Басты жаңалықтар

Индустрияландыру картасына — 73 жоба

Елбасы осыдан төрт жыл бұрын шетелдік инвесторлардың басын қосқан  пленарлық отырыста әлемдік дағдарыс жағдайында Қазақстанның экономикасын дамыту үшін отандық өнімдер мен қызметтердің қазақстандық мазмұнын күшейту туралы бастама көтерген болатын.

Содан бері қазақстандық мазмұн туралы идея үлкен қолдауға ие болып, жергілікті жерлерде жүзеге аса бастады. Бұл тәжірибе жүзінде ел экономикасының даму әлеуетін арттыратын бастамашыл идея болып табылды. Ол Ақтөбе облысының индустриялы-инновациялық дамуының тетігі ретінде қарастырылып,  аймақта өнімдер мен қызметтердің жергілікті мазмұнын таныту мәселесі қолға алынды.

Осы аптада облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен өткен кеңесте бұл бағытта жеткен жетістіктер мен кемшін тұстар туралы кеңінен айтылды.

Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың, тауар  өндірушілердің, қоғамдық қауымдастықтар және мемлекеттік органдар өкілдеріне қазақстандық мазмұнды дамыту бойынша жасалған жұмыстарды талдауға, пікірлесуге мүмкіндік берген кеңес биылғы жылға жаңа міндеттер жүктеді. Аймақ басшысы «Қазхром» трансұлттық компаниясы және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы сияқты ірі жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті мазмұнды дамыту бойынша өткен жылы жасаған жұмыстары туралы мәліметтерін тыңдап, қордаланған мәселелерді шешу жолдарына бағыт сілтеді.

Облысымыз Қазақстанның индустрияландыру картасына 73 жоба ұсынды. Бұл жобалардың бәрі де қазақстандық мазмұнды дамытуға үлес қосады.

— Мемлекет басшысы қазақстандық мазмұн бастамасын көтергеннен кейін бұл жұмысты жүйелі түрде дамыту мақсатында заңнамалық база құрылды. Елімізде 2010-2014 жылдарды қамтитын салмақты бағдарлама қабылданды. Бұл жерде жаңа өнім түрлерін шығаратын өндірістік секторды құру, қолда бар кәсіпорындардың жұмысын жетілдіру, ішкі нарыққа отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерін өткізу үшін жағдай жасау арқылы қазақстандық мазмұнды дамыту көзделіп отыр. Мемлекеттік бағдарлама қабылданғалы бері ірі компаниялардың жер қойнауын пайдалану шарттарында қазақстандық мазмұнды дамытуға байланысты нақты сандық міндеттемелер көрсетілді. Бұл аймақтарда отандық өнімдерді өткізуге мүмкіндік берді.

Дегенмен Елбасы еліміздегі бірқатар ірі компанияларды қазақстандық мазмұнды дамыту бағытындағы жұмысты өз деңгейінде атқармай отырғанын айтып сынады. «Қазхром» трансұлттық компаниясы мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы да Мемлекет басшысының сынына ілікті. Осы жолғы кеңесте тау-кен металлургиясы және мұнай саласындағы ірі компаниялардың, жергілікті өндірушілердің отандық тауарларды қолдануы бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарды  жандандыру көзделіп отыр. Өткен жылғы нәтижелердің қорытындысы жаңа жоспарларға сабақ болуы тиіс. Тауарлар мен қызметтерді сатып алу ісінде жергілікті мазмұнды дамыту отандық және шетелдік инвесторлардың тепе-теңдігін сақтауға басымдық беріп, индустриялды-инновациялық саясаттың маңызды тетігі ретінде бағаланады, — деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Мониторинг мән беруді талап етеді

Одан кейін сөз алған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Марат Балмұхановтың баяндамасы жергілікті мазмұнды дамыту бағытында аймақта жасалған жұмыстар туралы толық ақпарат берді. Ол өткен жылдың қорытындысы бойынша шыққан мониторингіге кеңінен тоқталды.

—  Мониторинг қорытындысы бойынша өткен жылы мұнай-газ компанияларында және тау-кен өнідірісі кешенінде бұл жұмысқа қатысты көрсеткіштер жылдық жоспардан төмен болып отыр.

Облыстың жер қойнауын пайдаланушы екі ірі компаниясы «Қазхром» және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамдары қазақстандық мазмұнды дамытуға ынталы екендерін көрсетуге тырысады.

Үкімет қаулысы бойынша мониторингіге лайықты деп танылған облыстың алты кәсіпорны — «АЗХС», «АЗНТ» акционерлік қоғамдары және «Стройдеталь», «АЗМ», «Ақтөбе-нан», «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тауарлар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық мазмұн бойынша жоспарды асыра орындады.

Мемлекеттік сатып алу саласында да қазақстандық мазмұнға деген көзқарастың жоғары екені байқалады. Қазір біз ішкі нарықты бәсекеге қабілетті отандық өнімдермен қамтамасыз ете алатынымызды сенімді түрде айта аламыз, — деді М. Балмұханов.

Өткен үш жылдың ішінде Индустриалияландыру картасының аясында облыс жалпы сомасы 188,3 млрд. теңгені құрайтын 64 өндіріс нысанын іске қосты. Бұл полиэтилен тұрбалар шығаратын, престелген керамикалық бұйымдар жасайтын зауыттардың, жергілікті шикізаттан шебін өндіретін үш зауыттың іске қосылуына мүмкіндік берген ірі жоба болды. Бізде металл конструкциялар зауыты жаңартылды, жарылғыш заттар өндіретін Батыс Қазақстан аймағындағы жалғыз зауыт жұмыс істейді, «Керамика» акционерлік қоғамында керамика плиткалары шығарылады. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде биыл 14 жоба іске асырылмақ.

Отандық өнім бәсекеге қабілетті ме?

Облыс басшысы жаңа өнім бірінші кезекте өзіміздің аймақта қолданысқа енгізілуі керектігін ескертті. Мемлекеттік үдемелі индустриялы-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде «СКРП-Аманат» серіктестігінде жылына қуаттылығы 7,5 тоннаны құрайтын химиялық реагенттер өндірісі іске қосылды. Өндіріс жыл сайын өнім көлемін 25 пайызға ұлғайтып отыруға бағытталған. Осы жерде облыс басшылығы тарапынан өндіріс процесінде химиялық реагенттерді қолданатын жер қойнауын пайдаланушы компанияларға «СКРП-Аманат» серіктестігімен ұзақ мерзімді әріптестік қарым-қатынас орнатқан дұрыс деген кеңес берілді.

— Облыс әкімдігі бәсекеге қабілетті отандық тауарлар өндірісін дамытып, ішкі нарықта қолданылуы үшін ауқымды жұмыстар атқаруда. Мәселен, осы жұмыстардың ықпалымен Ақтөбедегі металл конструкциялар зауыты «Қазақойл Ақтөбе» серіктестігіне, жаңа цех құрылысы үшін Ақтөбе ферроқорытпалар зауытына өз өнімдерін жеткізіп беріп отыр. Бұл ретте әріптестік қатынастардың озық үлгісін көрсетіп отырған «Қазхром» трансұлттық компаниясын атап өтуге болады, — деді М. Балмұханов.

Дегенмен кеңесте жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың отандық кәсіпорындарға тапсырыс беруге және жергілікті өндіріс өнімдерін сатып алуға әрқашан мүдделі бола бермейтіні де айтылды. Мәселен, кеденнің статистикалық мәліметтері «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» серіктестігінің және оның бас мердігерлерінің, «Қазхром» трансұлттық компаниясының, «Восход Ориел» серіктестігінің 70,0 млрд. теңге көлеміндегі тауарларды шетелден импорттағанын көрсетті. Импортталған тауарлар тізімінде қазақстанда өндірілетін тауарлардың бар екені анықталып отырған көрінеді. Мәселен, металл цистерналар, электродтар, арнайы жұмыс киімдері, түрлі пластмас бұйымдар, болаттан, темірден жасалған бұйымдар өзіміздің елден табылады. Облыс басшылығы бұларды шетелден сатып әкелудің еш қажеті жоқтығын ескертті.

Қытайдан емес, қазақтан алыңыз!

Осыны реттеу үшін қазір облыс әкімдігі жоспарлы жұмыстарды атқарып жатқаны туралы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы берген мәліметтер аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының өз өнімдерін қазақстандық ірі компанияларға өткізуге мүдделі екендерін көрсетеді. Мәселен, жеті жылдан бері жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін «Азайа» фабрикасының басшылығы өнімдерін ішкі нарыққа өткізу мақсатында облыс әкімдігінен қолдау көрсетуді сұрады. Арнайы жұмыс киімдерін, төсек орындарды тігуге негізделген фабриканың ішкі нарықта үлкен тәжірибесі бар, өндірістік инфрақұрылымы қалыптасқан көрінеді. Шығаратын тауарлары сапа менеджменті жүйесіне сәйкес келетін болса, өнімдерін өнеркәсіп секторындағы өзіміздің кәсіпорындарға өткізу үшін фабрикаға қолдау көрсетілетін болды.

Жалпы қазақстандық өнімдердің өзіміздің ішкі нарықта сұранысқа сай болуы үшін әлі де көп шаруа жасалуы керек. Жақында облыс орталығында қоғамдық-саяси шара — «Қазақстандық өнімді сатып ал!» көрмесі өтті. Оған облыстың 50-ден астам кәсіпорны тауарларын ұсынды. Осы көрменің аясында өткен дөңгелек үстелде жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялардың неліктен отандық тауарларды сатып алуға, отандық қызметтерді пайлануға құлықсыз екені туралы мәселе көтерілді.

Елімізде әйнек өндірісі жолға қойылған. Мәселен, «ҚазСтройСтекло» ЖШС сияқты ірі кәсіпорынның өнімдері сапасы жағынан жоғары стандарттарға жауап беретін болғандықтан, Президенттің қолынан «Алтын сапаға» ие болды. Бірақ осыған қарамастан, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас мердігері болып табылатын «Чжунте Қазақстан» ЖШС өндіріс қажеттіліктеріне қолдану үшін әйнек бұйымдарды Қытайдан сатып алып отыр, сол жақтың кәсіпорындарына тапсырыс беріпті.

Сол сияқты, «АЗНО» акционерлік қоғамы сияқты отандық өндіруші өз тауарын ел аумағында сата алмай отырғанда, мұнай өндірісімен айналысатын компаниялар шекара асып, шетелдік тауарларды сатып әкелуге мүдделі. Осындай нақты мысалдардан кейін кеңеске қатысушылар көкейінде аталған компаниялар кімнің мүддесін қорғайды, кімнің нарығын байытуға тырысады деген сұрақтар туғаны рас.

Қатаң талап қойылды

Ал Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және оны пайдалану туралы» Заңының 78-бабында жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өндірісте Қазақстанда шығарылған материалдарды, құрылғыларды және дайын өнімдерді пайдаланулары керек екені көрсетілген. Ендеше заң талабы орындалып жатыр ма?

Облыс әкімі осы сұрақты ірі компаниялар басшыларына төтесінен қойды. Бір айдың көлемінде нақты жұмыстар бойынша көтерілген мәселелердің нәтижесі қайта қаралатынын айтты.

Бұл жұмыстар жергілікті тауар өндірушілер үшін де салмақты ой салуы керек. Олар өндіретін тауарларының сапасына ерекше көңіл бөлуі тиіс екені де ескертілді. Сапалы өнім ғана сұранысқа сай болмақ.

Осы жолы өздеріне қатысты айтылған сынға төтеп беру мақсатында «Қазхром» трансұлттық компаниясының президенті Виктор Тиль және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Такталифум Есенғұлов сөз алды, Қазақстанда жасалған өнімдерді өндіріс процесінде қолданатындары туралы айтып ақталды, болашақта бұл жұмысты қолға алуға уәде берді.

Қазақстандық тауар өндірушілердің сапа сертификатын алу мәселесіне қатысты туындайтын проблемалар туралы Ақтөбе облыстық сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Абай Мырхин баяндады. Ол сауда-өнеркәсіп палатасы сапа туралы сертификат алуға ынталы барлық кәсіпкерлерге ішкі нарыққа шығарған тауарының сапасына ешкім сын айта алмайтындай мүмкіндіктерге қалай қол жеткізу керектігі туралы ақысыз кеңес берілетінін және де бұл сала мемлекеттік деңгейде мән беруді талап ететінін айтты.

Кеңесті қорыту үшін сөз алған облыс басшысы А. Мұхамбетов қазақстандық сапаны, қазақстандық мазмұнды дамыту жұмыстарын жетілдіру үшін қаралған мәселелер бойынша бір айдың көлемінде қатаң сұрау болатынын ескертті.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button