«Қызыл жұлдыз» жарқырап кеудесінде…

Ұлы Отан соғысы басталғанда қазақ даласынан Отанды жаудан қорғауға аттанған сан мың жауынгердің бірі Сұлтан Досмұратов әскерге 18 жасында 1942 жылдың тамызында ауыл мұғалімі болып жүрген жерінен алынады. Ырғыздың Басқұдығынан бірге аттанған бозбалалардың бәрі де сол он сегіз бен жиырманың шамасындағы боз балалар еді…
Жасы тоқсанға таяған қарт жауынгер арада жетпіс жыл өтсе де, соғыс туралы айтқанда қатты толқиды. Олар ауылдан ұзап кеткенше соңдарынан қараған байғұс шешелер, кемсеңдеген қарттар, саптың соңынан табандары тозғанша жүгірген балалар, көкті күңірентіп жылаған дауыстар әлі күнге көзінің алдынан кетпейтін көрініс, құлағының түбінен естілетін үн.
Сұлтан Досмұратов осыған дейін сан мәрте еске түсіріп көрсе, ел басына күн туған зауал жылдың тамызы да бейбіт күндегідей тамылжып тұрмаған екен. Таң қылаң бере ұйқысынан оянған ауыл ұлдарын майданға ағыл-тегіл жылап шығарып салғаны күні кешегідей есінде қалыпты. Ырғыздан аттанған топ жігіт азық-түлік салынған арбаны өгізге жегіп алып, Шалқарға дейін күн-түн демей, жаяу жүріп отырады.
Ақтөбеде жасақталған №2 әскери училищенің алты айлық курсының төрт айын оқып тауыспастан, Сұлтан Досмұратов өзімен бірге оқып жатқан 500 жігіттің ішінде майдан даласына аттану туралы бұйрық алып, 1942 жылдың 20 желтоқсанында бірден Мәскеу түбіндегі Прохоров шайқасына, қанды қырғын ұрыс даласына тап болады. Ол жауынгерлердің шайқасқа бірге шыққан қарулас достарынан күнде айырып жатқан жауға деген өшпенділігі желтоқсанның ызғарынан бетер жан жарасын жұлқып, жүректерін мұздатқанын байқайды.
— … Жау Мәскеуге жақындап қалыпты. Біздің әскер жау шебін бұзып, тойтарыс беруге күш жинап жатты. Екі ай бойы дамылсыз қорғандық, қарсы шабуылға шықтық, Мәскеу түбіне қосалқы күш жеткенше қанды қырғыннан көз ашпадық. Көктемге қарай мені Калинин майданына бағыттады. Мәншүк Мәметова соғысқан майдан даласына тап болыппын. 1943 жылдың маусымында бір ай бойы Невель қаласы үшін болған шайқаста 96-дивизия, 331-жаяу әскер полкінің құрамында старшина шенінде соғыстым. Одан кейін тарихта «Сталиннің жауға қарсы 10 соққысы» деген атпен қалған шайқастардың бірі Курск, Орел, Белград түбіндегі соғыста взвод командирі болдым, — деп қария үзілген әңгіме желісін жалғап кетті.
Тек таңдаулыларға ғана берілген «Қызыл жұлдыз» ордені Сұлтан Досмұратовтың кеудесінде жарқырап тұр. Орден тайсалмайтын ержүрек жауынгерге, Отан үшін от кешуге дайын, антына берік қазақ баласына жау тылына қаймықпай еніп, кейін баға жетпес құнды мәлімет берген фашисті тұтқындап алып шыққаны үшін берілген.
1943 жылдың соңында Сұлтан Досмұратов бірінші Беларусь майданына тап болады. Гомель қаласын жаудан азат ету үшін болған ұрыста Сураж өзенінен өтіп, сол жерде кескілескен шайқаста жаудың бетін қайтарғанымен, біздің сарбаздар қаруластарынан айырылып, көп шығынға ұшырайды. Осы тұста жау оғы Сұлтан Досмұратовтың сол жақ аяғына тиіп, екі жерден омырып түседі. Госпитальда дәрігерлердің аяғын тізеден жоғары кесеміз дегеніне келіспей қояды: «аяғымды бермеймін, қайтадан соғысқа аттануым керек», — деп бой бермеген соң, дәрігерлер екі жерден сынған аяқты таңып, Гомельден 40-50 шақырым тұсқа тоқтаған жүк тиейтін вагондарға өзі сияқты жаралы жауынгерлермен қоса мінгізіп, 1944 жылдың қаңтарында елге аттандырады. Пойыз Гомельден шықпай жатып атқылаған жау ұшағы жарақаты ауыр жауынгерлер мінген соңғы вагонды жарып жібереді. Он үш күн бойы жүрген пойыз Семейдің Аягөзіне келіп тоқтағанында жаралылардың көбісі жол азабына шыдамай жан тапсырған еді… 1944 жылдың маусымында Аягөзден ауылға, Ырғызға Сұлтан Досмұратов екінші топ мүгедегі болып оралады.
— Дәрігерлерге аяғымды кестірмегенім жақсы болыпты. Жарасы жазылып, таңғышты шешкенде аяқтан айырылмағанымды білдім. Ауылға келген бойдан бала оқытуды жалғастырдым. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Қарабұтақта «Северный» кеңшары құрылып, 1956 жылдан 1962 жылға дейін алты жыл мектеп директоры болдым. Содан кейін 29 кеңшардың орталығы болған Қарабұтаққа барып, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаевтар оқыған мектепті басқардым, — дейді қарт ұстаз.
Соғыс жеңіспен аяқталып, одақтас елдер еңсе тіктеуге талпынған кезде көкірек көзі ояу ұстаз қазақ даласында мидай қайнаған еңбек майданымен бірге қазақты жаппай «орыстандыруға», тілінен, дінінен айыруға бағытталған астарлы саясат жүріп жатқанын байқайды. Ол сол кезде аудан орталығы болған Қарабұтақта қазақ мектебін салу керектігі туралы мәселе қозғап, оны өзі депутат болып сайланған аудандық кеңесте бірнеше мәрте көтереді. Үлкен дау-дамайдың соңы жеңіспен аяқталып, аудан басшылығы мектеп салу үшін қаржы бөледі. Кейін Қарабұтақтан екі шақырым жердегі Төртүй деген расында төрт-бес үйлі ауылды орталыққа көшіріп, мектеп жанынан жаңадан қосымша ғимарат жалғап салғызуға атсалысады. Оны қазақ балалары алыс түпкірде, шалғай ауылда ескерусіз, елеусіз қалмасын, оқып білім алсын деген арман-мақсат кеңестік билік өктемдік құрған тұстағы саясат қолдамайтын қадамдарға жетелейді. Ұстаздың мақсаты да «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» көксеген Сұлтанмахмұттың аңсаған арманындай еді… Жауынгер ұстаздың еңбегі ескерусіз қалмады — 1979 жылы «Халық ағарту ісінің үздігі» атағын алды. Бұл белгі кеудесінде жарқыраған «Қызыл жұлдыз» ордені, Жуков медалі, бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі сияқты бірнеше марапаттың қатарын толықтырып тұр.
1986 жылы ардагердің жан жары дүние салып, алты ұлын жалғыз өзі жетілдіреді. Қазір 24 немере, 15 шөбере сүйген қарт балаларының бәріне бірдей білім беріп, қатарға қосып отыр. Қосағының соңғы демі таусылғанша тапсырып кеткен аманатын орындағаны көңіліне медеу.
Ұстаздық еткен 50 жылының 35 жылында мектеп директоры болған қария ат мінгізіп, азамат еткен Ырғыз өңірін, Әйтеке би ауданындағы Мамыт мектебін сағынады. Ондайда есіктің алдына шығып отырып, өзін тыңдаудан жалықпайтын көрші-көлеммен шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құрады. Естеліктер соғыс жылдарын ойға оралтып, жастық шақты да бір шолып өтеді. Қария тоқсанға таяп қалған жасына қарамастан, әлі тың, газет-журнал оқып, қоғамда болып жатқан жаңалықтарды теледидардан көріп отырады. Құлағы түрік қарияны елде ауыл шаруашылығын дамытуға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отырғаны қатты алаңдатады екен. Алты ұлының біреуі Басқұдықта «Аспан» шаруа қожалығын ашып, ісін дөңгелентіп отыр. Алдында 30-40 жылқысы, 40-50 бас сиыры, мың қаралы қой-ешкісі бар баласының шаруашылығына алаңдайтыны, ауылды аңсайтыны көрініп тұр.
— Мен жыл сайын Елбасының халыққа Жолдауларын жібермей оқып шығамын. «Дипломмен — ауылға» деген бағдарлама бойынша Ақтөбе облысында жұмыс басталғанда облыстық әкімдікке шақырып, мен балаларға ақ батамды бердім. Бұл ауыл үшін жасалған жақсы қадам деп білемін. Ауыл — қазақтың бесігі, шырағым. Сондықтан ірілі ұсақты болып бөлшектеніп кеткен шаруаның басын қосып, егін мен малға көңіл бөлінуі керек, — деп қояды ақсақал.
Ол Ақтөбе қаласында бой көтерген жаңа үйлердің мекені — «Болашақ» ауданынан, бесінші қабаттан берілген бір бөлмелі пәтерде кенже ұлы Кенжебектің отбасымен бірге тұрып жатыр. «Балам өзі бес жан, мен оған алтыншы болып қосылып, бәріміз бір бөлмеге әрең сыйып жатамыз. Жазда бесінші қабаттағы бір бөлме қатты ысып кетеді. Қапырыққа шыдай алмай мен қала сыртындағы туыстардың үйлерін паналаймын. Біз, соғыс ардагерлері, қатарымыз сиреді ғой. Мысалы, менімен бірге аттанған 500 боздақтың елге 30 шақтысы ғана тірі оралды. Ал қазір сол қатардан қалған жалғызбын. Бір бөлмеге күнімізді қаратып қойғандарына түсінбеймін. Қазақтың бір бөлмеде бір өзі отырған қай шалын көрдіңдер? Бізді бағып-күтуге міндетті балаларымызбен, немере-шөберемізбен бірге отыру үшін кем дегенде үш бөлмелі пәтер беруі керек еді. Осыған да разы болыңдар дегендері ғой, қайтейін…», — деп қария ауыр күрсінді.
Қарияны мазалайтын тағы бір мәселе бар. Ол ауруханада жатып емделуге дәрігерлердің қабылдамайтынын айтты. Стационарлық ем қабылдап тұруға ғана кеңес беретін дәрігерлерге ардагерлердің бәрі бірдей қайта-қайта емге бара алмайтынын, олардың да басқа адамдар сияқты ауруханада жатып ем алғысы келетінін талай рет айтыпты. Бірақ олар: «ауруханаға жатуға еш негіз жоқ, қан қысымыңыз жоғары емес, үйіңізден келіп ем қабылдап тұруыңызға болады», — деп шығарып салатын көрінеді. Қарт адамның құлан-таза айығып кетпесін, жас балаша жүгіріп кетпесін жақсы білсе де, ауруханаға жылына бір-екі реттен жатып, ем қабылдап тұрудың еш артықшылығы жоқ деп ойлайды. «Осыны газетіңе жаз, айналайын», — дейді қария. Біз қандай құрметке де лайықты жандардың тілегін мереке қарсаңында оқырманға жеткізу парыз деп білдік. Осыны айтып тапсырып, бір сәт ойға шомған қарт жауынгер естілер-естілместей күбірледі: «Соғыс болмасын!».
Айгүл Байменова.
Ерлігі үлгі ідіріс
Ұлы Отан соғысының әр күні тарих парақтары іспетті. Қанды шайқастың бетбұрысты кезеңінің бірі болып саналатын Днепр бойындағы майданға алдағы күз айларында жетпіс жыл толмақшы. Сол тұста, нақты айтсақ, қазан айының үшінші жұлдызында жерлесіміз Ідіріс Үргенішбаев асқан ерлік үлгісін көрсетіп, қаһармандықпен алғы шепте қаза тапты. Ол сол уақытта отыз бір жаста еді.
Ана қамқорлығымен жоқшылық тауқыметін жеңе жүріп есейген ауылдың қара домалақ баласы білімқұмар мұғалім болды, зиялы азаматқа айналды, ал соғыс басталғанда қатардағы жауынгерден бөлімше командиріне дейін көтерілді. Ең бастысы — ел қорғаудағы сыннан сүрінбей өтіп, Батыр атанды.
Біз Ідіріс аға туралы замандастарының, оның алдынан білім алған шәкірттерінің лебіз-пікірлерін көп естідік. Олардың айтуынша, ол ұяң мінезді, ісіне тиянақты, жылы жүректі, еңбекқор жігіт екен. Сол кездегі он алтыншы ауылдың ақсақалы Өмірзақ Қосболғанов оның батыр атанғанын естігенде: «Ой, Ідіріс қандай қыз мінезді жігіт еді! Сол қыз мінезді жігіт Кеңес Одағының Батыры атаныпты. Елдің кегі ғой оны батыр қылған» депті.
Батырдың зерделі шәкірттерінің бірі, Еңбек Қызыл ту, «Еңбек даңқы» ордендерінің иесі, озат жүргізуші болған Әділхан Өтеков өздеріне соғысқа дейін сабақ берген ұстазының ауылға Шалқардан әкелген аз-мұз оқу құралдарын таратып, қарындаштарды өткір шаппасымен ұштап беретіндігін, оқулық тапшы болғандықтан, тартымды ертегілерді, батырлар жырын жиі айтатынын жеткізді. Сыртта қой соңында жүрген малшылардың балаларын өз үйіне жатқызып, білім бергендігі де бізге жеткен бір әңгіме.
Ідіріс Үргенішбаевтың ерлік тұлғасының соғыста екі рет жарқ етіп көрінгені құжатталған. Ол майданға 1942 жылдың қаңтар айында аттанған. 1943 жылдың шілде-тамызында Курск шайқасындағы бір ұрыста өзі қырық фашистің көзін жойған. Осы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне тағады.
Днепрден өту кезінде күші басым немістердің жиырма екі дүркін шабуылына Ідіріс Үргенішбаев бастаған жауынгерлер тойтарыс беріп, олардың ілгері басуына мүмкіндік бермеген. Осы шайқаста да оның командирлік қабілеті, ерлік үлгісі айқын көрінген. Ол жеке өзі тоқсан немісті жер жастандырған. Өзеннен өткеннен кейін кейінгі күштердің ілгерілеуіне өз отрядымен мүмкіндіктер жасаған. Сөйтіп, Гитлердің «орыстар Днепрден өтетін болса, ол кері ағатын болады» деген сәуегейсуін жоққа шығарғандардың бірі біздің батыр жерлесіміз болды.
Біз бір-екі ауыз сөзбен тұжырымдап отырған соғыс көріністері бұған дейін де республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарық көрді, тіпті кітапқа да енді. Белгілі журналист Тауман Төреханов, тарихшы-ғалым Беркін Құрманбеков өздерінің еңбектеріне оның өмірі мен ерлік жолдарын арқау етті.
… Ідіріс батырдың ерлігі ешқашанда тірілердің жадынан өшпейді. Оның ескерткіш бейнесі Шалқар қаласындағы білім ордасының алдында орнатылған. Батыр ұстаз атындағы мектеп түлектері оның есімін әрдайым мақтан тұтып жүреді.
Былтыр ғана батырдың туғанына 100 жыл толу мерекесі облыс көлемінде аталып өтілді, түрлі шаралар ұйымдастырылды. Ел мақтанышына айналған ер есімі алда да ұзақ жасай беретіндігі күмәнсіз.
Әбдіжали ЖАНИЯЗ,
Шалқар қаласы.
Туған жердің топырағы
Ұлы Отан соғысы жайлы әңгіме қозғала қалса, ең алдымен есіме әкем түседі. Әкем Көрпебай Наржанов 1942 жылы Ұлы Отан соғысына Тұмалыкөл ауылынан бір топ ауыл азаматтарымен бірге аттанады. Ол уақыт еміс-еміс есімде қалыпты. Әкем ауылдан кеткеннен кейін ешқандай хабар-ошар болған жоқ. Анам да, әкем де сауатсыз адамдар болатын. Сол кезде анамның құрсағында қалған інім Жақсылық екеуміз әуелі Алла, екінші анамыздың арқасында ержеттік. Жоғары оқу орнын бітіріп, ел қатарлы еңбек еттік. Ал әкемнен ешқандай хабар болмады. Сол бір соғыстың салдарынан әкесін, ағасын іздеген біз сияқты ұл-қыздар көп болды. Өзге жұрт секілді біз әкемізден дұрыс дерек те ала алмадық. Бірақ әкемді іздеуден жалықпадым. Архив құжаттарында сақталды-ау деген үмітпен көптеген аурухана, әскери бөлімдерге жазған хатыма «бізде ондай адам болған жоқ» дегеннен басқа жауап алмадым. Сөйтіп жүргенде 1982 жылы Шалқар аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінен әкемнің атына жазылған «қара қағазды» тауып алдым. Сосын көп ойланғаным жоқ, көп ұзамай інім Жақсылық, немерем Гүлжайнарды ерітіп жолға шықтым. Ең болмаса бейтін көріп, соған туған жердің бір уыс топырағын қосуды көңіліме медет тұттым. Мәскеуге жеткен соң, одан әрі Белгород облысына баруға тура келді. Оның өзінде де емес екен. «Қара қағазда» көрсетілгендей Шебкин ауданының Архангельск селосында жерленген болып шықты. Обалына не керек, селоның басшылары бұндайға ерекше мән беріп қарайды екен. Жылы қабылдап, мән-жайға қаныққан соң туысқандар зиратына бастады. Қаза болғандардың барлығына ортақ зәулім ескерткіш қойылыпты. Мәрмәр тасқа 145 адамның есімі жазылған. Осы тізімнен 41 жасында ғұмыры үзілген әкем Көрпебай Наржановтың есімін таптым. Бір сәт бойымды қуаныш биледі. Артынан көз жасыма ерік бердім. Ортақ зиратқа ата жұрттан бұйырған бір уыс топырақты салып, құран бағыштадым. Село басшылары Иван Иванович Лысенко мен Раиса Степановна бізге құрметпен қарап, ұзақ әңгімелесті. Селоны аралатып, жау ойран салған орындарды көрсетті. Архангельск селосындағы зиратқа шебер алдырып, менің әкеме арнап апарған құлпытасымды орналастырды. Онда әкеммен 48 жылдан кейінгі кездесуіміз, ата жұртымыз Тұмалыкөл және белгіні қойған інісі мен қызының, немерелерінің есімдері ойылып жазылған. Менің сәби шағымда майданға аттанып кеткен әкемнің жүзін еміс-еміс көз алдыма әкелгендей болдым. Шешем әскер отбасына берілетін 17 сом жәрдемақымен оқытып, ешкімнен кем қылмай өсірді. Өмір бойы шәкірт тәрбиелеп, дербес зейнеткерлікке шықтым. Бұл әңгімені жазып отырған себебім — Жеңіс мерекесі қарсаңында әке рухы риза болса дегенім.
Бөпей КӨРПЕБАЙҚЫЗЫ,
Шалқар ауданы.



