Жаңалықтар

«Алақайда» — жаңа қойылым

«Алақай» қуыршақ театры балдырғандардың назарына  «Бір-ақ уыс» атты жаңа спектаклін ұсынды.

Қойылымның режиссері — қуыршақ театрының кәнігі маманы Геннадий Гипиков.  Оны ақтөбеліктер жақсы таниды. Театр әкімшілігінің шақыруымен жыл сайын бір жаңа қойылымымен бүлдіршіндерді қуантып кетеді. Режиссер қойған  В.Павловскистің «Бақашық пен теңіз», Х.Гюнтердің «Мүйізтұмсық пен керік»,  «Ұр, тоқпақІ», В.Масловтың «Күншуақты досым», А.Веселовтың «Күн іздеген аққалалар»,  Е.Чеповецкийдің «Клоунада»,  В.Швембергердің «Ақылға келген аю» спектакльдері мен «Қуыршақтардың ғажайып әлемі» атты шоу бағдарламасы әлі күнге дейін театр репертуарынан түспей келеді.

«Бір-ақ  уыс» спектаклі енесі ауырып отардан бөлініп қалған қошақанның басынан кешкен қызық оқиғалардан тұрады. Енесі сауығып кетуі үшін бір-ақ уыс тұз қажет екен,  сол үшін ауылға барып, қожайыннан тұз сұрап әкелмек болып жолға шығады. Бұл дүниеден хабары аз бейкүнә қошақан ұмытып қалмайын деп «Бір-ақ уыс» деп әндетіп келе жатса, алдынан айдары желбіреген әтеш шығады, ол жерге дән сеуіп жүр екен. Мұның сөзін естіп айқайға басады: «Бір-ақ уысың не сенің! Бір дәнің мың болсын демейсің бе?»,— деп ренжиді. «Бір емес, мың болсын!» деп қайталап келе жатқан қошақан көжегінен айырылып жылап отырған қояннан сөз естиді, қақпанға түсіп қалған қасқырды оның «Құттықтаймын!» деген сөзі шошытады, одан көгершінді аңдып жүрген түлкіге жолығады. Сөйтіп жүріп өзінің енесіне қанша тұз керек екенін ұмытып қалады. Бақташының көмегімен әзер есіне түсіреді. Оқиғасы жеңіл әрі күлкілі, танымдық, тәрбиелік  мәні бар.

«Алақай»театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Аманша Адаспаева: «Бұл спектакльдің идеясы қазақ ертегісінде бар, бұрынырақта бастауыш сыныпқа арналған оқулықта «Көп болса қос уыс, аз болса бір уыс» деген дидактикалық әңгіме болатын. Оны балалардың есте сақтау қабілетін арттыру мақсатында өтетінбіз. Бұл спектакль де балалар түгілі, ересектер үшін де тартымды болып шықты», — дейді.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button