Жастар

Мамандығың — тағдырың!

 

Статистикалық зерттеулер бойынша, әлемде 40 мыңға жуық мамандық бар көрінеді. Әрине, бұл 40 мыңның ішінен өзіңе лайық біреуін таңдау оңайға соқпауы мүмкін. Алайда жүрегің қалаған, қоғамда сұранысқа ие кәсіп иесі болуға мүмкіндік мол. Ол үшін нарықты зерттеп, яки қазіргі қоғамда сұранысқа ие мамандықтар бойынша өз бетіңше сараптама жүргізуге болады.

Мамандыққа деген сұраныс қоғамдағы өзгерістерге қарай әр алуан болады. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде мектеп бітіруші түлектердің дені мұғалім, мал дәрігері, мал технигі секілді мамандықтарға оқытатын оқу орындарын жағалайтын. Өткен он жылдықта заңгерлер, қаржыгерлер, кеденшілер оқытатын оқу орындарының таразысы төмен тартты. Олардың тым көп даярланғаны соншалықты, жұмыссыз заңгерлер мен экономистердің армиясы қалыптасты. Бұлар амалсыз мамандығын өзгертуге, не басқа салада жұмыс жасауға мәжбүр болды.

Соңғы жылдары информатика, ақпараттық технология саласы мамандары, мұнайшылар, IT мамандары, инженерлер, нанотехнологтар, маркетинг, электроника, биотехнология саласының мамандары секілді кәсіп иелеріне сұраныс артты.

Дегенмен, қай мамандықты таңдасаң да, өз салаңда кәсіби білікті, білімді маман болсаң, сені жұмыс беруші жүздің, мыңның ішінен өзі тауып алады. Қазіргі нарықтық қарым-қатынастар заманында 11-сыныпты жаңа тәмамдаған жас болсаң да, талпынсаң, алға ұмтылсаң, сенің жақсы кәсіпкер болуыңа да болады. Ол туралы төмендегі сұхбаттардан оқисың. Қай салада қай маманға сұраныс көп, қайсысына сұраныс аз, қай жерлерде жас маманға қандай қолдау көрсетіледі, осы секілді мәселелерді білу үшін төмендегі ақпараттар қажетіңе жарап қалар. Мархабат… 

 

Ауылға мамандар қажет!

 

Жәнібек Ормаханов,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімінің бас маманы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:

 

Қазір ауыл шаруашылығы саласына жоғары өнімді жаңа техника, жаңа өндірістік технология  ене  бастады. Сол себепті ауылға жаңа мамандық иелері өте  қажет болып отыр. Бұрынғы  егін,  мал  шаруашылығы салаларындағы  мамандықтар  да уақыт  ағымына  қарай  жаңа  түрге,  жаңа кәсіптік  өзгерістерге  ұшырады. Сөйтіп,  бүгінгі  ауыл  шаруашылығы  мамандарының  міндеттері  мен  жұмыс  ауқымдары  жаңа  мән  мен   мазмұнға  ие  болғанын  аңғаруға  болады.

Бір сөзбен айтқанда, ауылға өз кәсібін теориялық  және  практикалық  тұрғыдан  терең  білетін  және  түсінетін,  оқымысты да  ақылды жас  кадрлар  аса  қажет.

Қазір ауыл шаруашылығы бағытындағы 81 кадр қажет болып отыр, мысалы, 7 зоотехник, 59 мал дәрігері, 6 агроном жетіспейді, сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасайтын 129 көп салалы жұмысшылар қажет, олардың ішінде, мысалы, 35 ветеринарлық санитар, 26 механизатор, 11 тракторист,  5 машинист, 13 сауыншы, 17 малшы қажеттілігі байқалып отыр.  

Қазіргі таңда облысымызда ауыл шаруашылығы саласы бағытында мамандар даярлайтын екі оқу орны бар. Ақтөбе ауылшаруашылық колледжін биыл — 82,  2014 жылы – 120,  2015 жылы  201 маман тәмамдайды.  

2012 жылғы 11 қаңтардағы  №540  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша былтырдан бастап «Дипломмен — ауылға» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген әлеуметтік сала мамандарына берілетіндей ұқсас әлеуметтік қолдау шаралары ауылға жұмысқа барған ветеринария мамандарына да көзделген. Осының нәтижесінде, 2012 жылы «Дипломмен — ауылға» жобасы бойынша ветеринария мамандығымен ауылға жұмыс жасауға барған 14 маманға жалпы 14 625,6 мың теңге болатын біржолғы көтерме ақы мен баспана алу үшін жеңілдікпен несие қаражаттары берілді. Оның ішінде 6 маманға үй алуға жеңілдетілген несие, 13 маманға көтерме үстеме ақы берілді.

Қазір ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіпорындарды ірілендіруге байланысты инновациялық технология тілін білетін мамандар мен жұмысшыларға деген сұраныс қанағаттанбай отыр. Осыған байланысты «Болашақ» бағдарламасына сәйкес, былтырдан бастап халықаралық стипендия тағайындау үшін шетелде мамандарды даярлау бойынша басым мамандықтар тізімі бекітілді. Бұған «Агрономия», «Ветеринарлық медицина», «Ветеринарлық санитария», «Орман шаруашылығы ісі», «Топырақтану, агрохимия, өсімдікті қорғау», «Балық шаруашылығы және балық аулау өндірісі» секілді мамандықтар  кіргізілді.

Үдемелі индустриялды-инновациялық жағдайға байланысты, елімізге сапалы ауыл шаруашылығы мамандары өте қажет.

«Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының бірінші бағыты арқылы былтыр

келісімшарт негізінде 7 мамандық бойынша 300 адамды оқыту жоспарланған болатын. Осы бағыт аясында 45 адам ветеринария және 22 адам ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандықтары бойынша Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде білім алып жатыр. Оқу барысында аталған мамандарға әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Оқу аяқталған соң, олар келісімшартқа сәйкес жұмысқа орналастырылады.

Сонымен бірге, қазіргі заманға сай, сұранысқа ие болатын ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау мақсатында биыл наурыз айында облыстық білім басқармасы, ауылшаруашылық колледжі және әлеуметтік серіктестіктер арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.

 

Математиктер жетіспейді

 

Шәмшат Шалабаева, Ақтөбе облыстық білім басқармасы әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы:

Білімді, білікті маман қай кезде де сұранысқа ие. Білім саласында да солай. Жақсы педагогке қашанда сұраныс жоғары болады.

Қазіргі уақытта білім саласында жас мамандар саны артып келеді. Мәселен, 2010 жылы 30 жасқа дейінгі мұғалімдер саны 17,4 % болса, 2011 жылы — 27,7%, 2012 жылы 30,6 % болды.

«Дипломмен — ауылға» бағдарламасының арқасында жас мамандардың ауылға баруы жақсы үрдіске айналды. Үкіметтің қаулысы бойынша ауылға жұмысқа орналасуға ынталанған жастарға мол мүмкіндік беріліп отыр. Жас мамандарға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу және салу үшін әлеуметтік қолдау — бюджеттік несие беру механизмі жолға қойылды. Үкімет ауылдық елді мекендерде еңбек ететін мамандықтарды таңдаған  жастарға, соның ішінде 30 пайызын ауыл квотасына бөліп, білім грантын алып, тегін оқуға мүмкіндік беріп, жағдай жасады. Жылдан жылға жастар ауылға тұрақтап, мамандарға қажеттілік азаюда. Осы 3 жыл ішінде мамандарға қажеттілік  50 %-ға төмендеді. 

Өкінішке қарай, кейбір мектептерде бірнеше жыл қатарынан белгілі бір пәнді оқытатын мұғалімдер болмай, қосымша жүктемелер беру, зейнеткерлерді қайта шақыру немесе дипломсыз, маман емес адамдарға жүктеу сияқты тірліктер кездеседі.

2013 жылғы 1 ақпандағы мәлімет бойынша, облыстың білім беру ұйымдарына 310 педагог, оның ішінде ауылға 241 маман қажет болды. Әсіресе, математика (43), орыс тілі мен әдебиеті (38), физика (31), химия (29), ағылшын тілі (26) пәндерінен беретін мұғалімдерге қажеттілік байқалды.

Сәуір айында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде, Ақтөбе гуманитарлық колледжінде 2013-2014 оқу жылына педагог кадрларға сұраныс бойынша түлектерді жұмысқа алдын ала бөлу жүргізілді. Дегенмен, ауыл мектептерінің педагогтарға деген сұранысы толық өтелмей отыр. Әсіресе, нақты ғылымдар педагогтарына сұраныс басым. Мысалы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында жыл сайын математика пәні мұғалімі біліктілігін 15 адам алып шығады, алайда сұраныс үш есе жоғары, яғни математика пәнінің 45 мұғалімі жетіспейді. Бұл 15 адамның барлығы бірдей мектепке жұмысқа барса жақсы, оның белгілі бір бөлігі оқуын әрі қарай жалғастырса, кейбірі басқа салаға кетуі мүмкін. Сол секілді химия, физика пәндерінің мұғалімдеріне де сұраныс өте жоғары болып отыр.

Ал кейбір пәндер бойынша, керісінше, маман көп даярланып жатқанымен сұраныс жоқ. Мысалы, жыл сайын бір ғана педагогикалық институтты 120 шақты географ бітіріп шығады. Алайды, сұраныс аз, биыл, мысалы, бар болғаны 6 географ қана қажет болып отыр. Ал институттан басқа оқу орындарында тағы да жүздеген географтар бітіріп жатыр ғой!.. Сондай-ақ, биыл институтты (басқа оқу орнын айтпағанда) 48 қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі бітірді, ал қажеттілік бар болғаны — 6. Сонда қалған 42 мұғалім қайда барады?.. 3 информатик керек, бірақ 23 маман дипломын алды. Биыл пединститутты тәмамдаған 76 биологтың тек 4-еуі ғана, 31 тарихшының 5-еуі ғана сұранысқа ие болып отыр. 36 психологтың 16-сына ғана қажеттілік бар. Бұл тек педагогикалық институтқа қатысты мәліметтер. Басқа да оқу орындарын бітіріп жатқан түлектер қаншама!

Осы тұрғыда ата-аналар баласының тек әйтеуір оқуға түсуі үшін ғана емес, ұстаздар оқу орнының беделі үшін ғана емес, болашақ маманның қоғамда өз орнын таба білуі, қолына дипломын алғанда далада қалмауы үшін қам жеуі керек деп ойлаймын. Себебі, қазір ұлттық бірыңғай тест тапсырған кезде жеңіл пән деп бесінші пән ретінде географияны таңдайтын оқушылар көп. Жақсы, ол бала тестті жақсы тапсырып, оқуға түссін, бірақ қолына дипломын алғаннан кейін жұмысқа орналаса ала ма? Осыны ойлау қажет. Мысалы, жақында бір қарт ана келді, «балам аймақтану мамандығын бітірді, жұмыс таба алмай жүрмін» дейді. Сонда ата-ана баласын төрт жыл бойы барын шашып оқытады, онысымен қоймай өзі салпақтап жүріп жұмыс іздейді. Бұл дұрыс емес…        

11-сыныпты бітіріп, кәсіпкер болуға да болады

 

Айзада Тоқсанбаева,

облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік департаменті кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы:

 

Облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік департаменті 2011 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Жұмыспен қамту -2020» мемлекеттік бағдарламасының екінші —  ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу бағыты бойынша өкілетті орган ретінде жұмыс атқаруда.

Осы бағытта кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жұмыстары үшін жыл сайын республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып келеді. Мысалы, 2011-2012 жылдары 352 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқу курстарына қатысып, соның 228-і шағын несие алды. Осының ішінде 132 адам жаңадан өз кәсібін ашса, 96 адам бұрыннан бар кәсібін кеңейту мүмкіндігіне ие болды. Соның нәтижесінде 210 жаңа жұмыс орны ашылды.

Биыл бағдарламаға қатысушыларға қатысты қойылатын талаптар жеңілдетілді. Мысалы, бұрын бағдарламаға тек ауыл кәсіпкерлері, жұмыссыздар, өз бетінше жұмыс жасап жүрген азаматтар қатысып келген болса, ендігі жерде биыл мектеп бітірген 11-сынып түлектері, еңбекке қабілетті мүгедектер, балалар үйінің 23 жасқа дейінгі тәрбиеленушілері мен жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жалпыға ортақ зейнетақы жасына дейін зейнеткерлікке шыққандар қатыса алады. Бұлардың барлығының кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарына қатысуға құқы бар.

Сонымен қатар жеңілдіктер де көбейді. Мысалы, бұрын шағын несие 7,5 пайыздық ставкамен берілетін болса, ендігі жерде 6 пайыздық ставкамен берілмек. Сонымен қатар инфрақұрылым жүргізуді мемлекет толықтай өз мойнына алып отыр.

Бұрын ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы несие алғысы келетіндерге кепілге қоятын жылжымайтын мүлік табу қиын болатын. Ендігі жерде ауылдық жердегі саман үйлер, кірпіш үйлер, көлік, жер секілді барлық жылжымайтын және жылжымалы мүліктер кепілдікке алына береді. Малды да кепілге қоя аласыз. Сонымен қатар кәсібіңді ендігі жерде тек орталықта, мысалы, тек аудан орталығында ғана емес, ауылдық жерлерде де дөңгелентіп әкетуге мүмкіндік бар. Керемет жеңілдіктер ғой бұл. Мысалы, мектеп бітіргенімен, оқуға түсе алмай қалған жастарға да бұл үлкен көмек десек, артық айтпағандық болар еді.  

Міне, осындай жеңілдіктер көбейіп, талаптар азайған соң, республикалық бюджеттен шағын несие беруге қарастырылған қаржы көлемі де көбейді. Мысалы, 2011 жылы шағын несиеге — 120 миллион, 2012 жылы — 264 миллион берілген болса, биыл 411 миллион теңге бөлінді.

Жастар мүмкіндігінше оқыту курстарына қатысуы керек, себебі бұл курстарда болашақ кәсіпкерге қажетті барлық мәселе айтылады. Бұған қоса «Даму» қорымен бірлесіп, кәсіпкерлікті қолдау мобильді орталығының жұмысын жолға қойдық. Жер-жерге барып түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.

Биыл қаламызда кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылады. Бұл жерде кәсіпкерге қажетті барлық органның өкілі бір терезе қағидаты бойынша қызмет ететін болады. Яғни кәсіпкер болғысы келетіндерге барлық жағдай жасалып отыр. Бұл биыл мектеп бітіріп жатқан, тіпті жоғары оқу орнын бітіріп жатқан жастарға да білуге тиіс ақпарат деп есептеймін. 

  

 

Сұранысқа ие мамандықтарды таңдаған жөн

 

Дариға Исмағамбетова,

Ақтөбе облысы жастар саясаты басқармасының басшысы:

 

Былтыр желтоқсан айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деген болатын. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасына сай, Үкіметке биылдан бастап халықаралық деңгейде инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырған еді.

Қазір елімізде ірі индустриялдық-инновациялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осы тұрғыда ұлттық экономикамыздың қажетті деңгейде дамуы үшін білікті мамандарға деген сұраныс жоғары. Елбасы осы мәселелерді тілге тиек етіп, қажетті мамандық иелерін даярлау арқылы халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту мәселелерін де шеше алатынымызды атап өтті. Сондықтан, мектеп бітіріп жатқан түлектер қазір сұранысқа ие болып отырған дәрігер, медбике, мал дәрігері, инженер, механик, химиялық өндірістегі инженер-технолог, техник-механик, электрик, технолог, фармацевт, «Д», «Е» санатты көлік жүргізушілер, бұрғылаушылар, бульдозер машинистері, жол жөндеушілер, сантехник секілді мамандықтарды таңдаса, жұмыссыз қалмайды деп есептеймін.

Қазір жұмысқа тұра алмай жүрген жастардың дені гуманитарлық сала мамандары. Жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруды облыс әкімдігі үнемі бақылауда ұстап отыр. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың төрағалығымен өткен жұмыссыз жастарға қатысты жиналыс барысында бірқатар мамандықтар бойынша, мысалы, экономика, қаржы, есеп пен аудит, құқықтану, заңгер секілді мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарының болмауы жастар арасындағы жұмыссыздықтың белең алуына себеп болып отырғаны айтылды.

Облыста 2013-2015 жылдарға арналған білікті кадрларға деген қажеттілік болжам жасалды. Бұл құжат бойынша, негізінен агроном, ветеринар дәрігері, ветеринар технигі, геолог, тау инженері, қауіпсіздік техникасы инженері, бұрғылау инженері, инженер электронщик, инженер электрик, инженер механик,  техник механик, техник электрик, технолог, мұғалім, фармацевт, фельдшер секілді бірнеше бағыттағы мамандар жетіспей отыр. Сондықтан жастарымыз қоғамда сұранысқа ие мамандықтарды таңдаса екен дейміз.   

 

Қаржыгер, заңгер секілді мамандықтарға сұраныс жоқ

 

Нұрия Әбіләкімова,

Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту орталығы директоры: 

 

Қазіргі уақытта жұмыспен қамту орталығында 472 жұмыссыз ресми түрде тіркеуде тұр. Оларды жұмыспен қамту бағытында үнемі жәрмеңкелер ұйымдастырылып тұрады. Жұмыссыздар қатарында жоғары оқу орындарын, орта арнаулы оқу орындарын бітірген азаматтар да бар. Әсіресе, заңгерлер мен қаржыгерлер жиі кездеседі, сонымен қатар мұғалімдер, мұнай саласының жұмысшылары да баршылық.

Жәрмеңкелерде байқағанымыздай, қазір кран жүргізушісі, жоғары санатты темір жонушы, технологтар, экологтар, дәнекерлеуші, ұста секілді қарапайым жұмысшыларға зәрулік басым. Мысалы, жақында өткен жетінші жәрмеңкеде жұмыс берушілер моторист, жүк көлігінің жүргізушісі, токарь, тәуекелдерді сараптау менеджері, жанармай инженері, кран жүргізушісі, тракторист, ағаш ұстасы, электромонтер, сауыншы, малшы, жол жөндеуші, электргазбен дәнекерлеуші, геодезист, сантехник, экскаватор машинисі секілді жұмысшыларға сұраныс берді.  

Ал қаржыгер, заңгер секілді мамандықтарға сұраныс жоқ. Сол секілді темір жол саласының мамандарын жұмысқа орналастыру оңай емес. Себебі темір жол мекемелері біз үшін жабық, «бөлек мемлекет» секілді болып отырған сыңайы бар. Бос орындар бар деп сұраныс та жібермейді, жұмыссыз теміржолшыларды жұмысқа да алмайды. «Біздің бас кеңсеміз орталықта» деген сылтаумен кадрға қатысты мәселенің барлығын сол жаққа сілтейді. Ал бізге келіп жатқан мамандарды жолаушылар вагондарын жөндеу мекемесі секілді бірді-екілі мекемелер ғана жұмысқа алмаса, темір жол саласындағы мамандықтар бойынша білім алған жігіттер мен қыздардың дені жұмыссыз қалып отыр.

Колледж бітіріп, жұмыссыз жүрген түлектер де баршылық. Әрине, біздің оқу орындарының білім сапасына сын айтуға құзырымыз жоқ шығар, дегенмен жастардың арасында жұмыс жасауға құлқы жоқ, жалқау, талпынбайтын, ізденбейтіндері де бар. Рас, көпке топырақ шаша алмаймын, алаулап, жалындап тұрған жастар да баршылық. Дегенмен, жастарға айтарым, бірден мансапқа, креслоға ұмтылмай, төменнен бастау қажет. Олай дейтін себебім, жастардың кейбірі жастар практикасы арқылы алты ай жұмысқа барған кезде жұмыс берушінің талаптарына шыдай алмай, келісімшарт мезгілі аяқталғанша жұмыстан шығып кетіп жатады. Қиындыққа төзе алмайды. Және жалақының аздығына қанағаттанбайды, бірден жоғары жалақы төлейтін жерге барғысы келеді.

Жоғарыда айтып кеткенімдей, қазір жұмысшы мамандықтарына зәрулік басым. Мысалы, жоғары оқу орнын бітірген 3-4 заңгер, қаржыгер қыздар мамандықтарын өзгертіп, аспаз, кондитер біліктілігін алды, қазір шаруаларын дөңгелентіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда ата-аналар балаларын оқуға жібермес бұрын оның икемін, қабілетін бағамдап, оның таңдаған мамандығы болашақта сұранысқа ие бола ма, жоқ па, соны саралауы тиіс.

         

 

Жұмыс берушінің кеңесі:

Ержан Нұрғалиев,

кәсіпкер:

·        Бірден жоғары жалақыға ұмтылма. Нағыз жұмыс кеңседе, салқындатқыштың астында емес екенін ұмытпа!

·        Жақсы жұмысқа орналасу үшін жақсы тамыр-таныс, еңбек тәжірибесі қажет, пара беру керек дегенге сенбе! Жақсы маман қай жерде де сұранысқа ие!

·         Үнемі ізденіс үстінде бол. Өз бетіңмен ізденіп, қоғамда болып жатқан жаңалықтарға ілесіп отыр. Себебі, оқу орнында алған біліміңнің 90 пайызы күнделікті жұмыста қолданылмауы мүмкін.

·        Нарықтық қатынастар заманында ешбір жұмыс берушінің білімі жоқ адамға инвестиция салмайтынын ұмытпа. Сондықтан жұмыс берушіге алдымен өзіңнің мықты маман екеніңді көрсет, содан кейін ғана жалақы жөнінде талап қоя аласың.

·        Кәсіби тұрғыда өсуге көмектесетін түрлі курстардан қалмауға тырыс. Қазір ондай курстар тіпті тегін жүргізіледі.

·        Өз салаңа қатысты білікті, кәсіби мамандармен, практиктермен жиі аралас. Үйренуге ерінбе.

·        Үнемі салалық кітаптар сатып алып оқы! Болып жатқан өзгерістерден қалып қойма.

·        Есіңде болсын, адамдар екіге бөлінеді, сәтсіз және жолы болғыш адамдар. Сәтсіз адамдар үнемі жұмыс жасамау үшін сылтау  іздейді, ал жолы болғыштар әрбір сәтсіздіктен мүмкіндік іздейді.

·        Елбасының «бұл мемлекетте тек еріншек адам ғана ақша таба алмайды» деген сөзін ұмытпа!

 

 

Сұранысқа ие 10 мамандық

1.     Инженерлік мамандықтар

2.     ІТ мамандар

3.     Нанотехнология саласының мамандары

4.     Электроника және биотехнология саласының мамандары

5.     Маркетинг және сауда саласы мамандары

6.     Қызмет көрсету саласының мамандары

7.     Логистика саласы мамандары

8.     Экологтар

9.     Медицина саласындағы заманауи құралдармен жұмыс жасайтын мамандар

10. Химия саласының мамандары

 

Қазақстандағы жалақылар

 

·        Өндіріс саласы, соның ішінде мұнай-газ секторы — ең төменгі жалақы — 1 312 доллар, ең жоғары жалақы — 21814  доллар;

·        Бизнес-кеңесші — 9537215 доллар аралығы;

·        Заңгер — 802-3453 доллар;

·        ІТмамандар — 7893 334 доллар.

·        Маркетинг және жарнама —  7244763 доллар;

·        Банк қызметкерлері — 491 доллар;

·        Өнер саласы — 419 доллар.

·        Ауыл шаруашылығы саласы — 332 доллар;

·        Денсаулық сақтау саласы —  286 доллар;

·        Мұғалімдер — 275 доллар;

 

Mojazarplata.kz

 

 

Әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Сәлеметсіздерме!Мен Жақыпова Ботакөз Мұхамеджанқызы 2011-2015 ж.ж аралығынды Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін химия мамандығын тәмамдадым. Нақтырақ айтқанда, химия пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша үздік диплом алдым. Бірақ жұмыс мектепте де өндірістен де таба алмадым.Мемлекеттік және жеке меншік болсын жұмыс орындарына барсам іс-тәжірибиең бар ма деп сұрайды. ЖОО-нын енді ғана бітіріп жұмыс іздеген жас маман қайда барып іс-тәжірибе жинақтауы қажет??? Осы сұраққа кім жауап береді?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button