Жаңалықтар

«Достықтың жол картасы»: эстафета — Ақтөбеде!

Апта басында Ақтөбеге «Достықтың жол картасы» мега-жобасы аясында Қостанай облысының делегациясы келді.

Өткен жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстанға барған сапарында этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесе отырып «Достықтың жол картасы» акциясының тұсауын кескен болатын. Осы күні Өскеменнен қозғалған достықтың керуені Павлодар-Қарағанды-Көкшетау-Петропавл-Қостанайға ат басын бұрып, енді Ақтөбеге келді.

Сейсенбі күні «Нұр Отан» ХДП ғимаратында Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерінің, этномәдени бірлестіктер, мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен «Жаңа қазақстандық патриоттық — біздің көпұлтты және көп конфессиялы қоғамымыздың табысының негізі» атты дөңгелек үстел өтті. Оған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова мен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Бектұрғанов қатысты.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан -2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында этносаралық келісім мен толеранттылыққа ерекше мән берді. Қазақстандық бірліктің негізі —республиканың әрбір азаматының бостандығы мен азаматтық құқының теңдігі, әлемді таңғалдырған Қазақстан экономкиасының қарқынды дамуы. Тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етудің негізгі факторы толеранттылық болып табылады, — деді облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Қыдырғали Ермұханов.

«Достықтың жол картасы» акциясының мақсаты — Қазақстан халқының бірлігін нғайту, қоғамдық келісімді сақтау, этномәдени бірлестіктердің арасындағы мәдени байланысты дамыту, әр өңірдегі Достық үйінің жұмысын жандандыру, аймақтың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының жүзеге асырылуына этномәдени бірлестіктердің қатысуын қамтамасыз ету.

Дөңгелек үстел барысында Ақтөбе мен Қостанай облыстарының мәдени саласындағы жауапты тұлғалар баяндамалар оқып, халықтар бірлігі, мәлениетаралық байланыстарды нығайту бағытындағы өңірлерде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қостанай облыстық мәдениет басқармасы  бастығының орынбасары Қойшығара Оспановтың айтуынша, бұл өңірде 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Облыстағы Достық үйінде 16   этномәдени орталық өкілдері тату-тәтті жұмыс жасап жатыр екен. Ал орыс этномәдени бірлестіктің төрағасы, Қостанай облыстық орыс драма театрының директоры Юрий Ивлев театр репертуарындағы қойылымдар төңірегінде әңгіме қозғады. Өткен жылы мамыр айында орыс театры Ахмет Байтұрсынов пен оның ислам дінін қабылдап, мұсылманның Бадрисафа деген есімін иеленген орыс әйелі  Александра екеуінің тағдыры туралы «Любовь и смерть Ақ келін»деп аталатын қойылымның тұсауын кескен. «Қойылым осы уақытқа дейін аншлагпен өтіп жатыр. Алдағы уақытта осы қойылыммен Орынбор қаласына бармақпыз. Содан кейін Астанаға апаруды ниет етіп отырмыз. Сәті  түссе Ақтөбеге де келеміз», — дейді театр директоры.

Шара барысында Қостанай облысы Федоровский ауданындағы славян ұлттық бірлестігінің жетекшісі Геннадий Шестаков, Ақтөбе қаласындағы Достық үйінің директоры Роза Беркешова мен Мәртөк аудандық Достық үйінің директоры Елена Цыбалар да сөз алып, өздері басқарып отырған ұжымдарда жасалып жатқан жұмыстар төңірегінде әңгімеледі.

 

М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button