Мәселе

Зейнетақы жүйесін жаңғырту қалай іске асады?

Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірыңғай зейнетақы қорын құру туралы ұсыныс жасады: «Бізде зейнетақы қорларында және сақтандыру секторында бар қаражат жұмсалмай тұр. Жүйені жетілдіру үшін бірыңғай зейнетақы қорын құрып, оған барлық жеке зейнетақы қорларының есепшоттарын беру керек. Ұлттық банк басқаратын мұндай қор экономиканың дамуына жұмыс істеп, азаматтардың жинақ ақшасының қауіпсіз болуына мүмкіндік береді». Осылай деген Мемлекет басшысы көп ұзамай жауапты органдарға жалпы елде зейнетақы жүйесін жаңартуды тапсырды. Елбасы ұсынысын күтпеген жаңалық ретінде қабылдаған қоғам, расында да, біздегі зейнетақы жүйесі уақыт сынына төзбейтіндіктен, болашақта зейнеткерлерді лайықты зейнетақымен қамтамасыз ете алмайтынын байқады. Қазір зейнетақы жүйесін модернизациялауға байланысты заңнамаларға үш бағытты көздейтін өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды ел үкіметі төменгі палатаға ұсынып, халық қалаулылары, қазақстандық қоғам осы мәселені жалпылама талқылауға көшті.  

 

Әлемде және Қазақстанда

 

Әлемде тұңғыш зейнетақы жүйесі XV ғасырдың екінші жартысында XI Людовиктің патшалығында енгізілген екенАл алғаш рет 1889 жылы барлық жұмыскерге ортақ мемлекеттік зейнетақыны ресми түрде Германия канцлері Отто фон Бисмарк енгізді. Кейіннен, 20 жылдан соң зейнетақы жүйесінен хабардар болғандардың көбісі өз мемлекеттерінде осы жүйені енгізіп жатты. Олардың алдыңғы легінде Ұлыбритания, Австралия, АҚШ тұрды. Олар Германияға қарағанда бұл жүйені елдеріне кешірек енгізді. Дегенмен бұл елдер ХХ ғасырдың 30-жылдарында зейнетақы жүйесін толық кіргізіп болды. Ал Қазақстанға зейнетақы жүйесі Кеңес Одағы арқылы жетті. Ресейге бұл жүйені әкелген I Петр болатын. Бұрындары зейнетақы елге жасаған ерлігі үшін әскери шені бар адамдарға берілсе, кейіннен бұл заңға өзгертулер енгізіліп, 1918 жылдан бастап зейнетақы мүгедек жандарға берілетін болған. 1923 жылдан бастап қарт большевиктерге, 1928 жылдан бастап тау-кен ісі мен тоқыма өнеркәсібінде еңбек ететіндерге беріле бастады. Ал 1937 жылдан бастап, қалалардағы қарапайым жұмысшылар мен мемлекеттік органдар қызметкерлерінің де қолына тиді.

Қазір әлемнің көптеген елдерінде зейнетке шығу жасы 65 жас болып саналады. Әлемдегі ең төмен зейнетақыны Грузия халқы алады. Ол жерде зейнетақы бар болғаны 40 долларды ғана құрайды. Ал ең көп зейнетақы дат қарттарының қалтасында.  Дәл осы мемлекетте зейнеткерлер айына 2800 доллар алады екен.

Люксембург, Швейцария, Швеция, Италия, Финляндияда зейнетке әйелдер де, ерлер де 65 жастан шығады. Ұлыбританияда жалпылама бекітілген зейнет жасы 60 жасты құрайды. Австрияның, Мальтаның, Литваның, Хорватияның әйелдері үшін 65 жас қаралған. Норвегияда әйелдердің және ерлердің де 67 жасында зейнетке шығуға құқықтары бар.

Ал біздің елде бүгінгі күні 1,8 миллионнан астам зейнеткердің 70 пайызын әйелдер құрайды. Мамандар зейнетақы бағдарламасына кететін мемлекеттік шығындар жыл санап өсіп бара жатқанын айтып отыр. Соңғы бес жылда ерлердің орташа зейнетақы төлемінің көлемі 43 606 теңге болса, әйелдер үшін 36 243 теңгені құрайды. Бір адамның зейнетақы жинақтаушы қорында жинақтаған салымының көлемі биыл 376 мың теңгені құраған (ерлердің жинағы — 439 мың теңге, әйелдердің жинағы — 325 мың теңге). Биыл зейнетақы мөлшері инфляция деңгейіне байланысты 9 пайызға артты. Зейнетақы нарығында 11 жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс істеп келді десек, өткен жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша соңғы 15 жылда зейнетақы жинақтарының көлемі 23,5 млрд. теңгеден 3 трлн. 079 млрд. теңгеге өсіп, еліміздің жалпы ішкі өнімінің шамамен 10 пайызына жеткен. «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес, биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда базалық зейнетақы — 9330 теңге, ең төменгі зейнетақы — 19066 теңге, ең жоғары зейнетақы — 67509 теңге мөлшерінде белгіленді. Биылдан бастап Елбасының ықпалымен Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңарту, жетілдіру мәселелері қолға алынды.

 

Жүйені дамыту үш бағытты көздейді

 

Елімізде іске аспақ зейнетақы жүйесін дамытудың тетіктері мен нұсқаларының бірінші бағыты — бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын құру. Бұл туралы айтыла бастағаннан-ақ қарапайым жұрт зейнетақы жинақтау қорларындағы салымдарының «тағдырына» алаңдап, әліптің артын бақты. Қордағы жинақ жоғалып кете ме деп үрейленгендер де жоқ емес. Тұрғындарды тыныштандыру мақсатында сарапшылар, мамандар БАҚ арқылы нақты ақпараттар таратып, бірыңғай зейнетақы жинақтау қорларының функциясы туралы, осыған дейін қор нарығында жұмыс істеп келген жеке қорлардың кемшін тұстары жөнінде ашық айта бастады.

Осы және зейнетақы жүйесінде қордаланған басқа да мәселелер төңірегінде Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметік қорғау департаменті директорының орынбасары Алтын Телеуова да ой бөлісті.

—  Мемлекет басшысының зейнетақы жинақтау саласын сынағаны, қалай дегенмен де, бұл жүйе модернизацияны қажет ететінін білдірді. Сол себепті оны жетілдіруге қатысты елімізде үш бағытқа негізделген шаралар қарастырылып жатыр. Соның біріншісі және 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін болып нақтыланғаны — бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын құру. Екіншісі — денсаулығына қауіпті салада, ауыр өндірісте жұмыс істейтін азаматтарға еңбекақысынан аударылатын 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасына қосымша еңбекақы қорынан жұмыс берушінің тағы да 5 пайыз міндетті кәсіби зейнетақы жарнасын аударуын заңмен бекіту. Бұрын да бұл талап жүйеде болғанымен, жұмыс берушілердің 5 пайызды аудару немесе аудармау өз еріктерінде болғандықтан, елеусіз қала берді. Енді заңмен нақтыланатын болса, ауыр жұмыста еңбек етіп жүрген азаматтардың болашақта зейнетақы жинақтау қорларындағы жарнасы лайықты зейнетақы алуына мүмкіндік береді.

Үшінші мәселе — әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайту туралы пікірді бүгінгі таңда қоғам талқылап жатыр. Мұны заңдастыру үшін халықтың басым пікірі ескерілетін болады, — дейді Алтын Телеуова.

 

Жеке қорлардың «өмірі қысқа» болды

 

Республикада 15 жылдан бері 11 зейнетақы жинақтау қоры жұмыс істейді.  Негізінен салымшыларының жинағын көбейтіп отыруы тиіс коммерциялық қорлар осы функциясын толықтай атқармай, өз пайдаларына ғана жұмыс істеп келді. Оларда шоғырланған жарналарды бір мемлекеттік қорға біріктіру туралы түскен ұсынысқа алғашқыда айтылған пікірлер екіге жарылды.

Бірінші пікір мемлекет тарапынан бақылауға алынатын ортақ зейнетақы қорының құрылғанын құп көрсе, екінші пікір оған қарама-қайшы болды. Зейнетақы қорларындағы есепшоттарды шоғырландыруға қарсы болған жеке зейнетақы қорлары «бәсекелестік жоқ жерде, даму болмайды» деген қағиданы алға тартып көрді. Бірақ ол әрекеттері іске аспай қалды.

Сарапшылардың пайымдауынша, бүгінгі таңда елімізде ірі қаржылық топтардың қатысуымен құрылған зейнетақы қорлары және салалық сипаттағы қорлар жұмыс істейді. Екіншісі, түрлі түсті металлургия, қара металлургия, темір жол, мұнай және газ саласы –— осының әрқайсысы бо­йынша жеке-дара жинақтаушы зей­нетақы қорлары құрылған.

Олардың басты мақсаты — белгілі бір капиталға ие болу, соның тізгінін ұстау, ақшадан ақша жасау. Ал зейнетақы қорларының халық алдындағы әлеуметтік қамсыздандыру жауапкершілігін олар екінші орынға қояды. Яғни жеке зейнетақы қорлары үшін өз мүддесі әрдайым биік тұрады. Сондық­тан бұл салада мемлекеттің қа­тысуымен жүйені реттеу керектігін Елбасы дер уағында айтты. Зейнетақы жинақтау қорлары осы күнге дейін жаңадан зейнетақы жүйесіне қатысушыларды тартудың орнына, салымшыларды үгіттеу жолымен бір-бірінен «тартып алумен» ғана айналысып отырған. Екіншіден, жеке қорлар мемлекет тарапынан бақылау мүмкін болмағандықтан,  есеп-қисапты қате жүргізіп келіпті. Жеке қорларда әлдеқашан зейнеткерлікке шыққан, шет елге көшіп кеткен немесе өмірден озған адамдардың да салымшы ретінде есепке алынғаны анықталып отыр.

Үшіншіден, зейнетақы активтерін инвестициялауды және қаржыны басқаруды коммерциялық қорлар салымшылар үшін тиімді және бүкпесіз ашық етіп жүргізбеген. Барлық әрекеттерінде өз мүдделері бірінші тұратындықтан, қандай жағдай болмасын басынан кепілдік берген мемлекет қоржыны — бюджет салымшылардың зейнетақысын төлеу жүгін көтеріп келді. Бір сөзбен айтқанда, 15 жылдың ішінде уақыт-төреші ел сенімін ақтай алмаған жеке қорлардың «өмірі қысқа» екенін көрсетті.

Енді Құрылтайшысы және акционері ҚР Үкіметі болатын Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқарады. Ал инвестициялық стратегияны Қордың зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңесі бекітеді. Кеңесті құру туралы шешімді Мемлекет Басшысы қабылдайды.

Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры зейнетақы жарналарын тартатын бірден-бір ұйым болмақ. Міндетті зейнетақы жарнасы бойынша жинақты сақтауға мемлекет кепілдік береді. Ұлттық банк зейнетақы активтерін үйлестіруге, инвестиция құюға, табыс алуға қатысты операцияларды жүргізеді. Зейнетақы активтерін Ұлттық банктің бақылауында шоғырландыру салымшылардың жинақтарын тиімді әрі қауіпсіз басқаруға мүмкіндік бермек.

Ал жеке қорлар өз меншігіндегі активтерін сақтайды және инвестициялық портфелді басқарушы немесе ерікті зейнетақы жинақтаушы қоры ретінде өз қызметін жалғастыра алады. Бұлардың бірі болмаған жағдайда таратылады.

 

Екі жүйе тоғысқан тұс — осы

 

— Қазір Қазақстанда 8,5 миллион жұмысқа қабілетті адамның тек 3,7 миллионы ғана зейнетақы жинақтау қорларына міндетті төлемдерін аударып отыр. Қалған жұрт зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі тағдырын ойлап, бас қатырып жатқан жоқ. Көп адамдар жеке кәсіпорындарда, коммерциялық бағыттағы орындарда жұмыс істейді. Олардың ебекақысынан жұмыс беруші міндетті зейнетақы жарнасын аудармайды. Осыны ретке келтіріп, адамдарды зейнетақы жүйесіне қатысушы ретінде көбірек тарту жоспарланып отыр. Жалпы бұл жүйеге енгізілетін жаңалықтар адамдардың жас кезінен қарттықты ойлауы, болашағын қамтамасыз етуді жоспарлауы керектігін талап етеді. Егер осы бетімен еш өзгеріссіз кете беретін болса, елдегі зейнетақы жүйесі құлдырауы әбден мүмкін.

1998 жылға дейін елде Кеңес өкіметі кезеңінен қалған ынтымақтастық зейнетақы жүйесі жұмыс істеді. Ол бойынша зейнетақы мөлшері негізгі еңбек стажына байланысты болғаны белгілі. Яғни адамның неғұрлым еңбек стажы көп болса, соғұрлым зейнетақы төлемдері де жоғары болды. 1998 жылдан бастап елімізде зейнетақы жинақтау жүйесі енгізілді. Оның ең басты қағидасы бойынша, зейнетақының мөлшері жинақталған зейнетақы жарналарына тікелей тәуелді болатын болды. Жыл өткен сайын бұрынғы ынтымақтастық жүйені зейнетақы жинақтау жүйесі ауыстырып отырады және 2040 жылға қарай бұрынғы жүйе толық жойылады. Сол кезде азаматтар тек зейнетақы қорында жинақтаған жарнасына байланысты зейнетақы алатын болады. Осы жерде біздің азаматтардың, әсіресе, әйелдердің лайықты зейнетақысын жинақтап үлгермейтіні туралы мәселе көтерілді. Бұл жүйеде адам толық зейнетақысын жинақтап алуы үшін кем дегенде 30 жыл еңбек етуі тиіс. Яғни әйелдердің зейнетке шығу жасын ерлердің зейнетке шығу жасымен бірдей теңестіру арқылы оларға лайықты зейнетақысын жинақтауға мүмкіндік беру көзделіп отыр, — дейді А. Телеуова.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысындағы орташа зейнетақы мөлшері 36181 теңгені құрайды. Облысымыздағы 69685 зейнеткердің 51605-і — әйелдер. Оның ішінде 23999 зейнеткер ауылдық жерлерде тұрады. Өткен жылы облысымыз бойынша зейнетке шыққан 4919 адамның 3438-і, яғни 74 пайызы әйелдер болып отыр. Соның ішінде былтыр «құрметті демалысқа» шыққан 2260 ауыл зейнеткерінің 1522-і — әйелдер.

 

10 жылдан кейін 63 жастан басталады

 

Еліміз бойынша да зейнеткерлердің көп бөлігін әйелдер құрағанымен, олардың зейнетақы қорларындағы жинақтаған жарнасының көлемі ерлермен салыстырғанда аз болып отыр. Қазір осы мәселені ерлер мен әйелдердердің зейнеткерлікке шығу жасын теңестіру арқылы шешу туралы ұсыныс жасаған мамандардың тұжырымдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан таратылып жатыр. Ол туралы аталған ведомстваның вице-министрі Тамара Дүйсенова БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында түсіндірді: «Ынтымақтастық зейнетақы жүйесінің жұмысы аяқталуға жақын. Енді азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруда жинақтаушы зейнетақы жүйесінің рөлі арта түседі. Бүгінгі таңда жеке зейнетақы шоттарындағы қаржының әйелдерге тиесілісі — 3,8 миллион теңге немесе 45 пайызы. Әйелдердің зейнетақы жинақтарының орташа көлемі ерлердікінен 25 пайызға төмен. Бұған әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілінің аздығы және еңбекақы төлеудегі гендерлік теңсіздік себеп болып отыр.

Осы мәселелерді шешу үшін құрамына түрлі сала мамандары, соның ішінде Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы және Еңбек министрліктері мен Ұлттық банк қызметкерлері кіретін ҚР Үкіметі жанындағы жұмыс тобы әйелдердің зейнеткерлік жасын ерлердің жасымен теңестіруді ұсынды».

Вице-министрдің айтуынша, бұл ұсыныс қоғамда қолдау тапқан жағдайда зейнетақы жасы кезең-кезеңімен 10 жыл ішінде 63 жасқа дейін көтеріледі. Бұл шара жас мөлшерін жылына 6 ай сайын көтеру арқылы жүзеге асады. Мәселен, зейнет жасын көтерудің 10 жылының алғашқы жылында әйелдер 58 жарым жасында зейнетке шығады. Екінші жылы 59 жасында, үшінші жылында 59 жарым жасында шықса, төртінші жылында 60 жасында зейнеткер атанады. Осылай кете береді. Яғни бұл ұсыныс биыл заңдастырылар болса, 2023 жылдан бастап әйелдер 63 жастан зейнеткерлікке шығады.

— Біз 15 жыл бұрын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өттік. Сол кездегі заңда «азаматтардың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі болса, оған мемлекеттік бюджеттен зейнетақы төленеді» делінген еді. Ал 1998 жылдан кейінгі еңбекке араласқан азаматтар өздерінің еңбекақысынан ай сайын 10 пайыз жинақтауға аударып, кейін бұны арнайы қорлардан алатын болған. Мәселен, биылғы жылы 1955 жылы туған әйелдер зейнетке шығып жатыр. Егерде оларды 18 жастан еңбек етті деп есептесек, олардың үздіксіз еңбек өтілі — 23-24 жыл. Алайда, олардың балалы болған, сол үшін демалысқа шыққан уақыттары да бар емес пе? Дәл осындай есеппен 2018 жылы зейнеткерлікке шығатындарды 1960 жылы туғандар деп келтірсек, олардың еңбек өтілі — 19 жыл, одан кейінгілердікі де солай төмендей береді. Ал еңбек өтілі төмендеді деген сөз, мемлекеттен берілетін зейнетақының мөлшері де төмендейтінін білдіреді. Себебі бізде қазір зейнетақы азаматтардың еңбек өтіліне және еңбекақысына қарай төленеді, — дейді зейнетке шығу жасын ұзартудың себептеріне тоқталған облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Алтын Телеуова.

 

Ауыр жұмыстағыларға артықшылық бар

 

Ал жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жарна аудармаған қазақстандықтар зейнет жасына жеткенде мемлекеттен жасына байланысты берілетін жәрдемақыны ғана ала алатын болады. Ол қазіргі күнкөріс минимумының  50 пайызын құрайды.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, жүйені модернизациялауға құлықты жауапты құрылымдар Еңбек кодексіне жұмыс берушілердің азаматтардың жасына, жынысына және ұлттық ерекшеліктеріне шектеу қоюын тыю туралы өзгерісті енгізбек. Мәселен, енді жұмыс берушілер тарапынан «… жасы 35-ке толмаған ер азаматты немесе 25 жастағы қыз баланы жұмысқа қабылдаймыз» деген сияқты мәтін үшін хабарландыру беруші жауапқа тартылады. Адамның жасы мен жынысына шектеу жоқ! Сол сияқты зейнеткерлік жасқа жақындаған адамдарды да жұмыстан шығарып жіберу, жұмысқа қабылдамай қою сияқты қитұрқы әрекеттерге де тосқауыл қойылады. Еңбек шартында, ұжымдық шартта бұл мәселе нақты көрсетілетін болады.

Сонымен қатар әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 63 жас болып шектеліп қалмайтынын да айта кету керек. Бес және одан да көп бала өсірген аналар, зиянды өндірістегі әйелдер бұрынғыдай 53 жастан зейнетке шығады. Егер зейнетақы жинақтау қорында 4,2 млн. теңге жинап үлгерген болса, әйел адамның 50 жаста, ер-азаматтардың 55 жаста зейнетке шыға беруіне құқы бары да жүйені модернизациялауға бағытталған ұсыныстар болып табылады.

Ал ауыр жұмыстарда немесе зиянды өндірісте еңбек ететін жұмысшыларды міндетті кәсіби зейнетақымен қамсыздандыру жағы да зейнетақы жүйесін дамыту тетіктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. Зертеулер жұмыс беруші тарап басын тәуекелге тігіп, қиын жағдайда еңбек етіп жүрген жұмысшылары үшін өз еркімен зейнетақы қорына 5 пайыз үстеме жарна аудармайтынын көрсеткен. Ал елімізде 346,6 мың адам ауыр жұмыстар санатына жататын жерлерде еңбек етіп жатса, соның бар болғаны 4 мыңына ғана ерікті кәсіби зейнетақы жарнасы аударылады екен.

Осы ретте жұмысшылардың міндетті зейнетақы жарналарына қосымша, еңбекақы қорынан 5 пайыз көлемінде міндетті кәсіби зейнетақы жарнасын енгізу ұсынылып отыр. Мұндай өндіріс орындары мен мамандықтардың тізімін ҚР Үкіметі бекітіп, белгілі бір мерзім өткен сайын қайта қарастырып отырады. Бұл жұмыс берушіге ауыртпалығын тигізбейтін көрінеді. Себебі, кәсіби зейнетақы жүйесіне аударылатын қаржы салыққа кеткен шығындарға жатқызылмақ.

Ал жалпы азаматтар үшін талқыланып жатқан заң жобасындағы міндетті зейнетақы жарнасының көлемі бұрынғыдай — барлық жалақы төлемінен 10 пайыз аударылатын қалпында қала береді.

Жанна Ералина.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button