Жаңалықтар

Аналарға алқа тақты

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева бір топ көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін салтанатты түрде табыстады.

Айгүл Арынғазиеваның айтуынша, қазір Ақтөбе қаласында 1297 «Алтын алқа», 1511 «Күміс алқа» иегерлері бар.

Қазір елімізде жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелегені аналар «Алтын алқа», ал алты бала туған аналар «Күміс алқа» белгілерімен марапатталады. Қаламызда көп балалы аналардың қатары көбейіп жатқанына қуаныштымын, — деп А.Арынғазиева аналардың отбасына амандық, деніне саулық тіледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, ақтөбелік Зияш Дарбаева мен Макбуза Қожаниязова «Алтын алқа» иегерлері атанса, Назгүл Айтбаева, Ақтолқын Бәсенова, Әсем Бекмағамбетова, Ұлболсын Дәрібаева, Күләш Наурызбекова мен Ольга Шахрай «Күміс алқамен» наградталды.

Ресей жерінен Ақтөбеге қоныс аударғанымызға көп бола қойған жоқ. Ұл-қыз асырадым. Балаларымның өз қолдары өз ауыздарына жетіп, біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік етіп жатыр. Қазір баламның шағын үйінде тұрамыз. Көп балалы аналар үшін мемлекет қолдау көрсетеді. Сол мүмкіндікке қол жеткізіп жатқаныма қуаныштымын, — деді «Алтын алқа» иегері Зияш Дарбаева.

Салтанатты түрде өткен шарада көп балалы аналарға Ақтөбе қаласы әкімінің атынан арнайы сыйлықтар табысталды.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button