Мәдениет

Елім деп соққан жүрегі

 

Еңбегімен елге сыйлы болып, халықпен біте қайнасқан, көптің шаруасына көкірегін аша ұмтылып, туған жерді түлетуге бір кісідей үлес қосқан жаны жарқын жайсаң азамат Лайық Шоқпаров өзінен ілгері буындағы жақсы ағалардың жалғасындай еді.

Ол өзі туып-өскен шежірелі де көне тарих — Ырғыздың белгілі бір кезеңдегі дамуына, елдіктің, бірліктің нығая түсуіне өз үлесін қосқан адам.

Оқырманға ұсынылып отырған бұл естеліктер — абзал азаматтың замандастар жадында сақталған жарқын бейнесін жаңғыртады. 

 

Көшелі көңіл

 

Елдің ілгері азаматы, тұтас бір буынның алдына ұстаған ағасы Лайық Шоқпаров болатын. Жастайынан жақсылардың соңына ерген, жақсы ортаның тәрбиесін көрген, түйгені мол, танымы терең көшелі адам екені бір көргеннен танылатын. Топқа түссе көсем, сөзге түссе шешен тұлғаның сойынан еді.

Әттең, не керек, ел тізгіні қолына жаңа тиген кезде өмірден ерте өтіп кетті. 1991 жылдың күзінде аудандық кеңестің, әрі ауданның атқару комитетінің төрағасы болып сайланды, ал әкім болып 1992 жылдың ақпанында тағайындалды. Содан кейінгі санаулы ғұмырда Лекең көп нәрсенің басын қайырып, бірталай істі еңсеріп тастап еді.

«Уақытты босқа өткізбеу керек, қай іске де батыл қимыл керек, жалтақтамаңдар», —  деп отыратын. 1991 жылдың желтоқсан айында Лекеңнің тапсырмасымен  мен он шақты мекеме басшыларын алып, көрші ел — Торғайға барып қайттым. «Жұрт қалай қимылдайды екен, елді көркейту үшін қолға алған істермен таныссын, намысы оянсын, сен бастап барып қайт», — деп жұмсады. Шындығында ол кездегі торғайлықтардың қимылы өте серпінді еді.

Біз барған аудан басшысы Жақан Қосабаевпен Лекең өзара сыйлас, көңілі жақын адамдар болды. Жақаң жігерлі де қайратты, ұстамды адам болатын. Алдында Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың күндерін республикалық деңгейде дүркіретіп өткізген. Торғай жаңғырып түлеп, тамсанарлық болып өзгерген.

Біздің жігіттер де олардың оң өзгерістерін, патриоттық қимылын көріп іске батыл кірісті. Ырғызда бір жылдың ішінде мешіт, базар, спорт кешені, пионер лагері сияқты құрылыстар өмірге келді. Жангелдин көшесіне асфальт төселді. Осының ешқайсысына бюджеттен қаржы шыққан жоқ. Әрине, істің көзін тауып, ұйымдастырып отырған Лайық ағамыз. 

Лекең шын мәнінде туған жерінің нағыз жанашары, жоқшысы еді. Ол кісіде Ырғыздың келешегіне қызмет етудің кемел жоспарлары, өзіндік ойлары болды. Бірде аудандық кеңес төрағасы болып сайланғаннан кейін Ырғызды қалай көтеру керек деген пікірлесу үстінде айтқаны: «мынау Жабасақ, Басқұдықтың кезінде басқа ауданға қосылып кетуі түбімен қате нәрсе. Бұл өңір өзі қашаннан табаны аумай отырған ұлтанды ел еді». Бұл жұмыс біршама қолға алынды. Әуелі көлік  бөлініп, ақсақалдарымыз Жабасақ, Басқұдықты аралап, елдің пікірін зерттеп қайтты.  Сөйтіп, 1992 жылдың қаңтарында мәселені зерттеп қарау үшін облатком комиссиясын да құрған болатын. Бірақ ақпан айында әкімшілік жүйе енгізілді де, қайтып ол мәселе қозғалмай қалды.

Жалпы Лекеңнің мәселені шешкенде пайымдауы терең, байламы берік болып келетін. Жөн-жосыққа барынша жетік еді. Бірге  жүріп көп нәрсе үйрендік.

Менің бір байқағаным, елдегі үлкендердің бәрі де Лекеңді қатты қадірлейтін. Өйткені ол соған тұрарлық адам болатын, тіпті ол кісінің ағайындарымен сыйластығының өзі ерекше болатын. Ағалары Қалекең, Ақаң, Әлекеңдердің алдынан кесе өтпейтін. Олармен ақылдаспай шаруа істемейтін. Жасы елуден шыққан, бір елдің ағасы болып отырған адам, басқаны айтпағанда, ағаларының көзінше темекі де тартпайтын. Ұтқыр, жеңіл юморға да шебер болатын.

Лекеңнің отбасылық жағдайында да үлкен мәдениеттілік, жақсы өнегенің үлгісі қалыптасқан. Бұл жағынан келгенде Үрбибі апамыз ағамызға сенімді серік, сол шаңырақтың түтінін түзеу шығарып отырған жан болатын. Екеуі де өмірден ертерек кетті. Бұл кісілер қонақ қабылдағанда да, қонаққа барғанда да үлкен ілтипат, зор ықылас танытатын. Әлдекімдер құсап кекірейіп, кісімсімейтін. Қонаққа шақыруды да, оған баруды да құрмет деп білетін. Лекеңнің әдемі сыпайы әзілі, тартымды әңгімесі көп көңілінен шығатын. Осындай әке-шешенің тәрбиесімен балалары да өнегелі, жан-жақты болып, жақсы өсті.  Кешегі кішкентай Азаматының өзі бүгінде Уфадағы мұнай-газ техникалық университетінің 3-курс студенті. Лекеңе Ырғыздың тұңғыш әкімі болуды бұйыртса, ертең баласына Ырғыз мұнайының фонтанын атқылату бұйырып тұрған шығар.

1991 жылдың жазында белгілі мемлекет қайраткері, Ырғыз топырағынан шыққан үлкен тұлға Ұзақбай Құлымбетовтің 100 жылдығын атап өту керек болды. Бұл шараны белгілегенде басты мақсат халық арасында рухани сілкініс жасау, жоғымызды табу, тарихымызды түгендеу болатын. Сонда Лекең үлкен шараны өзі басқарып, көптің көңілінен шығатындай етіп жүргізіп еді. Ол елдік намысқа қатты қарайтын, кез келген шаруаға елдің атына кір келмейтіндей болуын қалайтын.

 

Нұрқасым СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

 

Лайықты өмір сүрді

 

Облыс өңіріне есімі кеңінен таныс болған Лайық Шоқпаровпен достығымыз елуінші жылдардағы студенттік кезімізден өмірінің соңғы сағатына дейін жалғасты. Институтта қатарынан шоқтығы биік тұрды, тұрмысы төмен жолдастарына көмек көрсетіп, оқуын жақсы оқып бітірді.

Елге келген соң бір жылдан кейін тың көтерушілер ауданы — Қарабұтақта комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Комсомолдың Орталық Комитетіндегі алдын ала әңгімеден кідіріссіз өтті.

1961 жылы қазан айында Алматыда насихатшылардың курсында болғанда Әубәкір Молдағұловқа сәлем беріп, бір кеш әңгімелестік. Ол айналасындағыларға 

аудан жастарының басшылары деп бізді көтеріп тастады. Ертесіне Орталық Комитетке барып, батыр қызымыз Әлия Молдағұлованы мәңгі есте қалдыруға байланысты Әубәкір ақсақалдың қатысуымен  пікір алыстық.

Кейін екеуміз де партия қызметіне ауысып, облыстық конференцияларда кездесіп жүрдік. 1975 жылы облыстық деңгейге қызметке келіп, маған Ырғыз ауданына жиі барып, шаруашылықтарды аралаудың мүмкіндіктері туды.

Аудан орталығынан музей ашу, орталықтандырылған кітапхана жұмысын жетілдіру, Темірбек Жүргеновке ескерткіш-бюст орнату, мешіт салу, т.б. игілікті істерде Лайықтың қолтаңбасы бар.

Мені бір таң қалдырған мәселе, Лекеңнің айналасындағы ағайын-туманың татулығы мен сыйластығы. Мәскеуде іссапармен жүргенімде «Россия» қонақ үйінен Лайық мені іздеп тапты. Осында ағасы Байжанға операция жасалды. Бір жеті онкологиялық орталықтағы Байжанға барып тұрдық. Съездер сарайында «Алтын күз» атты өнер жұлдыздарының концертіне қатынасып, Нағима Есқалиеваға гүл тапсырдық. Мәскеуге республикалардан келген мәдениет басқармаларының басшыларын қабылдау рәсіміне Лайық та қатысып, мәз болды.

Кейін Новодевичьедегі зиратты бір түс аралап, И.В.Сталин, Н.С.Хрущев, А.Н.Микоян, Е.П.Фурцева, А.А.Зверьев, С.Аллилуева, т.б. ескерткіштерін көрдік.

Лайық өмірде бірінші болуға үнемі ұмтылатын-ды. Бірінші аудан әкімі болып бекітілді, Есет батыр тойында бәйгелер алды, Алматыда өткен дүние жүзі қазақтарының форумына қатысып, киіз үй тікті, ауданда, т.б. маңызды істерді атқарды.

Сонау Ырғыз жеріне Лайық той жасап жатыр деп ат сабылтып, шақырумен талай бардық. Үрбибі де Лайыққа лайықты жар бола білді,  қыздары мен ұлы Жандосты оқытып, тәрбиелеуге бар күштерін жұмсады. Орта мектепті бітіретін жылы Жандосты Саратов университетінің заң факультетіне оқуға апарамыз деп талаптанып, екеуміз әдейі пойызбен барып та қайттық.

Бүгінде аудан көлемінде қандай құрмет жасалса да, Лайыққа — лайық!

                                                                                                         

Өтеміс қажы ӘКІМОВ,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

 

Сол өңірдің сүйікті перзенті еді…

 

Осынау қуыс фәниді ой-өрісімен кеңейтіп, жан-жүрегімен есейтетін жандар болады.Соның бірі  ғибраты мол, ғұмыры ұрпаққа үлгі Лайық ағамыз еді.

Өмірде мақсаты орындалып, мұратына жеткендер бойындағы адами мінезін жақсылық пен ізгілікке жұмсағандар, қабілет-білімін көптің игілігіне арнағандар болса керек. Лайық ағамыз жаратқан иеміздің шапағатын, мейірімін, несібесін сезінген адам болатын.

Ол ізгі қасиеттерінің арқасында жүрген жерінің бәрінде де құрмет пен сүйіспеншілікке, абырой-беделге, үлкен сенімге ие болды.

Өмірде мәңгілік ештеңе жоқ, таңның ататыны, күннің бататыны сияқты табиғаттың заңына тосқауыл болмайтындықтан, жағасы жоқ, жеңі жоқ көйлек кигеніне, есігі жоқ, төрі жоқ үйде жатқанына да жиырма жыл болып қалыпты. Ол Ырғыз өңіріне аянбай еңбек етті, сол уақытта көп азаматтардың қолынан келмейтін шаруалар жасады, Ырғыз халқына әлі де берері көп еді. Ол кісінің сол кезде жоспарлаған, көп ұзамай-ақ шешімін табатын көп идеялары шынын айту керек, жиырма жылдан кейін енді-енді  шешімін табуға айналған секілді, бұған да шүкіршілік етіп, тәуба дейміз.

Оның жаны жайсаң,  адами қасиеттері мол, кішіпейіл де қарапайым, сөзінен таймаған, уәдесін бұзбаған, сертінен айнымаған, заман үшін адамға, адам үшін заманға қиянат жасамаған тұлға болатын.

Қиын заманда туып, қиын ғұмыр кешсе де адамдық келбетіне қылшық түсірмепті. Дау-дамайға салынып, дүбірге еріп бұлқынбаған, жүрегінің лүпілін тыңдап, сол жүректің ақылына табынған.

Мен қызмет бабымен елден ерте кетсем де ағалық ниетпен, туыстық сезіммен Лайық ағамның мені сыртымнан бақылап жүретінін ол кісімен бірге  қызметтес болған талай жігіттерден естігем. Сол кездерде облыста болып тұратын үлкен жиындарда кездескен сайын, амандық-саулық сұрасып, өзінің маған тілектес екендігін, істеп жатырған қызметіме көңілі толып, ағалық ризашылығын білдіріп жататын.

Лайық ағамыз жастайынан үлкен қызметтер атқарды, Ырғыз аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, кеңшардың директоры, аудандағы ең жоғарғы лауазым — аудан әкімі қызметтерін атқарды. Осы қызметтердің қай-қайсында жүргенде де, ол адал, әділ, арлы қалпынан бір өзгермеген. Бұл неткен парасатты тұлға болған деп кейде ойға кетесің.

Ағаның өнегелі өмірі — үйренетін үздік үлгісі, елді ел ететін, ерді ер ететін де еңбек екенініңтағы бір тамаша дәлелі.

Орында бар оңалар демекші, ағамыздың Жандос бастаған ұл-қыздары, құдайға шүкір, жапырақтарын жайып жатыр.

Өмір өз ағысымен жылжиды. Алдыңғы толқын ағаларымыздан қалған өнеге мен ғибратты, тәлім-тәрбиені бойымызға сіңіре білсек, олардың аруағы бізге риза болар деп ойлаймын.

 

Қырым САҚТАҒАНҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button