Жаңалықтар

16 жоба биыл жүзеге асады

Ақтөбе өңірі Қазақстанның индустрияландыру картасына 73 жоба қосып отыр. Осы аптада облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалық етуімен үдемелі индустриялды-инновациялық даму бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінің жобалардың орындалу деңгейін талқылаған отырысы өтті. Ақтөбе облысы қосып отырған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы барысында туындаған кедергілер, жобалардың белгіленген уақытында іске қосылуы туралы мәселелер көтерілді.

Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов  инвестициялық 16 жобаға жауапты тұлғалардан жұмыстың қай деңгейде атқарылып жатқанын баяндап беруді талап етті. Бұл жобалар өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына ықпал етуші жетекші рөл атқаратынын және жауапты адамдарға үлкен міндет жүктеп отырғанын ескертті.

— Ақтөбе облысында Мемлекеттік үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру бойынша үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Облысымыз республикадағы индустриялды-инновациялық даму деңгейінің динамикасы жоғары өңірлердің алдыңғы легіне кіреді. Бұған аймақта осы бағытта жасалған жұмыстарға берілген баға бойынша негізгі көрсеткіштер дәлел бола алады. Жоспарланған жұмыстардың белгіленген уақытында орындалуына не кедергі болуы мүмкін? Жергілікті органдар тарапынан қандай қолдау керек? Міне, осы сұрақтар төңірегінде мәселелердің басын ашып алу мақсатында осы жолы  инвестициялық 16 жобаның мүмкіндіктерін салмақтап алуымыз керек, — деді облыс әкімі А. Мұхамбетов.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков осы бағытта облыс өңірінде жасалған жұмыстар туралы айтып, 16 жобаға қатысты мәселелерге кеңірек тоқталды. Ол туралы жобаларға мұрындық болған компаниялар жетекшілері де баяндады.

Өткен жылы өндірістің даму қарқыны 106,9 пайызды құраған. Химия өнеркәсібіндегі жоғары технологиялық өндірістің даму қарқыны одан да мықты — 129 пайызды көрсетті. Ал металл емес минералды өнімдер өндірісінің дамуы — 118 пайыз. Өнеркәсіп өндірісі құрылымының 78,7 пайызы табиғи қазба байлықтардан құралады. Оның ішінде 56,6 пайызы — көмірсутекті шикізат, ал тек 16,4 пайызы ғана өнімді өңдеу саласына жатады.

— Өткен жылы ішкі аймақтық өнім құрылымына өндіріс секторының қосқан үлесі 8,8 пайыз болған. Негізгі капиталға бағытталған инвестициялар 7,9 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш облыстың нақты және тұрақты дамуының дәлелі ретінде инвесторлардың қызығушылығын туғызды.

Қазір облыстың Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген жобалары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Ақтөбе облысы жалпы құны 632,8 миллиард теңгені құрайтын 73 жобаны ұсынғаны белгілі. Осы жобалардың 2010-2012 жылдарға жоспарланғандары белгіленген уақытында іске қосылды. Яғни жалпы сомасы 188,3 миллиард теңге болатын 64 нысанның жұмысы басталғалы бері облыс аумағында 5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туды, — деді Н. Әбдібеков.

Биыл облыста тағы да бірқатар өнеркәсіп нысандарын іске қосу жоспарланып тұр. Жоспарланған жобалардың саны кемімей, діттеген мерзімінде жұмыстарын бастаулары керектігі туралы облыс басшылығы қатаң талап қойып отыр. Дегенмен облыс әкімі саннан сапаға өтетін уақыт жеткенін нықтап айтты. Ол жобаларды жүзеге асырудың тетігі әлемдік стандарттарға жауап беретін заманауи бағыттағы инновациялық кластерлерді енгізу екеніне ерекше тоқталды. Биыл іске қосылатын инвестициялық 16 жобаның үдемелі индустриялды-инновациялық даму талаптарына сай деңгейде болуын бақылауды тапсырып, жобалардың орындалуына жауапты тұлғаларды жеке-жеке тыңдады.

Мәселен, «Қазхром ТҰҚ» акционерлік қоғамы жаңа ферроқорытпа зауытының (№4 цетің) ашылуына, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы жаңа Жаңажол газ өндіру зауытының салынуына жауапты.

Биыл «Кроун Плюс» серіктестігінің мұрындық болуымен мұнай өнімдерін сақтайтын қойма, «Жан Амин және К» ЖШС жетекшілігімен химиялық өнімдер және мотор майын шығаратын шағын зауыт, «Ақтөбе-Әйнек» мекемесінің басшылығымен энергия үнемдейтін әйнек жасайтын өндіріс құрылысы салынады.

Сонымен қатар «Молочные истории» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3000 бас ірі қара малын өсіруге арналған кешен, Ақтөбе нан өнімдері комбинаты Хромтаудан нан зауытын, «Гринхаус Қазақстан» компаниясы 100 гектарға, «Ника 99» серіктестігі 2 гектарға жылыжай құрылысын, «Idea Invest Group» ЖШС ауыз су, сүт және тәтті сусындар шығаратын цехты іске қосады.

Бұл нысандардың ашылуы облыстың экономикасына жаңа серпін беріп, әлеуметтік әлеуетін дамытуға мүмкіндік туғызады. Жаңа кәсіпорындар жоғары технологиялық өнім өндіру секторындағы жұмыс қарқынын күшейтуге себепші болмақ. Жоспарға енген жобалардың барлығы да Қазақстанның индустрияландыру картасының деңгейіне жауап беруі үшін облыс әкімі А.Мұхамбетов қорытынды сөзінде тиісті органдарға салынған құрылыс нысандарының аумағы қоршалып, жаз айларында жасыл желекке малынып тұруын, сырттан келген көліктердің, жаяу жүргіншілердің кедергісіз кіруіне мүмкін болатындай, мамандар еркін жұмыс істей алатындай барлық техникалық қауіпсіздік талаптары, санитарлық нормалардың сақталуын заң шеңберінде қадағалауды тапсырды.

Айгүл БАЙМЕНОВА.                

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button