Астана туған күнін тойлап жатыр

15-ші рет тойланғалы отырған Астананың туған күні қарсаңында Елордада түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып жатыр. Қазір еліміздің түкпір-түкпіріндегі өңірлердегі, ауыл-аймақтағы ағайынның назары бас қала жақта.
Мерекенің негізгі ұйымдастырушыларының айтуынша, Астананың 15 жылдығы тек жас астанамыз ғана емес, мемлекетіміз үшін де маңызды дата болып отыр. Бұл жылдар аралығында Астана кішкентай провинциялық қаладан алып астанаға, ХХІ ғасырдың ең сұлу қалаларының біріне айналды. Сондықтан, Астана күні бас қаланың басқа да жетістіктерімен қатар, рухани-мәдени орталық екенін паш ету мақсаты бірінші орында тұр. Сол себепті қала тұрғындары мен қонақтары неғұрлым көбірек және еркін қатыса алатын көпшілік, масштабты шараларға маңыз беріліп отыр деседі ұйымдастырушылар. Қала күнінің мәдени брендіне айналған «Астана айналасындағы мыңжылдық» көшпенділер өркениеті фестивалі, «Астана Арқау» түрік музыкасының фестивалі секілді дәстүрлі түрде өткізілетін бірнеше шара биыл да өз жалғасын таппақ. Бір ерекшелігі, биыл Астанамыздың туған күнін шетелден келетін өнер жұлдыздарынсыз тойлайтын боламыз. Алдын ала жоспарланған Таркан, Патрисия Каас, IlDivo квартеті, Лондон патшайымының симфониялық оркестрі мен ресейлік жұлдыздардың халықтың бәрі бірдей тамашалай алмайтын концерттері болмайтын болды, есесіне, халық көп жүретін жерлерде — скверлер мен гүлзарлар бойы ән мен күйге бөленбек.
Бұған қоса қала күнінде «Аялаған Астана» республикалық балалар байқауы, «Шаттық» балалар фестивалі, «Алтын сақа» асық ату ойындары, велоспорт жарыстары, «Астана — бағы биік асқарымсың» кітаптар фестивалі, «Волна Экстрима», «Асқақтай бер, Астана!» би кештері, халықаралық КВН фестивалі, т.б. бірнеше шара өткізілмек.
«Жарқыра, жайна, Астана!»
Астана қаласының 15 жылдығы құрметіне өткізілген «Жарқыра, Жайна, Астана!» жыр мүшайрасының жеңімпаздары анықталды. Сәкен Сейфуллин мұражайы мен Қазақстан Жазушылар одағының елордалық филиалы ұйымдастырған жыр бәйгесіне 12 ақын қатысқан. Ал байқауға еліміздің барлық аймақтарынан 70-ке тарта шығарма келіп түскен.
Қазылар алқасының шешімі бойынша, бас жүлде — жеңіл автокөлік «Астана – дастан» жыр жинағы мен «Мұқағали» театрландырылған қойылымы үшін танымал ақын, драматург Серік Тұрғынбековке берілді. Екінші орын Сәуле Досжановаға бұйырды. Байқауға ол «Астана суреттері» өлеңдер циклін ұсыныпты. Жүлдегерлер қатарында «Астанамен сырласу» өлең кітабы үшін бірінші орын алған Бауыржан Жақып, «Мерей тойың құтты болсын, Астана!» жыр жинағы үшін екінші орынға ие болған Кәкімбек Салықов, үшінші орын иегерлері Махсет Әлсейітов, Жанат Әскербекқызы, Ерлан Жүніс болды. Үздік әдеби шығармалар орталықтандырылған кітапхана жүйесі арнайы шығаратын «Астана бағы биік асқарымсың» жинағына енетін болады.
«Ән жүрегім — Астана!»
Астана күнін тойлауға жиналған жастар Конгресс холл сарайында бас қосты.
Биыл үшінші рет өткізіліп отырған байқауда Астана, Алматы, Қызылорда, Орал, Екібастұз қалаларынан келген өнерпаздар бақ сынады. Астана туралы жаңа әндер шырқалды.
«Ән жүрегім — Астана!» Астананың имиджін көтеретін авторлық әндерді тауып, композитор, ақын, жас орындаушылар шығармашылығын насихаттауды мақсат етеді. Жүзден жүйрік, мыңнан озық шыққан қатысушылар Қазақстан эстрада жұлдыздарымен бірге 6 шілдеде Конгресс-холл сарайында өтетін гала-концертке қатысады.
«Сахнадан Сәлем!» театрлар шеруі
1 шілде күні мерекелік апталық аясында Астанада «Сахнадан Сәлем!» театрлар шеруі басталды. Ол 7 шілдеге дейін созылатын болады.
«Сахнадан Сәлем!» театрлық фестивалі Астанада тұңғыш рет өткізілуде. Оның бағдарламасына халықаралық, республикалық театрлар фестивалінің жүлдегер-жеңімпаздары болған спектакльдер енген. Астана мемлекеттік академиялық театры сахнасында Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Ақтау, Шымкент, Тараз, Петропавл, Семей және Оралдың театр жұздыздары өнер көрсетеді. Театр апталығының арнайы қонағы — Еуропаның ең үздік театрларының бірі саналатын П.Санаевтың «Мені іргеге жерлеңдер» жеке кітабы бойынша жазылған Марюс Мацявичустың атышулы «Оңбаған махаббат» спектаклін қоятын Литваның атақты орыс драма театры. Елдің үздік театрларының алғашқы шеруі көрермендерге тамаша рухани азық болатыны сөзсіз.
Астана 3D-бейнеде
Қала күні қарсаңында Астанада тұрғындары мен қонақтары алғаш рет «Астана опера» театры алаңында 3D шоу мен театрландырылған көріністерді тамашалай алады. Астана көріністері, қала құрылысының басталуы, елорданың басты назар аударар объектілері, пиротехникалық шоу — мұның бәрін қала жұртшылығы арнайы шоу арқылы көре алатын болады. Ауада қалқып ұшар бейнелер, жанданған сурет пен жарық ойыны қала күніне орайластырылған басты шараның біріне айналмақ.
Голографиялық проекция – бейнені экранда үлкейтіп көрсету саласындағы жаңашылдықтардың бірі. Кескін арнайы торға үлкейтіліп, түсірілген жарықта жай көзге көрінбейтін бейнеге айналады. Тек ауада қалқып ұшатын кескін ғана қалады.
Ат жарысы өтіп жатыр
Елордалық «Қазанат» ипподромында ҚР Президентінің Кубогы мен Әлем кубогы үшін ат спортынан халықаралық жарыс өтіп жатыр. Оған Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Украинадан елуден астам шабандоз бен сайгүлік қатысуда. 2 шілде күні басталған дода барысында қатысушылар ҚР Президентінің Кубогы, Ұлт Кубогы, ENRC кубогы, Maserati Кубогы, Samsung Кубогы үшін командалық және жеке жарыстарда чемпиондық атаққа бақ сынасып жатыр.
Қатысушылардың шеберліктерін халықаралық ат спортының беделді төрешілері Марек Залески (Польша), Анна Скабард (Украина), КеоЧанг Янг (Корея), СарпартапСинх (Үндістан) бағалайтын болады.
«Astana Ballet» премьерасы
1 шілдеде Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында көптен күткен хореографиялық ұжымның «Astana Ballet» премьерасы өтті. Бұл шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
«Astana Ballet» Қазақстанның би өнерін әлемдік қауымдастыққа таныту мақсатында имидждік жоба ретінде құрылды. Басты мақсат — әлемдік өнердің заманауи тенденцияларына жауап беретін ел ішіндегі танылмай жатқан таланттарды іздеп тауып, жарыққа шығару. Хореографиялық ұжым құрамына А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің түлектері енді.
«Astana Ballet» өз премьерасында 15 көрініс көрсетті. Олардың қатарында «Жел қанатында» қытай биі, «Сарасвати» үнді биі, жапонның дәстүрлі «Майко» үлгісіндегі билер, т.б. бар.
«Астана — елдің ажары»
«Бәйтерек» халықаралық медиа орталығында ақын Кәкімбек Салықовтың «Астана — елдің ажары» кітабының таныстырылымы өтті. Туынды Астананың 15 жылдық мерекесіне арналған.
Кітаптың негізгі бөлімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтылған, Қазақстан Республикасының рәміздері, Астана қаласының кешегі, бүгінгі келбеті туралы сөз болған. Автор өз еңбегінде «Астананың жеті кереметін» көрсеткен екен. Бұл жеті кереметтің ішінде «Қазақ елі монументі», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Әзірет сұлтан мешіті», «Астана опера» театры, «Ақорда», «Хан Шатыр», «Мәңгілік ел қақпасы» секілді нысандар бар.
Кәкімбек Салықов жазушы Әбіш Кекілбаев, ұшқыштар Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, кардиохирург Юрий Пя, скрипкашы Айман Мұсақожаева секілді елімізге белгілі бірнеше тұлға жөнінде де сөз қозғаған.
Кітапта автордың сөзіне жазылған әндер де бар.
«Астана — менің қалам»
«Шабыт» шығармашылық сарайында қала күніне арналған 3D үлгісіндегі «Астана – менің қалам» бірегей картиналар көрмесі жұмыс жасап жатыр. 3D үлгісіндегі картиналар көрмесі елордада тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Іс-шараның басы-қасында жүргендер Қазақстан суретшілерінің өнерін қолдау, Астана мәдениетінің дамуына үлес қосып, жас таланттар еңбегін халыққа таныту мақсатын бірінші орынға қояды.
Көрме 7 шілдеге дейін жалғасады.
«Әлемдік балеттің жұлдызы»
Астана күніне қарасты өткен «Әлемдік балеттің жұлдызы» гала-концертіне қазіргі әлем өнерінің көрнекті хас шеберлері қатысты.
«Опералия» фестивалінің арқасында елорда тұрғындары мен қонақтары жыл сайын атақты опера әншілері мен әлемнің ең үздік балет өнеріне қанығады. Биыл фестиваль ең жоғары деңгейдегі Жапонияның, Германия мен Ресейдің, Нидерланды Корольдігі мен Қазақстанның бишілерінің басын қосты.
Көрермендер шетелдіктермен қатар қазақстандық балет жұлдыздарының өнеріне де тәнті болды. Әсіресе, «Астана-Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының бишілері Мәдина Басбаева мен Рустем Сейтпеков, Таир Гатауов пен Әйгерім Бекетаева, Гаухар Усина мен Сержан Кауковтардың өнеріне ризашылықпен қол соқты.
«Опералия» Қазақстанның жас астанасы үшін ерекше бренд ретінде жатталып қалатын болды.
«Өзен әуендері»
Бас қаланың тойына тарту ретіндегі «Өзен әуендері» дәстүрлі классикалық кеші кейінгі бес жылда музыканттар мен музыка әуесқойларының сағына күтетін мәдени оқиғаларының бірегейіне айналды десек артық болмас.
Сахна дәстүр бойынша Есіл өзенінің үстінде орнатылады. Биыл сахна бейнесі екі жаққа қарай ашылып тұрған бақалшықты еске түсіреді. Әр кеш сайын концерттен кейінгі уақытта сахна 3D-mapping стиліндегі бейнелерді жобалайтын нысанға айналады.
Өткен жылдары Есіл өзенінің үстіне орнатылған қалқымалы сахнада симфоникалық музыканың ең бір керемет бірегей концерттері қойылып, балеттік спектакльдер мен опера өнерінің жауһарлары орындалды. Өзен үстінде өнер көрсете отырып, әртістер танымал, көпшілікке белгілі туындыларды ұсынады.
«Алтын сақа»
Спорттың ұлттық түрін насихаттау мақсатында елордада асық атудан «Алтын сақа» жарысы өткізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ғалым-этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбекті еске алу үшін бесінші рет ұйымдастырылып отыр екен.
Ұлттық ойынымыз асық ату сайысын өткізудегі негізгі мақсат – ұлттық спорт түрін қайта жаңғырту және дамыту, сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарының, әсіресе, балалардың аталған спорт түріне деген қызығушылығын арттыру.
«Азия жаңғырығы»
1 шілде күні басталған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестивалі шілденің сегізіне дейін кішкентай астаналықтар мен қала қонақтарын қуанышқа бөлемек.
Биыл елорда циркінің аренасына Ресей, Қытай, Танзания, Беларус, Италия, Германия, Польша, Украина, Өзбекстан және Қазақстан әртістері шығады. Олардың көбі — дүниежүзілік фестивальдердің жүлдегерлері мен лауреаттары, өз жанрларының және әулеттік цирк өнерінің қайталанбас хас шеберлері.
Цирк фестивалі аясында үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен кавалькада — фестивальге қатысушылар мен олардың төрт аяқты достарының мерекелік шеруі өтпек.
Бұдан бөлек, фестиваль бағдарламасына әуе гимнастары, асқан шебер жонглерлер, акробаттар мен көңілді сайқымазақтардың, сондай-ақ, үйретілген пілдер мен маймылдардың өнер көрсетуі де енгізілген.
http://www.astana.kz, www.astanaday.kz сайттарының материалдары бойынша әзірленді.
Мерейің өсе берсін, астана!
Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы кәсіби Парламент Мәжілісінің депутаты болып Ақтөбе облысынан сайланған алты депутаттың бірі Ізімғали Көбенов ел астанасын көшіру туралы тарихи шешім қабылданған уақытты былайша еске алады.
— Алғашқы кәсіби Парламенттің Ақтөбеден сайланған депутаттарының ішінде марқұм Марат Оспанов, Ағлен Ермағамбетова, Жасарал Қуанышәлі, мен, Владимир Шуховцев, Виктор Шияев болды. Ақтөбелік саясаткер Марат Оспановтың кәсіби Парламент Мәжілісінің төрағасы болғанын жұрт біледі. Кілең сайдың тасындай, халық қалаулысы дегенге лайық депутаттардың ішінде Салық Зиманов, Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Әбіш Кекілбаевтар бар еді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Астананы Ақмолаға ауыстыру мәселесі Парламентте де, бұқаралық ақпарат құралдарында да қызу талқыланды. Ел Президенті бұл шешімге аяқ астынан келген жоқ, ел ағаларымен, белгілі тарихшылармен, саясаттанушылармен, мәдениеттанушылармен ақылдасқаны белгілі. Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтуді, елдің қауіпсіздігін нығайтуды ойлап, астананың сыртқы шекаралардан алыс, ел ортасында орналасқанын қалағандықтан жасалып отырғаны айтылды. Еліміздің экономикалық жағынан дамуына игі әсері болатындығы ескерілді. Сарыарқаның төсінен, Евразия құрлығының орталығынан жаңа астана салудың өзіндік артықшылықтары туралы көңілге қонымды дәйектер келтірілді.
Парламент отырысында осы мәселе үш күн қатарынан талқыланып, қып-қызыл айтыс болды. «Табиғаты әсем, сұлулығына әлем таңданған ару Алматыны неге тастап кетеміз?» — деп Серік Әбдірахмановтың қарсы шыққаны да есімде қалыпты.
Оралдан сайланған Виктор Водолазов, қостанайлық Владимир Чернышевтар бастаған депутаттар үзілді-кесілді қарсы шықты.Сол кездегі ел экономикасының әлсіздігін, Ақмоланың жерінің балшық, табиғатының жайсыздығын тілге тиек етті.
Сол кезде елдің тарихын терең білетін Әбіш Кекілбаев, көрнекті заңгер Салық Зиманов, Қуаныш Сұлтанов сынды ұлтжанды азаматтар бұл шешімнің дұрыстығын табанды түрде дәлелдеп шықты. Мен де үнсіз қалғаным жоқ, 38 жастағы жас кезім, депутат ретінде астананы ауыстыру туралы мәселеге қолдау білдіріп, үш рет сөз сөйледім. Елдің болашағын айқындайтын сол бір тұста аянып қалған депутат болған жоқ, бәрі өз көзқарасын ашық білдіруге тырысты.
Үш күн дегенде 17 дауыс басымдықпен астананы Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды.
Сол бір сәттің куәсі болғанымды әлі күнге мақтанышпен еске аламын.
Одан астананы Ақмолаға ауыстыруға жан-жақты дайындық үшін 3 жыл уақыт берілді.
Бүгінде бәрі де көрген түс сияқты. Елордасы Астананың бой көтергеніне 15 жыл болыпты. Бейбітшілік пен тыныштықтың бесігіндей болған Астананы әлем таниды.
Астана жылдан жылға көркейіп келеді. Астананың 15 кереметі атанған «Хан-Шатыр» ойын-сауық орталығы, «Бәйтерек», Бейбітшілік және келісім сарайы, «Думан» океанариумы, «Тәуелсіздік» сарайы, «Нұр-Астана» мешіті, «Хазірет Сұлтан» мешіті, «Атамекен» этно-мемориалдық кешені, «Астана-опера» театры, «Қазмедиа» орталығы, Қазақ елі монументі, «Мәңгілік ел» қақпасы, «Астана Триумфы» тұрғын үй кешені, Есіл өзені жағалауы, «Астана» саябағы сияқты ерекше ғимараттар қаланың сән-салтанатын асырып тұр. Әрбір қазақпын деген адамның көңіліне қуаныш ұялатады. Астанаға әлем көз тігіп отыр, «сырт көз — сыншы», қонақтарға ұялмай көрсететіндей шырайлы шаһарымыз бар. Соған тәубе деймін.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.
Елорда – біздің мақтанышымыз
Биыл Астананың 15 жылдық мерейтойы. Мемлекеттік биліктің бір тармағы — сот билігі саласындағы судьялардың VI съезінің елордамыздың 15 жылдығы тойланатын жылы өткізілетінін жақсылыққа балап отырмыз.
ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: «Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Елдің жаңа Елордасы – Астананы салдық. Бұл заманауи қала біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуетін пайдалана алдық. Дәл осы себептен де халықаралық қауымдастық Қазақстанды ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде таңдады. Егер Астана болмаса, бұл да болмас еді. Мұндай құрмет кез келгеннің еншісіне тие бермейді. Біздің еліміз кеңестен кейінгі кезеңдегі күллі кеңістікте ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, осы ұйымның саммитін өткізген және ғаламдық ауқымдағы іс-шара – ЭКСПО – 2017-ні өзінде өткізілетін бірінші ел екенін айтсақ та жеткілікті», — деп атап көрсеткен еді.
Міне, осыдан-ақ елордамыздың әлеуетінің деңгейі қандай екенін анық аңғаруға болады.
Елорда мерейтойы баршамызға құтты болсын!
Оралбек БАҚТЫГЕРЕЕВ,
Шалқар аудандық сотының төрағасы.
«Астана-опера» — таңғажайып театр
Астананың кереметтерінің бірі — «Астана-опера» мемлекеттік опера және балет театры. Қазақ елінің басты өнер шаңырағы іспетті жаңа театр Астананың биылғы туған күнінде көрермендер үшін тамаша тарту-таралғы болды.
Әлемге әйгілі Италияның Милан қаласындағы Ла Скала опера театры, испандықтардың мақтанышы — Мадридтегі Корольдік театр ХVІІІ-ХІХ ғасырдың үлесіне тиесілі. Ал «Астана-опера» — Елордасы Астанада ХХІ ғасырда бой көтерген Тәуелсіз Қазақстанның айбынын асқақтатар айрықша өнер ордасы. Іші кірсе-шыққысыз опера және балет театрын барша қазақ мақтан тұтатын болады. 64000 шаршы метрді алып жатқан алып ғимарат ТМД елдері арасында аумағы мен сыйымдылығы бойынша бірінші, әлемде төртінші орын алады. Еуропада ХХІ ғасырда бой көтерген екі театрдың бірі — 2005 жылы Копенгагенде салынған Данияның ұлттық опера театрынан да аумағы жағынан үлкен екен. Ал екінші театр Норвегияның астанасы Ослода 2008 жылы тұрғызылыпты.
Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед жаңа театр туралы: «Астана Опера» өзінің архитектуралық келбеті жөнінен – классикалық, ал ішкі жарақтандырылуы тұрғысынан «ультразаманауи» театр болып табылады!
«Астана Опера» — өте күрделі опера және балет қойылымдарын қою үшін қажетті барлық техникалық талаптарға жауап беретін Қазақстандағы бір әрі бірегей театр! Өйткені опералық театрдың кез келген спектаклі – оркестрі, хоры және балет труппасы бар, жүзден астам адамның қатысуын талап етеді.
Опера – өнердің барлық түрлерін, музыка мен кескіндемені, драматургия мен вокалды, актерлер ойынын қабыстырады. Оның бірегейлігі де осында!» — дейді.
2010 жылы басталған «Астана-операның» құрылысына әр елден шақырылған кәнігі шеберлер атсалысқан, дизайнын итальяндықтар жасаса, гипсін марокандықтар өңдепті. Ғимараттың негізгі жұмыстарын «IT Engineering» швейцариялық компаниясы атқарыпты.
Қазақ елінің бет-бейнесін танытатын театрдың ішіндегі жалт-жұлт еткен шамшырақтар мен алтын жалатқандай асқан шеберлікпен ойылған ұлттық ою-өрнектер көздің жауын алады.
Зәулім театрда мыңға жуық көрерменге есептелген және 250 орындық орган залы бар. Артистердің репетициясына арналған 2 үлкен, 6 шағын, тағы 11 қосымша залдар бар. Ал сахнаға ең үздік заманауи құрылғылар орнатылған. Оның басты ерекшелігі — ол төменгі қабаттан көтеріліп, түсетін болады.
Театрдың тағы бір ерешелігі бар. Жалпы халықтың көпшілігі көшеде, жұмыста қандай киіммен жүрсе, сол қалпында театрға, концерт залдарына бара беретіні рас. Ал «Астана-опера» театры бұл үрдісті өзгертпек. Шынында ғажайып әлемге енгендей болатын өнер ордасына келген меймандар мен көрермендер міндетті түрде ұқыпты, классикалық киімде болуы шарт. Ал ондай мүмкіндігі жоқ қонақтарға келісті киімді театрдың өзі ұсынатын болады.
Негізі, «Астана Операның» тұсауы бұдан жарты жылдай бұрын кесілді деуге болады. Елбасы 2012 жылдың 14 желтоқсанында өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын, яғни еліміздің ХХІ ғасырдың ортасына дейінгі ғаламат стратегиясын жаңа театрдың сахнасынан жария еткен болатын.
21 маусымда «Астана-опера» театрының шымылдығы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-сара» классикалық ұлттық операсымен ашылды.
Астананың туған күні қарсаңында 3 шілдеде Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балеті жұртшылық назарына ұсынылды.
Ал бұл театрдың әлемдік тұсаукесері қазан айында Джузеппе Вердидің «Аттила» операсымен ашылмақ.
Жұртшылықты билет бағасы да қызықтырары сөзсіз. Студенттер үшін билет құны 500 теңгеден басталады. Алып та әсем театрдың есігі былайғы халық үшін де ашық: билеттердің бағасы орташа алғанда 1000-1500 теңге шамасында болады. Әрине, партер, VIP-орындардың бағасы басқаша. Мәдениет және ақпарат министрі ол туралы: «Олар байларға арналған, олардың билеті шын мәнінде қымбат тұрады. Оның үстіне мұндай бекзат өнер өзіне сондай қатынасты талап етеді», — деді.
Интернет материалдары бойынша әзірлеген
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.
Бас қалаға барғанда…
Қалалық басылымдардың бірқатары Астананың 15 жылдығына дайындық жөнінде көптеген материал жариялады. Ойланып қалдық. Өткен жылы да 15 жылдық аталды. Қаланы аралап газеттерге де үңіліп білгеніміз, 1997 жылғы 9 желтоқсанда Алматыдан шыққан көш, Парламенттің бірінші шақырылымының депутаттары мінген арнайы пойыз Ақмолаға жеткен.
10 желтоқсан күні Президент Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелерінің басын қосқан үлкен жиында «Қазақстан Республикасынның астанасы Ақмола» — деп жария еткен.
Былтыр оған 15 жыл толды.
Қаланың бұрын Целиноград кейін Ақмола атанғаны көпке белгілі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» (Астана, 2005 ж.) кітабында: «Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қалай атаған, дәл айтқанда қалай қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек» — деп жазды.
Елбасы біраз ойланып, қала атауын өзі тауып, 1998 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласын Астана деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Биыл соған тура 15 жыл. Демек, астаналық басылымдардың есебі дұрыс.
32 фактормен таңдалған Астананың әлеуметтік-экономикалық индекстет, климаты, жалпы көрінісі, пейзажы, сейсмикалық жағдайы, қоршаған ортаның табиғилығы, көлік инфрақұрылымы, құрылыс салу мүмкіндіктері және басқа артықшылықтары қазір толық дәлелденді.
Араға ай салып, Астанаға барсаң, барған сайын таңқаласың, мына ғимарат өткенде жоқ еді ғой, адасып кеткен жоқпын ба деп, үш тілде жазылған көше атауына қарайсың. Бәрі мемлекеттік тілде айқын көрініп тұр. Бірақ астаналықтардың бірқатарының Бейбітшілік және Жеңіс даңғылдарына «қалай жетеміз» деп сұрасаң түсінбей қалатыны байқалады. «Мир», «Победа» десең қолдарын сілтеп сөйлей жөнеледі. Екеуі де бұрынғы «Целиноградтың» бас көшелері ғой.
Қазір кеңейтілген, ескінің ізі де қалмаған. Тәуелсіздік, Республика, Абылай хан даңғылдарының кеңдігі жүз құлаштан артық. Айнала сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынған мегаполис, 2009 жылы Астананың «Бас құрылысшысы» Алтын медалімен әлем сәулетшілерінің конференциясында марапатталған Президенттің еңбегі екенін дүниежүзі біледі.
Біздің сапарымыздың алдында ғана «Астана Опера» театры ресми түрде пайдалануға беріліп, шымылдығы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» классикалық ұлттық операсымен ашылды.
Адамзаттың басын біріктіру идеясын жаһанға таратып жатқан Елорданың әсем ғимараттары, сәулеті туралы жазылып келеді, жазыла береді. Біздің бұл жолғы айтпағымыз, Астананың халқы, Бас қала ауыл адамдарына не берді, үмітпен келгендер не істеп жатыр деген үлкен мәселелерге қысқаша жауап беру. Астанада шенеуніктерге қызмет, жұмысшыға жұмыс бар. Әрине, ілгері ұмтылатын, үздіктеріне. Астана ХХІ ғасыр, жаңа технология қаласы. Мұнда «талағында биті барларға» мүмкіндік көп.
Еуропалықтар Астананы Азияның Парижіне теңейді. Ал Париждің «провинциядан» шыққан мықтыларды биікке жеткізетін, жалқауларды тереңге батыратын қала екені белгілі.
Халықаралық сарапшылар біз Астанада жүргенде «Қазақстанның Азия жолбарыстары елдері қатарына жататынын» хабарлады. Енді Астананың бүгінгі демографиялық жағдайына тоқталайық. Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы баспасөз қызметінің статистика департаментінің деректеріне сүйенген соңғы мәліметі бойынша қазір Астана тұрғындары 800 мыңға жақындап тұр. Соңғы бес айда ғана Бас қала халқы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға өскен. Бүкіл шаһар тұрғындарының 401758-і — әйелдер, яғни 51,52 пайыз. Ерлердің саны — 376508. Пайызға шаққанда — 48, 48. Тұрғындардың төрттен үші — кәмелет жасына толғандар, бұл қалаға жұмысқа келушілердің көптігін білдіреді. 18-ден асқан адамдардың 580208 болуы да сондықтан. 14 жасқа дейінгілер саны — 171366.
Астана — үш ауданға бөлінген. Ең үлкені Алматы ауданында 364396 адам тұрады. Қалада 5 айда — 6919 нәресте дүниеге келген. Өмірден өтушілер саны — 3,2 пайызға кеміген.
Көшіп келушілер, оқу бітіріп жұмыста қалып қоятындар көп. 1999 жылғы халық санағына сәйкес ( ол кезде Ақмола) 319 мың халық тұрса, қазір 800 мыңға тақап қалғанын жоғарыда айттық. Ал болжам бойынша 2030 жылы ғана 550 мың адамға жетуге тиіс еді.
Президент Астана халқын шектен тыс көбейтпей, Вашингтон тәрізді әкімшілік орталық болатынын, өнеркәсіп көп болмайтыны мәлімдеді.
Астана тұрғындарын облыс орталықтарының ғана емес, аудандарының, алыстағы ауылдарының тумалары құрайды. Мәселен, алыстағы Жайсаңбайдың өзінен үш-төрт отбасы Бас қалаға әлдеқашан сіңісіп кеткен.
Астанада Абылай даңғылымен қиылысатын Ырғыз көшесі бар. Ырғыздықтар Бас қалаға жол тартса, пойызға Әйтеке би бекетінен мініп, қайтарында содан түсіп қалады. Еліміздің орталық қаласында Нұра ауылынан ғана екі ғылым докторы тұрады. Ауылда білім алып, Астанада жетілген азаматтар.
Елорданы арнайы көруге келген ырғыздықтар толып жатыр. Солардың бірі бұрынғы мұғалім Ақтілек немересін ерте келіпті.
— Кезінде Мәскеуге жете алмап едік. Барғандар оны жат қала дейтін. Енді, міне, өз еліміздің Астанасында алшаң басып жүрміз. Амандық болса, немерем Назарбаев университетінде оқуға тиіс. Апарып көрсеттім, қазір екінші сыныпта болса да, арман етіп жүрсін,— деп ақ жарылды.
Астанада Оңтүстік Қазақстаннан, Алматыдан, Талдықорғаннан, Семейден көшіп келгендер баршылық. Жабылып қалған Торғай облысының орталығы Арқалық қаласының байырғы тұрғындары осында дерлік.
Солардың бірі инженер Қарауылбек Шоқатов Бас қалаға 1998 жылы өзі келіп, сосын отбасын көшіріп алған. Әуелі пәтер жалдап тұрса, қазір екі қабат үй салып алған. Екі баласы Еуразия университетін бітіріп, бірі Астананың күрделі ғимараттарын жобалауға қатысып жүрсе, екіншісі «ЭКСПО-17» көрмесі нысандарының бел ортасында. Астанаға үмітпен «жалаңаяқ» келіп, бақытын тапқандар мыңдап саналады. Әрине, бәрі маңдай тер арқылы.
Алматылықтар Бас қалаға бауыр басты ма? Оңтүстік астанада 40 жылдан астам уақыт тұрған Тәуіпбай Мәлішев — Астана Бас қала болса, Алматының ел өміріндегі маңызы ерекше, — дейді. — Астана Сарыарқаның кең жазығында. Күннің атқанын, батқанын, көкжиекті көресің. Ауасы мөлдір таза. Қысқы сақылдаған сары аязы бүкіл микробты қырып салады.
Балаларым осында жұмыста. Астананы — бақыттың, болашақтың, қазақтың қаласы ретінде мақтан тұтамын!
Жалғыз Тәуіпбай емес, бүкіл Бас қала тұрғындары осылай ойлайды десек қателеспейміз.
Айдос Шөкіш,
Ақтөбе-Астана-Ақтөбе.
Астана құрдастары
Осыдан он бес жыл бұрын дүниеге келеген сәбилер де бүгінде Астанамен қатар жайқалып өсіп келеді.
Мереке қарсаңында біз ақтөбелік Астана құрдастарын әңгімеге тартқан едік.
Астанада оқығым келеді
Нұрзат Серікбаева Кеңқияқ орта мектебінде оқиды. Астана қаласымен құрдас. Жазғы каникул кезінде Ақтөбе қаласындағы нағашы апасы Алмажанның үйіне қыдырып келіпті.
— Жыл сайын жазғы демалыста қаладағы нағашыларымның үйіне қыдырып барамын. Бұл жақта бөлем Ардақ маған Ақтөбенің әдемі жерлерін көрсетіп, аралатады. «Мега Ақтөбе» ойын-сауық орталығына, Тұңғыш Президент атындағы саябаққа бардым. Жыл сайын Ақтөбенің әсем қалаға айналып келе жатқанын көріп қуанамын.
Туысқандарымның барлығы Ақтөбеде тұратын болғандықтан, өзге қалаға барып көргенім жоқ. Әсіресе, Астана қаласына барғым келеді. Теледидар мен газет-журналдардан Елорданың күннен-күнге құлпырып келе жатқаны туралы айтылып, жазылады. Осыларды естігенде қызығамын. Менің құрбым Ақерке Астанаға барып келді. Қаланың әдемі екенін айтқан. Ал мен мектеп бітіргеннен кейін Елордадағы жоғары оқу орындарының бірінде оқығым келеді. Болашақта медицина саласының қызметкері болсам деп армандаймын, — дейді Нұрзат.
Нұрзат мектебіндегі үздік оқушылардың бірі. Білім ордасындағы қолөнер үйірмесіне қатысады. Тоқыма тоқиды. Түрлі моншақтардан алқа жасайды. Нұрзаттың жасаған бұйымдарын ұстаздары жоғары бағалайды. Ол мектеп ішіндегі жарыстардан да тыс қалған емес. Түрлі мерекелік шараларда би билеп, қойылымдарға қатысып, өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Нұрзаттың анасы Алтынгүл үй шаруасында болса, папасы Ғайса «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мекемесінде жұмыс істейді. Апасы Салтанат Мәншүк Мәметова атындағы медицина колледжінде оқиды. Ал інісі Ерасыл балабақшаға барады.
Елордаға қыдырып барамын
Астананың құрдасы Назерке Бақытжанова биыл Ақтөбе қаласындағы №13 мектептің 9-сыныбын бітірді. Биыл, сәтін салса, Ә. Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледжге оқуға түскісі келеді. Болашақта бастауыш сынып мұғалімі болғысы келетін Назеркенің арманы көп. Ал қазіргі мақсаты — колледжге оқуға түсіп, білім ордасын ойдағыдай тәмәмдау.
— Бала кезімнен мұғалім болсам деп армандайтын едім. Әсіресе, кішкентай балалармен жұмыс істегенді ұнатамын. Сондықтан колледжде оқығым келді. Менің бұл ойымды ата-анам құптап отыр, — дейді Назерке.
Назерке Астана қаласына барып көрмепті. Бірақ теледидар мен газеттерден Елорда туралы ақпараттарды үзбей қарайды. Болашақта Астана қаласына жолы түсе қалса, «Бәйтерек», «Думан», «Мега» ойын-сауық орталықтары мен Бейбітшілік және келісім сарайы секілді көрікті жерлерді аралап көргісі келеді.
— Астана туралы теледидардан көріп жүрмін. Достарымның ішінде де Астанаға барып келгендер бар. Менің де әсем қалаға жолым түсетініне сенімдімін. Егер Астанаға барсам, теледидардан күнде көріп жүрген жерлерді өз көзіммен көріп, аралап, суретке түсемін. Бірақ Астанада қалу туралы ойланған емеспін. Маған өзім туып-өскен Ақтөбе қаласы ұнайды. Осы жерде еңбек еткім келеді. Ал Астанаға қыдырып барамын, — дейді Назерке.
Назеркенің апалары Гүлнұр мен Салтанат Мәншүк Мәметова атындағы медицина колледжінде білім алады. Ал інісі Қоныс 7-сыныпта оқиды.
Елорда — өнер ордасы
Қобда ауданы Бестау орта мектебінің оқушысы Мейірбек Шеке Астанамен түйдей құрдас. Мектебінің озат оқушысы Мейірбектің арманы көп. Ол болашақта кинорежиссер болғысы келеді.
— Астана — өнер ордасы. Әлемнің әр түкпірінен өнер адамдары келеді. Түрлі мерекелік шаралар өткізіледі. Астанада жуырда «Астана Опера» театры ашылды. Бұл туралы теледидардан естідім. Болашақта мен осы қаладағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алғым келеді. Белгілі кинорежиссер болсам деп армандаймын. Қазақстанның атын шығаратын кино түсіргім келеді, — дейді Мейірбек.
Мейірбек өлең оқығанды, ән айтқанды жақсы көреді. 2009 жылы Дельфий ойындары байқауында «Атамекен» әнін айтып, Алғыс хатқа ие болды. Мейірбек Махамбеттің «Қызғыш құс», «Мен — мен едім, мен едім», Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек. Райымбек» поэмаларын жатқа оқиды. Өзі де өлең жазады.
Жазғы каникул кезінде Мейірбек Әлия ауылындағы нағашы ата-әжесінің үйіне баратынын айтады.
— Жыл сайын жазғы демалыс кезінде нағашыларымның үйіне қыдырып барамын. Ауылдағы әжеме көмектесемін. Ақтөбе қаласында тұратын нағашы апам Айнұрдың үйіне және сол жақтағы достарыма барып қайтуды ұмытпаймын. Достарыммен бірге қаланың көрікті жерлерін аралаймын. Әр жыл сайын қаламыздың көркейіп келе жатқанына қуанамын. Әсіресе маған Тұңғыш Президент атындағы саябақ қатты ұнайды. Бұл жердегі су бұрқақтардың қасына суретке түсіп, серуендегенді жақсы көремін. Бос уақытымда ақындардың өлеңдерін, әдеби кітаптар оқимын. Інілерімді ойнатамын, — дейді Мейірбек.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



