Түтіні түзу ұшқан

Шалқар ауданындағы Мөңке би ауылы — ірі елді мекендердің бірі. Ауыл тұрғындары жаңаша өмір сүрудің үлгісін көрсетіп, тұрмыста тарықпай отыр десек, қателеспеспіз. Олар тек күйкі тірлікті ғана ойлап қоймай, өмірдің қай саласында да биіктен көрінуді мақсат етеді.
Жалғасын тапқан із
Мөңке би ауылдық округінің бүгінгі жағдайын әңгімелеместен бұрын, аздап тарихына тоқтала кетейік.
Кеңес дәуірі тұсында ауыл Қайыр деп аталды. Оның себебі, ауылдың үстінен Орынбор-Ташкент темір жолы жүрді. Бұл жол Ресейдің патша өкіметі тұсында, яғни 1903-1905 жылдары салыныпты. Қазір бұл ауылдың тұрғындары темір жол арқылы кез келген бағытқа сапар шеге алады. Қайыр деп аталуының да өз тарихы бар. Бастауын Мұғалжар тауынан алатын Қауылжыр өзені ауылдың іргесінде. Өзеннің бойы майдасы керек пе, ірісі керек пе, қайырға толы. 1903 жылы карьер ашылып, темір жол салуға, басқа да түрлі құрылыс материалдары үшін аса сапалы қайыр алынған.
Кешегі кеңес өкіметі тұсында осы аумақта «Бершүгір» кеңшары құрылып, ауыл көркейе түсті.
Бұл мекеннің ауданның өзге ауылдарына қарағанда ерекшеліктері көп. Темір жол бойының балалары пысық болып келеді ғой. Өзге құралыптастарына қарағанда, пойызға бұрын отырып, жолсеріктермен, жолаушылармен сөйлесіп болса да, ашыла түседі, яғни «өмірді» ертерек көреді.
Мұғалжар тауына жақын орналасқандықтан, мал азығынан аса қинала қоймайды. Тауда түрлі шөптер мен өсімдіктер өседі. Сүттікөл, Қобыкөл, Ұялыкөлдің, Көксудың айналасы, Тайкеткен, Бақатай, Ақтан, Садылардың бойы қандай қуаңшылық болса да бір ауылдың малын асырай алады.
Айтқандай, бір жылдары арпа мен қара бидай өсіріп, қырманға сыйдыра алмаған да осы ауылдың еңбеккерлері. Егін өсірумен айналысатын облыстың өзге өңірлері үшін бұл жаңалық болмағанымен, шөлейтті Шалқар ауданы үшін үлкен жетістік еді.
Кеңшар директоры, мамандығы инженер-механик Елемес Жумин және Жақсылық Анарбеков, Сұлтан Айетов секілді ауылдың бірнеше өнертапқыштары шөп шабу, тиеу, түсіру агрегаттарын ойлап тауып, құрастырып, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде жүлделі орынды иеленді, «Жаңашыл-өнертапқыш» дипломдарымен марапатталды.
Кеңшар ашылған сонау 1960-жылдардың орта тұсында ауыз су ұңғымасы екі-үш жерден қазылып, ауыл суға қарық болды. Ұңғымадан алғаш су атқылағанда, кеңшар директоры Ережеп Мұқанғалиев қуанғаннан: «Міне, коммунизм!» — деп қолын шапалақтапты. Бұл ауыл су мол болғасын аулаларында бау-бақша өсіріп, тағы бір ерекшеленді. Көкөністің қай түрі де тапшы сол уақытта қияр мен қызанақты ауласынан алып жеді. Түп-түзу, лас су мен қоқыстан таза көшелері ауылдан гөрі қалаға көбірек келетін тұрғындар қарағашпен қатар, қайың мен терек өсірді. Тіпті алма ағаштары жайқалып тұрған үйлер де болды.
Өзге өңірлерде қаншама ауыл әлі күнге дейін газдың не екенін білмей келсе, мөңкебиліктер «көгілдір отынның» рахатын өткен ғасырдан бері көріп келеді.
Міне, қашаннан несібесі мол Мөңке би ауылдық округінің тұрғындары бүгінгі күні де жаңа заман лебіне ілесіп, тұрмыстарын төмендеткен емес. Нарық талаптарына тез икемделген ауыл адамдары кәсіпкерлікпен айналысып, шаруа қожалықтарын құрып, төрт түлік малын өсіріп, жем-шөбін дайындап, саудаларын жасап келеді.
Әрине, бәрі бірдей оп-оңай, өздігінен келіп жатқан жоқ. Жаппай тоқырау кезінде олар да абдырап қалды. Бірақ тығырықтан шығу жолдарын таба білді.
Жергілікті басқару құрылымында өзгерістер болған кезде 1200-дің үстінде тұрғыны бар ауылдың дербес ауылдық округі болмай қалды. Көрші ауылдық округке қосып жіберді. 2005 жылы Қауылжыр селолық округінен бөлініп, өз алдына округ болып қайта құрылды.
Жаңарған сүрлеу жол
Ауылдың бүгінгі жай-күйі туралы әңгіме қозғап, округ әкімі Жәнібек Тілеубергеновті сөзге тарттық.
— Мөңке би ауылы аудан орталығынан 70 шақырым, облыс орталығынан 300 шақырым жерде орналасқан, — дейді округ әкімі Жәнібек Тілеубергенов. — Тас жол бар болғанымен, халықтың негізгі қатынас құралы — темір жол. Округте барлығы 239 үй бар, оның ішінде 229 үй округ орталығында орналасқан.
— Жалпы тұрғындар тұрмысының түгел болып, түтінінің түзу ұшуы шаруашылыққа, пайда көзіне келіп тіреледі ғой. Ауылда кәсіпкерліктің көзін табу, шаруа қожалықтарының дамуы қалай?
— Иә, ол рас. Біздің ауылдың адамдары «Піс, аузыма түс» деп, алақанын жайып, аспанға қарап жатпайды. Әйтеуір бір тіршілік жасайды. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығымен айналысатын 27 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың жалпы жер көлемі 81779 гектар. Шаруа қожалықтары мал өсірумен және малға жем-шөп дайындаумен айналысады. Округте биылғы жылғы мәлімет бойынша, 1800-ден астам мүйізді ірі қара, 7000-дай қой-ешкі, бірнеше жүздеген жылқы мен түйе малы бар. Шаруа қожалықтарының, сондай-ақ жеке адамдардың мал ұстауына ауылда мүмкіндік мол ғой. Жем-шөптен ешқандай қиындық жоқ. Тіпті біздің ауылдың шаруа қожалықтары шөппен жергілікті тұрғындардың малын қамтамасыз етіп қана қоймай, артығын көрші округ тұрғындарына сатады. Міне, осыған қарап-ақ шаруаның дөңгеленіп тұрғанын бағамдай беруге болады.
Ал кәсіпкерлікке келетін болсақ, бұл істе де алдыңғы қатардан көрініп отырмыз. Ауылда 8 жеке кәсіпкер жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетуде. Бір ауылда бірнеше дүкен, бірнеше жеке монша бар. Бізде азық-түлік бағасы аудан орталығындағы бағамен бірдей, кейбір ауылдармен салыстырғанда арзан деуге болады. Өйткені кәсіпкерлік дамыған жерде баға көтерілмейді.
— Ауылдың әлеуметтік дамуы туралы не айтасыз?
— Ауылдың әлеуметтік дамуын тұрғындардың тұрақтауынан бастайын. Бізде ешкім кешегі қиын уақыттың өзінде қалаға қарай үдере көшкен емес. Әрине, Ақтөбе қаласына барып үй салып алғандар бар. Ал бізден басқа жаққа қоныс аударғандардың орнына ауданның өзге ауылдарынан көшіп келушілер көп. Ешқашан басқа жаққа көшкендердің үйі қаңырап бос қалған емес. Сізге айтайын, біздің ауылда үй қымбат. Өйткені қатынасқа темір жол бар, тұрмысқа газ бар, ауыз судан еш проблема жоқ. Сондықтан да үйдің қымбаттығына қарамастан, көшіп келушілер көп. Ауыл 100 пайыз газбен қамтылған, барлық үй дербес жылу жүйесімен жылытылады.
Ауылда құрылыс жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Мемлекет тарапынан және жеке тұрғындар қаржысымен евростандартқа сай үйлер салынды. Халықтың талап-тілегіне қарай қоғамдық монша үшін жер берілді. Бір кәсіпкеріміз жер алып, мейрамхана салды. Қазір ауылдағы барлық той-домалақ осы мейрамханада өтеді.
Мөңке би ауылында саябақ орнатуға да жер бөлініп, құжаттары дайындалуда. Сондай-ақ, жеке тұрғын үй саламын деп жер сұраушылар аз емес. Олардың бәрінің де өтініштерін қайтарған емеспіз. Үй саламын, басқа да кәсіпкерлік нысандарын тұрғызамын дегендерге жер береміз.
Міне, табыс көзін тауып, еңбек етудің арқасында округ көлемінде кірісі күнкөріс шегінен төмен немесе санитарлық-тұрмыстық жағдайы нашар отбасылар жоқ.
Бүгінгі күні сандық АТС және сымсыз телефон орнатылған абоненттердің саны 210-ға жетті. Округ толығымен электр желісімен қамтылған.
2007 жылы 320 оқушыға арналған жаңа типтегі тамаша мектеп пайдалануға берілді. Мектептің талапқа сай спортзалы, мультимедиялық және компьютерлік кластары бар.
Төрт жас маман «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алып, жұмыс жасауда.
2008 жылдың қаңтар айында «Балдәурен» атты балалар бақшасы іске қосылып, бүгінгі күні екі топ тәрбиеленуде.
Жаңадан фельдшерлік-амбулаторлық пункт ғимараты салынды. 50 орындық темір жол билет кассасы ғимараты пайдалануға берілді. Округ орталығында 100 орындық ауылдық клуб және 25 оқырманға арналған оқу залы бар кітапхана жұмыс жасайды. Кітапханада 12 мыңның үстінде кітап қоры бар.
Жақсы істің басында…
Бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары қандай іске де, оның ішінде танымдық-тәрбиелік, рухани ірі істерге бел шеше кірісіп кетеді. Ауылға, ауылдық округке бабамыз, дала данышпаны Мөңке би Тілеуұлының есімі берілуіне байланысты ана бір жылы ауылда үлкен ас берілді. Ақындар айтысы, бәйге ұйымдастырылып, театрландырылған көрініс қойылды, Ғ.Жұбанова атындағы ұлттық аспаптар оркестрі және белгілі әнші-күйшілер өнерін төкті. Қоғам қайраткері, профессор Мұхамбетқазы Тәжин атындағы жаңа мектеп ғимаратының ашылуы да салтанатпен өтті. Профессор ағамыздың есімі жазылған тақтаны орнату да арнайы шарамен ұйымдастырылды. Бұрын М.Тәжин атындағы жүлде үшін бокс турнирі аудандық деңгейде өткен болатын. Енді бұл турнир қалааралық жарыс мәртебесіне жетті. Мұндай ірі шаруалардың бәрі көпшілікпен бітетіні белгілі.
Ауыл би атында болғандықтан сол атқа сай болуымыз керек деп ұғынған тұрғындар жақсы істің жанынан табылып жүр.
Бердібай КЕМАЛ.



