Денсаулық

Шүкір шөбін неге кәдеге жарата алмай отырмыз?

 

Әйтеке би ауданының Аққұм ауылында болғанымызда жергілікті тұрғындар бұл өңірде түрлі емдік шөптердің өсетінін айтқан еді. Әуелі аса мән бере қоймағанымыз рас. Қазір кім көп, емші көп. Доғдыр емес. Арнайы білімдері жоқ адам қалай емдемек, қалай дәрілік тұнба дайындамақ? Бірақ ауыл адамдары майын тамызып айта бастағанда елең ете қалдық. Сондай емдік шөптің бірі  шүкір деп аталатын шөп екен. Қызыққанымыз сондай, далалыққа шығып, өсіп жатқан шүкір шөбін көзімізбен көрдік.

 

Шүкірдің шипасы

Шүкір шөбіне байланысты ауыл адамдарының айызы қана айтқан әңгімелерінің бірі мынадай. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл тұрғыны Айдархан Байниязов қойдың басын үйітпек болады. Қыздырғыш лампаны алып, сіріңкені жағып жатқанда ішінде бензині бар лампа атылады. Айдархан ағаның қолы мен бетін түгел жалын шарпып, күйіп қалады. Дереу ауруханаға жеткізіледі. Ауруханада беті бері қарайды. Бірақ дәрігерлер күйген бетінің терісін кесіп алып тастай береді. Мұны онша жарата қоймаған Айдархан аға өз еркімен ауруханадан шығып, Аққұмға қайтады. Үйіне келгеннен кейін шүкір шөбінің тамырын алдыртып, май жасап, бетіне жағады. Бірнеше күннен кейін күйігі толық жазылып, бетінде ешқандай дақ та, қотыр да қалмайды.

Осы әңгімені естігеннен кейін өсіп тұрған шүкір шөбін көзімізбен көргіміз келді. Ерінбей ауылдан он шақырымдай жердегі далаға шықтық. Аққұмның жері әдемі ғой. Қызылды-жасылды түске бөленген Аққұм өңірі көз тартады. Қаулай өскен түрлі өсімдіктердің арасынан түйежапырақ тәрізді жалпақ жапырақтар жалпиып жатыр. Жапырақтардың ортасынан шығып тұрған қызыл гүлді сабағы бар шөп бірден көзге түсті.  Ерекшелігіне қарап, шүкір шөбі осы болар деп топшылағанбыз. Жаңылыспаппыз. Бұл шөптің нәрі тамырында болғандықтан, түбін қазып алмақ болдық. Тамыры тереңге кетеді екен. Кей түптерді бір метрге дейін қазуға тура келеді. Қолда күрек болмағандықтан, түгелдей қазуға мүмкіндік болмады.   

— Біз ем-домға қолдану үшін қарабайыр түрін жасап пайдаланамыз ғой. Ал мұны медициналық жағынан қарастырып, жетілдіріп жүрген Мәжит Оспанов деген дәрігер бар. Шүкір шөбінің емдік қасиеті, оны пайдалану туралы сол жақсылап айтып бере алады, — деді Айдархан атай.

 

Тұқымдас болғанымен заты бөлек

Ақтөбе темір жол ауруханасының фитотерапевт-дәрігері Мәжит Оспанов шөппен емдеумен айналысады. Шүкір шөбі туралы әңгімені де бар ықыласымен айтып берді.

— Шүкір шөбі туралы жеткілікті зерттеу жұмыстары болмағандықтан, бөліп-жара қарау қиындау, — деді Мәжит Оспанов. — Шүкір шөбі туралы ғылымда мардымды ештеңе жазылмаған. Ғалымдар мұны татар рауғашының бір түріне жатқызады. Кейде түйежапырақ деп те атайды. Өйткені шүкірдің жапырақтары түйежапыраққа өте ұқсас. Шоғайнаға да ұқсайды. Бірақ шоғайнаның сабағы қатты ғой, ал шүкірдің жапырағы оңай сынады. Шүкір шөбінің жапырақтары маусымның бас жағында қурап кетеді. Одан кейін оның тамырын табу қиынға соғады.  

Мәжит Оспановтың айтуынша, шүкір шөбі Аққұмнан басқа, Мұғалжар тауының Арал жақ бетінде және Ойыл ауданы аумағында өседі екен. Сондай-ақ Маңғыстау жерінде де кездеседі.

1975 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген Мәжит сол кездегі Комсомол аудандық ауруханасында (қазіргі Әйтеке би ауданы) дәрігер болып жұмыс жасайды. Бірде Жабасақ ауылдық ауруханасында дәрігер жетіспегендіктен уақытша іссапарға жіберіледі. Бірде бір келіншек қайнаған суға күйіп қалып, ауруханаға түседі. Бір апта емдейді, күніге екі-үш рет күйікке медициналық майларды жағып, таңады. Алайда күйігі жазылып болмағанына шыдамаған келіншек ауылына, Аққұмға кетіп қалады. Дәрігер деген жауапты мамандық иесі 3-4 күннен кейін шыдамай Аққұмға барып, науқастың жағдайын көрмек болады. Сөйтсе, күйік тез жазылған. Бұған таң қалған Мәжит одан қалай емделгенін, қандай май жаққанын сұрайды. Өз бетінше емделуге, емдеуге қатаң тыйым салынған уақыт қой, келіншек ештеңе айта қоймайды.

— Күйікке нендей май жаққаныңды айтшы, ешкімге айтпаймын, — дейді дәрігер. Сонда ғана ол шүкір шөбінің тамырын алып ұнтақтап, жараға сепкенін айтады.

Шүкір шөбі туралы құлағдар дәрігер осы Аққұм ауылындағы емдік шөппен айналысатын Нәсір деген кісіге барады. Бірақ ол жасының ұлғаюына байланысты ештеңе айта алмайтынындықтан, осы ауылдың тұрғыны Тұратай Шамауовтан сұра дейді. Мәжит Оспанов содан бастап шөппен емдеуге, оның ішінде шүкір тамырын пайдалануға бет бұрады.

— Шүкір шөбінен тұнба жасап, әуелі он күн өзім іштім, — дейді дәрігер. — Осылайша сынақты өзіме жасадым. Өйткені басқа біреуді ауыртып алып, масқара болмауым керек қой. Шүкір шөбінің ағзаға оң әсері бірден байқалды. Содан кейін науқастарға ем ретінде пайдалана бастадым.

Мәкең шүкір шөбінің емдік қасиеті зор екенін айтады. Тіпті оны асқазан жарасына да қолданыпты. Бір танысы асқазан жарасынан зардапты көп көрді. Жылда емделеді, жылда курортқа барады. Кей кездері асқазаны бүріп ауырып, түн ортасында дәрігер шақыртып та жүрді. Содан Мәжит ол кісіні ауруханаға жатқызып, шүкір шөбінен жасалған тұнбаны ішкізе бастайды. Алғашқы күні-ақ әлгі науқастың жаны жай табады. Бұрынғыдай түннің бір уағында, таң алдында бүріп тастайтын ауру жоқ. Тоғыз күннен кейін әлгі науқас Ақтөбеге келіп, тексеруден өтсе, адам сенгісіз… Содан кейін ол адам аурухананы да, курортты да ұмытты.

Бірде мынадай жағдай болды. Бір әйел бауыр циррозымен ауырды. Ақтөбенің ауруханасы үміт жоқ деп Комсомолға, үйіне қайтарып жіберді. Өмірден үмітін үзбеген әлгі әйел Мәжитке келді. Мәкең Салаубасты теріп әкеліп, шүкір шөбі мен мыңжапырақты қосып, тұнба жасап ішкізеді. Көп ұзамай ішінің ісігі кетіп, айығып шығады.

— 1998 жылы шүкір шөбін Ақтөбе мемелекеттік медициналық институтына алып келдім, — дейді Мәжит Оспанов. — Мединституттың дәрігерлері бар, биологтары бар — бәріміз шүкір шөбі туралы дерек іздедік. Бірақ мардымды ештеңе таба алмадық. Дегенмен осыдан кейін шүкір шөбінің емдік қасиетін зерттеу, оны медицинада пайдалану басталып кетті. Бұдан кейін 2003 жылы Қарағанды фитохимия институтына апарып, құрамын зерттедік. Зерттеу барысында оның құрамында ағзадағы микробтарды өлтіретін көптеген микроэлементтердің, антибиотиктердің бар екені анықталды.

 

 

Ғылымда не депті?

 

Шүкір — үлкен жапырақты, кермек шөп.

 Асқазан ауыруы зардабынан қан құсуға, асқазан қабынуына, өңеш қабынуына шүкір 5 мысқал, адыраспан 2 мысқал, итмұрын тошынын бір сәрі суға қайнатып, суына табылса бие сүтін қосып, бір күнде 3 рет ішкізеді.

 

Түйежапырақ — таран тұқымдасы, рауғаш туысына жататын көп жылдық өсімдік.

Қазақстанның құмды жерлерінде, Арал өңірі мен Қызылқұмда кездеседі. Биіктігі 30 – 70 см. Тамыры ұзын, қара қоңыр қынапты, сабағы тік өседі. Сабақ түбіндегі жапырағы жатаған, өркен бойындағы жапырақтары ірі, ұзындығы — 35, ені 50 сантиметрдей, пішіні дөңгелек, үш жүйкелі. Гүлі ақ түсті, оның ұзындығы 3-4 миллиметрдей. Гүлшоғыры шашақ болып төгіліп тұратын – сыпыртқы. Сәуір – мамыр айында жемісі піседі. Жемісі – үш қырлы, қара қоңыр түсті, пішіні жүрек тәрізді. Түйежапырақтың тамырында іш жүргізетін антрогликозидтер, хризофен қышқылы, флавоноидтар, илік заттар бар. Дәрі жасау үшін рауғаштың сабағымен тамырын көктемде қазып алып пайдаланады. Асқазан, туберкулез, т.б. ауруларды емдеуде қолданылады. Жемісінен С витамині, дәнінен көмір сулар алынады. Жапырағын түйе, қой жақсы жейді. Республиканың құмды, құмды-далалық жазық жерлерінде өсетін рауғаштың бір түрі – татар рауғашын жергілікті тұрғындар Түйежапырақ деп атайды. Оның да тамыры мен тамыр қабығында илік заттар болады.

 

 Түйін

 

Өкінішке қарай, шүкір шөбі дербес емдік шөп ретінде медицинада қарастырылмай отыр. Біресе оны татар рауғашына, біресе түйежапыраққа жатқызады. Олардың бір біріне ұқсас, тұқымдас екені рас. Бірақ шүкір тұнбасы, шүкір шөбінен жасалынған дәрі дегенді әзір ести алмай жүрміз. өйткені әзірге шүкір шөбінен дәрі-дәрмек жасап, медицинада қолдануға мүмкіндік болмай отыр. Біріншіден, шүкір шөбін қолдану үшін авторлық патент керек. Екіншіден, дәрі-дәрмек жасау үшін көп қаражат керек. Ғалымдар мен дәрігерлер бірігіп қолға алса, шүкір шөбінен адам денсаулығы үшін қажетті дәрілер жасап шығаруға болатын секілді.

Бердібай КЕМАЛ.

 

  

Басқа жаңалықтар

6 Comments

  1. Мен Кызылорда тургынымын биз жакта осы шопти туейжапырак дейди сонгы уакыттарда осы шоптин тамырын казып алып кабыгын аршып турап кептирип кайнап турган ыстык суга салып шай сиякты муздатып ишип жургендер бар сол ишкен адамдардын биреуинен сураганымда 10 кун адепкиде иши кетип содан кейин койганын айтты аздаган кан кысымы бар екен олда орнына келгенин айтады сол жасап жаткан емнен кейин жаксы болып калдым дейди. Сиздерге бир сурак кандай баскада ауруларга ем болар екен.

  2. Мен, Атырау облысы Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылы тұрғынымын. Менің ауылымда түйежапырақ өседі. Осы түйежапырақ өсімдігінің химиялық, фитохимиялық құрамын зерттегім келеді. Осы тақырыпты дипломдық жұмысыма тақырып етсем деген ойым бар. және де осы сайттағы материалдарды пайдалансам сіздердің тараптарыңыздан келіспеушілік болмайма? Тағы да бір сұрарым Мәжит Оспанов атамен қалай хабарласуға болады?

    1. Маңғыстау обл,Қарақия ауданы, Сенек ауылында да сәуір -мамыр айларында ос түйежапырақ емдік өсімдігі өседі, естуімше , тамыры сахар ауруына ем екен, оның тамырын күзде алу керек, ол үшін бұл өімдіктің түбіне белгі қойып кету керек, сонда ғана күздер де тауып алуға болады. Тамырын суға қайнатып тұнба ретінде қолданады дегенді естігенмін

    2. Маңғыстау обл,Қарақия ауданы, Сенек ауылында да сәуір -мамыр айларында осы түйежапырақ емдік өсімдігі өседі, естуімше , тамыры сахар ауруына ем екен, оның тамырын күзде алу керек, ол үшін бұл өcімдіктің түбіне белгі қойып кету керек, сонда ғана күздер де тауып алуға болады. Тамырын суға қайнатып тұнба ретінде қолданады дегенді естігенмін

  3. Сәлеметсіздерме! Сурайын дегенім балам жасы 13-те, дәрігер «12 елі ішекке жара түскен деді. Бір досым осы шүкір шөбімен емделіпті,балама берсем болама және кайдан, қалай алуыма болады. Өзім Қызылорда облысы, Казалы ауданында турамын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button