Білім

Әлемдік тәжірибе: Дуальды оқыту әдісі

Ақтөбедегі 5 колледж жаңа жүйе бойынша маман даярлайды

 ««Қазақстан-2050» Жаңа бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын. 

Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді».

 

(Елбасы Жолдауы жолдарынан).

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздің кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа жүйе — дуальды оқыту әдісі енгізіліп жатыр. 2013-2014 оқу жылдарынан бастап біздің облыстағы 5 колледжде дуальды оқыту элементтерін енгізу  бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылатын болады. Бұл оқу орындары: Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі, Ақтөбе политехникалық колледжі, Ақтөбе өнеркәсіп және басқару колледжі, Ақтөбе байланыс және электротехника колледжі және М.Тынышпаев атындағы Ақтөбе көлік және коммуникация колледжі.  

Дуальды жүйе деген не? Жаңа жүйенің дәстүрлі оқыту әдісінен ерекшелігі неде? Жалпы біздің облыста оқытудың жаңа әдісін енгізуде қолға алынатын шаруалар туралы білмек ниетпен құзырлы мекемелердің мамандарымен тілдескен едік. 

 

Түлектер жұмыссыз қалмайды

 

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңартылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Дуальды кәсіптік білім беруді дамытудың маңызы зор. Бұқаралық маман кадрларының жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін заманауи қолданбалы біліктілік орталықтары қажет», — деді. Мемлекет басшысы колледждерде дуальды оқыту әдісін енгізу туралы нақты тапсырма да жүктеді. Былтыр Қазақстан Халқы  Ассамблеясының 19-шы сессиясында «Самұрық-Қазына» қорына арқаулық кәсіпорындар тізімін белгілеп, дуальды модельді бірте-бірте енгізудің жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Соған байланысты елімізде кәсіптік-техникалық білім беру саласында жаңа  жүйе жасалып жатыр, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Қонысбай Жонысов.

Дуальды жүйенің негізі — оқушыны оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Дуальды оқыту әдісі әлемнің көптеген елдерінде, мысалы, Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швеция, Англия, Оңтүстік Корея сияқты дамыған мемлекеттерде табысты жұмыс істеуде. Оқыту әдісінің бұл түрінің дәстүрлі оқытудан ерекшеліктері туралы Қонысбай Сәлімгерейұлы былай дейі:

Ең бастысы, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады. Дуальды жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайды. Өйткені теория мен тәжірибені ұштастыру нәтижесінде, оқушы оқу бағдарламасын жақсы меңгереді деу аз, нағыз дайын маман болып шығады. Яғни біз  жұмыс берушілердің сұраныстарына, талаптарына сай  кәсіптік-техникалық  кадрлар даярлайтын боламыз. 

Дуальды оқыту әдісінің тағы бір ерекшелігі — еңбек нарығына қажетті жас мамандарды даярлауға тек білім мекемелерінің ғана емес, сонымен қатар жұмыс беруші мекемелердің де жауапкершілігін арттырады.   

 

Пилоттық жобаны жүзеге асыратын бес колледж

 

Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бес колледжде пилоттық жоба қолға алынады. Бұл бес колледждің бесеуінің де әлеуметтік серіктестері бар. Нақтырақ айтсақ, былтыр желтоқсан айында Білім және ғылым министрлігі, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы және Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі үшжақты келісімге қол қойды. Соның нәтижесінде, аталған колледждің үш мамандығы бойыншаТемір жол көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру және басқару», «Темір жол қозғалысында автоматика, телемеханиканы басқару», «Темір жол жылжымалы құрылымдарын пайдалану және техникалық қызмет көрсету») білім алатын оқушылар үшін дуальды оқыту әдісі ұйымдастырылады. Яғни оқушылар оқу орнымен қатар  «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының облыстық филиалында тәжірибе сабақтарын өткізеді. Тәжірибе сабақтары теориялық сабақтардан көбірек болады. Әлемдік тәжірибеде осылай.

Ал Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінде «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығы бойынша білім алып жатқан оқушылар «Қазпошта» акционерлік қоғамының облыстық филиалында тәжірибе сабақтарын өткізеді.  

Ақтөбе политехникалық колледжінің әлеуметтік серіктестері —  «Стойдеталь», «АстанаСтройИндустриал,», «Химстрой» жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктері. Бұл мекемелерде аталған оқу орнының «Үйлер мен ғимараттарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша білім алып жатқан оқушылары тәжірибе сабақтарынан өтеді деп жоспарланып отыр, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері.

Қонысбай Сәлімгерейұлының айтуынша, бұл үш колледжден бөлек Ақтөбедегі тағы екі оқу орнына — Ақтөбе өнеркәсіп және басқару колледжі мен М.Тынышпаев атындағы Ақтөбе көлік және коммуникация колледжіне де дуальды оқыту жүйесінің элементтері енгізілетін болады.

 

Әлеуметтік серіктестікті дамыту

 

Дуальды оқыту әдісіндегі ерекшеліктердің бірі оқу орындары өздеріне әлеуметтік серіктес табуы керек. Яғни оқушылар тәжірибе сабақтарын өткізуі үшін өздерінде даярланатын мамандықтарға сай келетін кәсіпорындармен келісімшартқа отыруы тиіс. Жалпы, бұл тәжірибе, яғни дуальды оқыту әдісінің элементтері біздің облыста  бұрыннан бар. 2009 жылы Хромтау тау-кен техникалық колледжі (сол кездегі №4 Хромтау кәсіптік лицейі) мен «Дөң» кен байыту комбинаты арасында келісім шарт жасалды. Өзара келісім бойынша аталған оқу орнының «Тау кен электромеханикалық жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Пайдалы қазбалар кеніштерін жер астында өндіру», «Жер асты ғимараттарының құрылысы» мамандықтары бойынша білім алып жатқан оқушылары «Дөң» кен байыту комбинатында тәжірибе сабақтарын өткізуде. Дуальды жүйе бойынша білім алған түлектердің көпшілігі комбинатқа жұмысқа орналасып жатыр. Жалпы жоғарыда аталған үш мамандық бойынша бітірген түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 90-95 пайыздан кем емес. Міне, бұдан тәжірибе сабақтарын өндіріс орындарында өткізудің пайдасы зор екеніне көз жеткізе түсеміз, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері.

Әлеуметтік серіктестікті дамыту демекші, біздің облыста 2007 жылы кәсіптік және техникалық білім беру мәселелері жөніндегі әлеуметтік серіктестіктердің үйлестіру кеңесі құрылыпты. Кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова төрайымдық етеді.

Кеңеске «Қазхром ТҰҚ», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамдары, «Ақтөбе мыс компаниясы» және басқа да ірі мекемелердің басшыларының орынбасарлары мен колледж директорлары мүше.

Үйлестіру кеңесінің отырысында кәсіптік-технкалық білім беру саласындағы маңызды мәселелер талқыланады. Мысалы, өндіріске қажет мамандықтар осы үйлестіру кеңесінің отырысы барысында анықталады. Сонымен қатар мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс бөлу мәселесін шешуде осы кеңесте айтылған ұсыныстар да ескеріледі. Түлектердің жұмысқа орналасуы да кеңесте талқыланады. Жалпы үйлестіру кеңесінің жиыны жылына екі рет өтеді

Айта кету керек, кәсіптік және техникалық білім беру мәселелері жөніндегі әлеуметтік серіктестіктердің үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы күні кеше ғана өтті. Оған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтің өзі қатысып, кеңес жұмысына жоғара баға берді, — дейді Қонысбай Жонысов.

 

 

Халықаралық ынтымақтастықтың жемісі

 

Дуальды жүйені оқу процесіне енгізу мақсатында елімізде әлемнің жетекші  кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерімен ынтымақтастық  дамытылып жатыр. Халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде Қазақстанның оқытушылары Германия, Сингапур, Канада елдерінің кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарында тәжірибеден өтіп келді. Мысалы, былтыр жыл аяғында Еуро Одақ қаржыландырған «Қазақстан Республикасында кәсіптік-техникалық білім беруді қолдау» жобасы аясында еліміздің әр өңіріндегі кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарының 20 оқытушысы Германияға барып өз білімдерін осы сала бойынша жетілдіріп келді. Мақсат — дуальды жүйенің әдістерін үйрену. Біз Германиядағы оқу орындарында тәжірибе алмасып келген Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі директорының орынбасары Мақсат Жиенқожаевпен сөйлескен едік.

—  Біз Германияның Целле, Штаде, Букстехуде, Куксхафен қалалаларында болдық. Қазақстандық оқытушылар ақпараттық технологиялар, мехатроника және энергетика салалалары бойынша бөлініп, 6 апталық тәжірибеден өттік.  Германияның білім беру саласы айтарлықтай дамығанына көз жеткізе түстік. Мұндағы кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындары дуальды жүйе бойынша жұмыс жасайды. Оқытудың бұл әдісі —  сапалы мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Оның ерекшелігі сол,  оқу уақытының басым бөлігі оқу орнында емес, кәсіпорындарда өтеді. Мысалы, Германияда кәсіптік мектеп оқушысы бір аптаның 3,5 күнінде өндірісте болады, ал қалған 1,5 күнде оқу орындарында теориялық білім алады.

Германияда білім сапасы өте жоғары. Бір ғана мысал келтірейін, егер оқу орны оқушыларға сапалы білім бермесе, онда әлеуметтік серіктестік  мекемелері ол оқу орнымен келесі оқу жылына келісімшарт жасамайды.  Ал бұдан оқу орындарының ұтылары көп. Оқу орындары мекеме алдында түлек сапасына жауап береді. Жаңадан жұмысқа қабылданатын маман бойынша мекемеден мамандар өздері келіп,  сол оқушы бойынша толық ақпарат алады екен. Мекеме басшылары педагогикалық кеңестерге қатысып отырады.

Кәсіптік мектеп оқытушылары — шенеунік болып табылады. Олар өз пәндерін үлкен ықыласпен айтып, сол саланың нағыз маманы екенін көрсетіп тұрады. Жоғары білімі бар мамандар кәсіптік мектептерге сабақ беруге жіберілмейді. Олар 1,5 жыл көлемінде референтурада оқиды. Референтурада оқушылармен жұмыс жасаудың, сабақ берудің түрлі әдістемелері үйретіледі. «Жақсы маман — жақсы мұғалім емес», —  дейді олар.

Оқушылар топтастырылып оқытылады. Неміс оқытушылары үнемі жаңалықтар іздеумен айналысады. Ортақ мәселелер бойынша өзара жиындар, конференциялар көп өткізіледі. Кәсіптік мектеп шеберханаларында соңғы үлгідегі станоктар мен машина-механизмдер қойылған. Бұл жерде де өндірістің оқу орындарына деген сұранысы мен талабы жоғары екендігін байқадық.

Оқу орталықтары жүйелі жұмыс жасайды. Біз болған Штаде қаласындағы оқу орталығына жақын жерде орналасқан кәсіптік мектептер біріктірілген. Оқу шеберханаларында мектеп оқушылары тәжірибелік жұмыстар жасайды. Оқу орталығы заман талабына сай жабдықталған. Кәсіптік білім беретін оқу орындарының материалдық жағдайы жақсармай, сапалы мамандар даярлау мүмкін емес. Егер де әр облыс орталығынан осындай заман талабына сай оқу орталықтары ашылып, әр оқу орнының оқушылары сол жерден тәжірибелерін шыңдаса, сапалы маман даярлауға үлкен көмек болар еді.

Германияда оқушыларға кәсіптік білім беруді насихаттау жұмыстары 5-сыныптан бастап, яғни оқушылар бастауыш сыныпты аяқтаған соң-ақ жүргізіле бастайды екен. 5-сыныптың оқушылары арнайы орталықтарда мамандардан түрлі кәсіп бойынша дәрістер тыңдайды, сонымен қатар олар оқу шеберханаларында болып, шеберхана оқытушыларының көмегімен әртүрлі заттар жасайды.  Бұл тәсіл де жас балаларды жас кезінен еңбекке баулып, келешек мамандығын таңдауына толықтай көмек береді. Бізде мамандықтардың  үгіт-насихат жұмыстары  9-сыныптан, 11-сыныптан  бастап жүргізіледі. Менің ойымша, бұл баланың мамандық таңдауда қателеспеуіне тым кеш.

Бұл елдегі жұмыспен қамту агенттігінің жұмысы жүйелі, жақсы жолға қойылған. Агенттік  қайта даярлау, еңбек нарығына сай білім беру бағытында көп шаруа тындыруда. Агенттіктен елдің қай қаласында, қандай мекемеде өзіңе жұмыс табылатынын білуге болады. Егер мамандығың сәйкес келмесе, қосымша қысқа курстардан білім алып шығуыңа көмек беріледі. Мектеп оқушылары да сол агенттіктің мамандарының көмегімен болашақ мамандығы бойынша толық ақпараттар алады. Сондықтан болар Германияда жұмыссыздар тым аз. Жастар жұмыспен толық қамтылған.

Қаңтар айында біздің колледжде облыстық білім басқармасы мен әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен облыстағы барлық кәсіптік білім беру оқу орындары басшылары мен оқытушыларына арналған облыстық оқыту семинары өтті. Семинарда дуальды оқыту жүйесінің тиімділігі мен артықшылығы, оқу процесіне қолдану тәсілдері айтылды.

2013-2014 оқу жылында колледж үш мамандық бойынша дуальды оқыту жүйесіне көшеді. Бұл тұрғыда әлеуметтік мекеме басшыларымен қазір көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.

Қорыта айтқанда, әлемдегі жетекші оқу орындарымен арадағы ынтымақтастық пен оқытушылардың дамыған шет елдерде білімдерін жетілдіруінің еліміздің  кәсіптік-техникалық білім беру саласын жаңғыртуда пайдасы зор.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button