша белгіленген тәртіппен және белгіленген ырғақпен айналысқа түседі. Сәйкесінше, бұл қуат сол меридиандармен байланысты ағза мүшелері арқылы да, терідегі белсенді нүктелер арқылы да өтеді. Мұның бәрі адам ағзасының біртұтас электрлік тізбегін құрайды. Біртұтас электрлік тізбектің жекелеген бөліктері болып табылатын меридиандар бір-бірімен қатаң белгіленген тәртіппен байланысқан. Янь меридиандарынан инь меридиандарына өтетін нүктелердің бәрі аяқ башпайларында орналасады, ал инь меридиандарынан янь меридиандарына өтетін нүктелер қолдағы саусақтарда орналасқан. Тағы да осындай нүктелердің көпшілігі қолдың шынтаққа дейінгі бөлігінде, бетте, баста орналасқан. Осы нүктелер қалыпты жұмыс істеуі үшін оларды жиі жуу, ысқылау, массаждау керек. Өйткені бүкіл қуат ағыны осы нүктелер арқылы өтеді ғой».

Міне, ғалым Юрий Музин осылай дейді. Ол намазды насихаттауды тіпті де мақсат тұтпаған, сөйте тұра дәрет алудың пайдалы екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп отыр. Мысалы, аккумулятор сымдарының  ұстатқыштарын тотығудан сақтау үшін зімпара қағазымен тазартады. Бұл да — сондай процесс. 

Намаздың уақыттары тектен-тек нақты белгіленбеген. Намазды белгіленген уақыттарында тезірек оқып алу керек. Гофман және Иодоровский есімді ғалымдардың айтуынша, Жер өзінің айналу жылдамдығын күніне бес рет ауыстырады. Жердің айналу жылдамдығы ауысқан уақыттарда адам ағзасындағы биологиялық белсенді нүктелердің «қақпағы» ашылады: олар 20-30 минут ашық болады да, сосын жайлап жабылады. Белгіленген намаз уақыттары, міне, сол уақыттармен сәйкес келеді.

Егер мұсылман намазды жамағатпен бірге оқыса, оның сауабы 27 есе артады. Салыстырар болсақ, корпоративтік ұялы байланыс актив-карталарға қарағанда, арзан әрі тиімді.

Намазда ер адамдар қолдарын — кіндік үстінде, ал әйелдер кеуде тұсына байлайды. Бұл да тектен-тек емес. Ер адамдарда кіндік тұсы тыныс жүйесімен байланысты, олар үшін кіндік тұстағы чакраның (қуат орталығы — ред.) маңызы зор. Ал әйел адамдарда тыныс жүйесі кеуде тұсымен байланысты, олар үшін кеуде тұстағы чакра маңызды.

Француз ғалымы Лавуазьенің арқасында Құран аяттарының адам ағзасына ерекше әсері бары ХІХ ғасырда-ақ дәлелденген. Бір диагнозбен және бірдей дәрі-дәрмекпен емделіп жатқан мұсылман емес адамдар екі топқа бөлініп, олардың бір тобына ем кезінде Құран аяттары оқылған. Құран тыңдаған топтағылар ертерек жазылып шығыпты.

Биоэнергетикалық тұрғыдан намаздың маңызы мынада: тік тұрып, қолдарымызды кіндікте байлағанда, біз өз ағзамыздың электрлік тізбегін тұйықтап алып, барша Ғаламның ортақ энергетикалық жүйесіне қосыламыз. Ал Құран аяттарын оқи отырып, Аллаға өзіміздің тәңірлік қуатты қабылдауға дайын екенімізді жеткізгендей боламыз. Биологиялық белсенді нүктелердің ашық «қақпағынан» баста орналасқан жоғары чакра арқылы барлық 12 меридианға тәңірлік қуат құйылып, лас қуатты ығыстырып шығарады. Яғни, шайтан — вирус, ал намаз — бізге Алла берген антивирустық бағдарлама. Әрине, намаздың әсеріне қатысты бұл теңеуіміз дөрекі де болар, шын мәнінде, намаз кезіндегі рухани тазару мен нұрлануды қандай да бір ғылыми зерттеумен суреттеп жеткізу мүмкін емес.  

Және бір айта кететін жайт: ғалымдар құлшылық амалдарын бұлжытпай орындайтын мұсылмандар арасында құяң, артрит және артроз сынды дерттердің кездеспейтінін байқап, таңғалған. Сөйтсе, бұл да намаздың әсерінен екені дәлелденіп отыр. 

 

Мұрат МЫҢБАЕВ,

профессор, «Руханият» мұсылмандық университетінің ректоры.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button