Денсаулық

Физиотерапия қалай емдейді?

Неліктен жаңадан шығарылған дәрі-дәрмектердің бәрі бірдей зақымданған ағзаға тиісті емдік әсерін жасай алмайды? Оның себебі, көптеген созылмалы ауруларда ағзаның зақымданған аймағында қан айналымының бұзылыстары, зат алмасу процесінің бәсеңдеуі, ісінуі байқалады. Ал ағзаның бұл тұстарына дәрі-дәрмектердің енуі қиындау болатындықтан, емнің тиімділігі де төмендей түседі.

Міне, осы жай медицина саласында кешенді емдеу деген ұғымның пайда болуына ықпал етті. Ал бұл кешенді ем құрамына дәрі-дәрмектерден басқа, бүкіл емдеу процесінің тиімділігін жоғарылататын басқа да емдеу тәсілдері кіреді. Солардың ішінде маңызды орын алатыны — физиотерапия тәсілі; бұл — табиғи және жасанды шаралармен емдеуді зерттейтін медицина саласы.

Физиотерапия зақымданған ағзаның тіршілік процестерін белсенді етіп, яғни қан айналымын тездетіп, зат алмасуын қалыптастырып, зақымданған аймаққа «жол ашып», ем тиімділігін жоғарылатады. Сауығу мерзімін тездетіп, қабылдайтын дәрі-дәрмек санын азайтуда да физиотерапияның көмегі зор. Кей кездерде дәрілерді қабылдау мүмкіндігі жоқ болған жағдайларда науқастың жағдайын жақсартатын ең тиімді ем әдісі — физиотерапиялық тәсілдер.

Күз, қыс және алғашқы көктем айларында көптеген адамдар жедел респираторлық ауруларға шалдығып, жедел бронхит жиі асқынады және тыныс алу мүшелерінің созылмалы ауруларының қозуы да орын алады. Бұл кезде өте жақсы нәтиже беретін қосымша ем тәсілдері — УВЧ терапиясы, электрофорез, т.б. Өкпе қабыну кезінде өкпе тіні қызметінің тез қалыптасуына дер кезінде қабылданған физиотерапиялық ем өте тиімді болады. Қазіргі таңда қолданылатын аэрозоль-терапиялық емдеу тәсілдері өкпе демікпесінің ұстамаларын азайтып, созылмалы бронхитке шалдыққан науқастардағы қақырық бөлінісін жеңілдетеді.

Физиотерапияның, міне, осындай көптеген көмектері бар.

 Амангүл КӨМЕКОВА,

облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері

физиотерапиялық бөлімінің медбикесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button