Тарих

Жер атаулары — ел тарихы

Қайыр Тілеуов — Жұрын өңірінің ақсақалы. Ақтөбе қаласына қоныс аударғанына екі жылдай болған. Сөйтіп жүріп те, сексеннің үшеуіне келген ардагер ауылының тарихын түгендеп жүреді. Байырғы жер-су атауларын тірілтуге үлес қосып келеді.  Оның Кеңес Одағының Батыры Мәлкәджар Бөкенбаевқа туған ауылында ескерткіш қою туралы мәселе көтергеніне де біраз жыл болды.

—Ана жылы қайтыс болғанда өзім қолымнан қойып едім. Ауыл клубының мұрағатынан сол батырдың құжатын сұрастырып жүріп, өңіріміздің арғы тарихына, Есет Көкіұлы дәуіріне  қатысты деректерге тап болдым. Соны өзімше жазып едім. Денсаулығым төмен, көз де көрмейді. Кеңейтіп жазуға, көп өңдеуге жағдайым келмеді, — дейді Қайыр Жорытпасұлы.

Мақаланың дүдәмал, даулы тұстары барын көріп тұрсақ та, көзі қарақты оқырман өзі танып алар, пайымдар деген оймен газет бетінде жариялауды жөн көрдік.

 

Ақтөбе облысының оңтүстік шығысы, Елек өзенінің бастауында орналасқан Мұғалжар ауданы — ұлан-ғайыр қазақ елінің бір бөлігі. Бұл аймақ — көшпелі тұрмыс кешкен қазақтың көне даласы, қазақ тарихында елеулі із қалдырған бірнеше тарихи оқиғалардың куәсі. Мұны ерте кезден келе жатқан жер-су атаулары (топонимикалық атаулар) да дәлелдейді.

Топонимика — мыңдаған жылдар жемісі. Жер-су, елді мекен атаулары халқымыздың бай тілі негізінде жасалып, халық тарихымен байланысты дамиды. Топонимикалық атаулардың өмірінің тарихы, әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің жай-жапсары анық та айқын көрініс береді.

Топонимикалық атаулар белгілі бір оқиғалардың мерзімін меңзеуі арқылы тарихи дерек көзінің сырын саралап, танып-білуге септігін тигізеді. Олай болса, топонимдер — «жердің тілі, жазылмаған кітабы» ғана емес, сонымен қатар жер тарихы мен ел тарихын танытар, оның өмірінен сыр шертер тарихи шежіресі.

Олар өткен тарихымыздың мәдени ескерткіші ретінде ғана маңызды емес, бүгінгі таңда зор мән-мазмұнға ие. Өйткені ешбір қоғам өмірінде, тарих деңгейінде жер-су атауларының қатысуынсыз оқиға болған емес.

Мәдениеті мен ғылыми кемелденген өркениетті халықтар көне тарихтың сыр-сипатын ашуға септігін тигізер құнды мұралардың ешбірін назардан тыс қалдырмай зерттеп, ғылым елегінен өткізіп отырады. Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу сыры бар.

Осындай шешілмеген құпия-сырға толы атауларға бай өңірлердің бірі – Мұғалжар ауданы. Өйткені қазақ даласында болған қақтығыстар, көтерілістер, тағы басқа тарихи оқиғалар бұл өңірді де қамтыды.

Қандыағаш қаласы 1905-1907 жылдары Орынбор-Ташкент темір жолының өтуіне байланысты салынған. 1967 жылы  қала атауы кеңестік дәуірдегі коммунистік идеология тұрғысынан Қазан төңкерісінің 50 жылдығына орай «Октябрь» деп өзгертілді. Ал 1997 жылы байырғы Қандыағаш атауы қайтарылды.

«Қандыағаш» топонимінің шығуының түп-төркіні ХVІІІ ғасырға — қалмақ шапқыншылығы кезеңіне жатады.

1738 жылы қазақ қосындары мен Жұрын батыр бастаған торғауыт қалмақтары арасындағы ұрыс болады. Бір деректер бойынша, Шақпақ Жәнібектің Түктібайды үйлендіріп, ұлан-асыр той жасау сәтін пайдаланған торғауыттар Жем мен Сағыз бойындағы қазақ ауылдарын шауып, жойқын қырғынға ұшыратқан.

Халық аузындағы деректерге сүйінсек, Кіші жүздегі тама руынан шыққан батыр, қазақтың перзенті Есет Көкіұлы арғындарды жаудан арашалауда Жәнібек батырға көмек беру үшін Орта жүз жеріне кетеді. Табын Бөкенбай батыр да арғындарға кетеді. Осы оңтайлы сәтті пайдаланған қалмақтар Кіші жүз қазақтары мекендеген ну орман ағашты іздеп келіп, күтпеген жерден шабуылдайды. Осы жерде қалмақтар қазақтарды қойға тиген қасқырдай қырып-жойып, талан-таражға ұшыратып, қыз-келіншектерді айдауға алып кетеді. Сол себепті қазақтың қаны, аналардың көз жасы аққан талайлардың басы кесілген жерді халық Қандыағаш деп атап кеткен.

Мұғалжар ауданының шығысындағы Жұрын ауылының атауларының шығуында да үлкен тарихи мән бар. Жоғарыда аталған Қандыағаш ұрысы қарсаңында, яғни ХVІІІ ғасырда қалмақтың Қонон деген баукеспе ұры, палуан батыры өмір сүрген. Ол қаһарлылығымен өжеттілігімен халықты қорқытып, күш көрсетіп, өзіне мыңға тарта қол жинақтап, өзін хан деп жариялайды. Қонон ханның жинаған сарбаздарының ішінен Жұрын деген батыры әскербасы болып тағайындалған. Қонон ханның әмірімен Жұрын батыр бастаған қалмақ қолы қазақ еліне жойқын шапқыншылықтар ұйымдастырып, күйзеліске ұшыратып отырған.

Шайқастардың бірінде Жұрын батыр қазақтың батыры тамалық Есет Көкіұлымен жекпе-жек шайқасқа шығады. Бұл жекпе-жек Есет батыр қалмақтың атақты ержүрек батыры Жұрынды жеңіп, ерлігі мен батырлығын тағы бір мәрте паш етеді. Жеңілген Жұрын енді айтқанына көніп, Қононға қарсы шабуылға шығатынына уәде берген соң, Есет батыр оны өлтірмейді. Жұрын батыр қалмақтарға тұтқынға түскен Есет батырдың ұлы Ақмаңдайды іздеп, тауып әкелмек болып, еліне аттанады. Ақмаңдайды іздеп таба алмай ашуланған Жұрын өз елін шауып, жылқысын айдап, Есет батырмен дос боламын деп, қалмақ елінен қазақ даласына кетіп қалады.

Батырдың ерлігіне, адалдығы мен әділдігіне тәнті болған Жұрын қайтып келіп, қол ұстасып, мәңгі дос боламын деген соң, Есет батыр Жұрынға Қандыағашқа жақын 25 шақырымдай жерден жер берген.

Жұрын да қайтпас қайсар батыр әрі ақжарқын жомарт адам болған. Ал Есет батыр бөліп берген жер Жұрын аталып кеткен.

Мұғалжар ауданындағы Жұрын станциясының түбінде Естемес деген тау жотасы  бар. Сол Естемес тауының атауының шығуын жергілікті тұрғындар қара қыпшақ Қобыландының тебіндегі жылқысын бағатын бас жылқышысы Естемес құлмен байланыстырады. Жас батыр Қобыланды осы биік шоқылы, жал-жал белдері бар кең жазықта жылқы жайып жүріп, Атыраудың арғы бетіндегі Қызылбас қалмақ жерінен (Иран жағы) естілген у-шудың себебін Естемес құлдан сұрағанда ол: «Қызылбастардың ханы — қырық құлаш қызыл ер күресіп жатқан батырға өзінің қызы Құртқаны тегін бергелі, ұлы думан өткізіп жатыр», — деп жауап береді. Мұны естіген Қобыланды Қызылбас еліне барып, қызыл ермен сайысып, жеңіп, Құртқаны ұзатып алып қайтыпты-мыс. Осылайша Қобыланды батырдың өмірінде шешуші рөл атқарған тау жотасына Естемес атауы берілген.

Мұғалжар ауданында Қонжар деген де ауыл бар. Бұл атаудың шығу себебін қалмақ шапқыншылығы кезеңінен табамыз.

Халық арасында аңыз әңгімелерге сүйенсек, тама Есет батыр арғын елінде шайқаста жүрген кезде ауылдарын тұтқиылдан шабуылдаған Қонон ханды қазақ батырлары өкшелей қуып жетіп, тірілей ұстап алмақшы болады. Қолға түскен Қонон батыр Есет батырмен жекпе-жекке шығып, ауыр соққыдан қаза табады. Есет батырға тән мінез танытып, қаза болған Қонон ханды жатқан жеріне жерлеуді бұйырады. Осылайша қазақ пен қалмақ татуласып, риза болып тарасады. Ал Қонон хан көмілген жерді халық «Қонон жар» деп атап кеткен. Уақыт өте бұл атау өзгеріске ұшырап, Қонжар аталып кеткен.

Жалпы алғанда Мұғалжар ауданының жер көлемі 28 мың шаршы шақырым болса, ондағы 80-ге жуық жер-су атаулары жер бедерінің ерекшелігін, халықтың тұрмыс-тіршілігін басынан өткен тарихи-әлеуметтік оқиғаларды бейнелейтін топонимдердің маңызы ерекше. Өйткені халық жер-суға, елді мекендерге атауды тектен-тек қоя бермеген.

Мұғалжар ауданындағы тарихи-әлеуметтік жағдайларға байланысты пайда болған атаулардың басым бөлігі ХVІІІ ғасырда тама Есет Көкіұлы батыр тұсындағы қалмақ шапқыншылығы кезінде пайда болған. Тарихи-әлеуметтік  жер-су атаулары ХVІІІ ғасырда қазақ халқына қауіп төндірген жоңғар-қалмақ шапқыншылығынан қорғану мақсатында ел үшін, жер үшін болған шайқастарға Кіші жүз, соның ішінде Мұғалжарды мекендеген қазақтардың да белсене араласқанын, бұл өңірінің стратегиялық маңызды аймақ болғанын дәлелдейді. Сондықтан туған жердегі жер-су атауларының туындау себебін туған жеріне отансүйгіштік және құрмет сезімімен қарайтын тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы біліп жүргені абзал дейміз.

 

Қайыр ТІЛЕУОВ,

тыл және еңбек ардагері. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button