Туған күніңмен, ақтөбем!

Бүгін — Ақтөбе қаласының 144-інші туған күні. Шаһарымыздың барлық көрнекті жерлерінде думанды мереке өткізіліп жатыр. Туған күнін тойлаған сұлу қыздай жасанған Ақтөбе қаласының көшелері тақырыптық көрмелермен, баннерлермен безендірілген.
Қала мерекесіне орайластырылған шаралар 25-мамырдан бастап өткізіліп жатыр. Қала кітапханаларында, дәрістер, кітап көрмелері, танымдық сағаттар өткізілсе, мәдениет үйлері, мектептер мен балабақшаларда аула клубтарында оқушылар көрмелері, сурет салу байқаулары секілді түрлі мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Бүгін, қаламыздағы үш алдаңда үлкен мерекелік шаралар өткізіледі. Кешке, сағат 19.00-де Студенттер сарайында ақтөбеліктер мен қала қонақтарын белгілі әнші Марат Әйтімов өз концертіне шақырады. Бұл концертке бара алмағандар дәл осы уақытта Пушкин атындағы саябаққа тартсын, саябақта «Рюкзак» бард клубы 10-маусымының жабылуына арналған салтанатты шараны қала күніне мереке ретінде тарту етпек.
Ал кешкілік сағат 21.00-де ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябаққа келіп, екі-үш сағат бойына мерекелік шараларға куә болыңыз.
Гүлнара Сейталина,
«Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалының бөлім меңгерушісі:
Ақтөбе қаласының туған күні — біз үшін өте ерекше.
Біздің сүйікті қаламыз өзінің 144 жылдық мерейтойы алдында құлпырып кетті. Қала тұрғындары да оның жағымды өзгеруіне белсенді атсалысатыны өте қуанышты жайт.
Осы жылдарда Ақтөбе үлкен және әсем қалаға айналды, халқы жарты миллионға жақындады.
Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласы — Қазақстанның ірі өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени орталығының бірі болып табылады, мұнда тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың Стратегиялық жоспары нәтижелі түрде іске асырылып, Ұлт Көшбасшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жобалаған басқа да маңызды жобалары жүзеге асырылуда.
Жылдан-жылға облыстық орталықтың сыртқы келбетінде көптеген жағымды өзгерістер пайда болып, жаңа үйлердің қабаттары көбейіп, саябақтары мен бақтары көркейіп, жолдар мен аулалар қалпына келтірілуде.
Ұлы Жібек жолындағы қаламызды, ару қала, әсем қала — Ақтөбенің мерейтойымен барша ақтөбеліктерді шын жүректен құттықтаймын.
Қазақстанның өркендеу жолында гүлденіп, көркейіп, әлеуеті арта берсін.
Бекарыстан Мырзабеков,
Ақтөбе облыстық тарихи және мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның басшысы:
— Ақтөбе — ақ төбенің үстінде орналасқан жеріміз көне мифтік ұғым бойынша Едігенің ұрпағы, Орақ, Мамайдың ұрпағы Қарасай мен Қазидың мекені делінеді. Бір деректерде Қарасай Електің бір жағында, Қази екінші жағында жатыр деседі. Арғы бабаларымыздан бермен қарай бес ғасырдан бері Ақтөбе аталып келе жатқан қаламыздың туған күні құтты болсын, аумағы ұлғая берсін, Қарасай, Қази бабаларымыздың басындағы бағы, жүрегіндегі батырлығы, қолындағы күйшілігі мен шешендігі бүгінгі ұрпаққа дарысын дегім келеді. Сол замандардан бермен қарай қаламызда талай жаңа ғимараттар салынды. Бұрынғы ескі қорымдар жер астында қалды… Қазір жер бетінде 7 миллиардқа жуық адам бар деседі. Діни деректерге қарағанда, осы уақытқа дейін 40 миллиардқа жуық адам жерленген… Бір кездері бар болғаны 3 миллион қазақ қалды дегеніміз есімізде, қазір, шүкір, Қазақ елінде қазақтың саны 11 миллионға жетті. Лайым, халқымыз көбейе берсін, қазақтың барлық қаласы, барлық елді мекені жүздеген, мыңдаған жылдығын жасай берсін, ата-бабамыз аманаттап тастап кеткен жеріміз аман болсын!
Елтай Кемал,
Ақтөбе облыстық Т.Ахтанов атындағы драма театрдың бас режиссері:
— Жалпы, қай елді мекен, қай қала, облыс болмасын, сыртқа алдымен мәдениеті арқылы танылады. Ақтөбе қаласының мәдени саласы — біздің мақтанышымыз болуға тиіс дер едім. Қаламызды 144 жылдық туған күнімен құттықтай отырып, қаламызда мәдени ошақтар көбейіп, мағыналы, маңызды шаралар жиі өткізілсе деген тілегімізді айтқымыз келеді. Біз қызмет ететін Тахауи Ахтанов атындағы драма театр актерлері қаламызда өтіп жатқан барлық мәдени-қоғамдық шаралардың басы-қасында жүреді. Басқа жақтарға гастрольдік сапармен барғанымызда Ақтөбеміздің үстем болса екен дейміз. Осы тұрғыда қаламыздың қақ ортасындағы көрнекті жерлердің бірінде Қазақ драма театры ашылса деген арманымыздың бар екендігін де жасырмайық. Қыркүйек айында Ақтөбеде Тахауи Ахтановтың туғанына 90 жыл толуына орай республикалық театр фестивалі өткізіледі, қаламыз бір уақыт театрлар қаласына айналады. Шаһарымызды тағы бір мәрте туған күнімен құттықтай отырып, мәдениетіміз өркендей берсін дегім келеді.
Жайдар Құрманов,
Ақтөбе облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы:
— Құрметті ақтөбеліктер және қала қонақтары! Сіздерді қала күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл сүйікті қаламызға 144 жыл толып отыр. Осы жылдары жерлестеріміздің қол жеткізген жетістіктері, алған асулары тарихымызды тұғырлап, шежіремізде өшпес қолтаңба қалдырды. Бүгінгі таңда қаламызда әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары сәтті жүзеге асырылып, жылдан-жылға облыс орталығының келбетін ажарландыра түскен оңды өзгерістер орын алуда. Қала көшелері мен аулалары абаттандырылып, жаңа үйлер салынып, жолдар жөнделіп, саябақтар құлпыра түсуде.
Мәдениеті мен өнері қатар дамыған қаламыз бүгінгі таңда елдігіміз бен тәуелсіздігіміздің белгісін айшықтап отыр.
Ақтөбенің әр тасы — тарих. Әрісі үш жүздің басын біріктірген Әбілқайыр хан, мың жылдығын болжаған кемеңгер Мөңке би мен берісі шығыстың қос шынарының бірі батыр қыз Әлия секілді есімі күллі қазаққа белгілі айтулы тұлғалар дүниеге келген Ақтөбе біз үшін жер жаннаты!
Сондықтан осы бір тамаша мереке қарсаңында баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт-береке, бірлік тілеймін. «Халықтың қуаты- бірлікте» деген халық даналығын ескере отыра, жарқын болашақты мақсат тұтып, ортақ үйіміздегі достық пен келісімді нығайта түсейік. Еліміздің баянды бірлігі, ұйыған татулығы жасасын!
Сүйікті қаламыздың алар асулары биік, жетер табыстары мол болсын!
Асқақтап жайнай бер, мерейлі де көрікті қала Ақтөбе !
Баянғали ҚҰЛТАЕВ,
өлкетанушы:
— Ақтөбе қаласының тарихы бәрімізді де қызықтырады. Кезінде Орынбор губернаторы қала салу туралы шешім шығарғанда жергілікті халық «онсыз да өз билігін жүргізіп отырған орыстар жерімізге бойлап еніп кетеді әрі бізді ығыстырады» деп, қарсылық білдірген екен. Патшамен кездесіп, оның ойын білген қазақтың біртуар ұлы Дербісәлі Беркімбаев қала қазаққа пайдалы екенін ұғынып, өзі бас болып үй салдырған. Сөйтіп, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті.
Сол Дербісәлі салдырған үй көп жыл өткен соң балалар тәрбиелейтін мекемеге айналдырылыпты…
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.




Сөйткен Дербісәлі Беркімбаев көшесі қаладағы ең сұрықсыз көше. Асфальт атымен жоқ.»Теміржол емханасы» жанынан екі жерден жабылған, жұрт айналып-айналып келесі көшемен жүреді.Адрес бойынша табу қиын.Онымен қиылысатын «Черепанов» , «Бедный» ,»Пушкин» көшелерінен де адам түгілі ат үркеді