Жаңалықтар

«Ер бақыт» әскери-спорттық клубы ашылады

Ақтөбе қаласында «Ер бақыт» әскери-спорттық клубы ашылады.

15 ақпан — Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күні қарсаңында Ақтөбеге Түркістан әскери округінің 261-ші жеке автомобиль батальонында әскери борышын өтеген жауынгерлер жиналды. Астана, Павлодар, Көкшетау, Қызылорда, Шымкент қалаларынан келген меймандар Ауғанстанда қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткіш алдында тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 24 жыл толады. Осыған орай, біз еліміздің жер-жеріндегі кезінде Түркістан әскери округінің 261-ші жеке автомобиль батальонында әскерде бірге болған қатарластырымызды шақырып, құрмет көрсетуді жөн санадық. Облыстан  осы батальон құрамында 5 жауынгер болдық. Біздер  атаулы күні Ақтөбеде «Ер бақыт» әскери-спорттық клубын ашуды ойластырып отырмыз. Мақсат — жастарды отансүйгіштікке, елін қорғауға тәрбиелеу. Клубтың «Ер бақыт» аталуының да өзіндік себебі бар. Қазақта «Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ер қолында» деген қанатты сөз бар. Осы сөздің негізінде аталған клубымызда болашақта мықты-мықты спортшылар шығады деген сенімдеміз, — дейді «Ел бақыт» әскери-спорттық клубының президенті Марат Қойлыбаев.

Қазір клубтың арнайы спорт кешені жоқ. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің спорт кешенін жалға алып отырған клубтың құжаттары рәсімделіп жатыр.

Шарада «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес сөз сөйлеп, жауынгерлерге оң сапар тіледі.

Ержан Қаратаев, 261-ші жеке автомобиль батальонында әскери борышын өтеген жауынгер:

Ақтөбеге бірінші рет келуім. Мұндағы әскерде бірге болған қатарластарымыз басымызды қосып, қуанып жатырмыз. Шымкент қаласында туып-өскеніммен, әскери борышымды өтегеннен кейін Ресей азаматтығын алдым. Ресейдің құқық қорғау саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым.  Қазір жабық қалаға айналған Байқоңырда қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеймін. Түркістан әскери округінің 261-ші батальонында әскери борышымды өтеген жылдары Ауғанстанның Хайратон қаласынан Кабулға дейін арнайы жүк көліктерін бағыттап жүрдік. Бүгінде Ресей Федерациясы тарапынан ауған соғысы жауынгерлеріне мейлінше қолдау көрсетіліп жатыр. Алайда коммуналдық қызметтер Ақтөбедегідей тегін көрсетілмегенімен, 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ай сайын төленетін арнайы жәрдемақы бар. Оның мөлшері — 3,5 рубль. Мұндай қолдауға ақтөбелік жауынгерлер де ие болып отыр. Біздерді мерекелік іс-шараларға жиі-жиі шақырады.  Бір қунтарлығы —  Ақтөбеде Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлердің рухына арналған ескерткіш орнатылыпты. Бұл — жауынгерлерге деген үлкен құрмет. Ресейде мұндай ескерткіш жоқ.  

Шара соңында Ауған соғысының жауынгерлерінің рухына арнап ас берілді.

 

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button