Шырағы сөнбеген кемел тұлға

Облысымызда 2011 жылдан бастап ең үздік өлкелік әдеби туындыларды насихаттау мақсатында «Оқитын өлке» акциясы қолға алынды. Акцияға 2011 жылы Ғалым Ахмедовтің «Жем бойында» атты тарихи романы, былтыр ақын Мұхтар Құрманалиннің «Жұлдызды жорық» кітабы таңдалды. Биыл таңдау қазақ әдебиетінің классигі, драматург Тахауи Ахтановтың туғанына 90 жыл толуына орай «Шырағың сөнбесін» шығармасына түсті.
Облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасы «Оқитын өлке» акциясы аясында «Шырағы сөнбеген кемел тұлға» тақырыбында әдеби кеш өткізді. Жазушының айрықша аяулы махаббатпен жазған шығармаларын оқып, оны келер ұрпаққа насихаттауды мақсат еткен кеш барысында жазушының Шалқар ауданы, Шетырғыз ауылында дүниеге келгені, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының екінші курсында оқып жүрген кезінде майдан даласына өзі сұранып аттанғаны, соғыста қолынан қаруымен бірге қаламын да түсірместен майдан газеттерінің беттерінде әдеби көркем шығармалары, өлеңдері мен очерктері жарық көргені айтылды. Жазушының «Шырағың сөнбесін», «Қаһарлы күндер», «Боран», т.б. шығармалары — қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған классикалық туындылар.
Кешке арнайы шақырылған Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының режиссері Мағзом Бақытжанов жазушының ірі төрт романын кеңінен әңгімелесе, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Шалқия Бақытжанова «Күтпеген кездесу» драмасынан Әйкен рөлін сомдады.
Облыстық тарихи мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының директоры Бекарыстан Мырзабаев жас кезінде жазушымен кездескен сәттерін қызықты әңгімелей келе, қазақ прозасына өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгердің биылғы 90 жылдық мерейтойына арнап деректі фильм дайындалып жатқанын айтты.
Ақтөбе қаласындағы №10 қазақ орта мектебінің оқушылары Гүлбақыт Жәрдемғалиева, Аслан Алмашев, Ақбота Ерғалиева және тағы басқалар жазушының «Шырағың сөнбесін», «Боран» шығармаларынан монолог және Т.Ахтановқа арналған ақын Қ.Аманжолов пен Х.Ерғалиевтің пікірлерін оқыды.
Әдеби кеште Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің, Ақтөбе гумманитарлық колледжінің оқушылары «Халықтың жарық жұлдызы» атты кітап көрмесімен танысып, «Тау асқан Тахауи» слайдын тамашалады. Кешті облыстық халық шығармашылық үйінің әншісі Амангүл Ешпанова әсем әнмен көркемдеді. Кітапхана директоры Марат Төлебайұлы жастарды өлкемізден шыққан жазушы еңбектерін оқуға шақырды.
Б.МАХАМБЕТАЛИЕВА,
кітапханашы.
Ақтөбе қаласы.
Ахтановқа арналды
«Оқитын өлке» акциясы аясында Хромтау аудандық кітапханасында «Әдебиет әлеміндегі шырақ сәулесі» атты әдеби қонақжай ұйымдастырылды.
Шараға мектеп оқушылары, ауылдық, қалалық мектептердің кітапханашылары қатысты. Әуелі кітапхана директоры Дайра Ермағанбетова акция мақсатын айтты. Виртуальды кітап көрмесі көрсетіліп, онда заңғар жазушы Тахауи Ахтановтың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында 1993 жылы Хромтау ауданына ресми сапармен келген кездесу кешіндегі естелік суреттер көрсетіліп, шығармаларына шолу жасалынды. Кітапхана әдіскері Баян Әбиева жазушының өмірі мен шығармашылығына қысқаша тоқталып өтті.
Кешке арнайы шақырылған жазушының көзін көрген туысы Башир ақсақал, немере қарындасы Дина Сағынқызы қатысушыларға жазушы туралы әңгімелеп берді. №5 мектеп-гимназиясының мұғалімі Торғын Зағитқызының ұйымдастыруымен «Шырағың сөнбесін» романынан көрініс көрсетілді. Аудандық мәслихат хатшысы Дәурен Хайреденұлы, зейнеткер ұстаз Күлпаш Қазбекқызы, жазушының 70 жылдық мерейтойын ұйымдастырушылардың бірі Нұрахмет Бисенбайұлы «Шырағың сөнбесін» жан дүниеге демеу беріп, адамның адами қасиетін арттыратын кітап екендігін айтып, пікірін білдірді.
М.ЖҰМАҒАЛИЕВА,
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы.
Сырлы сабақтастықтар
Халық жазушысы Тахауи Ахтановтың туғанына 90 жыл толу құрметіне орай «Шырағың сөнбесін» атты ғылыми-танымдық әдеби кеш өтті. Кешті қалалық білім бөлімі мен ғылыми әдістемелік орталығы, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры және Ақтөбе қаласындағы №10 орта мектеп ұжымы бірлесіп ұйымдастырды.
Мектеп базасында өткен кеште оқушылар бабадан жеткен ерлік пен елдіктің болмысын өнерге түсірген жазушының өмірі мен шығармашылығы, сыни мақалалары, «Дала сыры» романындағы кейіпкерлер сабақтастығы жөнінде ғылыми зерттеулер жасады. Әдебиетте өзгеше бағыты, өзіндік ерекшелігі бар жазушының әйгілі «Боран», «Шырағың сөнбесін», «Қаһарлы күндер» атты романдары мен «Сұңқар туралы жыр» аудармасынан сахналық көріністер көрсетіліп, шығармаларынан монолог оқылды. Оқушылар Т.Ахтановтың тұстастарының және замандастарының оған берген бағасы туралы пікірлерден және кемеңгер жазушыға арнаған қазақ ақындарының өлеңдерінен үзінділер келтірді. Кеште жазушының баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары мен шығармалары жинақталған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Ақтөбе қалалық ғылыми — әдістемелік орталық директорының орынбасары Абыл Насухин, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр артисі Шалқия Бақытжанова мен осы театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Әлімжан Сатыбалды кештің ашылу салтанатында сөз сөйледі. Жазушының көзін көрген қаладағы Оңтүстік-Батыс елді мекенінің тұрғыны Әбдікәрім Абдуллаев естелік әңгімесін айтса, «Абайтану» арнаулы курсының жетекшісі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Қуанышбай Қонтай жазушы туралы сыр шертіп, Т.Ахтанов шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатындағы іс-шараларды жүйелі ұйымдастыру керек деген ұсыныс жасады.
Қалалық ғылыми-әдістемелік орталықтың әдіскері Қ.Ермағамбетова мен театр директорының орынбасары Ш.Құрманалиқызы кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына басшылық жасаған мектеп директоры Индира Бексұлтанова мен директордың әдістеме ісі жөніндегі орынбасары Ғалида Омарханға кешке көрермен ретінде қатысқан қала мектептері өкілдері алдында салтанатты түрде Алғыс хат табыс етті.
С.ҚАЛИЕВА,
№10 орта мектептің мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.
Кітап — мәңгілік құндылық
Өміріміздің ажырамас бір бөлшегіне айналған баға жетпес дүние — кітаптың мәні мен маңызы ескеріліп, 1996 жылдың 23 сәуірі күні ЮНЕСКО көлемінде Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық қорғау күні жарияланды. С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында осы күнге байланысты «Кітап — уақыттың мәңгілік куәгері» атты әдеби кеш өтті.
Оған облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлім басшысы Тимур Үбішев, осы бөлімнің бас маманы Ержан Нақылов, Қазақстан баспаханаларының Ақтөбе облысы бойынша өкілі, «Студент» кітап сауда үйінің директоры Самат Өзбекбаев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің және Қазақ гуманитарлық заң колледжінің студенттері қатысты.
Шара барысында «Уәде», «Аспан мен жердің арасы» кітаптарының авторы Бауыржан Бабажанұлы Абайдың «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» дегенін айтып, жастарды кітап оқуға үндеді.
Әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлім басшысы Тимур Үбішев қазіргі таңда зияткерлік меншік саласы қоғам дамуындағы ең маңызды бағыттардың бірі болып отырғаны туралы заңға сүйеніп, мәліметтер берді. Ал департаменттің бас маманы Ержан Нақылов заң колледжі оқушыларының сұрақтарына жауап беріп, авторлық құқық қорғау саласында қандай жаза қолданылатынын, зияткерлік меншік құқығы туралы басқа да мәселелерге тоқталды.
Ал «Студент» кітап сауда үйінің директоры Самат Өзбекбаев авторлардың кітаптары мен баспа өнімдерін таратушы ретінде қазақ тіліндегі кітаптарды басып шығару және оны тарату ісі, қандай кітаптар оқырмандар арасында сұранысқа ие, соңғы шығып жатқан жаңа, құнды әдебиеттер төңірегінде мағлұмат беріп өтті.
— Кітап — біздің рухани құндылығымыз, теңдесіз байлығымыз болса, ал кітапхана — оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Кітапханамызда кітап оқуды насихаттау, оқырмандарды кітапханаға тарту, оқу мәдениетін қалыптастыру, жалпы оқуға деген қызығушылықты арттыру мақсатында халықаралық, республикалық, өлкелік кітап акциялары мен «Оқы және өзгеге ұсын» кітап марафоны өтіп жатыр, — деген кітапхана директоры Марат Төлебайұлы «Жаңа ғасырға — жаңа кітап» апталығына белсене қатысқан Лабат Қалабаева, Ақнұр Боранғазы, Әсем Сағындықова, Ақмарал Мұқашева сияқты кітапхананың тұрақты оқырмандарына Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.
Шара барысында Қазанғап атындағы өнер мектебінің оқушылары Әлішер Арғынбек Ақтамбердінің термесін, Геннадий Ли «Беташар» күйін орындап, көпшіліктің көңілінен шықты. Оқырмандарға «Кітап ескерткіштері», «Кітап және уақыт» атты слайдтар ұсынылып, олар шара соңында «Кітап — даналық қазынасы» атты кітап көрмесін тамашалады.
Р.Қуандыққызы,
кітапхана қызметкері.
«Дауа» — байқау қазығы
Ізтай.Мәмбетов атындағы аудандық балалар кітапханасында жырсүйер оқырмандар арасында ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауа» кітабы бойынша «Жыр еркесі — Фариза» атты көркемсөз оқу байқауы өтті. Бұл — ауданның 80 жылдық мерейтойы және «Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған шара.
Мақсат — жастардың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, ана тілдің айбынын асқақтату әрі олардың кітап оқуға құлшынысын арттыру.
Кітапхана әдіскері Айнұр Төлегенованың жүргізуімен өткен шара үш бөлімнен тұрды. Байқауға қатысқан 20 үміткер өлеңмен өздерін таныстырып, ақынның «Дауа» кітабына енген кез келген өлеңді жатқа айтуы тиіс болды. Ал үшінші кезеңде үміткерлер Алға өңірінен шыққан ақындардың шығармашылығына тоқталды.
Кеште кітапхана меңгерушісі Ақшолпан Ізтілеуова ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасады. «Фариза — поэзия падишасы» атты кітап көрмесін тамашалағандар да көп болды.
Байқау шарттарынан сүрінбей өткен №3 Алға қазақ орта мектебінің 9-сынып оқушысы Гүлсана Айдарбаева өзге қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, бірінші орынды иеленді. 84 ұпай жинап, екінші орынға іліккен №4 Алға орта мектебінің 6-сынып оқушысы Жұлдыз Балмұрзинаға да көпшілік қошемет көрсетті. Қарағаш ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Гүлім Жолдасова да бұл байқаудан жүлделі қайтты.
Байқауға қатысушыларға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Күләш ЖАЛМАҒАНБЕТОВА,
Алға ауданы.
Байқауға қатыс, бақ сына!
Жастардың шығармашылық қабілеттерін ашып, фотоөнерге бейімдеу, фотоөнерді ізгі мақсаттарға қолдануға шақыру мақсатында www.kalaisyn.kz жастар порталы «Фотолавка» мамандандырылған сандық фототехника дүкенімен бірігіп 1 маусым — балаларды қорғау күні қарсаңында «Бақытты балалық» атты қазақстандық кәсіби және әуесқой фотографтар арасында фотобайқау ұйымдастырмақшы.
Фотобайқауды Балаларды қорғау күніне арнаудың да өзіндік сыры бар. Сәбидің риясыз күлкісі — ол бейбітшіліктің нышаны, ол — бақыттың нышаны. Сол бақытты сәтті шеберлікпен көрсете білу — бақыт пен қуанышты көпшілікпен бөлісу. Порталға суреттер 2013 жылдың 20 мамырына дейін қабылданады. Келіп түскен суреттер іріктеліп, мамырдың 20-сы мен 30-ы аралығында дауысқа түседі. Маусым — балаларды қорғау күні жеңімпаз анықталады.
І орын – Epson L800 принтері
ІІ орын – Compact Flash Transcend 32 Гб
ІІІ орын – фотоаппаратқа арналған Vanguard сөмкесі.
Бақытты сәттермен бөлісіп, бақ сынап көріңіздер.




