Мәселе

«Сыбағаға» қалай қол жеткізуге болады?

«АЛТЫНШЫДАН, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН, ӘСІРЕСЕ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНЕ ӨСІП ОТЫРҒАН ЖАҺАНДЫҚ СҰРАНЫС ЖАҒДАЙЫНДА АУҚЫМДЫ ЖАҢАРТУ ҚАЖЕТ.

…АСА ІРІ ЭКСПОРТТЫҚ НАРЫҚТЫ МЕҢГЕРУ ҮШІН БІЗ ҚАЙ АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ ЖАППАЙ ӨНДІРІСІН БАСТЫ ЕТІП ҚОЯТЫНЫМЫЗДЫ АЙҚЫНДАУЫМЫЗ КЕРЕК».

 Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан.

«Сыбағаға» қалай қол жеткізуге болады?

 Мемлекет басшысы елімізде таяудағы бес жылдың ішінде ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту міндетін қойды. Ал мұны шешу үшін үкіметтік деңгейде кешенді шаралар алу қажет болды. Соның бірі — мал шаруашылығын дамыту үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелеуді көздейтін 2011-2015 жылдарға белгіленген «Сыбаға бағдарламасы.

Оны жүзеге асыруға байланысты жұмыстар біздің өңірімізде де қазір жүріп жатыр. Аталған бағдарламаны ел ішінде түсіндіруді және оның қазіргі орындалу барысын зерделеуді мақсат тұтқан үлкен құрамдағы жұмыс тобы жақында облыстың барлық аудандарын аралап шықты. Оның құрамында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары, ветеринарлық бақылау және қадағалау  мекемесінің, аймақтық инспекцияның мамандары, несиелеу ұйымдарының өкілдері болды. Олардың қатысуымен облыстың он екі ауданында семинар-кеңес өтті.

«Сыбаға» бағдарламасына байланысты несиелерді қалай алуға болады? Бұл —жергілікті жерлердегі шаруа қожалықтарының, фермерлердің басты сауалына айналды. Бағдарламаның мән-жайын шаруа баққан адамдардың әлі де толық түсініп болмағаны да аңғарылды. Сондықтан біз  «Аграрлық несие корпорациясы»  акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Назгүл Есмақанованың семинар-кеңестерде берген түсіндірмелеріне сүйене отырып, әңгіме көрбітуді жөн көрдік.

Корпорация агроөнеркәсіптік кешендерді мемлекеттік қолдаудың бірнеше бағыттарын жүзеге асырады. Мал шаруашылығын дамыту үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін немесе «Сыбаға» бағдарламасын несиелеу — соның бірі. Бұл жаңа бюджеттік бағдарламаны жүзеге асыруға корпорация 2011 жылы кірісті.

Бірінші кезектегі іс — құрылатын бордақылау алаңдарын ірі қара малының жас төлдерімен қамтамасыз ету үшін ірі қара малының аналық басын арттыру. Қарыздың түпкі көздейтіні — ірі қара малының аналық басын және асыл тұқымды бұқаларды, жаңартылмайтын несие желісі сомасынан 15 пайыздан артық емес жалпы мөлшерде негізгі құралдарды сатып алу және жөндеу, айналым қаражаттарын толтыру.

Ірі қара малының аналық басын сатып алуға 7 жылға дейін;

асыл тұқымды өндіруші бұқаларды сатып алуға 2 жылға дейін;

негізгі құралдарды сатып алуға және жөндеуге 7 жылға дейін;

айналым қаражаттарын толтыруға 2 жылға дейін мерзімге несие беріледі.

Сыйақысы мөлшері жылдық 6 пайызды құрайды.

Қарыз алушыларға малды ұстау үшін қажетті инфрақұрылымның,

жайылым алаңдарының, шаруашылықта ветеринарлық-санитарлық сауықтыру орнының болуы сияқты негізгі талаптар қойылады. Мұнымен бірге,  сатып алынатын ірі қара малының басынан 25 пайыздан кем емес көлемде өз малы болуға тиіс.  Олай болмаған жағдайда, сатып алынатын ірі қара малынан 25 пайыздан кем емес мөлшерде қаражат түрінде ортақ қаржыландыруы керек болады.

Негізгі қарызды қайтару және сыйақы төлеу, ірі қара малының аналық басын, асыл тұқымды бұқа сатып алу бойынша жеңілдетілген кезеңдер белгіленген.

Қарыз алуды қамтамасыз етудің кепілдіктері — тұрғын үй, коммерциялық және өндірістік нысандар, мүлік кешендері, оның ішінде нан өндіруші өндіріс орындары, элеваторлар, жеке меншік иелігіндегі жер телімдері. Сонымен бірге, 5 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге (жалға) жерді ұзақ мерзімді уақытша пайдалануға берілген құқығы, ауыл шаруашылығы және басқа да көлік құралдары, жеке қолданыстағы құрал-жабдықтары, азық-түлік және өндірістік топтағы тауарлары, дәнді дақылдық қолхат бойынша дәнді астық, жер телімі мен құрылыс материалдары ретінде салынған аяқталмаған құрылыс нысаны, жер ресурстарын пайдалану құқығы, негізгі айналым құралдары кепілдікке алынады. Тіпті қолындағы малы, ұзақ жылдық отырғызылған тал ағаштары, кепіл берушінің иелігіне болашақта келіп түсетін мүлкі, екінші дәрежелі банктер депозиттеріндегі ақша қаражаттарына дейін қарыз алуға мүмкіндік береді.

Алайда берілген несиеге-жобаға қойылатын негізгі талаптар да бар.

Сатып алынатын ірі қара малының аналық басының жасы 12 айдан 48 айға дейін болуы керек. Өзінің немесе несиелік ресурстар есебінен сатып алынатын асыл тұқымды бұқа-өндірушілердің болуы шарт. Ірі қара малының санына арасалмағы 30 сиырға 1 асыл тұқымды бұқа ұстауды міндеттейді.

Мұнымен бірге, сатып алынатын ірі қара малының бір аналық басының құны 195 мың теңгеден аспайтын мөлшерде белгіленген. Асыл тұқымды мал құжаты немесе асыл тұқымды мал куәлігі бар асыл тұқымды өндіруші бұқаның тірілей салмағының ең жоғары құны әр килограмына 1 500 теңгені құрауы қажет.

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ережесіне сәйкес ірі қара малды бірдейлендіруді (таңбалау, жапсырмалау) және оларға ветеринарлық төлқұжаттар рәсімдеуді қамтамасыз ету қажет болады.

Асыл тұқымды шаруашылықтардан асыл тұқымды және ветеринарлық куәлігі бар, бірінші санаттағы  бұқалар сатып алу, бүкіл бұзауларды-бұқаларды бордақылау алаңдарына өткізу, несиелеу мерзімі барысында аналық мал басы мен етті тұқымды бұқа-өндірушілердің санын қарызға алған қаржыға қамтамасыз ету жүктеледі.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алу арқылы шаруа қожалығы, фермер  ірі қара малдың басын арттыруға, тауарлық табынның тұқымын жақсартуға ат салысады және сиыр еті экспортына бағытталған мемлекеттік бағдарламаның қатысушысы болады. Бағдарлама аясында бөлініп жатқан несие қаражаты шаруашылықтың ұлғаюына ғана емес, сонымен қатар сапалы дәрежеге жетуіне де мүмкіндік береді.

Бағдарламаның шаруаға беретіні көп. Осы арқылы ол отандық селекцияның асыл тұқымды өндіруші бұқаларын сатып ала алады. Одан әрі селекциялық жұмыстар жүргізеді. Мемлекеттің қолдауына ие болып, мал азығын дайындауды арзандату үшін берілетін субсидияларға  қол жеткізеді.

Субсидиялаудың негізгі талаптары сақталуға тиіс. Ол үшін 30 сиырға 1 асыл тұқымды өндіруші бұқа нормативіне сүйене отыра, шаруашылықтың барлық шағылыстырылатын контингентінде асыл тұқымды өндіруші бұқалардың болуы шарт. Мұнымен бірге, әр малдың сәйкестендіру нөмерінің болуы және ауыл шаруашылығы малдарын сәйкестендіру  деректері базасына тіркелуі міндетті.  Ақпараттық-талдау жүйесінде тіркеудің болуы да қажеттілік.

Ірі қара малды сатып алу кезінде бірсыпыра  талаптар сақталуы тиіс.

1-кластан төмен емес асыл тұқымды етті өндіруші бұқаларды сатып алу керек. Және олардың  асыл тұқымды куәлігі мен ветеринарлық төлқұжаты міндетті түрде болуы қажет. Сатып алынатын ірі қара малының аналығы тұқымсыз және жасы 12 айдан 48 айға дейін болуы мүмкін. Ірі қара малының сәйкестендіруін  міндетті түрде жүргізу қажет.

Бұған қоса, растайтын құжаттарды малды сатып алу-сату шарттарының көшірмелерін, төлем құжаттарын, сатушының қолхаттарын, сатып алынған малға сәйкестендіру құжаттарын ұсыну және фотоесепті дайындау үшін сатып алынған малды корпорация филиалының қызметкері несиені алған кезден бастап 45 күнтізбелік күн ішінде несие қаражатының мақсатты пайдаланылып жатқанын растауы қажет.

Бағдарлама талаптарына сәйкес фермер заманауи технологиялар бойынша соңғы бордақылаумен айналысатын бордақылау алаңдарына алынған бұқалардың төлін жеткізуге қатысты шарттарды ұсынуға міндетті.

Сатып алынған малды кепілге қою үшін өз шаруашылығына ветеринарлық төлқұжаттарды қайта ресімдеу, тәуелсіз бағалау компаниясында  сатып алынған ірі қара малға бағалау жүргізу, корпорацияның филиалына сатып алынған ірі қара малға ветеринарлық төлқұжаттарды, кепілге келісімді және тәуелсіз бағалау компаниясы бағасын жіберу қажет.

Сатып алынған ірі қара малға дайындалған кепілдік шарттарына қол қойып,

мақсатты пайдалануды растағаннан соң, 15 жұмыс күні ішінде фермер аймақтың тиісті орындарына шарттарын тіркеуден өткізеді. Тіркелген кепіл шарттарын және тиісті түрде ресімделген кепілді тіркеу туралы куәліктерді корпорацияның филиалына ұсынады.

Сатып алынған ірі қара малды сақтандыру компаниясында сақтандыру және мақсатты пайдалануды растағаннан соң, 5 жұмыс күні ішінде корпорацияның филиалына сақтандыру полисін ұсыну қажет.

Ірі қара мал үшін сақтандыру жағдайларының да белгілі тізбесі бар. Оның бәрі сақтандыру шарттарында көрсетіледі.

Фермердің ендігі мақсаты — төлді алу, оны өсіру, аурулардан және басқа жағымсыз факторлардан қорғау және тиімді сату болмақ.

Сонымен қатар, келесі міндетті тапсырмаларды орындау қажет болады. Ол

жемшөп қорының жеткілікті болуы, малды ұстау үшін қажетті инфрақұрылымның болуы, малмен байланысты жұмыс жүргізу (қарау, егу, сәйкестендіру, т.б.)  болып табылады.

«Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде фермер қандай пайда түсіре алады? Ірі қара малының аналық басын сатып алу есебінен шаруашылығын ұлғайтады. Асыл тұқымды бұқаларды сатып алу есебінен мал табынының өнімділік сапасы арта түседі. Соның нәтижесінде етті мал шаруашылығын жүргізуге арналған субсидиялар алады. Тұрақты өткізу нарығын табады. Тұрақты жоғары табысқа қол жеткізеді.

 

 

Атакәсіп және өркениет

 

Қазақ мал баға ала ма? «Осындай да сауал бола ма?» деп біреулердің ренжуі де мүмкін. Төрт түлік мал өсіру халқымыздың атакәсібі болып келгені рас. Оған ешкім таласа алмайды.

Әйгілі «Жібек жолымен» шартараптан саудагерлер шұбырған ерте ғасырларда базарларға шығаратын қазақтың басты тауары мал болғаны, төрт түлік малды Ресей, Орта Азия базарларына төккені де тарихтан белгілі. Қазақстанда өсірілген мал кешегі кеңес заманында да талай жұртты жетпіс жыл бойы асырады. Қоғамдық мал басымдық беріліп бір бөлек бағылып, жеке шарбақтағы мал қосалқы шаруа ретінде қаралды. Екеуінің де өнімі кідіріссіз өтті. Негізінен оларды мемлекет қабылдап алды. Сапалы, сапасыз деп айырғанмен,  мүдделі бір тұтас ел болғандықтан өнім жерде қалған жоқ.

Ал қазіргі нарықтың талабы түбірімен өзгеше. Мал өнімдері, оның ішінде ет бәсекелестік жағдайында сырт елдерге еркін шығарылады. Оны кеңес заманындағыдай мәжбүрлеп өткізу мүмкін емес. Оның үстіне Дүниежүзілік сауда ұйымының қатаң талаптары Қазақстан нарығының да есігін қағып тұр. Ендігі жерде бұрынғыдай малды айдап салып бағудың, әр шарбақта домалатып сойып жеудің болашағы тарылды. Тіпті жолы жабылды десек артық болмас.

 

Қолдау табу өз қолыңда!

 

Төрт түлік малды да әлемнің озық елдері сынды өркениетті бағып үйренудің кезеңі келді. Елбасы биылғы халыққа арналған Жолдауына дейін де экспортқа ірі көлемде ірі қара етін шығару міндетін қойғаны белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет  2011 жылдан бастап «Сыбаға» бағдарламасын қолға алды. Егер тереңірек үңіліп қарасақ, бұл — мал шаруашылығын, осы саладағы тауар өндірушілерді әлемдік өркениетті жолға салудың  ықпалды шараларының бірі.

Әрине, мұндай тың шараны  өндіріске енгізе салу оңай мәселе емес. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласының түрлі құрылымдары, қаржы институттары мамандары  аудандар мен ауылдарға  жиі шығып, ірі қара мал етінің әлеуетін дамыту жобасын жүзеге асырудың жолдарын көрсетуде.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мұхтар Жұмағазиев бастаған сондай жұмыс тобымен бірге Хромтау, Әйтеке би аудандарында  біз де сапарлас болған едік. Екі ауданда өткен семинар-кеңесте бұл мәселелер кеңінен талқыланды. Аталған аудандардың әкімдері Аязбай Османғалиев, Аманғали Бердалин және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары өңірлердегі қолға алынған істің барысын баяндады. Аймақтарда мал шаруашылығын өркендетуге байланысты мемлекет тарапынан белгіленген  қолдаулар және олардың жергілікті жерлерде қалай пайдаланылып отырғаны  жайында ауданға арнайы сапармен келген мал шаруашылығы жөніндегі облыстық мекемелердің, несиемен қамту ұйымдарының өкілдері  жан-жақты баяндап, кеңестер берді. Олардың әңгімесінде айтылғандай, мемлекет жергілікті жерде, оның ішінде шаруа қожалықтарында мал өсіруге, оның өнімін молайтуға барлық жағдайды жасап отыр.

Басты талап — малдың тұқымын жақсарту керек. Ол үшін асыл тұқымды мал сатып алу қажет. Оған мемлекет тарапынан  жеңілдетілген несиелер қаралған. Малдың тұқымын жақсартқан шаруа қожалықтарының әр малының басына мемлекет тарапынан қаржылай жәрдем қарастырылған. Несие алудың да жолдары көп жеңілдетілген. Мәселен, несие қаржы беру мекемесінің басшысы Гүлжанат Ерғазина айтқандай, кепілдікке қойылатын мүлік тек қаладан болсын деген талап қазір жоқ. Шаруа кепілдікке алыс қыстақтағы мал қорасын, жалғыз-жарым жайлаудағы, қыстақтағы тұрғын үйлеріне дейін қоя алады. Осы арқылы ауылдағы әр адамның шаруа жүргізуіне кең мүмкіндік ашылып отыр.

«Сыбаға» бағдарламасына қатысқан шаруаларға көрсетілетін көп жеңілдіктер бар. Тек белсендік көрсетіп, ала біл! Сатып әкелінген асыл  тұқымды әр бұқаға биылдан бастап 118 мың, селекциялық жұмыстармен шұғылданатын шаруа қожалықтарының әр аналық басына 14 мың, жұғымды азықтарды арзандатуға тоннасына 4500 теңге көлемінде субсидия төленеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдеріне — ет, сүт, жүн, қымыз, шұбатқа субсидия төленетіні — ҚР Үкіметінің биылғы жылғы ауыл шаруашылығы құрылымдарына төленетін субсидия қағидаларында бекітілген.

 

Қаржы және талап

 

Алайда, мемлекеттің осындай көп жеңілдіктерін алу үшін шаруа бірқатар негізгі талаптарды орындауға міндетті. Табындағы әр 30 сиырға бір асыл тұқымды бұқадан ұстау, әр малдың сәйкестендіру нөмірінің болуы және ауыл шаруашылығы малдарын сәйкестендіру деректері базасында тіркелуі, ақпараттық талдау жүйесі бағдарламасына енгізілуі шарт. Аңғарған адамға мал бағудағы түбірлі өзгеріс те осы жерде тұр.

Ақтөбе облысы бойынша аймақтық инспекцияның асыл тұқымды мал жөніндегі бөлімінің бастығы Байзақ Махмұт әрбір бұзауға туғаннан кейін белгілі күннің ішінде сәйкестендіру нөмірі  беріліп, компьютерге деректер базасына енгізілетінін айтады. Міне, содан бастап ол мал қашан игілікке жұмсалғанша қадағалауда, есепте болады. Мал өсіретін әр шаруаға қойылатын ендігі талап осындай.

Малдың саулығын ойлаудың да шешуші шарасы бұл. Біздің бұрынғы қазақ амандасқанда, «мал-жан аман ба?» деп сұрайды. Әуелгі кезекте мал тұрады. Яғни жанның аман-сау болуы малға байланысты екенін білген. Ал мұны біз соңғы кезде ұмыттық. Сондықтан семинар-кеңестерде облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау мекемесінің басшысы Темірбек Нұртазин айтқан ақыл-кеңестер де маңызды еді. Ол шаруаларды несие қаржыларға шетелден асыл тұқымды мал сатып алған кезде сақ болуға шақырды. Кейбір облыстардағы шетелден әкелінген малдардан қауіпті мал ауруларының шыққанын мысалға келтірді.

Әрине, аталған бағдарлама облыста бүгін қолға алынып отырған жоқ, үшінші жыл өтіп жатыр. Сондықтан өңірлерде жинақталған тәп-тәуір тәжірибелер де бар. Хромтау, Әйтеке би аудандарында да мұның мысалдары жеткілікті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мұхтар Жұмағазиев бастаған мамандар Әйтеке би ауданына бара жатқан жолда «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс жасап жатқан шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

 

Жетістік пен меже

 

Елбасының тікелей тапсырмасымен жүргізіліп отырған мемлекеттік бағдарлама 2011-2015 жылдарға белгіленген. Демек, шектеулі шара, несиелік қаржыларда солай. Сондықтан әр облыс өзіне берілген жоспарды орындап, белгіленген несиелік қаржыны игеруі керек. Айталық, осы кезеңде біздің облыс аталған бағдарлама бойынша  5300 ірі қара малын қамтитын репродуктор шаруашылықтар мен 10 мың ірі қара мал тұратын бордақылау алаңдарын құруға және 15 500 ірі қара малын ұстайтын фермерлік шаруашылықтарды дамытуға тиіс.

Қазір бұл мақсатты орындау бағытындағы жұмыстар қызу жүріп жатыр. Әр жылды қамтып айтар болсақ, алғашқы жылы  үлкен ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, бірсыпыра шаруалардың негізі қаланды, белгіленген жоспар толық орындалды. Облыста 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3740 мал сатып алынды, немесе жоспар 124,7 пайыз орындалды. Бұл жылы жобаға 123 шаруашылық қатысты, 724 245 мың теңге қаражат игерілді.

Биылғы жылы 1000 басқа репродуктор шаруашылық және 2000 басқа мал бордақылау алаңдарын құру, 3000 басқа фермерлік шаруашылықты дамыту жоспарланды. Бүгінгі күнге облыста 3000 басқа арналған бордақылау алаңы салынған, жоспар 150 пайыз  орындалды. Қазіргі кезде бордақылау алаңында 1 700 бас ірі қараның жас төлдері семіртілуде. Алаңның қуаттылығын толтыру, фермерлік шаруашылықтарды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғастырылуда.  Үстіміздегі жылы жоспар бойынша — 3600, 2014 жылы — 3300, 2015 жылы — 3300 фермерлік шаруашылықтар құрылуға тиіс.

Бағдарлама аясында құрылған асыл тұқымды мал өсіретін бастапқы фермерлік шаруашылықтар өзінің жемісін ұсынуда. Несиеге сатып алынған малдан облыс бойынша өткен жылы 1566 төл алынды.

Бордақылау алаңын құру бойынша Алға ауданындағы «Ақ Теп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы  үлгі бола алады. Мұнда 3 мың ірі қара тұратын бордақылау алаңы жұмыс істейді. Бүгінгі күні 2 200 ірі қара бордақылануда. Серіктестік өткен жылдың қараша айында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының  1 827,3 мың теңге қаржысына Канададан 1445 бас ангус тұқымын, тағы да сол Канададан 297 бас асыл тұқымды малды өз қаржысына әкелді. Сондай-ақ өткен жылы мамыр айында Ақмола облысынан 100 бас герефорд тұқымын сатып алды. Қазір осы малдарды бағып өсіру, төл алып тарату жұмыстары жүріп жатыр.

Біздің қолымызда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша сатып алынған асыл тұқымды бұқалар мен тауарлы аналық малдардан өткен жылы туған төлдердің мәліметі бар. Осы мәліметке жүгінсек, Әйтеке би ауданы бойынша «Алуа», «Самет» шаруа қожалықтары 109 сиыр, 2 бұқа, Алға ауданы бойынша «Қара-Бура», «Жақсылық», «Тұлпар», «Қайыр-А», «Ақжол» шаруа қожалықтары 166 сиыр, 4 бұқа, Байғанин ауданында «Марқабай», «Қостемір», «Кемерши», «Ғазиз», «Алшын» шаруа қожалықтары 154 сиыр, 7 бұқа, Мәртөк ауданы бойынша «Арыстанғали», «Фарида» шаруа қожалықтары  93 сиыр, 3 бұқа сатып алған. Бұл аталған үш ауданда осы малдардан 300-ге таяу бұзау алынған. Осындай жұмыстар қалған аудандардың шаруа қожалықтарында да бар.

Алайда мемлекеттік бағдарлама облыстың барлық өңірлерінде бірдей кедергісіз жүріп жатпағаны белгілі. Хромтау, Әйтеке би аудандарында өткен семинар-кеңесте де мұның талай мысалы айтылды. Мамандардың атап көрсеткеніндей, облыстың бірқатар  аудандарда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған жұмыстардың қарқыны әлі де тым баяу. Бірқатар ауданындарда фермерлік шаруашылықтар үшін  ірі қара малын сатып алу өз деңгейінде жолға қойылмай отыр. Ірі қара малдарын сатып алу тапсырмасы Қарғалы ауданында 17 пайызға, Ақтөбе қаласында және Байғанин ауданында 38 пайызға, Қобда ауданында 43 пайызға ғана орындалған. Сол сияқты, Қарғалы ауданындағы «Жаңа тұрмыс» шаруа қожалығы 500 басқа репродуктор шаруашылық құруды жоспарлағанмен, бұл биылғы жылы толық көлемінде орындалмайтын түрі бар.

Осындай азды-көпті кемшіліктерге қарамастан, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мұхтар Жұмағазиевтің әңгімесіне қарағанда, облыс өзіне жүктелген тапсырманы мерзімінен бұрын толық және асыра орындайды. Оған күмән жоқ. Бұл жердегі басты мәселе — бағдарлама аясындағы жұмыстарды сапалы жүргізіп, аймақтың өркениетті мал шаруашылығының негізін қалауда болып отыр.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Өнімділік осылай өседі

 

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша Темір ауданында несие көздері арқылы 25 шаруашылық 152,9 млн. теңге несие алып,  ірі қара малдарын сатып алды. Қазір қолда барлығы 68 асыл тұқымды бұқа бар. Асыл тұқымды бұқалардың барлығы Батыс Қазақстан облысынан сатып әкелінді.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша сатып алынған сиырлардан алынған 126 төл етке өткізілмек. Сол 126  төлдің әрқайсының тірілей салмағы 170-180 килограмнан айналып, 22,0 тонна ет құрап отыр. Осының өзі-ақ асыл тұқымды малдың артықшылығын аңғартса керек.

Үстіміздегі жылы мал басын күтіп бағу, ет сапасын жақсарту мақсатында 2  мал бордақылау алаңын іске қосу жоспарланып отыр. Аудан бойынша биыл «Сыбаға» бағдарламасы негізінде 385  ірі қара мал сатып алу жоспарда тұр. Тек бір ғана «Дана» шаруа қожалығы 2,5 млн теңге көлемінде несие алып, 25 бас аналық, 1 бас асыл тұқымды бұқа сатып әкелді. Қосымша 8 шаруашылық аталған бағдарлама негізінде несие алу мақсатында құжаттарын дайындады.

Бұл мәліметтерді Темір ауданында өткен ірі қара мал шаруашылығын нығайту мәселелерін талқылаған кеңесте аудан әкімі Бауыржан Қаниев келтірді.  Облыстан осы кеңеске қатысқан ауыл шаруашылық салаларының мамандары ауданның аталған бағдарлама бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда облыста алғашқы орында екенін атап көрсетті.

Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында 2050 жылға қарай елдің ішкі жалпы өніміндегі ауыл шаруашылық өнімінің үлесін 5 есе арттыру міндетін қойды. Соны шешудің бір жолы осы бағдарлама. Оны шешуге бастамашы болатын шаруашылықтарға мемлекет тарапынан біраз жеңілдіктер де қарастырылып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Әнуар Мағанов, ветеринарлық бақылау және қадағалау мекемелерінің, несиелеу ұйымдарының өкілдері осы жөнінде әңгімеледі.

 

М.ӘДІЛХАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Кеш жарық, аты-жөнім Алмаходжаев Əбдікəрім, «Сыбаға» атты мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жеке кəсібімді ашқым келеді, қазіргі таңда 35 бас ірі қара малым бар, барлығы заңды түрде, ветеринарлық тіркеуі бар, 300 гектар жайылым жерім бар, кепілдікке қойылатын үйім бар, ендігі кезекте менің тарапымнан барлық нұсқаулар, бұл бағдарламаға қалай қол жеткізсем болады? Білетіндеріңіз болса көмек сұраймын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button