Жаңалықтар

Қарқынды жұмыс алда да жалғасады

Аудан әкімі Рахат Сыдықов 12 селолық округтің орталықтарында болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Одан кейін аудандық Мәдениет үйінде қала тұрғындарымен жүздесті. Кездесулерде өткен жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы жылға арналған міндеттер сөз болды, тұрғындардың мұң-мұқтажы тыңдалды.

Аудан территориясының 471 шақырымын қамтитын «Жезқазған — Бейнеу» темір жолы құрылысының басталуы арқылы ауданның 500-ге тарта азаматы жұмысқа тартылды. Құрылыс жұмыстары аяқталып, темір жол іске қосылған кезде аудан аумағынан 3 бекет, 7 разъезд ашылып, 760 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынады. Шалқар қаласындағы аграрлық-техникалық колледжде және биыл құрылысы басталатын С.Бәйішев атындағы колледжде темір жол мамандары даярланады. Аудан тұрғындарының сауалдарын тыңдап, жауап берген кезде аудан әкімі өңірде мал басын  көбейтуге шақырды. Себебі, мал өнімдеріне сұраныс жылдан-жылға көбейе бермек.

Кездесулерде ауылдықтар қазіргі күні өз жағдайларының жақсы екенін айтты. Көбі үйлеріне ғарыштан телехабар тарататын «Отау ТВ» қондырған, әлем жаңалықтарын көріп отыр. Өндіріс дамып, зауыт, фабрикалар ашылып, айлық, зейнетақы уақытында беріліп тұр.

Кездесулерде қойылған сұрақтарға орай тұрғындарға медпункт, ФАП, амбулаторияның округтерде адам санына қарай ашылып, қызмет көрсететіні және алдағы уақытта балабақшаларда, мектептерде еңбекақы тек бала санына қарай төленетіні  түсіндірілді. Су ұңғыларын қазуда да алдымен жер асты су қорлары зерттеліп барып қолға алынатыны әңгіме болды. Кейбір округтерде жұмыс сұраған азаматтар да табылып жатты. Бұл адамдарға аудан әкімі:

— Біз округте тұратын барлық адамды өзі тұрған жерлерінде жұмыспен қамти алмаймыз. Жас азаматтар вахталық әдіспен жұмыс істеуі керек. Мәселен, Біршоғыр селолық округіндегі қиыршық тас, басқа да зауыттар мен кәсіпорындарға жұмысшылар керек. Ал ауылда тұрып кәсіп істеймін дегендерге тіпті мүмкіндік мол, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары бойынша төмен пайызбен несиелер беріледі, — деді.

Ауданда қуаты 1000 тонналық мұнай өңдеу зауытының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, жер бөлу ісі жүзеге асады, «Арал мұнай терминалы» ЖШС арқылы мұнай өнімдерін өңдеп, үкімет белгілеген шекті бағамен сатылуын ұйымдастыру қолға алынады. Тараз қаласының тәжірибелі кәсіпкерлері Шалқардан қой терісін алып, тон тігетін цех ашуға ниет білдіруде. Сол кезде ауданда қой терісі мен жүнін өткізуге мүмкіндік туып қалмақ. Міне, осындай жаңалықтарды естіген ауылдықтар бір қуанып қалды.

Қала халқымен кездесуде де қалалықтар өңірімізде, жалпы елімізде жасалып жатқан игі істерді көріп, біліп отырғандарына тоқталды. Аудан басшысының айтуы бойынша қаланың су жүйелері қайта жарақтанады, 23 көшені жарықтандыру қолға алынбақ, қала көшелерінің асфальт төсеніштеріне күрделі жөндеу жалғасады, жеке тұрғын үй құрылысы салынып жатқан даму аймақтарына инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізу жалғаспақ.

Аудан басшысы қозғалған мәселелердің барлығы да назарда екенін айтып,  биылғы Елбасы Жолдауында міндеттелген бағыттар бойынша жұмыстардың жалғасатынына тоқталды. Көпшілікті ынтымақта, бірлікте еңбек етуге шақырды.

Қыдырәлі ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Ауылдың болашағы — мектеп

 

Хромтау ауданының әкімі Аязбай Османғалиев ауылдарға шығып, тұрғындар алдында есеп берді.

Алғашқы есеп беру кездесуі аудан орталығынан шалғайдағы Тасөткел ауылында өтті. Тұрғындарға аудан экономикасының даму бағыты, қол жеткен табыстар, алда тұрған міндеттер баяндалды. Ауылдардың, оның ішінде Тасөткелдің де  тұрмыс-тіршілігі әңгіме болды. Мұндағы орта мектептің ауыл экономикасын көтеруде атқаратын рөлі ортаға салынды. Бүгінгі таңда ауылдарға агроном, ветеринарлық дәрігер, мәдениет, медицина қызметкерлері, мұғалімдер қажет. Мектепті бітірген әрбір жас жоғары білім алып «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы арқылы туған жерлеріне оралуға тиіс. Сөйтіп, ауылды көркейтуге атсалысулары керек. Ол үшін ауыл мектептері соған дайын болғаны жөн. Өкінішке қарай, Тасөткел орта мектебінде өткен жылы бірде-бір бала ҰБТ-ға қатыспады. Биыл бұл жағдай өзгеруге тиіс. Мектеп ұжымына жаңа кадрлар қосылуда. Осы жылы Ақтөбе қаласынан ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, жас маман келіп, қызмет етіп жатыр.  Мектепте компьютер кабинеті бар. Әзірге оның біреуі ғана ғаламтор желісіне қосылған. Аптасына 15-ке таяу бала оның қызметіне жүгінеді. Сондықтан да аудан әкімі  мектеп оқушыларына ғаламторды қолдануға мүмкіндік жасауды тапсырды. Алда ауыл балалары жайлы ғимаратта білім алады. Қазір ауылда жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Кездесуде ауыл әкімі  Бақберген Байсейітов Тасөткел ауылын қамтуға тиісті дәрігердің жолдың қашықтығын сылтауратып Бөгетсайдан келмейтіндігін сынады.  Ауыл  ақсақалдары жастарға діни тәрбие беруді күшейтуді ұсынды.

Әкімнің  есебінде айтылғандай, кезінде 30 мың мал өсірген Тасөткел жері мал шаруашылығына өте ыңғайлы, оны кеңейту мүмкіндігі әлі де мол. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша  ауылдық жерлерде шаруаны нығайтудың  көкжиегі көрініп-ақ тұр.

Ауылдың тұрмысы жақсарып келеді. 2012 жылы  ауылға телефон желісін орнатып, қазір100 үй телефон қызметін пайдаланып отыр. Тасөткелге 2015 жылға таман көгілдір отын жеткізу жобасы да бар. Ал ауыз су мәселесін шешу біраз уақытты талап ететінге ұқсайды. Өйткені су көздерін іздестіру керек.  Жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу шаруасы да бүгін-ертең шешілетін іс емес. Себебі, оған жергілікті бюджеттен бөле қоятын қаражат жоқ. Әзірге ауылда орналасқан «Үйтас» зауыты жолға қиыршық тас төсеп, тегістеп тұрмақ. Мұны аудан әкімі тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға жауап берген кезде айтты.

Бөгетсай селосында өткен кездесуде аудан әкімі халықты «Ақтөбе нан комбинаты» өндіретін нанды Бөгетсайға жеткізу қарастырылып, бұл ауылға су кіргізу үшін су көзін іздестіру, барлау  жұмыстарының жүргізіліп жатқанын хабарлады.  Бүгінде 6 бала ғана келіп жүрген балабақшаға, осылай жалғаса беретін болса,  жабылу қаупі төнетінін де жасырмады. Ол кезде ауылда 20 адам жұмыссыз қалмақ. Ауыл тұрғындарының атынан сөз алған Ысқақ Қонақбаев ауыл әкімі аппараты ғимаратының тозығы жетіп, құлаудың аз-ақ алдында тұрғанын жеткізді. Әкімғали Әбдіғазиев аталмыш селолық округке қарасты Қарлау аулына да көгілдір отын жүргізілсе деген өтініш айтты. Халықтың талап-тілегін тыңдаған әкім әр мәселе өзінің ретімен шешілетінін мәлімдеді. Тұрғындар аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.

Қуандық ЕСБОЛСЫНҰЛЫ,

                                                                                        Хромтау ауданы.

 

 

Жыл қорытындысы және жариялылық

 

Бұрынғы екі ауданның ізіндегі, орналасуы жағынан облыс аумағының орта тұсын құрайтын бұл өңірдің өзіндік ерекшеліктері бар. Соның бастыларының бірі — аудан орталығы Қандыағаш қаласының тоғыз жолдың торабында орналасқандығы. Аудан әкімі Серік Шаңғұтовтың жылдық есебіндегі көп мәселелердің де осындай жәйтпен байланыстырылуы тегін емес.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетов жиын алдында бірсыпыра нысандар жұмысымен танысқанда да өңірді дамыту, қолға алынған бастамаларды баянды түрде өрістету туралы ойларына әлгіндей ахуал мен мүмкіндіктерді арқау еткен-ді.

Кейінгі жылдардағы жағымды жаңалықтардың бірі — бұл аудан тұрғындарының Астанаға пойыз қатынасымен тікелей жол тарту мүмкіндігін пайдалануы. Мұның өзі бірсыпыра экономикалық, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуіне игі ықпалын тигізуде.

Былтырғы есеп беру барысында көтерілген проблемалар, қойылған сұрақтардың жауабы бүгінгі күні жұртшылық талғамына тартылды. Негізінде аудан әкімінің іс-шаралар жоспарына енгізілген 37 мәселе мен сұрақ республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде шешімін табатын болып белгіленген. Солардың арасында Қандыағаш, Ембі қалаларының көше жолдарын күрделі жөндеуден өткізу, кәріз жүйелерін жаңғырту секілді жұмыстар республика бойынша бөлінген қаржы есебінен шешімін тапты. Сонымен бірге елді мекендерді тұрмыстық қатты қалдықтардан тазарту, су жүйелерін ретке келтіру секілді шаруалар да бір жүйеге келтірілді.

Кешегі күндерде Қандыағаш қаласындағы бірнеше көп қабатты үйлер қараусыз қалып, жарамсыздыққа ұшырай бастаған болатын. Аудан әкімшілігі бастамасымен қолға алынған жаңғырту жұмыстары өз нәтижесін берді. Қазірдің өзінде көптеген бюджеттік мекемелер қызметкерлері, еңбек және соғыс ардагерлері, басқа да әлеуметтік жағынан қорғалуы кемшін жандар өздерінің тұрғын жайларын жақсартып үлгерді.

Аудан әкімінің есебінде көп жайлар қамтылды. Әрине, оның бәрін қамтып айту қажет те болмас. Дегенмен, көпшілік назарын аударуға тиісті мынадай деректерді келтіре кетуді жөн көрдік.

Өткен жылы өнеркәсіп өндірісі бойынша 488 млрд. 715 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 84 млрд.487 млн теңге болды. Үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде 2010-2012  жылдары жалпы құны 61,8 млн долларды құрайтын жаңа 8 жоба іске асты.

2012 жылы ауданда орналасқан кәсіпорындар 4593,6 мың тонна мұнай, 2924,7 млн шаршы метр газ, 899 мың текше метр қиыршық тас өндірді.

Теміржол арқылы жүк тасымалы 2011 жылы 5 240,0 мың тонна болса, 2012 жыл бойынша 15 451,0 мың тоннаға жетті немесе 34 пайызға артты.

Аудан басшысы осындай нақты деректерді келтіре отырып, олардың астарында экономикалық ахуал қалыптасуы, әлеуметтік даму негіздері орныққанын баян етті.

Қазір өңірде 414  шаруа  қожалығы, 30 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3 ауылдық тұтыну кооперативі,  2 сервистік дайындау орталығы және 1 несие серіктестігі жұмыс істейді. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы өндірілген өнімнің   көлемі 9 млрд. 681 млн. теңгені  құрады.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберінде  Қандыағаш қаласындағы  мал сою бекетінің инфрақұрылымына 8,0 млн.теңге, Ащысай ауылында орналасқан «Ақбота» шаруа қожалығының мал өсіру кешеніне 15,0 млн. теңге қаржы белгіленіп, бұл қаржыға 30 жылқы, 400 қой сатып алынды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 2011 жылы 21 адам жалпы сомасы 15,4 млн. теңге, ал 2012 жылы 5 адам 4,8 млн. теңге несие алды. Осының барлығы баяндамада шаруа жасаймын деп ұмтылған адамға қолдау да, көмек те жасалатындығының мысалы ретінде айтылды.

Биылғы есеп беру жиынында жариялылық мәселесіне, оның ішінде тұрғындардың хабардарлығын қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінді. Сондықтан да аудан бойынша бірнеше жерге тікелей байланыстар орнатылды, телефон желісі іске қосылды. Аудан бойынша қырық алты жерге жәшіктер қойылды.

Жиын кезінде тікелей байланысты пайдаланған Жем қаласының тұрғыны Бағила Көшерқызы биылғы қысты әр шаңырақта көгілдір газбен қарсы алғандарын қуанышпен жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта кәріз жүйелерін қалыпқа келтіруге қатысты тілектерін білдірді.

Қандыағаш қаласындағы тұрғын үй кооперативінің төрайымы Сәнше Отыншина көп қабатты үйлердің биылғы қысқа дайындығы жақсы болғанын айтып, бұл ретте әкімшілік тарапынан ықпалды шаралар жүзеге асқандығына алғысын айтты.

Аудан орталығында тұратын Алтынгүл Бөртебаева алдағы уақытта жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып, жылыжай кешенін ашуға ниетті екенін, соған байланысты қандай жеңілдіктерді пайдалана алатындығын сұрады. Әділхан Қартжанов шағын аудандарда жолдардың түзеліп, жабық базарлардың қатарға қосылуына ризашылық білдіріп, енді мектеп, балабақша мәселелерінің қарастырылуын қалайтындықтарын айтты.

Аудандық «Мұғалжар» газетінің редакторы Нұргүл Қалиева өзінің журналист ретінде көп ілгерілеулерге куә болып жүргенін, мәселен, бір кездері қаңырап қалған көп қабатты үйлерге жан кіргенін, ауылдарда еңбекке ұмтылыс көбейгенін оңды көрініс ретінде сөз етті.

Ауданда кәсіпшілік жұмыстарының кең ауқымда қанат жаюы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізуде. Мәселен, тұрғындардың жан басына шаққандағы орташа жалақы 2001 жылы 15157 теңге болса, 2012 жылдың 1 қаңтарына 87207 теңгеге жетті. Ал соңғы деректер 97135 теңгені көрсетті. Өткен жылдың ішінде 1304 тұрғын банктерде жаңа депозиттер ашып, оған 1 млрд. 10 млн. 600 мың теңге ақша салған. Халықтың экономикалық-қаржылық белсенділігін арттыру мақсатында жария болған «Халықтық IPO» бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша Мұғалжар ауданы Ақтөбе қаласынан кейінгі екінші орында. 700 адам 48 млн. теңгеге акция сатып алып, ірі көлемдегі компанияның үлескерлері болды. Ауданның әрбір алтыншы тұрғынының меншігінде жеке көлігі бар. Соңғы бір жылда Қандыағаш қаласының өзінде 170 жаңа үй салынса, оның он бесі 2 қабатты үйлер.

Есеп беру жиынына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков сөйлеген сөзінде өткен кезең ішінде біраз жұмыстар атқарылғанын, ол көпшіліктің ауызбіршілігінің нәтижесі екенін атап көрсетті. Сонымен бірге кейбір мәселелерге назар аударған ол былтыр инвестиция тарту деңгейі біршама төмендеп кеткенін, мұның өзі басқа да факторларға көлеңкесін түсірмей қоймайтындығын нақты деректермен жеткізді. Бұрын іске қосылған нысандардың толық қуатында жұмыс істеуді қамтамасыз етуі — күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Жалпы алғанда жұртшылық тарапынан аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берілді. Бүгінгі қол жеткен биіктер, алынған асулар ертеңгі күнге өлшем бола алмайтыны, өйткені уақыт талабы тек қана ілгерілеу екені негізгі сөз түйініне айналды.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Мұғалжар ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button