Киіз көйлектер көрмесі

ҚР Тұңғыш Президенті Музейі бірнеше жылдан бері шығармашыл жастарды қолдайтын «Үкілі үміт» жобасы аясында көрмелер ұйымдастырып келеді. Кеше аталған жоба аясында осы музейде Ақтөбе облысының атын шығарып жүрген жас дизайнер, киізден тігіссіз-ақ көйлек басатын шебер Әсел Хайруланың жеке көрмесі ашылып, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл хабарды біз Астана қаласына Әселдің шашбауын көтеріп барған Ақтөбе облыстық өнер музейінің ғылыми қызметкері Жанар Мақсұтовадан естіп, Әселдің өзіне телефон соқтық.
— «Үкілі үміт» жобасы — шығармашыл жастарды қолдайтын ерекше жоба. Осы жоба аясында биыл Астана күніне орай тағы да өнерлі жастардың көрмелері ұйымдастырылып отыр. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен мұндай мүмкіндікті жібермейін әрі Астана күніне тартуым болсын деп көрмеге қатыстым. Өз қолымнан шыққан жиырмадан астам киіз көйлектерге «Бақыт элементтері» деп ат қойып, айдар тағып, топтама жасадым. Көрмеге сол топтаманы әкелдім.
— Әсел, киіз бұйымдарға ықыласыңыз қашан ауды? Қолөнердің небір түрі бар, неге киіз басуды таңдадыңыз?
— Киіз өнері әлеміне қызығушылығымды оятқан Алматы технологиялық университетінің оқытушысы Тоғжан Құттығаева. Ұстазымның ұсынысымен дипломдық жобаны осы киіз басу өнеріне, оның ішінде, қыздарға арналған болеро, кеудеше басып жасауға қатысты үздік қорғадым. Алматы қаласындағы осы саланың жілігін шағып, майын ішкен шебер мамандардан дәріс, бағыт-бағдар алдым. Ізденіп жүргенімде, интернеттегі бір сайттан киіз киім көріп, соған құтым түсіп, «ауырғаным» бар. Әуелі қиын шығар дегенмін, кейін киіз басып, киім жасауды да тәп-тәуір меңгеріп алдым. Киізге бүйрек бұруымның тағы бір себебі бар. Киіз — қазақ тарихы, ата-бабамның мұрасы. Ертеде ата-әжелеріміз киіздің қыста тоңдырмайтын, жазда терлетпейтін қасиетін біліп, тұрмыста көп қолданғанын білесіз. Бірақ қазіргі киіз тек қана байпақ емес. Одан ойыншықтан бастап, киімнің түрін, тіпті жиһазға дейін жасауға болады. Сондай-ақ киіз әшекейлер мен киіз киімдер жанға жайлы, әрі дене жарақаттарына да дәру. Мен киіз басқан кезде, барлық жағымсыз эмоциялардан арыламын, бұл процестен алатын оң әсерді айтып жеткізуге тілім жетпейді! Киізді қой жүнінен жасаймыз ғой, ал қой жүнінің жылу реттейтін қасиеті бар. Дәрігерлердің пікірінше, құрғақ жылу суық тигенде бірден-бір ем. Айтпақшы, жүннен жасалған киімдер мен бұйымдар жараның тез жазылуына, сынықтың тез бітуіне көмектеседі. Қой жүнінде ланолин деген табиғи май болады. Сондықтан киізден, анығы, жүннен жасалған киімдер тері астындағы қан айналысын жақсартады, адам терісінің қартаюын тежейді екен. Ланолин меринос қойының тері асты безінен бөлініп шығады, табиғи май косметикада кеңінен қолданылады. Сол себепті де мен негізінен меринос қойының жүнін пайдаланамын, дәстүрлі технология бойынша оны өзім қолмен басамын.
— Сен жасаған дүниелердің ерекшелігі неде?
— Ең қызығы да, ерекшелігі де сол — киімдердің тігіссіз болуы. Көйлектерді киізден басу шеберлік пен ой-қиялдың ұшқырлығын, шыдамдылықты талап етеді. Киізбен жұмыс жасағанда бар махаббатымды соған арнаймын. Сүйіспеншілікпен жасалған дүние ерекше боп шығады.
— Халықтың қолөнер бұйымдарына, оның ішінде, киіз көйлектерге сұранысы қандай?
— Әрине, әрі жеңіл, әрі жылы, әрі сәнді болеро, матамен астастырыла тігілген, әдемі өрнектер салынған көйлектерге қызығатындар көп. Тапсырыс беретіндер де, сатып алатындар да бар. Менің мақсатым — халықтық қолөнерді жаңғырту, қазақтың киіз басу өнерінің қыр-сырын, ерекшелігін, одан жасалатын заманауи эксклюзивті-дизайнерлік дүниелерді Қазақстанның қалаларына, шетелдерге таныту. Бұлар зауыттан топ-тобымен шығарылып жатқан заттар емес, әрқайсысы — бір дана. Таза жүннен жасалған киіз киімдер экологиялық жағынан таза, эстетикалық талғамға сай, халықтық ою-өрнектермен әшекейленген, осылардың бәрі оған даралық сипат береді. Сән әлемінде киіз өнерінің де алар орны бөлек. Сауда орталықтарынан заманға сай, сәнді, ерекше шетел көйлек-костюмдерін 100-200 мың теңге болса да, сатып алуға санамыз дайын, ал тігіссіз, экологиялық таза, қыста тоңдырмайтын, көктем, жазда терлетпейтін, жүз пайыз табиғи, синтетикалық қоспасыз, ешкімде жоқ киіз бұйымды 30 мыңнан жоғары бағалағанда, тұтынушы: «қымбат», — дейді. Фабрикадан шыққан бірдей жүз көйлек пен қолдан тігіссіз басылған ерекше бір дана киіз дүниені салыстыруға келе ме?
— Елордамыз Астанаға арнап киіз бұйым жасадың ба?
— Әзірге Астанаға осы көрмемді ғана арнадым. Көрме бір ай бойы жалғасады. Киіз көйлекке Астана нақыштарын сәнімен бейнелеуге болады ғой. Бірақ, әлі жасай қоймадым. Небәрі 15-ке жаңа толған Елордамыз — Астана өзіме қатты ұнайды. Көркем әрі жас қала. Жастардың қаласы, балалардың арман қаласы. Туған күніңмен, Астана!
Сұхбаттасқан Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.



