«Астана — менің төл перзентім»

…бодандықтан бостандыққа жету — бақыттың бақыты. Сөйтсе де, азаттықтың алғашқы жылдары қазаққа тіпті де оңайға соққан жоқ: экономикалық қиындықтар, ұлтаралық қақтығыстар қаупі, т.б.
Астананы байтақ Отанымыздың бір қиырындағы Алматыдан орталыққа көшірудің қажеттігі туралы сөз де сол алғашқы жылдары қозғалды. Көпшілік мұны алыс болашақта болмаса, әзірге мүмкін емес іс санаған еді. Бірақ «мүмкін емес» боп көрінген жаңа астана қазақ елі үшін Тәуелсіздіктің тірегіне, жаңа дәуірдің бастауына айналды. Барша әлем мұны Елбасымыздың ерлігі деп біледі.
1994 жылдың 6 шілдесі. Нақ осы күні Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің сессиясында Елбасы депутаттарға астананы басқа қалаға ауыстыру туралы бастамасын жеткізді.
Сол тұстағы ізденістері туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Астананы көшіруді Қазақстанның жаңа талпынысының бір белгісі деп қарадым. Қаныш Сәтбаевтың айтқан сөзін де ескердім. Кейбір ақпарат құралдарына ұсыныс жасадым: «Осыны айтайықшы, жазайықшы, ел не дер екен?» — деп. Әуелде ел онша елеңдей қоймады. Депутаттармен де сөйлестім. Олар да қозғала қоймады. Алматыға қарасақ, жағдай анау. Таудың қуысына сыймай отырған қала, қыс ауасы — көк түтін. Былай қарай шығайын десең, Қаскелеңге тірелесің, мына жағында — Талғар. Баяғыда Ақмешіттен көшіп келгенде Іленің бойына жаңа қала салмақ болған, вокзалының орнына дейін бар. Өте жақсы идея, бірақ жүзеге аспай қалған. Сонан болашақ астана бола алатын жерлерді қарастыра бастадым. Ел ортасы – Жезқазған. Жер жағдайы онша емес. Қарағандыны да, Көкшетауды да қарадық, айналып келгенде Есілдің бойында тұрған, баяғы Геродот айтатын Батыстан Шығысқа баратын жолдың бойында жатқан Ақмолаға тоқтадық» — деген болатын.
Ал «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Елбасы Жарлығы 1997 жылдың 20 қазанында шықты. Жарлықта 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмоланың ел астанасы болатыны, 1998 жылдың 10 маусымында жаңа астананың ресми тұсаукесері өтетіні туралы айтылған.
Осы аралықта — 1994 жылдан 1997 жылға дейінгі уақытта — Елбасымыз Ақмолаға әр ай сайын барып, болашақ астанадағы құрылыс қарқынын, өзгерістерді үнемі назарда ұстағаны баршаға белгілі.
1997 жылдың 10 желтоқсанында Елбасы өзінің жұмыс күнін тұңғыш рет жаңа астанадағы жұмыс орнында бастады.
Сол тұста жаңа астанамыздың аты төңірегінде де жиі әңгіме қозғалатын. «Ақмола» — тарихи атау болғанмен де, түпкі мағынасы жұртқа, әрине, ұнай қоймайтын. Ақыры 1998 жылдың 6 мамырында бұл әңгімеге нүкте қойылды. Жаңа астанаға «Астана» атауы берілді. Бұл да — Елбасы шешімі. «Бір күні түнде, дәлірек айтқанда, түнгі екіде жаңа астананың аты Астана болады деген ой келді маған. Астана ол — Астана! Қай тілде де ұғымды, ұран тәрізді» — деді Елбасы өз естелігінде.
Мысалы, жапон елінің астанасы Токионың атауы да «шығыстағы астана» деген мағынаны білдіреді екен.
Бүгінде Астана — әлемнің ең көрікті қалаларының бірі. Астана келбетінде Кисе Курокава, Норман Фостер, Манфреди Николетти сынды есімдерін барша әлем құрметтейтін хас шеберлердің қолтаңбасы тұрса, бұл — Елбасымыздың беделі арқылы келген мақтаныш.
Астананың символына, сәніне айналған ең көрнекті ғимараттар да Елбасымыздың идеясы арқылы бой көтерді. Айталық, «Астана-Бәйтерек» монументі немесе «Қазақ елі» монументі, Бейбітшілік және Келісім Сарайы…
«Астана-Бәйтерек» — тек елорда емес, елдің символына айналған дүние. Астанаға келген әр мейман ең алдымен ат басын осы «Бәйтерекке» бұрады. Биіктігі 105 метр болатын, ұшар басында диаметрі — 22 метр, салмағы 300 тонна болатын шар орналасқан бұл алып ғимарат Астана төрінде тегіннен-тегін пайда болған жоқ. Елбасымыз өзінің «Қазақстан жолы» кітабында жазғандай: «Көктөбенің басында, алып көк теңіздің жағалауында өмір ағашы — Бәйтерек өседі екен. Жыл сайын Бәйтеректің бұтағындағы ұясына келіп, киелі Самұрық құс күн бейнелі алтын жұмыртқа салады екен. Бірақ жыл сайын айдаһар-жылан сол күнді жеп қояды. Бұл көрініс күн мен түннің, қыс пен жаздың ауысуын, қайырымдылық пен зұлымдықтың, жарық пен қара түнектің күресін астарлы түрде бейнелейді. Аңыз бойынша Ер Төстік жыланды өлтіріп, Самұрық құстың алтын жұмыртқасын аман алып қалады, ал осыған разы болған құс оның жер асты патшалығынан шығуына көмектеседі. Киелі ағаш туралы аңыз — бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге ұмтылған жаңарған Қазақстан мақсатының көрінісі».
Ал Астанадағы он мың орындық «Нұр Астана» мешіті — Елбасымыздың ерен істеріне сый ретінде тұрғызылған ғимарат. Бұл жөнінде 2011 жылы Ақтөбеде өткен «Ислам — ынтымақ пен бірлік діні» атты ғылыми-танымдық конференцияда Қазақстанның сол кездегі Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі баян еткен болатын.
Әбсаттар қажының әңгімесін оқырманға сол қалпында тағы бір жеткізелік: «Бұл мешіт Катар мемлекетінің әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәнидің қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылды. Мешіт ашылған соң бір жылдан кейін Катар әмірі оны өзі келіп көрді. Мешіттің сәулетіне сүйсіне қарап тұрып менен: «Орта Азияда қанша мемлекет бар?» — деп сұрады. Әрине, шейх Хамад бин Халифа әл-Сәни — жай кісі емес қой, мемлекет басшысы; мұндай сұрақты тегіннен-тегін қойып тұрмағанын білдім. Орталық Азиядағы мемлекеттерді тізіп шықтым. «Ал, енді, — деді Катар әмірі, — мен қыруар қаржы шығындап, солардың арасынан не үшін нақ осы Астанаға мешіт салдырдым? Не үшін Қазақстанды таңдадым? Сіз қалай ойлайсыз?». Астарында үлкен мағына жатқан бұл сұраққа жауап беруге оқтала берген едім, Катар әмірі: «Мұның жауабын өзім айтсам қайтеді?» — деді. Мен сабырмен сөзіне құлақ түрдім. «Орта Азиядағы бауырлас мұсылман мемлекеттері тәуелсіздік алған тұста, біз: «Енді олар қай жолға түсер екен? Қай бағытты таңдар екен?» — деп алаңдадық. Бізді алаңдатқан жай — бұл елдердің кейбірінде адамдар топ-топқа бөлініп, біріне-бірі оқ ата бастады, тыныштық бұзылды. Солай ма?» — деді Катар әмірі. «Рас». «Әне, сондай жағдайда, зекет ретінде осы бес мемлекеттің қайсысына қаражат бөлсек деп ойландық, сонда ғұламаларымыз маған: «Қазақстанға бөліңіз, бұл — ынтымағы жарасқан ел» — деп кеңес берді». Мен ішімнен: «Еліміздің жағдайына сырттағылар көз тігіп, бізді дос санайтын елдер ынтымақ-бірлігімізге сүйсініп отырады екен-ау» — деп, Катар әмірінің сөзіне риза болдым. Ал ол сөзін әрі жалғады: «Содан соң — 2001 жылдың қыркүйегіндегі АҚШ-тағы оқиға есіңізде ме?». «Бүкіләлемдік сауда үйі ғимараттарына жасалған шабуыл туралы айтып тұрған боларсыз?» — дедім. «Нақ солай. Сол оқиғадан кейін Америка, Еуропа исламға жала жауып, «ислам терроризмі» — деген терминді әлемге таратты. Сонда біздер, араб жұртының басшылары, үнсіз қалдық. Сондай сын сағатта бірінші болып исламды қорғауға кіріскен кім еді? Ол — қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл — жала! Мен «ислам экстремизмі», «ислам терроризмі» деген терминдерді қолдануға үзілді-кесілді қарсымын. Әлемдегі соғыстар ешқашан исламнан бастау алмаған. Бізге исламды түрлі жаладан қорғайтын кез келді» — деп мәлімдеді. Содан кейін ғана басқаларымыз батылданып, өз пікірімізді жария ете бастадық. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың сол ерлігіне риза болғандықтан да, Қазақстан астанасына мешіт салу үшін қаржы бөлдім» — деп аяқтады Катар әмірі сөзін».
«Астана — бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде, өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз, астаналықтар, өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз, өйткені біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, өйткені олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда» — деп өзі айтқандай, Астананың әр тынысы, бар тірлігі әрдайым — Елбасы назарында.
Астана бізге Тәуелсіз еліміздің астанасы ретінде қымбат, сонымен бірге ол Елбасымыздың — «Қазақ халқы жиырмасыншы ғасырдың бүкіл өн бойында өзге халықтар түсінде көрсе шошып оянардай қасіретті оқиғаларды бастан кешірді. Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай алатын қайратына қайран қаламын. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәттерде бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды. Құдай қазаққа қырын қарамаған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, асты-үстін толтырып кен берген, мейірбан, ақ көңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты — толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын» — деген ұлы тұлғаның — еліне арнаған Ерлігі ретінде де ерекше қымбат…
Айна САРЫБАЙ.



