Азамат ажары

Басшы болған адамға әдетте сын көп. Оның жүріс-тұрысы, атқарған шаруасы, сөйлеген сөзі — бәрі-бәрі айнала қауымның көкірек көзінен сүзгіден өтіп жатады. Бір қызығы, сол азаматтың өзіміз секілді бір кездері ауылда туып-өсіп, жалаңаяқ құм кешкенін, бала болып алыс армандарға ұмтылғанын ескере бермейтініміз бар.
Мұғалжар ауданының әкімі, елдің белгілі азаматы Серік Шаңғұтов туралы ойларымызды ортаға саларда біз де бір сәт сондай қалыптасқан пайымдауларды ысырып тастап, еркін әңгіме айтқымыз келген.
Сонымен…
— Біздің бүгініміздің бәрі кешеден жол тартады ғой. Бір сәт бала Серікті еске оралтып көріңізші. Және бір сауал, қазақ балаға ат қойғанда ырымдап жатады ғой. Сізді кімге серік болсын деп ойлапты үлкендер…
— Менің өзімнен он үш жас үлкен Аманжол деген ағам болған. Біз кіндіктен тек екеуміз ғана едік. Сол ағама серік болсын деген ниетпен маған осы есімді қойған нағашы әжемнің де кейін менің тәрбиеме өзіндік ықпалы болды. Қалада интернатта оқып жүргенімде, демалыста сәлем беріп соққан сәтімде ол кісі ақылын айтып, пікірлесіп, болашаққа жол сілтеп отыратын. Осындай анадан тәрбие алған шешемнің маған деген шексіз аналық махаббатын сезініп өстім. Еркін өстім, әке-шешем тарапынан ешқандай тыйым болған жоқ.
Әкем Тілеулес мені өзіндік бітім-болмысымен, үйдегі, түздегі бірқалыпты салмақты мінезімен, еңбекқорлығымен, адалдығымен, имандылығымен тәрбиеледі. Ол ораза ұстап, намазын қаза қылмаған, өте таза, ішімдік, темекі дегенді аузына да алмаған, Жылан деп аталатын разъезде, темір жолда қарапайым жұмысшы болып жүріп, өзінің еңбекқорлығымен, адалдығымен, әділдігімен ауылдағы беделді, белді азаматтардың бірі болған. Әкемнің еңбегінің арқасында сол кездегі күйлі әулеттің бірі болдық. Үйден қонақ үзілмейтін, күніне дерлік бір қозы сойылып жатса да, мал басы кемігенін көргенім жоқ. Әкем қарапайым жұмысшы болса да, ауылға жұмыспен келген басшылар оған келіп сәлем беріп, қонақасыларын жеп кететін. «Би болмаса да, би түсетіндей үй болдық».
Балалық көңілімде сақталып қалған бір нәрсе — ауылдағы көп адамдар біздің үйден келіп қарыз алатын, сол кездегі шамалы айлық пен қолдағы малдың арқасында отбасының берекесі кіріп жататын.
Әкем өзі оқымаса да, болашақты болжай білді. Аманжолды алғашында темір жол техникумына жіберіп, кейін Днепропетровск, Ташкент темір жол институттарында оқытты. Туған ағам сол еңбекті ақтады, ауылда жиырма жеті жасында жол мастері болып, ширек ғасырдай басшылық тізгінін ұстады.
Үйдегі құдағи әжемнің де (жеңгемнің шешесі бізбен бірге тұрды) мені өз баласындай көріп, аналық мейірімін төгіп, еркелеткені әлі күнге дейін есімде. Ол кісіні бүкіл ауыл балалары ерекше жақсы көретін, әжем олардан «айналайын» деген жақсы сөзін еш аямайтын.
Біздің үйдегі үш ананың ауызбіршілігіне ел қызығатын. Менің алты жасымда ағам үйленіп, біздің шаңырақтың босағасына Бәтеш есімді жеңгем келін болып түсті. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан», — дегендей, бұрыннан да берекелі шаңырақ онан сайын гүлденіп сала берді. Сол сәттер, бала көңілімдегі ерекше бір толқыныстар әлі күнге дейін санамда мәңгілік сақталып қалды. Алты жасқа дейін әке-шешем тәрбиелесе, енді аға-жеңгемнің ықпалы менің өмірімнен өзіндік орын алды, әсіресе, жеңгемнің жылы көңілі әлі күнге дейін сезілетіндей әсерде боламын.
Өзі мұғалім, тәрбиелі әрі ақылды жеңгем менің сол кезде қатарымнан қалмай білім алуыма, киінуіме, достармен қарым-қатынасыма, үлкендерді сыйлап, адамгершілік қасиеттерді бойыма сіңіруіме мол ықпал жасады. Осындай азамат болып, елге қызмет етуімде де ол кісінің өзіндік еңбегі бар. Мен жеңгеме осы тәрбиесі үшін мәңгілік қарыздармын.
— Темір жол бойында өскен жасөспірім теміржолшы болуды армандаған жоқ па? Неге мұғалім болғысы келді?
— Әкем — теміржолшы, ағам — теміржолшы, үйге келіп-кететін құрметті қонақтар да теміржолшы, күндіз-түні үйдің жанынан өтіп жатқан пойыздар, сол ауылдағы теміржолшылар өмірі – барлық ауыл балалары сияқты жол дистанциясы бастығы қызметін менің де армандауыма негіз болған еді.
Бірақ ағам сол жұмыстың қиындығын ерте біліп, мені аяды ма, темір жолда ол кезде жартылай әскери тәртіп еді ғой, сол мамандықты таңдауыма үзілді-кесілді қарсы болды. Мен де үлкеннің айтқанын ескеріп, ұстаздық мамандықты таңдадым. Оған еш өкінбеймін, қазіргі жетістігімнің 95 пайызы сол мамандықтың үлесінде, себебі математика пәні өмірде дәлдікке үйретсе, методика сол өмірдегі сан алуан тірліктің, сан қилы тағдырдың кілтін ашуыма көмектесті.
Әсіресе, 1992 жылы «Жұрын» кеңшарына директор болып барған тұсымда бұрын науадай құйылып тұрған мемлекеттік қаржы бір күнде тоқтаған кезде, ауылдағы халық бірден қиын жағдайға тап келді. Өз күніңді өзің көретін, өзің қиындықтан шығатын жолды іздейтін заман келді. Не істеу керек? Халықтың ертеңгі жақсы күнге деген сенімін жоғалтпау керек. Сол кезде ұлттық рухты бойыма сіңірген, елдікті мұрат еткен, жеке қара басымнан гөрі, бүкіл ауыл халқының алдында жауапкершілігімнің зор екенін ұқтырған ұстаздық қызметімнің әсері мол болды. Ал мен сол директорлыққа келгенде, «нәті мұғалім ғой, ол шаруашылықты қайдан басқарсын», — деген жел сөздер маған қайта күш-қуат берді, сол заманда шаруашылықты білгеннен гөрі адамдармен тіл табысып, жүректеріне жағымды әсер етіп, олардың өмірден түңілмей, қолдағы бардың берекесін келтіруіне жағдай жасағаным бәрінен артық еді. Соның арқасында шаруашылық та дамыды, халықтың жағдайы да жақсарды, ауыл халқы ауызбіршілікпен қиындықты жеңе білді, мен оларға басшылық жасадым, қиын күндерде қастарында болдым, қолымнан келген жақсылығымды сол ауылдың әр отбасынан аяған жоқпын. Шаруашылықтың малын да халықтың керегіне жараттым. Жағдайын айтып алдыма келгендерге қалтамдағы бар ақшамды беріп, кейін өзіміз қарыз алып күн кешкен кездер болды… Бірақ соның бәрі тез ұмытылды. Халық еңбекті бағалады, ақ батасын берді, алғысын айтты. Қазір сол ауылда бұрынғыша тірлік жалғасып, мал өсіп, халық жақсы өмір сүріп жатыр.
— Мектепте бірге оқыған, бала кездегі достарға деген қарым-қатынас, көңілдегі шуақ сөнген жоқ па? Бала кезгі досыңыз бар ма?
— Менде жолдас та көп, дос та көп, бірақ бала кездегі сол туған ауылдағы бастауыш сыныпта бірге оқыған достармен ешкімді салыстыра алмайсың. Олар маған ерекше ыстық. Олар өздері көп те емес, мен олармен әлі күнге дейін сол бұрынғыша араласып, отбасымызбен қуанышын бөлісіп, қайғыларына ортақтасып тұрамыз. Қазір олардың жастары алпысқа келсе де, маған олар әлі күнге сол баяғы аңғал бала қалпында көрінеді. Мейрамғалидың әдемі қалжыңын, Жұмағазының аңғал, таза, шынайы күлкісін, Аманның салмақты, аңғал мінезін сағынамын да кездесіп, көрісуге асығамын.
— Алты жастағы бала Серік пен алпыс жастағы ата Серікті салыстырып көріңізші: қандай айырмашылық бар? Ойлары, толғамдары қандай?
— Алты жастағы бала Серік, ол өзін ойлады. Алда арман көп, әке-шешенің арқасында алысқа құлашын сермеп, өмір толқынында емін-еркін жүзгісі келеді. Аспандағы айды алып берсе де, кет әрі емес. «Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға», — деп дана ағаларымыз айтқандай, алты жасар бала Серіктің арманы кішкентай ауылда туса да үлкен еді.
Иә, сол арман алысқа жетелеп, математика мұғалімі мамандығын алып, мектепте мұғалім болып, әскери борышымды өтеп, комсомол қызметінде аудандық бірінші хатшылық, аудандық партия комитетінде хатшылық қызметтер, шаруашылықты басқару, облыстық мәслихаттың депутаты болу, қазіргі қызмет – бәрі сол арманның жемісі, жеңісі деп ойлаймын. Қазір енді алпыс жастағы Серіктің ойы бала Серіктің ойына мүлдем ұқсамайды. Мен ата-бабаларымыз арман еткен тәуелсіздікті алып, еліміздің көк туы желбіреп, өз алдына әлем таныған ел болғанының куәсі болғаныма, оның дамуына аз да болса өз үлесімді қосқан тағдырыма ризамын. Мен қазір осы елімнің тәуелсіздігі тұғырлы болса, енді ұрпағымыз ешкімге жалтақтап өмір сүрмесе, еліміз Елбасы стратегиясында айтылғандай, 2050 жылы әлемдегі озық елдердің қатарында тұрса, еліміз аман, жұртымыз тыныш, ауызбіршілікпен, Алланың қолдауымен, қазақтың кең пейіл ниетіне елімізге абырой берсе деп тілеймін. Өзім де адал еңбекпен, адамгершілікпен талай қиындықтармен келген атақ, абырой, беделімді сол қалпында әдемі қарттыққа жеткізсем деген ойым бар. Менің қазіргі ойым бүгінгімді де, бұрынғымды да, болашағымды да елеусіз қалдырғысы келмейді.
— Басшы, азамат, ел ағасы ретінде отбасы қолдауын, жарыңыздың көмегін қалай сезінесіз? Сіз үшін отбасы, шаңырақ шуағы нені білдіреді?
— Отбасы мен үшін киелі ұғым. Отан отбасынан басталады, отбасы менің кіші Отаным. Отбасымда береке, бірлік, адалдық, сенім болмаса, мен осындай жетістікке жетпес едім. Отбасын сүйген адам ғана елін сүйе алады, еліне қызмет етеді. Жарым – Базаргүл мұғалім, халық ағарту ісінің үздігі, екі баланың анасы. «Ұл ұяға қонды, қыз қияға қонды», — дегендей, Аслан мен Фейруз, Динара мен Алтынбектей балаларым бар, немерелерім сүйіп отырмыз. Аллаға шүкір, отбасының қолдауын мен әрқашан сезінемін, шаңырақтағы шуақ менің бойыма қажыр, қуат береді.
— Бала тәрбиесімен қандай деңгейде шұғылдандыңыз? Сеніміңіз қай деңгейде ақталып жүр?
— Бала тәрбиесі кез келген азаматтың ең бірінші қоғамдық қызметі, оның азаматтық борышы деп білемін. Сондықтан сол азаматтық борышымды орындап, өзімнің мінез-өнегеммен балаларымды жақсы тәрбиеледім деп ойлаймын. Бірақ менің көп уақытым қызметке жұмсалды, ерте кетіп, кеш келген күндер көп болды. сондайда үйдегі анасы оларды нағыз адам етіп, бойларында жақсылық қасиеттерді қалыптастыруға барын салды. Жалпы, ана баланы бесігінен бастап баулитынын, өмірдің іргетасы солардың қолымен қаланатынын мойындаймын. Міне, сол балалардың сенімді ақтағаны шығар, Динара «Үздік аттестатпен», Аслан «Алтын белгімен» облыстық физика-математика мектебін бітіріп, екеуі де КИМЭП-те білім алды, кейін Аслан «Болашақпен» Вашингтонда білім алса, Динара КИМЭП-тің магистратурасын тәмамдады. Біреуі қаржыгер, екіншісі аудитор мамандығын алып, бүгінде белгілі қызметте жүр.
— Туған мекенге, балалық шаққа ойша оралып тұрасыз ба?
— Мен балалық шақты барлап, бәрін есіме түсіріп отырамын. Туған жерге барып келгенімнің өзі бойымды жеңілдетеді. Жылына кемінде бір рет сол мекенге соғып, үлкендерге сәлем беріп, әке-шешемнің басына құран бағыштап, балалық шақтың елестерін жаңғыртып қайтпасам, көңілім көншімейді. Кіндік шешемнің отбасына соғамын, кейде дүниенің құдіретіне таң қаласың, мені үлкендер кіндік шешеңе ұқсағансың деп жатады. Ол сондай қонақжай, пейілі кең, қолындағысын елге бергісі келіп тұратын ашық, ақжарқын, жомарт адам еді.
Ауылға барсам, барлығы таныс, бәрі ыстық, бала болып кеткің келеді, топыраққа аунағың келіп тұрады. Жусаңды алып иіскесең, құмарың қанбайтындай, шұбатын ішсең, шөлің қанбайтындай сезімде боласың.
— Әлемнің қай жерлерінде болдыңыз?
— Мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған тұста комсомол-жастар бригадаларына әлем елдеріне саяхат жасауға комсомолдық жолдамалар берілетін. Сондай жолдамаларда топ жетекшісі ретінде Еуропаны аралап, саяхатта болдым.
Тәуелсіз ел болғаннан кейін Америкада Корнель университетінде мемлекеттік қызметті жетілдіру курсында оқып қайттым. Араб әмірліктерінде, Қытайда болдым. Осы елдерде болғанда, мен бір нәрсеге көз жеткіздім. Мен Қазақстан секілді Отанымның, дархан жерімнің, егеменді, ешкімге тәуелсіз елімнің , ақ көңіл, адал, қонақжай халқымның барына шүкірлік етіп, ішімнен жүз қайтара мақтандым, қадірін білдім. Елімнің келешегіне әлі де бірнеше есе артық қызмет ету керектігін түсіндім.
— Спортпен шұғылдандыңыз ба? Өнерге қалайсыз? Өлең жазған жоқсыз ба?
— Спортпен жастайымнан шұғылдандым. Мектепте, институтта күреспен айналыстым, мұғалімдік қызметте оқушыларымды жаттықтырдым. Өнер дегенде, музыка жағынан онша қабілетім жоқ, өлең жазған емеспін. Бірақ өнер адамдарын ерекше қатты сыйлаймын. Көп адамдардың кітабын шығаруға, жастардың байқауларға қатысуына, өнерді дамытуға керекті музыкалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге демеушілік көрсетіп, көмектесіп келемін.
— Өзіңізге өміріңізде өшпестей із қалдырған, естен шықпас жақсылық жасаған адам болды ма? Бала кезіңізде, студент шағыңызда, басшы болған кезіңізде?
— Өмірімде өшпестей із қалдырған, естен шықпас жақсылық жасаған адамдар көп болды. Оның бәрін айтып шығу мүмкін емес. Бала кезімде өмірімде із қалдырған – ауылдағы алғашқы ұстазым Аманғос Бертілеуов ағай. Ауылда төр сынып аядай бір бөлмеде отырамыз. Сонда жас шамасы әр қилы оқушыларға бірдей тиянақты білім беру, қазір ойласам, тек сондай қатал талап қойғыш, еңбекқор, өзінің кәсібін сүйетін Аманқос ағай сияқты адамның ғана қолынан келеді екен. Осы ағайдан білім алып, бастауыш білімнің негізін берік қалаған 50 шақты ғана үйі бар ауыл балалары кейін Мәскеуде, Ленинградта, Киевте, Томскіде, Ташкентте, Алматыда оқып, көбісі қазір де жақсы маман ретінде елге танылып жүр. Студент шағымда ерекше жақсылық жасаған әрі аға, әрі дос Жүрсін деген азаматты айтқым келеді. Біз екеуміз бір бөлмеде жаттық. Жаспыз, алып-ұшқан жүрек бар, сондайда басу айтып, ақылымен, шын ниетімен келешекті ескертіп (өз қатарыңның ақылы ол кезде ерекше әсер етеді), тамағымызды дайындап (ол шешесінен ерте қалған, тамақты өте дәмді дайындайтын, біз дайын асқа тік қасық болдық) қамқор болатын.
Басшы болған тұсымда да өмірімде ерекше із қалдырған адамдар көп. Бірақ кеңшар директоры болып қиналған тұста сол ауылдағы Социалистік Еңбек Ерлері Балым Бірімова мен Мақсат Мамытовтың мені қолдап, елді жұмылдырып, қуат бергені есімнен кетпейді. Олардың бір ауыз сөзі ауыл еңбеккерлеріне өсиеттей әсер ететін. Мен сонда нағыз еңбектің қарапайым адамды қандай биікке жеткізетініне көзім жетті.
— Егер өмірді жаңадан бастаған болсаңыз, қандай мамандықты қалаған болар едіңіз?
— Егер өмірді жаңа бастаған болсам, қайтадан сол мұғалімдік мамандықты таңдар едім. Өмірдің өзі математика секілді, түйінінің тарқатылуының күрделілігі данышпан Абай айтқандай, еңбек пен ақылдың екі жақтап алып шығуын қажет етеді. Өз мамандығымның мәртебесін биік бағалағандығымнан болар, балаларымды да ерте жастан есеп әлеміне баулып өсірдім. Кейін екеуінің де осы саланың маманы болуына тікелей өзімнің ықпалымның болғаны рас еді. Менің қай қызметім де халықтың өмірімен тығыз байланысты. Кездесулерде мен олардың мұң-мұқтажын тез түсініп, тез шешім қабылдауға тырысамын. Мұғалімдік сені жан-жақты дамытып, адам жанының инженері етіп, адам психологиясын толық білуіңе негіз болады.
Кадр таңдауда да оның еңбекке қабілетін, білімін, білігін, адамдармен тіл табысу қарым-қатынасын білуге осы мамандықтың әсері мол болды.
— Әлемге, жалпы елге танымал ерекше тұлғалармен кездескен сәттеріңіз туралы айтсаңыз.
— Ерекше тұлғалармен кездесуден менің есімде мәңгілік қалғаны — 2005 жылы мамыр айында Қандыағашта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесу. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен жүздескен Елбасының алдында мен өзім басқарып отырған шаруашылықтың жұмысын айтып, сөз сөйледім. Елбасы риза болып, кездесу соңында қолымды алып, ескерткішке суретке түстік. Сол кісінің берген батасы болар, көп ұзамай үлкен ауданға әкімдік қызметке келдім.
Қызмет бабымен Кеңес үкіметі тұсында біздің әскери полигонға келген Социалистік Еңбек Ері, артиллерия маршалы Павел Николаевич Кулешовпен, армия генералдарымен, талай өнер жұлдыздарымен, ғалымдармен кездестім. Әр кездесудің менің өмірімде өзіндік ізі бар.
— Сіз қой шаруашылығы саласы бойынша ғылым кандидатысыз. Осы саланың қазіргі ахуалына көңіліңіз тола ма?
— Мен асыл тұқымды қой, жылқы шаруашылықтарын басқардым. Нарықтың тұсында сол асыл тұқымды қой малын сақтап қалу үшін көп тер төктік. Айырбасқа жібермей, негізгі генофондын сақтап, осы күнге жеткіздік. Ғалым Сағынтай Жетіғарин ағамен бірге көп жұмыстар істелді. Іс жүзінде күнделікті атқарылған істер менің кандидаттық диссертациямның тақырыбы болды. Академик Алтынбек Молдашев сынды ғалымдар оны жоғары бағалап, 2005 жылы экономика ғылымдарының кандидаты атандым.
Қой шаруашылығының қазіргі ахуалы қанағаттанарлық. Үкімет мал шаруашылығына мән беріп, санын көбейту қолға алынды.
— Атқа мінесіз бе? Қазақ жылқысының қадірін қалай түсінесіз? Мұғалжардағы жылқы шаруашылығының дамуы сізді қанғаттандыра ма?
— Шаруашылық басқарған адам атқа мінбесе, ұят болар. Жылқының қадірін білемін, білгендіктен болар, сол шаруашылықта асыл тұқымды жылқы шаруашылығын ұйымдастырып, ғалым Серік Рзабаевпен бірге Мұғалжар жабы жылқысын көбейтуді қолға алдық. Құмжарған типтес жылқыны шығардық. Мұғалжар ауданында қазір үш асыл тұқымды жылқы шаруашылығы бар, сондықтан жылқы шаруашылығының дамуы менің көңілімнен шығады.
… Біз Серік Шаңғұтовтың бүгінгі қызметіндегі жетістіктері, ауданның экономикалық көрсеткіштері туралы әдейі тоқталмай отырмыз. Өйткені бұл тақырыптар біздің оқырмандарымызға жақсы таныс. Талай айтылып, жазылып жүр.
Ал бүгінгі күні алпыс атты асуға қол созған азаматтың сіз біле бермес адами келбетін осылай кейіптегендікті дұрыс көрдік.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



