Басты бет » Білім » Жаңа мектеп – елбасы сөзінің куәсі!

Жаңа мектеп – елбасы сөзінің куәсі!

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Шанхай» ауданында 1200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектеп Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынды. Салтанатты шараға облыс әкімі Елеусін Сағындықов, Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов, ата-аналар, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.

Алдымен облыс басшысы Елеусін Сағындықов құттықтау сөз сөйледі:

– Құрметті мектеп ұжымы, қымбатты ата-аналар, оқушылар, қуаныш құтты болсын! Соңғы уақытта облысымызда бірнеше ғимараттар бой көтерді. Әрине, мұның барлығы жақсы іс. Ал балаларға арналған нысандардың орны бөлек. Сондықтан бүгінгі шараның маңызы ерекше.

Жалпы, биылғы жыл жақсы жаңалықтармен басталды. Он шақты күн бұрын 320 орындық балабақша ашылды. Сол кезде Ойыл ауданында да жаңа нысан – аудандық аурухана пайдалануға берілген еді. Ал бүгін жаңа мектептің тұсаукесер рәсіміне жиналып отырмыз.

Жаңа білім ордасы – Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған мектептердің бірі. Бұл мектеп қай жағынан да ешбір облыстың, тіпті, әлемнің мектептерінен кем түспейді. Жақында ғана Елбасы Астанада үлкен мектептің тұсауын кескен болатын. Бүгін сол игі істің жалғасы болып жатыр.

Жаңа мектеп жаңаша жұмыс жасайды, нағыз білімнің ордасы болады деген ойдамыз. Осында оқитын оқушылар заман талабына сай жақсы, терең білім алады деп сенеміз.

1991 жылы Ақтөбе қаласында жалғыз ғана қазақ мектебі болған еді. Онда 340 бала оқитын-ды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ мектептерінің саны көбейді. Міне, тәуелсіздік деген осы!

Қазір қаржы дағдарысы туралы біраз әңгімелер айтылып жатыр. Рас, дағдарыс біздің елді де айналып өткен жоқ. Дегенмен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаржы дағдарысы әлеуметтік саланың өркендеуіне, дамуына кесірі тимеуі керектігін қадап айтты. Он шақты күннің ішінде Ақтөбе қаласында бір емес, екі білім мекемесі ашылды. Елбасы сөзінің куәсі – осы. Жақында 5 дәріхана ашуды жоспарлап отырмыз. Облыс бойынша биыл 15 мектеп пайдалануға беріледі! Сонымен қатар 14 балабақша бой көтереді. 26 елді мекенге қайтадан су құбырын тарту жоспарда бар. 200-ден аса зауыт-фабрика іске қосылады. Нәтижесінде 14-15 мың жұмыс орны ашылады. Мұның барлығы – биыл істелетін жұмыстар. Сондықтан қорқатын, қобалжитын ешнәрсе жоқ. Бір нәрсе анық: дағдарыс мәңгі болмайды.

Тағы да баршаңызды жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын!

Бұдан кейін мектеп құрылысын жүргізуші «МАС-ТАК» ЖШС-ның құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Федоров мектеп директоры Ләззат Оразбаеваға естелік кілтті табыс етті.

Одан соң халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық төрағасы Кемейдолла Төлеубаев жиналғандарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, бата берді. Бұдан кейін ата-аналар атынан Сәтжан Дәрібай сөз алды:

Құрметті Елеусін Наурызбайұлы, ұстаздар, ата-аналар, оқушылар, бүгін – біз  үшін ақ түйенің қарны жарылған, кемтігіміз толған күн. Елбасы тапсырмасымен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған білім ордасы біз үшін үлкен мерейлі қуаныш  болып отыр. Сондықтан Елбасына, облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа және осы мектепті салуға еңбегі сіңген барлық азаматтарға ата-аналар атынан зор алғысымды білдіремін.  Осы мектептің оқушылары сабақтарын жақсы оқып, отансүйгіш азамат болып ер жететіндеріне сенімдімін. Ортақ қуаныш бәріңізге құтты болсын!

Бұдан соң облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен «МАС-ТАК» ЖШС-ның құрылтайшысы Сергей Федоров мектептің тұсауын кесіп, білім ордасының ішін аралап көрді.

Жаңадан пайдалануға берілген ғимараттың құрылысы 2007 жылы қыркүйекте басталды. Сметалық құны – 1 млрд. 462 млн. 497 мың теңге. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінді. Мектепке Ақтөбе қаласы әкімінің бұйрығымен №40  орта жалпы білім беретін мектеп мәртебесі берілді. Мұнда бұрынғы №40 негізгі мектептің 821 оқушысы мен 62 мұғалімі ауыстырылды.

Ләззат ОРАЗБАЕВА, мектеп директоры:

– Ескі мектеп ғимараты 250 орындық болатын. Онда 1-9 сынып оқушылары оқитын еді. Енді жаңа оқу жылынан бастап  10-11 сынып оқушыларын да қабылдай аламыз. Жалпы, өзіміздің ауданға қарасты 1500 оқушы бар. Ескі мектебімізде соның 821-і  оқыған-ды. Қыркүйекте барлық оқушыларымызды өзімізге қабылдайтын боламыз.

Жаңа ғимаратта бір кезеңде 1200 оқушы дәріс ала алады. Мектептің ерекшелігі, ауданы – 16 500 шаршы метр. Ғимарат бір-бірімен басты кіріс тобы орналасқан орталық, үш қабатты қоғамдық-тұрмыстық «А» блогымен жалғастырылған екі үш қабатты 4 оқу блогынан тұрады. Оқу блогында 48 класс бар. Оның ішінде 4 класс шет тілін оқу үшін арналған.

Перизат ӨТЕГЕНОВА, 9-сынып оқушысы:

– Бүгін – біз үшін ең қуанышты күн. Енді біз жаңа мектепте оқитын боламыз. Мектебіміз өте әдемі әрі білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Барлық кабинеттер соңғы үлгідегі жиһаздармен қамтылған. Осындай зәулім ғимарат салып берген билік өкілдеріне оқушылар атынан ризашылығымды білдіремін.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.