Біздің хандар. Бірегей бейнелер

Өткен жылдың аяғында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Баян Бораштың «Қазақ поэзиясындағы хандар тұлғасының бейнеленуі» атты 400 беттен астам көлемді кітабы Алматыдағы «Дәуір» баспасынан жарық көрді. Тың тақырыпқа жазылған кітаптың зәрулігі атауынан-ақ аңғарылып тұр. Көрнекті қазақ ақыны Ғафу Қайырбеков ана бір жылы:
Бір сұрақ — әлі күнге мен аңғарман,
Сұрап келем ақылды адамдардан,
Өзге жұрттың хандары жақсы болып,
Біздің хандар қалайша жаман болған? – деп күйіне жазып еді.
Б.Бораштың мына кітабы осы сұраққа ғылыми тұрғыдан жауап берудің бір парасы іспетті. Бір парасы ғана, себебі Қазақ Ордасына ширек ғасыр хан болған Бұрындық та, қырық жыл хандық құрған Хақназар да, тіпті берідегі Еңсегей бойлы Ер Есім де қазақ тарихы оқулығынан өзінің шынайы бейнесін әлі алып болған жоқ.
Қазақ халқының көшпелі тұрмысымен қатар дамыған қала мәдениеті, мемлекеттік құрылымдары да болғанын соңғы кездегі табылған деректер айғақтайды. Ал берідегі Керей мен Жәнібек ірге тасын қалаған Қазақ хандығының да бай тарихы бар. Ел тәуелсіздігі үшін күрескен халқымыз, оны бастаған тарихи қайраткерлеріміз, еңселі тұлғаларымыз болды. Бірақ кеңес заманы кезіндегі таптық саясат бойынша ел тарихында ұлтты ұйыстырған, ел қорғаны болған істерімен ізі қалған хандар – қанаушы ретінде мансұқталып, халық жадындағы, көркем туындылардағы бейнелеріне сенімсіздік білдіріліп, тарихи зерттеулерге оң қабақ танытылмады.
Кейінгі кезде ежелгі тарихымыз, көне дәуірлерден келе жатқан мемлекеттігіміз, ел билігі тұтқасын ұстаған тарихи тұлғаларымыз туралы деректер «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қосымша құнды материалдармен айғақтала түсті. Оның үстіне халық жадындағы шежіре, аңыз, жыр күйінде сақталған фольклорлық әдеби үлгілер, сол кездегі оқиғаларға тікелей қатынасқан дана жыраулар поэзиясы, саяси қысымнан, қудалаудан жазылмай қалған тарихшылар зерттеулерінің орнын басқан жазба ақын-жазушылар шығармалары — өткеніміздің, рухани қазынамыздың деректік сипаты бар бай көзі.
Мемлекеттігіміздің басты белгілерінің бірі болған хандар сонау көне дәуірдегі Алып Ер Тұңғадан ХІХ ғасырдағы соңғы Кенесарымен тәмамдалатын хандығымыздың тізгінін ұстады. Автор осы ел билеушілер тізбегінен негізінен Қазақ хандығы тұсындағы хандар және солардың ішінде тек әдеби шығармаларда көрініс тапқан тұлғаларды алған. Қазақ хандығына дейінгі хандар мен әміршілер туралы бұл кітапқа хандары қазақ тарихына етене жақын, жырлары ноғайлы дәуіріне жататын «Қырымның қырық батыры» жырлар тізбегінің хандар бейнесі барынша толық жырланатын «Қарадөң», «Нәрік», «Шора батыр» сияқты үлгілері мен аңыз әңгімелерде айшықталатын ел билеуші кейіпкерлер өзек болған.
Кітап шеңберіне алған туындылардағы, әсіресе, Абылай, Әбілқайыр, Кенесары, Жәңгір хандардың тұлғалық кейпі қазақ әдебиетінің әр саласында, бірнеше жанрларында мол көрініс береді. Хандар біршама аңыздарда, тарихи жырларда, әдебиет салаларының басқа да жанрларында бейнеленетіндіктен, кітапта олардың сол мұралардағы тұлғалық бейнесі сомдалуының даму жолы, эволюциясы көрсетілген. Олар тарихи деректермен салыстырыла отырып жинақталып, өмірінің, қызметінің, дәуірінің танымдық маңызы ашылады.
Тұтастай алғанда, қазақ поэзиясындағы хандардың тұлғалық бейнесін жаңаша зерттеген бұл кітаптың тақырыбы бүгінгі күн сұраныстарына сай келіп, мемлекеттік бағдарламалармен, ғылыми және практикалық талаптармен байланыста алынған.
Б.Бораштың бұл еңбегін дәлелді тұжырымдарымен әдебиеттану ғылымына қосылған өзіндік үлесі бар еңбек деп атауға болады.
Айталық, қазақ поэзиясындағы хан бейнесі ел тарихында терең із қалдырған, қоғам өміріне ерекше ықпал жасаған, мемлекеттігіміздің басты белгілерінің бірі ретінде зерделенген және фольклордағы, ақын-жырау поэзиясындағы, төл жазба поэзиядағы хандар бейнесіне қатысты тарихи және әдеби зерттеулердегі пікір-пайымдар ғылыми таразыдан өткізіліп, бір ізге түсірілген.
Жеке әдеби үлгілердегі, поэзиялық жанрлардағы хандардың тұлғалық бейнесі эволюциялық даму үдерісінде талданып, сомдалып, бұрынғы кеңестік идеологиялық көзқарас пен жаңаша көзқарас салыстырыла отырып, көркем әдебиеттегі бұрмалаусыз, объективті хандар тұлғасы туралы ұғым қалыптастырылған.
Автор теориялық бағыттар мен концепцияларға сүйене отырып, өзіндік ғылыми жаңалығы мен құндылығы бар тұжырымдар жасай алған.
Кітаптағы бөлімдер мен тармақшалар бір-бірімен сабақтасып, бірін-бірі толықтырып жатады. Мысалы, бірінші бөлімде хандар тұлғасының көркем әдебиеттегі берілуінің бүкіл тарихына қысқа шолу жасалып, хан тұлғасы бейнеленуінің қазақ әдебиетіндегі кезеңдері ажыратылып анықталады. Ал осы бөлімнің екінші тараушасында қазақ қоғамындағы хандық билікке келу, хан сайлау жүйесі және хандық билік пен қазіргі президенттік биліктегі ұқсастық элементтері мен айырмашылықтары, әдебиеттегі ізі қарастырылған.
Кітаптың негізгі түйіні поэзиядағы хандар кейпі бейнеленуінің фольклорлық кезеңін зерделейтін екінші бөлімнен басталады. Нәтижесінде кітап қорытынды-тұжырымдары мен ғылыми нәтижелері ішкі бірлік жағынан жүйелі берілген еңбек деңгейіне көтеріліпті.
Жеке әдеби үлгілердегі хандар бейнесі әрбір шығармашылық тұлғаның көркемдік-идеялық сипаттары мен жазушы стилінің өзіне тән ерекшеліктері тұрғысынан қарастырылған екен. Тарихи тұлғалар хандар бейнесі мен оның қат-қабат күрделі ішкі әлеміне, ондағы түрлі психологиялық сезімдік құбылыстарына терең бойлай отырып, ішкі қайшылықтар мен сана қақтығыстарын шебер бейнелей білген қаламгерлердің қолтаңбасы бұл кітапта жан-жақты талданған. Кейіпкер мен қоғам арасындағы тартысты сол кезеңдегі уақыт талабына сай бейнелеп, әдеби әдістер мен көркемдік тәсілдерді еркін түрде пайдаланған қаламгерлік қолтаңба автор тарпынан әділ бағаланып, жан-жақты зерттелген.
Ишара, мегзеу, сана астары, символдық жүйелер сияқты көркемдік категориялар, т.б. арқылы ұлттық тұлғалар бейнесін автор өз кітабында жүйелі түрде талдаған.
Қорыта айтқанда, биыл 75 жасын атамақшы, бірақ әлі қажыр-қайраты қайтпаған еңбекқор ғалым өз мерейтойын бойындағы барын ел мүддесіне арнаған ұлы хандарымыз туралы толымды туындысымен лайықты қарсы алып отыр.
Жұбаназар АСАНОВ,
филология ғылымының докторы.
Ақтөбе қаласы.



