Ресми

Ақтөбе облыстық мәслихатының ШЕШІМІ 5.06.2013 ж. №122

Ақтөбе облысының әділет департаментінде 2013 жылғы 4 шілдеде №3601 болып тіркелді.

 

Ақтөбе облыстық мәслихатының ШЕШІМІ

5.06.2013 ж. №122

 

Ақтөбе облысының қалалары мен басқа да елді мекендерінде иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау Қағидасы туралы

«Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексiнің 3-бабының 2-тармағына, 311-бабына және «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы»  Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2-тармағына сәйкес Ақтөбе облыстық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:

1. Осы шешімге қоса беріліп отырған Ақтөбе облысының қалалары мен басқа да елді мекендерінде иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау Қағидасы бекітілсін.

2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Облыстық мәслихаттың сессия төрағасы   Е.БЕКМҰХАМБЕТОВ.

Облыстық мәслихаттың  хатшысы  С.ҚАЛДЫҒҰЛОВА.

 

 

                                                                               2013 жылғы 5 маусымдағы №122

                                                                             облыстық мәслихаттың шешімімен

                                                                                                   бекітілген

 

Ақтөбе облысының қалалары мен басқа да елді мекендерінде иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау Қағидасы

 

1-тарау. Жалпы ереже

1. Осы Ақтөбе облысының қалалары мен басқа да елді мекендерінде иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау Қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiне, «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының  басқа да нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес Ақтөбе облысының аумағында иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау және серуендету тәртібін анықтау мақсатында әзiрленді.

2. Қағида меншiк нысанына қарамастан, иттерді және мысықтарды күтіп-ұстайтын барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады. Ерекшелiктi тек қызметтiк иттерi және тәлiмбақтары бар құқық қорғау органдарының мекемелері, сол сияқты ұлттық қауіпсіздік органдарының кинологиялық қызметтері құрайды.

 

2-тарау. Иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау шарттары

3. Иттерді және мысықтарды күтіп-ұстауға санитарлық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптарды, ветеринарлық және осы Қағиданы сақтаған жағдайда рұқсат етiледi:

1) бiр ғана отбасы тұратын тұрғын үй-жайларда;

2) бiрнеше отбасы тұратын тұрғын үй-жайларда, тек өзiнің тұрғын алаңында (пәтер тұрғындарының барлығының жазбаша келiсiмiмен);

3) кәсіпорындарда, ұйымдарда, мекемелерде иттердi байлаулы түрде немесе торда, яғни айналасындағылар үшін алаңдаушылық болу мүмкіндігін болдырмайтын және қауіп-қатер тудырмайтын жағдайда.

4. Көп пәтерлi тұрғын үйде бiр отбасы ірі және орташа тұқымды екіден аспайтын ересек иттерді және екі мысықты, сондай-ақ үш айлық мерзiмге дейiнгi күшiктердi ұстай алады. Үш айлық мерзімнен асқан күшiктер мен мысықтар жаңа иелерiне берiлуi немесе қараусыз жануарларды аулаумен және күтіп-ұстаумен айналысатын кәсіпорындарға тапсырылуы қажет.

5. Иттерді және мысықтарды қоғамдық пайдаланылатын орындарда (ас үйлерде, кiреберiстерде, баспалдақ алаңдарында, жертөлелерде, шатырларда, лоджияларда, балкондарда және басқа да қосалқы үй-жайларда), тұрғын үйлердің жанындағы аумақтарда (жеке тұрғын үйлердің аумақтарынан басқа), қонақ үйлер мен жатақхана дәлiздерiнде ұстауға жол берілмейді.

6. Санитарлық-гигиеналық тәртіптерді сақтаған жағдайда және қонақ үй әкiмшiлiгiнiң келісімі бойынша иелерiнің итiмен немесе мысығымен бiрге қонақ үйлерде тұрақтауына жол беріледі.

7. Иттерді және мысықтарды жекелеген тұрғын-үй қорының үйлерінде, ғимараттарда және оған қосалқы орындарда осы аумақтардың иелерінің рұқсатымен ғана немесе басқа да өкiлеттi тұлғаның келiсiмiмен күтіп-ұстауға рұқсат етіледі. Иттер жақсы қоршалған аумақта күтіп-ұсталуы қажет, қоршау жануардың қашып кетуіне, адамдарға не болмаса басқа жануарларға шабуылдауына, жүргіншілерді тістеп алуына мүмкіндік бермеуі қажет. Кiреберiсте иттiң суретi және «Ит күзетедi! Охраняется собакой!» деген жазуы бар 20х30 сантиметрден аз емес көлемде аумақта иттiң бар екендігі туралы ескерту тақта жасалуы қажет.

8. Егер жануарларды күтіп-ұстау зоогигиеналық және санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келсе, жеке тұрғын үйлерде және оларға жапсарлас жер телімдерінде екіден астам иттердi және мысықтарды ұстауға жол беріледі.

9. Иттерді және мысықтарды сатып алу мен сату, басқа бiр адамға тапсыру, сондай-ақ барлық көлiк түрлерiмен облыс iшiнде тасымалдау әрекеттерi құтырма және басқа  да  жұқпалы  ауруларға қарсы  егiлген  уақыты белгiленген жануардың ветеринарлық  құжаты болған жағдайда ғана рұқсат етiледi. Иттерді және мысықтарды елдi мекендерден тысқары жерлерге тасымалдау кезiнде және басқа аймақтардан әкелген жағдайда, иелерi жануардың денсаулығы және егу жұмыстарының жүргiзiлгендiгi жөнiнде, яғни жұқпалы ауруларға қарсы 12 айдан аспаған мерзiмде не болмаса жолға шығардан 30 күн бұрын егiлгендiгi жөнiндегi мәлiмет толтырылған ветеринарлық куәлiгi болуы қажет.

Тұрғындарға, кәсiпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға тиесiлi иттердiң барлық түрлерi үш айлық мерзiмiнен бастап, құтырмаға және эпизоотиялық көрсеткiштер бойынша лептоспирозға, микроспорияға қарсы егiлуге, сондай-ақ гельминтозға немесе дегельминтизациялық алдын-алуға тексерiлуге жатады.

Мысықтар туылғаннан екi айлық мерзiмнен бастап, адамдар мен жануарларға бiрдей құтырмаға және жұқпалы ауруларға қарсы егiлуге, гельминтозға тексерiлуге тиiстi.

10. Егу жасалмаған иттерді және мысықтарды күтіп-ұстауға жол берілмейді.

11. Иттерді және мысықтарды олардың терiсiн пайдалану мақсатында және етiн сату, өңдеу, тұтыну үшiн өсiруге және аулауға жол берілмейді.

12. Ақтөбе облысының аумағында иттердiң төбелесiн ұйымдастыруға және өткiзуге, жануарларға қарсы қатыгез әрекеттер жасауға мүмкiншiлiк беретiн басқа да iс-шараларды өткiзуге жол берiлмейдi (қызметтегi, күзетке арналған иттердiң жұмыс қабiлеттiлiгiн тексеру мақсатында, иттердiң жарақат алмауын ескеретiн, дұрыс тұқымдық сұрыптауға арналған арнайы ережелер бойынша тексерулерден басқа).

13. Қоғамдық орындарда иесiз жүрген иттер, кәсiпорындар мен мекемелерде иесi байлап кеткеннен басқасы, қаңғыбас деп есептеледi және қаңғыған иттерді аулау бойынша арнайы қызметтер арқылы мiндеттi аулауға жатады.

Қадағалаусыз қалған иттерді аулауды және жоюды ұйымдастыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.

 

3-тарау. Иесiнiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн иттердi күтіп-ұстау

14. Иесiнiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн иттерге шоқтығының биiктiгi 50 сантиметрден жоғары иттер жатады.

15. Балаларға және 16 жасқа толмаған жасөспiрiмдерге, сонымен қатар қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға иесiнiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн иттердi серуенге шығаруға рұқсат етілмейді.

16. Иесiнiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн иттердi қоғамдық орындарға және көпшілік демалатын басқа да орындарға әкелуге, иттердi серуендету үшін арнайы бөлінген орындарды қоспағанда, рұқсат етілмейді.

 

4-тарау. Иттерді және мысықтарды серуендету тәртібі

17. Иттердi серуендету барысында иелерi мынадай талаптарды сақтауы қажет:
1) иттердi тұмылдырықпен (декоративтi иттер тұқымдарынан басқалары) және қысқа (1,5 метрге дейiн) мойын жiппен, осы Қағиданың 18-тармағында тізбеленбеген  орындарда, айналасындағыларға алаңдаушылық тудырмай және кедергі келтiрмей шығаруға және серуендетуге рұқсат етіледі;

2) иттердi тұмылдырықсыз және мойын жiпсiз тек арнайы қоршалған аумақтарда, жаттықтыру алаңдарында және еркін серуендету үшін жергiлiктi атқарушы органдар, пәтер иелерi кооперативтерiмен қарастырылған орындарда рұқсат етіледі, егер ондай орындар болмаса серуендету бөлек жатқан бос жерлерде жүзеге асырылады;

3) иттердiң иелерi әрдайым иттiң мойнына аты, түрi, иесiнiң мекен-жайы мен телефондары көрсетiлген жетон бекiтiлген қарғыбау тағуы қажет. Иесiнiң еркі бойынша жетонда итке қатысты басқа да мәлiметтер көрсетілуі мүмкiн;

4) иттерді және мысықтарды қалалық қоғамдық көлiктерде тасымалдау көлiктiң артқы алаңдарында, жолаушылардың мазасын алмайтын жағдайда жүзеге асырылуы тиiс. Иттердiң декоративтi түрлерiн және мысықтарды сөмкеде, арнайы торларда (тасымалдауға арналған контейнерде), қолда алып тасымалдауға болады. Науқас иттерді және мысықтарды қоғамдық көлiкте тасымалдауға жол берілмейді;

5) иттерді және мысықтарды тұрғын үйлердiң маңында серуендету кезiнде иттердiң және мысықтардың иелерi түнгі уақытта (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін) тыныштықты қамтамасыз етулерi қажет;

6) тыйым салған ескерту белгiсi жоқ мекемелер мен азық-түлiк сатпайтын дүкендерде және тағы басқа орындарда иелерi иттерiн тұмылдырықта және қысқа мойын жiпте ертiп жүруіне болады. Кәсiпорындар, ұйымдар мен мекемелер, нысандарға итпен кіруге тыйым салу туралы белгiлер қойып және иттердi байлап қалдыратын орындар жабдықтауы қажет. Көзi нашар көретiн адамдарды жетектеушi иттерге тыйым салу туралы белгілер қолданылмайды;

7) иттi қысқа тұмылдырықпен және мойын жiппен, өздiгiнен шешiлiп кетпейтiндей, иесi ғимараттың iшiнде уақытша болатын мерзiмге, егер де ит басқа тұлғаларға қауiп төнгiзбейтiн, қоғамдық тәрiптi бұзбайтын, қозғалыстарға және өзiне зиян келмейтiндей жағдайда байлаулы қалдыруға болады. Сонымен қатар ит жүргiншiлердiң өтуіне кедергi болмауы керек;

8) ит қоғамдық орындарда қарғы баусыз тек қана қызметтiк тапсырмаларды орындау кезiнде ғана жүре алады.

18. Жануарлардың иелерiне жол берілмейді:

1) құтыруға қарсы егiлмеген және токсоплазмозға тексерiлмеген иттердi серуендетуге;

2) балалардың аула алаңдарында, спорттық алаңдарда, мектепке дейiнгi және оқу орындарының, емдеу мекемелерiнiң аумақтарында, саябақтар мен басқа да тұрғындардың көпшілік демалыс орындарында жануарларды серуендетуге;

3) жағажайларда, көпшiлiк шомылатын орындарда, бөгеттерде, субұрқақтарда,  су айдындары мен тоғандарда жануарларды серуендетуге және шомылдыруға;

4) қоғамдық тәртiптi сақтау бойынша жұмыстарды орындаушы қызметтік иттерді, сондай-ақ көзi нашар көретiн адамды жетектеушi иттерді қоспағанда,  жануарлармен бiрге халық көп жиналатын орындарда және қоғамдық шараларда болуға;

5) мас күйінде тұлғаларға иттерді және мысықтарды серуендетуге және қоғамдық орындарда және көліктерде алып жүруге.

 

5-тарау. Иттердің және мысықтардың иелерi

19. Иттердің және мысықтардың иелерi құқық мәртебесіне және меншiктік нысанына қарамастан иттерді және мысықтарды осы Қағиданың талаптарына сәйкес тиісті күтіп- ұстауды қамтамасыз етеді.

20. Қазақстан  Республикасының заңнамасымен белгіленген жағдайларда, иттерден және мысықтардан жұқпалы аурулар табылса олар иесiнен алынуы  мүмкiн. Егер жануар сау деп танылған жағдайда, ол иесiне қайтарылады. Сонымен қатар, қауып алғанда, адамға жарақат келтiрген жағдайларда, адамға берiлетiн аурулардың немесе қауiптi аурулардың бар-жоғын тексеру үшiн, ит немесе мысық иелерiнен алынуы мүмкiн.

21.  Иттердің және мысықтардың иелерi мынадай талаптарды қамтамасыз етедi:
1) айналасындағылар үшін қолайсыздық келтiрмейтiн және қауiпсiздiк тудырмайтын иттер мен мысықтардың мінез-құлқы;

2) тұрғын үй-жайларда шу шығармау бойынша шаралар қабылдау;

3) аулаларды, кiреберiстердi, саты алаңдарын, лифтiлердi, балалар алаңдарын, жолдарды, тротуарларды, шағын гүлбақтарды, бақтарды, демалыс аумақтарын ластамау, ал ластаған жағдайда тез арада тазалауды (қағаз немесе полиэтилен пакеттерiн пайдалану) жүзеге асыру;

4) жануарларды зоотехникалық, зоогигиеналық және ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес күтіп-ұстау, қоғамдық қауiпсiздiк талаптарын қамтамасыз ету;

5) иттерді және мысықтарды олардың биологиялық қажеттiлiктерiне сай күтіп-ұстау, оларға iзгiлiкпен қарау, қараусыз қалдырмау, жануарларға қажеттiлiгiне қарай тамақ беру, таза су iшуге жағдай жасау, мейірімсіздікпен қарауға жол бермеу;

6) ветеринарлық мекемелердің мамандарының талаптары бойынша иттер мен мысықтарды тексеру, диагностикалық зерттеу, емдеу-алдын-алу, індетке қарсы егу және дегельминтизациялау жүргiзу үшiн бөгетсiз беру;

7) жыл сайын, екi және үш айлық мерзiмiнен бастап иттерді және мысықтарды тескеру және құтырма ауруына және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы алдын ала егу үшiн ветеринариялық емханаларға апарып, ол туралы жануардың ветеринарлық құжатына белгiлеу;

8) жүйелi түрде, тоқсанына кемiнде бiр рет, терi паразиттерiнен иттер мен мысықтарды алдын алу өңдеуді жүргізу;

9) иттер мен мысықтар ауырған, болмаса ауруға күдiк болған барлық жағдайларда жедел түрде ветеринарлық мекемелерге хабарласу, тексеру қорытындылары бойынша мамандардың ұсыныстарын мүлтiксiз сақтау;

10) иттерді және мысықтарды  одан  әрi  күтіп-ұстауға  мүмкiндiк  болмаған  жағдайда оны  басқа  адамға, жануарларды  қорғау  ұйымдарына беру немесе ветеринарлық мекемеге тапсыру;

11) жануарлар қауып алған барлық жағдайлар, сондай-ақ жануарлар өліп қалған жағдайлар туралы жедел түрде ветеринарлық мекемелерге хабарлайды. Ветеринарлық қызмет мамандары келгенге дейін иесі жануарларды оқшаулайды.

22. Жануарлар құтырумен ауырған дерек анықталған жағдайда, олар алынып, Қазақстан  Республикасының заңнамасына сәйкес жойылады.

23. Иттердің және мысықтардың өлiгiн лақтырып тастауға жол берілмейді. Өлген жануарлардың өлігі жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындарда жоюға немесе көмуге жатады.

 

6-тарау. Қорытынды ережелер

24. Осы  Қағиданы  бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар «Әкімшілік  құқық бұзушылық  туралы»  Қазақстан Республикасының  2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button