ТҰЩЫ СУ КӨЗІ САРҚЫЛЫП БАРАДЫ

Су… Жер шарының үштен бірі судан құралса да, ауыз су тапшы. Мамандар әлемдегі орасан зор су қорының тек бір пайызы ғана ішуге жарамды екенін айтады. Араб елдерінің кейбірі көрші мемлекеттен ауыз су тасиды.
Халықаралық экономистер мен саясатшылар болашақта тек мұнай мен газ ғана емес, ауыз судың әлемдік рынокта басты тауарға айналатынын болжап отыр. Қазақстанға 55 пайыздан артық су қоры шетелдерден бастау алатын өзендерден келеді. «Арғы бет» әуелі су көздерін өз қажеттеріне жаратып, сарқындысын бізге қарай жібереді. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың келешекте ауыз су проблемасы ұлттық қауіпсіздік деңгейіне дейін көтеріледі дейтіні сондықтан. Себебі, 2050 жылға қарай су тапшылығы 3 есе өсуі мүмкін. Қазақстан географиялық орналасуы жөнінен су көздері жеткіліксіз елге жатады. Оқымыстылар болса, 2020 жылға қарай өзен суларының 30 пайызға азаятынын болжап отыр.
Қарағанды облысындағы Нұра және Сарысу өзендерінің арнасы орталай түсті. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына келіп, су аяғы Құрдымға кететін, басын Жезқазған жағынан алатын Торғай өзені бес жыл бойы тасымай, Тәуіп және Жайсаңбай селолық округтерімен өтетін арнасы кеуіп, табанының топырағы бұрқырап жатыр.
Биыл Ырғыз өзені де толыққан жоқ. Бұрынғы Нұра кеңшарының тұрғындары бұдан бір-екі жыл бұрын келген судың қалғанына малдарын суарса, Штаб, Мамыр және Дүкен елді мекендеріне ауыз су машинамен тасылып жеткізіледі. Мемлекет басшысы шалғайдағы жайылымдарды суландырып, мал шаруашылығын дамытуға тапсырма берді.
Құдық көбейеді
Кезінде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында, Қостанай облысының Жангелдин және Амангелді аудандарында жер асты су көздері тиімді пайдаланылды. Күзде қолайлы орындарда қар суын жинақтайтын шағын су қоймалары жасалынып, суы жаз бойы шалқып жататын еді. Әр құдыққа «ЗИГ» су тартатын моторлы тартпа орнатылып, мал судан тарықпайтын еді. Бүгінде еліміз бойынша 1552 жерасты су көздері барланған. Ақтөбе облысы тәулігіне 1,9 миллион текше метр сумен қамтамасыз етілген. Су тапшылығынан елімізде шөбі мол жердің 15 пайызы пайдаланылмай отыр. Үкімет 2013 жылдан бастап, 2020 жыл ішінде 8 миллион гектардан астам жайылымдықта 4 мың құдық қазып, малды сонымен суаруды көздеп отыр. Жай құдық емес, сақина таспен шегенделіп, су тартатын тартпа мен мотор орнатылып, астау қойылған құдықтар. Тереңдіктері жер ыңғайына байланысты. Іштерінде 40 құлаш немесе кісі бойы қол созым құдықтар болады. Мұндай құдықтарға қыруар қаржы қажет. Жұмсалатын қаржының жалпы көлемі 28 миллиард теңгеден кем емес.
Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабары бойынша, 2020 жылға дейін инвестициялық субсидия үшін 22 миллиард теңге бюджет қаржысы қажет. Бұған қоса шалғайдағы қосалқы шаруашылықтарды ынталандыру үшін мемлекет есебінен барлық керек-жарағымен құдық қазу көзделіп отыр. Үкімет өз кезегінде мұндай құдықтар үшін мал иелерінен төлем алатын болады. Белгіленген бағдарламаны жүзеге асыруды бақылайтын Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан жеке басқарма ашу мәселесі ойластырылуда.
Егер құдықтар қазылып, іске қосылса, аймақтарға бөлгенде 360 мың ірі қара, 3600 мың қой мен ешкіні және 120 мың жылқыны шөбі шүйгін жайылымдарға бағуға әбден болады. Мал баққан бабамыз көк шалғынды орып жеп, құдықтың салқын да таза суын ішетін малдың етті де сүтті болатынын жақсы біледі.
Бұрынғы құдықтардың көбін құм басып жатыр. Моторлар 90-шы жылдар басында жоқ болған. Мамандар әуелі барлық құдықтың есебін алып, қайсысын тазарту қажет, жаңасын қайдан қазу керектігі анықталуға тиіс көрінеді.
Су құбырының иесі жоқ
Кезінде Су шаруашылығы министрлігі болып, өзен, көл, бөгет, тоған, құдық, жайылымды суландыру, су құбырлары және оны елді мекендерге тарту, күту мен жөндеу мәселелерін бір қолда ұстап, бәріне жауап беретін еді. Министрлік таратылып, басқа салаға қосақталғасын, оның облыстық және аудандық құрылымдары да су түбіне кетті. Қазір су иесі Сүлеймен жоқ. Бөгет, құдық, су құбырының төсін ұрған бір-бір қожайыны бар. Әрқайсысы өз алдына бір төбе.
Ырғыз ауданы әкімдігінің су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Аманкелді Бақтыбаевтың айтуынша, су құбырларын коммуналдық меншікке беру қате. Себебі, мұнда маман жоқ. «Насостың», «құбырдың» не екенін білмейді. Мәселен, ондаған шақырым жерден, үкіметтің миллиондаған теңгесі жұмсалып, су құбыры тартылып, «су келу» салтанаты өткесін, оның ендігі қожайыны коммуналдық меншік иесіне тапсырылды делік. Бір ай өтпей құбырдан су тамбай қалады. Көпшілік болса, «ақшаны жеп» тайып тұрды деп құрылысшыларға айып тағады. Аманкелді Лайханұлының пікірінше, бұл арада құбыр тартушылардың кінәсі жоқ.
Су құбыры күрделі құрылыс. Жүйе үнемі бақылауда ұсталуы тиіс. Ал оның жаңа иесінің бұл саладан хабары жоқтығын жоғарыда айттық. Оның ешқандай техникасы және мамандары жоқ.
Тағы бір мысал келтірсек, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында 141,7 шақырымға созылған су құбыры, 94 су ағызатын құбыр, 12 су ұңғысы, 5 су айдайтын насос бар. Аудан орталығына, Құрылыс, Ақши, Аманкөл және Құтикөл елді мекендеріне су құбырлары тартылған. Осының барлығын жүргізу және жөндеу жұмыстары әкімдікке қарасты кәсіпорынның мойнында. Ал оның бәріне үкімет тарапынан қаржы бөлу мәселесі заңда қарастырылмаған. Ақша табу үшін су төлемін көтеру ұсынылады. А.Бақтыбаевтың айтуынша, тарифті көтеріп су мекемесін ұстау мүмкін емес. Бұл жалғыз бір аудан емес, бүкіл республикадағы су құбырларына тән мәселе. Су шаруашылығы министрлігі таратылғасын, жағдай күрделенді. Ауыл шаруашылығы, Қоршаған ортаны қорғау министрліктері, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігі су құбырлары жүйесінің тамырын ұстап көріп, бастарын ала қашты.
«Қыл» бөгеті — су қоймасы
Ырғыз және Арал аудандарының шекарасындағы, Торғай өзенінде, өткен ғасырдың 50-ші жылдарында, сол кездегі Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы Нұролла Бағысбаевтың басшылығымен салынған «Қыл бөгетін» қайта салу мәселесі ширек ғасыр бойы көтеріліп келе жатқан еді. Сәті өткен жылы түсіп, республикалық бюджеттен 110 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, Нұра селолық округі Белшер ауылының маңынан «Қожа», Жайсаңбай селолық округі өңірінен «Қыл» бөгеттері салынды. «Қожа» бөгетінің міндеті — Торғай өзенінен келген судың алдын бөгеп, Нұра аумағындағы ең ірі Байтақ және басқа көлдерді толтырып, реттеп, одан әрі «Қыл» бөгетіне бағыттап жіберу.
Екі бөгет те гидротехникалық ережелерге сәйкес салынған құрылыс. «Қылдың» міндеті – тасыған өзен суын «су аяғы Құрдымға» жібермеу. Бұрынғы жылдары Торғай арнасынан асып тасып, көпке дейін өткел бермесе де, өзен суы айналасы алпыс шақырым Құрдым көліне құйып, сарқылып, бергі жағы тайызданып қалатын. Басын Ұлытау жағынан алатын Торғай өзенінің төменгі жағы шалқыған көл болып, сосын Құрдымға кетіп, сағымданып жоқ болатын. Енді «Қыл» бөгетінің шлюздері арқылы санитарлық су өтіп, қатты тасыса, бөгеттің ұзын құлағын айналып өтеді. Өзен енді бір тасыса, Құрдымға кетпейді. Бөгетке тірелген су кері теуіп, шабындықтарға шығады. Ырғыздың сексен көлі суға толса, балық шоршып, жағалауда құс ұя салып, ну қамыс өсіп, Нұра және Тәуіп өңірінің табиғи тепе-теңдігі қалпына келеді. Су мамандары көлдер шалқып жатса, аймақта жаңбырдың да жиі жауатынын айтады. Әзірге бұл үміт. Торғайдың толысып ақпағанына бес жыл болды. Бастауындағы суды бері қарай қаптаған бөгеттер ұстап тұр. Бәріне де су керек. Сарапшылар Торғай суына мүдделі аймақтардан республикалық комиссия құрылып, жағдайды зерттеп, төменгі жаққа су жіберілуін бақылауға алса дейді. Қазіргі Торғайдың аяқ жағының арнасы кеуіп жатыр. Қараудың өзі аянышты. Ондаған миллион теңгеге салынған «Қожа» және «Қыл» бөгеттері су күтіп тұр. Бұл — республикалық деңгейде шешілетін мәселе.
Жайсаңбайдағы су бизнесі
Ырғыз ауданында кейін құрылған Жайсаңбай селолық округі Қызылорда, Қарағанды және Қостанай аймақтарымен шектесетін, облыстық стратегиялық маңызы бар өңір. Тұрғындар Торғай өзені тасыған жылдары ауыз судан қысылмай, жағалаудан ыза қазып, қыста мұз ерітіп ішіп, Үкіметке алақан жаймайтын еді. Енді жобасы бекіген 25 шақырымдағы тұщы су көзінен құбыр тартылуын күтіп отыр.
Тұрғындар бұрын «Әкім» құдығынан (аудан әкімі Мирхан Дуанбековтің басшылығымен қазылған), Дәрменнен су тасып ішсе, бүгінде Әйменбет құдығының суына қарық болып отыр. 25 шақырымдағы, қалың құм төбелер ішіндегі құдыққа трактордан басқа көліктің баруы қиын. Бір бидон, яғни 40 литр су — 200 теңге, бір бөшке – 1000, бір тонна су – 5000 теңге, яғни бір баррель мұнайдың үштен бірі. Жайсаңбайдағы «қасқалдақтың қанындай» су бағасы осындай. Қымбат деп су тасушыларды кінәлау қиын. Облыс орталығынан 600 шақырымдай ауылға бәрі қат. Дизель және бензин жанар-жағар майлары шақ келмейді. Су түйе арбамен де тасылады. Тіпті есігіңнің алдына келіп, «су, су ал» дейтін «бизнесмендер» де шыға бастаған.
Шағын ауылда типті үлгімен салынған амбулаториялық пункт, іші де, сырты да жарасымды (бұрынғы интернат) балабақша жұмыс істейді. Бірқатар адамдар сонда жұмыс жасайды. «Мектеп салынады» деген әңгіменің соңы сұйылып барады. Алыстағы ауыл орта мектебі оңтайландыру құрығына ілікпесе екен деп қобалжып отыр. Судың тапшылығы малға қиын болып тұр. Бойдақ мал сыртқа құдықтары, атпалары бар жерге көшірілген. Ауылдағы сауын сиыр ыза-құдықпен суарылып отыр. Көк жақсы көтерілген. Ендігі тілектері — күн қатты ысып, жаңбыр жаумай, ыза, яғни жерасты суының «қашып» кетпеуі. Жайсаңбайда қалаға көшемін деп алаңдап отырған ешкім жоқ. Тіпті, қалаға қоныстанғанына 6-7 жыл болған бір азамат «жалғыз жатуға қорқамын, Жайсаңбайға, әкем мен ағамның қасына қойыңдар» деп өсиет етіп кеткен. Жер жаннаты Жайсаңбайдың бақ құсы қайта оралып, Торғай өзені өткел бермей шалқып жататын күн де туар, көп ұзамай.
Айдос ШӨКІШ.



