Жастар

Болашаққа апаратын жол

 

«Болашақ» халықаралық сти­пен­­диясының атауы «келешек» деген сөздермен астасып жа­тыр. Аталған бағдарлама тағайындалған кез­­де Қазақстан енді ғана тәуел­сіздігін жариялап, егемен ел бо­лып, әлемге таны­ла бастаған еді. Бұл бағдарламаның мақсаты — Қазақстанның саяси-экономикалық әлеуетін көтеретін білікті кадрлар дайындау болатын. Мұндай озық тәжірибені Қазақ елі ТМД-да бірінші болып енгізіп, бүгінде соның оң нәтижелерін көре бастады. Әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарынан білім алып келген жас мамандар Отанымызды өркендету жолында жемісті еңбек етуде.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауында заманауи білім беру жүйесінің аясында кадрлар даярлау мен қайта даярлауда жастардың білім сапасын арттыру, сонымен қатар кәсіби біліктіліктерін жетілдіруге баса назар аударылған. Осындай ізгі мақсаттарды жүзеге асыруда «Болашақ» бағдарламасының маңызы да, мәні де зор. Бұған дейін аталған бағдарламаның негізінде дарынды мектеп түлектеріне республикамыздың экономикасын дамытуға қажетті мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндіктер берілсе, енді, міне, магистратура, докторантураға кеңінен жол ашылумен қатар, жас ғалымдардың шетелдерде тәжірибе жинақтап, білім мен біліктілігін көтеруге, кәсіби шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік туды.

Бұл жерде көңілге қонымдысы — «Бо­лашақ» бағдарламасына үміткер талапкерлерді іріктеу жүйесінің ха­лықаралық талаптарға сай жүргізілуі. Сон­дықтан әрбір ұжым, мекеме талапты да талантты жастарына үміт артып, қолдау көрсетіп, жолдамалар берді. Осындай жолдама негізінде мен де Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің әлеуметтік-саяси пәндер ұжымы атынан өз бағымды сынап, байқауға қатыстым. Байқау барысында басқа да үміткерлер сияқты мемлекеттік тіл, интеллек­туал­ды-психологиялық тест тапсырып, Тәуелсіз эксперттік комиссия (ТЭК) талқысына түсіп, «Болашақ» стипендиаты атандым. «Болашақ» бағдарламасының үміткерлері үшін ең қуанышты сәт – ТЭК қорытындысының оң шешімі. Әрине, бұл емтихандардың ҰБТ, ма­гистратура және докторантураға қабылдау емти­хан­дарынан талабы да, талғамы да, құ­рылымы да өзгеше. Яғни қызметкерлердің жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған. Мемлекеттік қаржыландыру есебінен білім алуға үміткерлердің барлығы тиісті сынақтардан ғана сүрінбей өтуі керек еді.

Мен Италияда Лакуила университетінің әлеуметтану  мамандығы бойынша жарты жылдық тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алдым. Негізгі мақсат – Италияның жоғары білім беру жүйесі, қоғамның осал топтарына көрсетілетін медициналық, әлеуметтік көмек саясаты,  бейімделген алдын алу спорт жүйесімен танысу болды. Сонымен қатар итальяндық бастапқы медико-санитарлық көмек мекемелерінің, спорт-сауықтыру орталықтарының, спорт саласындағы қоғамдық ұйымдардың жұмысымен таныстым.

Осы және басқа да шаралар мүмкіндіктері шектеулі адамдарды көпшілікпен етене араластыруға бағытталған әлеуметтік парадигмаларды саралауға мүмкіндік берді.

Қазақстандықтардың әрбір жаңа буыны мүгедектіктің кандай өзекті мәселе екенін түсінеді. Сол себепті де мүгедектерге күнделікті қамқорлық көрсетіп, оларды ұдайы қолдап, мұң-мұқтаждықтарына көңіл бөлу бүгінде мемлекеттің әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігіне айналып отыр.

Жетекші жоғары оқу орнында алған тәжірибемді өз университетімде қолданарым сөзсіз.

Түйіп айтсам, «Болашақ» бағ­дарламасы Қазақстанда сапалы адами капиталды орнықтыру бойынша өз әлеуетін айтарлықтай ны­ғайтты және Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын іске асырудың маңызды тетігі болып табылады деп ойлаймын.

Самат КҮМІСПАЕВ,
«Болашақ» стипендиясының иегері,
Марат Оспанов атындағы БҚММУ-нің әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

 

«Болашақ»:

«Шетелдегі студент» ақпараттық жүйесі енгізілді

 

«Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алу үшін құжат қабылдау барысы жеңілдетілмек. Және шетелде оқыған жастардың елге оралуы бұрынғыдан да қатаң қадағаланатын болады.

Сейсенбі күні өткен үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай деп мәлімдеді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық бастамасымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалғанына биыл 20 жыл болды. 1994-2013 жылдар аралығында 9250 стипендия тағайындалып, 5714 адам оқу бітірген. Ал 2 796 стипендиат әлемнің 33 елінде білім алуда.

— «Болашақ» бағдарламасының түлектері жоғары кәсіби біліктіліктің үлгісін көрсетуде. Олардың көпшілігі мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жауапты қызмет атқаруда. Мысалы, Бауыржан Байбек, Ғабидолла Әбдірахымов, Қуандық Бишімбаев, Қуаныш Тілеушин және басқаларды атауға болады. 
Бүгінде түлектердің 20%-ы мемлекеттік секторда жұмыс істейді. Сонымен қатар, ұлттық компанияларда — 21%, жекеменшік компанияларда – 55%, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарда  4%-ы қызмет етіп жатыр, — деді министр.

Бағдарламаның осындай жетістіктерін айта келе, министр алдағы уақытта болашақтықтардың елге оралуы қатаң бақылауда болатынын айтты. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен тізе қоса отырып, «Шетелдегі студент» ақпараттық жүйесін енгізді. Бұл жүйе «Болашақ» түлектерінің елге келуі мен жұмыс жасауын бір сәт те назардан тыс қалдырмай, бақылап отыратын болады. Сонымен бірге «Болашаққа» түсу, құжат тапсыру барысында да бірқатар жеңілдіктер болатынын тілге тиек етті. Министрдің айтуынша, «Болашақ» стипендиясына құжаттар қабылдау Мемлекеттік қызметтер тізіміне енгізілді. Бұл еліміздің барлық азаматтары елдің кез келген жерінен Электрондық үкімет порталы, халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы құжаттар тапсыра алады деген сөз. Ауылдық жердегі үміткерлердің аз қатысуына байланысты кепілдікпен қамтамасыз етуге қатысты талаптар да қайта қаралып, мәселе шешімін тапқан.

— Енді біз 2050 Стратегиясында қойылған жаңа міндеттерді орындауды бастадық. Атап айтқанда, аймақтарды экономиканың сұранысына сәйкес білікті мамандармен қамтамасыз ету. Бұл мәселені мынадай жолмен шешуді ұсынамыз. Өңірлік даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жыл сайын аймақтың мамандарға сұранысы бойынша мақсатты өтінім жасайды. Біздің министрлік оларды аймақтарына қайтара отырып, бағдарламалық-мақсатты даярлауды үйлестіреді. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі мен Өңірлік даму министрлігі арасында меморандум жасауды орынды деп есептейміз. Сәуірден бастап Халықаралық бағдарламалар орталығы жергілікті жерлерде құжаттарды жинау арқылы ақпараттық жұмыстар жүргізеді, — деді министр.

Осы бағытта ол ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтен облыс әкімдеріне қажетті қолдау көрсету бойынша тапсырма беруін сұрады.

Тағы бір айта кетерлігі — мемлекеттік органдардағы мамандарды кәсіби стажировкадан өткізу, мамандық топтарын нақты даярлау бағытында да бірқатар шешімдер қабылданды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының төрағалығымен өткен Республикалық комиссияның соңғы отырысында мәдениет, журналистика, ақпараттық технологиялар саласына, сондай-ақ техникалық және қоғамдық-саяси мамандықтарға, ұлттық қауіпсіздікке қатысты ммандық топтарын даярлау туралы ұсыныстар сөз болған-ды. «Біздің министрлік тиісті орталық органдармен бірлесіп, осындай топтарды жасайтын болады», — деді министр.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Жас ғалымдар апталығы ашылды

 

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында «Жастар ғылым жолында — 2013» студенттердің ғылыми апталығы ашылды. Ғылыми апталықтың бірінші күні Студенттер сарайында ұйымдастырылған «Дарынды жас — елдің болашағы» тақырыбындағы конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген институт ректоры Амантай Нұрмағамбетов Елбасының мұрындық болуымен елімізде ғылымды дамыту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты. Осы бағытта институттың да қосқан зор үлесі, студенттердің республикалық дәрежедегі додаларда жеткен жетістіктері сөз болды. Апталықтың мәнін аша түсу үшін ғылыми конференция барысында студенттердің пікірлері де тыңдалып, факультеттер бойынша студенттердің ғылыми жұмыстарының көрмесі, секция мәжілістері өтті. Ғылыми апталық аясында семинар, дөңгелек үстел, ғылыми үйірмелердің отырыстары, шығармашылық жұмыстардың, ғылыми жобалардың байқауы, интеллектуалды ойындар ұйымдастыру жоспарға енгізілген шаралар қатарынан орын алған. Осының бәріне апта бойы институттың оқытушы-профессорлық құрамы, студенттер, басқа да жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысады.

— ҚР Үкіметінің жанынан жоғары ғылыми-техникалық комиссияның құрылуы, ұлттық ғылыми кеңестердің, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамалардың ұлттық орталығының ашылуы елімізде ғылым саласын басқарудың жаңа жүйесі енгізілгенінің бір дәлелі. Ғылымды қаржылардырудың жаңа жүйесі жасақталды. Егер 2011 жылы бұл бағытқа 20 миллиард теңге жұмсалса, өткен жылы 45 миллиард теңге бөлінді.

Әлемдік қоғамдастықта қазақстандық ғылымның ықпалын күшейту мақсатында Томсон Рейтерс, Шпингер, Эльзевир — шетелдік ғылыми-техникалық ақпараттар ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша сұрақтар шешілді. Соның нәтижесінде қазақстандық ғалымдардың зерттеу мақалаларының әлемдік рейтингке ықпал ететін баспасөз беттерінде жариялануы жиіледі.

Елбасы Қазақстан экономикасының дамуына ғылымның үлес қосуын талап етіп отыр. Бұны еліміздегі жоғары оқу орындарына қойылып отырған талап деп түсіну ләзім. Осыны ескерген біздің институт та студенттердің ғылыми әлеуетін дамытуға мүмкіндік туғызу мақсатында бірқатар шаралар атқарып жатыр. Өткен жылы ғылыми басымдыққа 40 миллион теңгенің бөлінгені институт ауқымында үлкен қаражат болып есептеледі. Егер институтта студенттердің қатысуымен төрт ғылыми орталық зерттеулер жүргізумен айналысатынын айтар болсақ, оның ішінде жаңадан ашылған «Материалдардың радиациялық физикасы» және «Педагогикалық білімнің инновациясы» орталықтарының жұмыстарын ерекше атауға болады. Біздің студенттердің республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда белсенділік көрсетіп жүргені ғылымды дамытуға жасалған алғышарттар деуге болады. Өткен жылы ғылыми жұмыстардың республикалық байқауында төрт студентіміз жүлдегер атанды, — деді Амантай Әбілқайырұлы.

Ғылыми апталықтың жабылу салтанаты кезінде үздік жобалар қорғалып, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарға жолдама алатын болады. Бұл апталықты өткізудегі мақсат та жастарды болашаққа жетелеуге, өңірде ғылымды дамытуға үлес қосуға негізделгендіктен, апталық аясында магистранттар мен студенттердің аймақтық ғылыми-практикалық онлайн конференциясы, арнаулы пәндер бойынша олимпиадалар, ғылыми үйірмелер мен проблемалық топтардың ашық отырыстары ұйымдастырылмақ.

— 12 сәуір күні елімізде ғылыми қызметкерлер күні атап өтілді. Осыған орай Алматыда ғылыми конференция өтіп, біздің тарапымыздан бұл шарадан тыс қалмау үшін ғылыми апталық ұйымдастырылып отыр. Бұл апталық зор маңызға ие. Жыл сайын институт студенттері алған білімдерін халықаралық жарыстарда көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатады. Мәселен, Орынбор қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің жас ғалымдары арасындағы бірінші халықаралық байқауға қатысқан 62 адамның ішінде біздің институттың 2-курс студентінің ғылыми жобасы жүлдеге ие болды.

Институт студенттері халықаралық әріптестік аясында ұйымдастырылатын байқауларға да қатысып,  Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Германия елшіліктерінің қолдауымен оқу гранттарын алуға тырысуда. Елбасының Қазақстанды 30 көшбасшы елдің қатарына іліктіру мақсатында жасап жатқан саясатына үлес қосу аса маңызды, ол үшін ғылымды дамыту үлкен мәнге ие екенін студенттерге түсіндіреміз, — деді институт жанындағы ғылым және халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гүлжан Шоқым.

Айгүл БАЙМЕНОВА.     

 

 

 

Отынсыз электр тогын беретін генератор ойлап тапқан жігіт

 

 

Ақтөбелік 24 жастағы өнертапқыштың жаңалығы шет ел ғалымдарын қызықтырып отырғанымен, Қазақстанда еш қолдау таппай отыр.

Қазақ көлік академиясы Ақтөбе көлік және коммуникация колледжінің жас мұғалімі Арман Әбілқамиев 22 жасында электр энергиясының балама көзі ретінде пайдалануға болатын инерциялық электр генераторын ойлап тапқан, яғни жанар-жағармайсыз ток өндіруге болатынын дәлелдеген. Егер оның жаңалығы өндіріске енгізілсе, қазір біз айтып жүрген баламалы энергияның тағы бір көзі табылды дей беруге болады.

 

— Физика ғылымының электр энергетикасы саласына жататын бұл өнертабыстың басты жаңалығы — электр энергиясын өндірудің балама көзі ретінде маховикті, яғни инерциялық дискті қолдану. Негізгі мақсаты — арзан электр энергиясын беретін, қолданысқа тиімді, отынсыз жұмыс істейтін, ұзақ қызмет ететін электр тогының генераторын жасау.

Инерциялық электр генераторының жұмыс істеу принципі өз осінен айналып тұрған дененің инерциясын электр энергиясына түрлендіруге және жұмсалып отырған электр энергиясын бірнеше есе өндіріп алуға негізделген.

Жүйені бастапқы тыныштық күйден қозғап айналдыру үшін электр қозғалтқышының қуаты жетпейтіндіктен, тісті беріліс арқылы генератор роторының білігімен байланысқан автомобильдерде қолданылатын электр стартері пайдаланылады. Электр стартері гальваникалық элементтен (электр аккумуляторы) қоректенетіндіктен, инерциялық генератор кернеуі 12В тұрақты электр тогын пайдаланып, кернеуі 220В немесе 380В айнымалы электр тогын өндіре алады. Бұл салыстырмалы жағдайда инерциялық электр генераторының жай ғана моделі ретінде болғанның өзінде, дәл осындай принциппен жұмыс істейтін бірнеше мегаваттық үлкен инерциялық электр станцияларын салуға жол ашады, — дейді өнертапқыш Арман Әбілқамиев.

 

Айналып тұрған денеде пайда болатын инерциялық қасиетті тиімді пайдаланудың жаңа жолын алғаш рет 2009 жылы Австрияда өтетін жылдық техника жаңалықтарының көрмесінде орыс инженері Эдвид Линевич ұсынған. Ол энергия көзі ретінде жүктің инерция қасиетін пайдалануға болатындығын дәлелдейтін электр энергиясын үнемдегіш генератор ойлап тапқан. Алайда Арманның жаңалығы Линевичтің жаңалығынан оқ бойы озық шықты — себебі Арманның инерциялық электр генераторы токты үздіксіз береді, Линевичтің генераторы токты үзіп-үзіп береді екен.

Арманның өнертабысына жергілікті физик профессорлар қарсылық білдіріпті. «Бұл физикалық тепе-теңдікті бұзады. Физика заңдылықтарына сай, электр тогын отын арқылы аламыз. Қанша отын жұмсалады — сонша электр тогы шығындалады. Ал сен жоқтан бар жасап отырсың», — депті олар. 

«Жоқтан бар жасаған» Арман бұл өнертабысы туралы ақпаратты Ұлттық инновациялар порталына салған бетте оған түу Бі­рік­­кен Араб Әмірліктерінің әлемге әйгілі мұнай компанияларының бірінен ұсыныс түсіпті: «Сенің мынау жаңалығың тамаша екен. Біз саған бұл жаңалығыңды сынақтан өткізіп, кәсібіңді жүргізуге көмектесеміз. Бізге кел», — депті. Алайда Арман барған жоқ. Ойлап тапқан жаңалығының толық нұсқасы өз елінде жасалғанын қалаған. Бірақ Арманның отынсыз ток өндіретін инерциялық электр генераторына қызығушылық танытып отырған отандық кәсіпорын көрінбейді.

— Менің жаңалығымның түбі бір күні пайдаға асарына сенемін. Себебі қазір әлемде энергетикалық тапшылық мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Дүние жүзінде мұнай қоры азайып, қуат көзін тұтыну деңгейі артып барады. Елімізде де электр қуатының тапшылығы алдағы уақытта үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Кейбір болжамдар бойынша, елімізде 2020 жылға қарай энергия тұтыну көлемі 2 есеге дейін артады. Экономикамыз қарқынды даму үстінде, ал электр энергиясынсыз экономика болмайтынын ескерсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл экономикаға», яғни баламалы энергия көзіне көшу бастамасы кезек күттірмеуі керек, — дейді өнертапқыш.

Арман Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті «Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына патент алуға өтініш білдірген. Электр энергетикасы саласындағы бірден-бір ғылыми жоба саналатын Арманның инерциялық электр генераторын пайдаланатын күн туар әлі…

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

Өзіңе сен!..

 

Еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің төрттен біріне жуығы жастар екен. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлімдеді мұны. Оның айтуынша, қазір мемлекеттік қызметте жұмыс жасап жатқандардың 24 пайызы — 30-ға толмаған жастар. «Болашақ» бағдарламасы да білімді, білікті кадрлар даярлауға зор көмек болып отыр. Агенттік төрағасының айтуынша, аталған бағдарлама бойынша оқып келіп, қызмет етіп жатқан жастар үш тілді еркін меңгерген, басқару ісін жақсы білетін мамандар.

Сарапшылардың айтуынша, ендігі жерде жас кадрлардың сапасы одан әрі жақсаратын болады. Оған мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа заң ықпал етуі керек. Бұл заң қызметке орналасудағы «тамыр-таныстықтың», «әке-көкенің», қысқасы барлық «бармақ басты, көз қыстылықтың» жолын кесуге тиіс дейді сарапшылар. Ә.Байменов мемлекеттік қызметте жастардың еңбегін бағалап, білімі мен білігіне қарап өсіру жүйесін, яғни меритократия жүйесін жолға қоятынын айтады.
— Осы жүйені дұрыс жолға қойсақ, кадрларды іріктеу саласында тамыр-таныстықты жойсақ, білім-білігіне қарап іріктейтін басымдық қалыптасса, онда жастардың өзі мемлекеттік қызметке кіріскенде, одан әрі жоғарылағанда өз білімі мен еңбегіне сүйенетін болады. Сосын ең төменгі лауазымға қойылатын талаптар ішінде еңбек өтіліне талаптар жұмсартылады, — деді ол.
Қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып саналып келген тамыр-таныстық арқылы жұмсақ креслоға сатылап емес, «лифтімен» баратын мәселе талай талқыланып, талай айтылған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл мәселеге үлкен мән беріп, өткен жылы Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде «жастарға арналған әлеуметтік лифт жүйесін құрудың заңдық және әлеуметтік-экономикалық шараларын әзірлеуді» үкіметке тапсырған болатын. 

Әлихан Бәйменовтің айтуынша, жаңа заң мемлекеттік қызметке ұмтылған жастарға жаңа мүмкіндіктер беруге тиіс. «Жас мемлекеттік қызметкерлерге бастапқы лауазымдар үшін өтілім талаптары жеңілдетіледі. Бұл мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келетін жастар үшін жақсы түрткі болмақ. Мемлекеттік қызметте мансапты жоғарлату үшін өтілім талаптары жеңілдетіледі», —  деді агенттік төрағасы. Сонымен қатар ол әкімшілік саласындағы қызметке үмітті жастардың да кадрлық резерв қатарында болатынын және сол жерден кез-келген мемлекеттік органға жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болатынын атап өтті. Бұған қоса мемлекеттік органдардың комиссиялары қалыптастырған резервтік құрамның үміткер іріктеу мен әңгімелесуден өткен мемлекеттік органдарға ғана жұмысқа тұра алатын, осылайша, әлемнің мықты оқу орындарын бітірген жастардың Ұлттық кадрлық резервке тіркелу мүмкіндігі барын айтқан-ды.

Қысқасы, ендігі жерде мемлекеттік қызмет саласында «көкесіне» емес, өзінің білім-білігіне сенетін жастардың жолы болайын деп тұр. Абай айтпақшы, «Өзіңе сен! Өзіңді алып шығар, білімің мен ең­бегің екі жақтап!». Бұл тек мемлекеттік қызметтегі емес, барлық саладағы жастардың ұраны болуға тиісті сөз болса керек.

Өткен аптада Ақтөбе қаласы әкімдігіне бас сұғып, сол жердегі жастармен пікірлескен едік. Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінің басшысы Салтанат Баекенованың айтуынша, қала әкімі аппаратындағы қызметкерлердің 32 пайызы — 30-ға дейінгі жастар. Ұжымда еңбек және өмірлік тәжірибелері мол қызметкерлер де бар. Олар өз тәжірибелерімен жас мемлекеттік қызметкерлермен әрдайым бөлісіп, ақыл-кеңес беріп отырады. Салтанаттың өзі мемлекеттік қызметке 22 жасынан бастап араласқанын айтады.

  Ұйымдастыру және кадрлар жөніндегі жұмыс бөлімінде он жылдан бері қызмет жасап келемін. Алдымен бас маман болып білімімді шыңдап, тәжірибемді арттырдым. Қазір бөлім басшысымын. Мемлекеттік қызметтің қызығы да, қиындығы да бар. Кешке дейін, тіпті демалыс күндері жұмыс жасасақ та,  қаламыздың өсіп-өркендеуіне, дамуына титтей де болса үлесімізді қосып жатырмыз деген ойдың өзі қуантады, шабыт береді, — дейді. 

Салтанаттың айтуынша, мемлекеттік қызметке орналасу үшін өткізілетін конкурсқа жастар жағы көп қатысады. Оқу орнын жаңа тәмамдап, дипломын қолына жаңа алғандары да, өндіріс саласында, басқа да салаларда жұмыс жасап, тәжірибе жинақтап келгендер де бар. Екі мемлекеттік қызметкер — бөлім басшысы Аслан Махатов пен бас маман Рахымжан Орынбасаров ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Қазір Рақымжан «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда білім алып жатыр. Келген соң өз қызметін әрі қарай жалғастырады.                      

— Ал мемлекеттік қызметте өзіңе жүктелген міндеттерді уақытылы, сапалы атқарып, өз ісіңе жауапкершілікпен қарай білсең, білім, біліктілік және тәжірибенің арқасында алға қойған ойларыңа қол жеткізуге болады, — дейді Салтанат.

 

Аталған бөлімнің бас маманы Дәулетияр Тоғызбаев 23 жаста. Ақтөбе мемлекеттік университетінің экономика факультетін қаржы және несие біліктілігі бойынша тәмамдағаннан кейін «Транстелеком» компаниясының жергілікті филиалында қызмет еткен.

    Өте жақсы жерде жұмыс жасадым. Және ол жерде «өстім»де, — дейді өзіне тән жастық албырт көңілмен көсіле сөйлеп, — жалақым да жақсы болды. Дегенмен, көңілім мемлекеттік қызметті қалады. Көптеген адамдар мемлекеттік қызметте жұмыс жасау оңай деп ойлайды. Мен мемлекеттік қызметке келгеннен кейін бұл қате түсінік екенін түсіндім. Қала әкімдігінің негізгі жұмысы – күннен күнге өсіп келе жатқан облыс орталығының күнделікті тіршілігін сапалы қамтамасыз ету, ол ауқымды жұмыс. Өз қызметтік міндеттеріңнен басқа, қосымша қоғамдық жұмыстар бар. Олар тұрғындармен жиындар өткізу,  сенбіліктер өткізу және өзіңе бекітілген аумақтың тазалығын қадағалау және т.б.  Қаламыздың көркеюіне үлесімізді қосып жүргенімізге көңіліміз қуанады.

Дәулетиярдың айтуынша, мемлекеттік қызметке келіп жатқан жастардың қатары көбейіп келеді. Мысалы, соңғы конкурсқа қатысқан 25 адамның 24-і — жасы 29-ға дейінгі жастар екен. Конкурстық комиссияның хатшысы ретінде байқағаным, жастар мемлекеттік қызметке қаламыздың дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосамын деген мақсатпен келеді. Және бір айта кетерлігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменовтің конкурстарды ашық, жария түрде өткізу қажет деген тапсырмасына сәйкес, соңғы екі конкурсты депутаттардың, мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен ашық түрде өткіздік. Бұл білімді жастарға берілген зор мүмкіндік», — дейді Дәулетияр.

Әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Мақсат Орынбасар Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі, шығыстанушы. 

— Оқу бітірген соң екі айдай қытай фирмасында жұмыс жасадым. Бірақ ол жердегі қызметім аса ұнай қойған жоқ. Содан соң жастар практикасы бойынша қалалық ішкі саясат бөлімінде екі айдай жұмыс жасап, жарты жылдай штаттан тыс жұмысшы болып жүрдім. Коллектив те, жұмыс та қатты ұнады. Халықпен, көпшілікпен жұмыс жасағанды жақсы көремін. Сонан соң қазіргі жасап жатқан қызметіме байланысты конкурс жарияланған бетте құжаттарымды дайындап, бағымды сынадым. Міне, екі жылдан астам уақыттан бері осы жерде жұмыс жасап жатырмын, — дейді Мақсат.

Қытай тілінде судай сөйлейтін Мақсаттың өндірістің түрлі салаларында сұранысқа ие маман болуына мүмкіндігі бар, әрине. Алайда, жастық күш-жігерін ол мемлекеттік қызметте жүріп, мемлекетке арнауды ұйғарды.

 

Ақтөбе қаласы әкімі аппараты қала инфрақұрылымын дамыту бөлімінің бастығы 29 жастағы Асылан Махатов біз келгенде орнында жоқ екен. Сәлден кейін келді.

— Тұңғышым дүниеге келіп жатыр еді… — деді жұмысқа кешігіп келгенін меңзеп.

    Құтты болсын. Бірақ, әдетте мемлекеттік қызметтегі жастардың уақыты бола бермейтіні, тіпті жеке өмірге де уақыт таппай жататындары болады ғой, — дедім.

    Меніңше, әр адам ең бірінші отбасын дұрыстап алуы керек. Отбасы да шағын мемлекет. Өз «мемлекетіңді» қалыптастырып алу әрбір азаматтың парызы дер едім. Иа, рас, мемлекеттік қызметте жүрген адамдардың жұмысының көптігі соншалықты, тіпті кейде жеке өмірге уақыт таппайтын сәттер болады. Мысалы, мен бар уақытымның 70 пайызын жұмысқа, қалған 30 пайызын ғана отбасыма арнаймын деуге болады. Міне, енді ұлды болдым, бұйырса, бұл 30 пайызды 40 пайыз етіп көбейтуім керек шығар, — дейді әзіл-шыны аралас.

Асылан мемлекеттік қызметте 25 жасынан бастап жұмыс жасап келеді. Оқу бітірген соң басқа ешқандай жұмыс ұнамай, осында келгенін айтады. Екі рет құжат тапсырып, екі рет конкурста тест тапсырып, әкімшілік лауазымдарының ең төменгі сатыдағы жұмыстан бастағанын, тәжірибе жинап, енді міне, бөлім бастығы болып отырғанын айтады. Осының арасында Асылан Махатов ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына құжаттарын тапсырған. Аталған академияға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 225 адамның ішіндегі таңдаулы 50 адам іріктелген. Соның ішінде Асылан да бар.

— Ол кезде қала әкімі Серік Нокин болатын. Мені қабылдауға шақырып, біздің қызметкеріміз оқуға түсті деп жиын жасап, құттықтап: «Саған айтарым, еліміздің дамуын Астананың кабинеттерінен бақылаудан гөрі өңірлерде жұмыс жасап, жұмыстың ыстық-суығына араласып, бойыңа сіңіру қажет. Сонда ғана жақсы маман боласың», — деген болатын. Осы кеңесті ұмытқаным жоқ. Оқу бітірген соң қайтадан Ақтөбеге келдім. Жалпы, мемлекеттік қызметке келген іні-қарындастарыма осы кеңесті мен де ылғи айтып жүремін, — дейді Асылан. 

Жастардың мемлекет ісіне араласқаны, әрине, жөн. Себебі мемлекеттің ертеңі солар. Бұл жай ғана ұрандатып айтыла салатын сөз емес. Кадрлардың алмасуы, үлкендердің кетіп, жастардың келуі — уақыттың ешқашан, ешбір заманда өзгермеген, өзгермейтін талабы. Мемлекеттік қызметте жұмыс жасау деген сөз — ұлтқа, халыққа қызмет ету деген сөз. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметте саяси сауатты, нағыз патриот, ұлтшыл, жан-жақты жастардың көп болуы құптарлық.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

Ауылға бар, жас маман

 

2013-2014 оқу жылына облыс мектептеріне 310 мұғалім қажет. Ауыл мектептері үшін қажеттілік — 241 маман.  Әсіресе,  математика, химия, ағылшын тілі, физика, қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс көп.  Бұл туралы жақында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында өткен «Түлектерді еңбекке орналастыру» шарасында айтылды. Жиынға облыстық білім басқармасының өкілдері, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің, аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімдерінің басшылары, Атырау облыстық білім басқармасының мамандары мен институт студенттері қатысты. 

 

Түлектер ауылға баруға ынталы

 

Шараның мақсаты — институт түлектерін Ақтөбе және Атырау облыстық білім мекемелерінің сұраныстарына сәйкес жұмыс орындарына бөлу.

Алдымен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Амантай Нұрмағамбетов сөз алды. Биылғы  оқу жылында аталған оқу орнын 21 мамандық бойынша  653 түлек бітіреді. Олардың 380-і — мемлекеттік білім грантының иегерлері.

— 2007 жылғы институт  түлектерінің еңбек жолдарын ауыл мектептерінен бастау туралы тастаған үндеуі әр жылғы түлектер арасында зор қолдауға ие болуда.  Нәтижесінде  түлектеріміздің 70-80 пайызы еңбек жолдарын ауыл мектептерінде бастауға ниет білідіріп жатыр, — дейді институт ректоры.

Түлектерді жұмысқа орналастыру облыстық білім басқармасының педагог кадрларға 2013-2014 оқу жылына сұранысы негізінде ұйымдастырылуда. Жаңа оқу жылында облыс мектептері үшін 310 маман қажет екен. Амантай Әбілқайырұлы математика пәнінің мұғаліміне сұраныс орындалмай жатқандығын айтады. Себебі, түлектердің саны — 15. Ал сұраныс — 43 маман. 

Сұранысты өтеу үшін не істеу керек? Бұл туралы Амантай Нұрмағамбетов былай дейді: 

Аудандық білім бөлімінің басшыларымен келісімшарт жасауды жоспарлап отырмыз. Келісімге сәйкес, білім бөлімдерінің мамандары мектеп мұғалімдеріне мониторинг жасайды. Бұл арқылы 4-5 жылдықта негізінен қандай мамандарға сұраныс болатындығын анықтауға болады. Сол мәліметті біздің оқу орнына жібереді. Талапкерлерді оқуға қабылдағанда, осы ұсынысты ескереміз.

Амантай Әбілқайырұлының айтуынша,  мемлекеттік грант иегерлері міндетті түрде жұмысқа орналасады. Ақылы негізде білім алғандардың да 90 пайызы жұмыспен қамтылатын болады.   

Құқық және экономика негіздері мамандығы бойынша бітірген түлектерге сұраныс аздау болып тұр. Бұл  мамандар колледждерде ғана еңбек ете алады. Дегенмен, бұл мамандық бойынша білім алған түлектерімізді де жұмысқа орналастырып жатырмыз, — дейді Амантай Нұрмағамбетов. 

 

Маман қажет, маман

 

Облыс мектептері үшін керек  310 маманның 241-і ауыл мектептеріне қажет.

Облыстық білім басқармасының әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы Шамшат Шалабаеваның айтуынша, Шалқарға — 48, Қобдаға — 40, Темірге — 28, Мәртөк пен  Әйтеке би аудандарына —  25 маман керек.

Әсіресе, математика (43), физика (31), орыс тілі мен әдебиеті (31), химия (29), ағылшын тілі (26)  пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс көп.  Физика пәнінің 31  мұғалімі керек. Ал Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын физика мамандығы бойынша бітіретін түлектердің саны — 21, — дейді Шамшат Оңайқызы.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында өткен «Түлектерді жұмысқа орналастыру» шарасында 210 студент еңбек жолын ауыл мектептерінде бастауға ынта білдіріпті.  

Бұдан институт түлектері ауылға баруға келісім бермей отыр деген ой тумауы керек. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқу бітіретін түлектер аз. Бізге әлі 100 маман керек.

Ұлттық бірыңғай тестілеуде таңдау пәні ретінде географиядан сынақ тапсырушылар көп. Сол себепті бұл пәнді таңдағандардың біразы жоғары оқу орындарында  география мамандығы бойынша білім алады. Мысалы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын биыл география мамандығы бойынша 121 түлек бітереді. Ал бізге керегі — 6 маман, — дейді Шамшат Шалабаева.

Жоспарды толық орындау үшін не істеу керек? Шамшат Оңайқызы  былай дейді:

Сәуірдің 20-сы күні Құдайберегн Жұбанов атындағы мемлекеттік университетте де «Түлектерді еңбекке орналастыру» шарасы өтеді. Аталған оқу орнының студенттерімен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргіземіз.

Сәуірдің 26-сы күні Түркістанға баруды жоспарлап отырмыз. Ондағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы университеттің түлектерімен кездесеміз. Аталған оқу орнында биыл  математика мамандығы бойынша — 55, физика мамандығы бойынша —  24,  орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша —  21 түлек бітіреді екен. Ал бізге әлі 30 — математика, 13 — физика, 31 — орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жетіспейді.

Реті келгенде айта кетейін,  мектептерге маман тарту — мектеп басшысының міндеті. Сол себепті мектеп директоры мұғалімдердің мониторингін жасауы қажет. Сонымен қатар, өз оқушыларын бейіміне қарай қажет болатын мамандықтарда оқуға кеңес беріп, дайындаған жөн. Сонда маман тапшылығы болмас еді.

Шамшат Шалабаеваның айтуынша, жыл сайын орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, математика, физика, химия пәндерінің мұғалімдеріне қажеттілік сақталады екен.

Мемлекет тарапынан жас мамандарға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Мысалы, ел Үкіметінің 2009 жылғы ақпанның 18-і күнгі №183 Қаулысында ауылда жұмыс істеу және тұру үшін келген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласының мамандарына әлеуметтік көмек ережесі көрсетілген. Соған сәйкес, мамандарға 70 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тең сомада көтерме  жәрдемақы (113 мың теңге) беріледі. Былтырдан бастап тұрғын үй сатып алу үшін  немесе салып алу  үшін 2 миллион теңгеден астам (1500 АЕК айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде) бюджеттік несие беріле бастады (қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді). Несие мерзімі — 15 жыл. Жылдық үстемеақы небары —  0,01 пайыз. Бұл — мемлекет тарапынан жастардың жағдайын жақсарту үшін жасалып жатқан зор мүмкіндік.

 

71 сұраныс және 7 маман

 

Жанар ҚАЗИЕВА, Атырау облысы, Жылой аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының  орынбасары:

— Жылой ауданында 20 мектеп бар. Оның 13-і Құлсары қаласында орналасқан. Біздің ауданда 71 мұғалім жетіспейді. Негізінен математика, физика, биология, химия, география, орыс тілі мен әдебиеті мамандарына сұраныс көп. Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімдері де қажет. Мысалы, қазақ сыныптарына математика пәнінің 9 маманы жетпейді, ал орыс сыныптары үшін 6 маман керек.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында ұйымдастырылған шараның арқасында 7 түлекпен келісімге келдім. Олардың үшеуі — география мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер.

Күні кеше ғана Батыс Қазақстан облысынан келдім. Орал қаласындағы жоғары оқу орнын бітіретін 3 түлекті ауданға жұмысқа шақырып  отырмыз.

Атыраудағы Халел Досмұхамбетов атындағы университетке де сұраныс жібердік. Біздің ауданда да «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан мамандарға тиісті жеңілдіктер көрсетіледі.

 

Мүмкіндікті жіберіп алмаңыз

 

Арсылан Құрашев, физика-математика және жаратылыстану факультеті математика мамандығының  4-курс студенті:

— Мемлекеттік білім грантының иегерімін. Осы 4 жылда республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі  орындарды  иелендім. Менің  мұндай  жетістіктерге  жетуіме институттағы ұстаздарымның үлесі зор.  

Өткен жылы желтоқсан айында өзіммен бір топта оқитын Нұргүл есімді қызға үйлендім. Бізді бастапқыда Мәртөк ауданының екі ауылына бөліп еді. Облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова мұны жөн  көрмеді. Сөйтіп Нұргүл екеумізді бір ауылда қалдыратын болды. 

Еңбек жолымды ауыл мектебінен бастайтыныма қуаныштымын. Себебі мемлекет тарапынан ауылда еңбек ететін жас мамандарға көп мүмкіндік беріліп жатыр.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  

 

 

 


Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button