Жаңалықтар

Жолдар: сапа мен сан

«…Соңғы 11 жылда автомобиль жолдары саласын дамытуға 1 263,1 млрд. теңге жұмсалды. Осы жылдар ішінде  ортақ пайдаланудағы 48 мың шақырымнан астам жол, сондай-ақ 1100 шақырым темір жол салынды және реконструкцияланды.

Қазіргі уақытта біз «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» магистральдық көлік дәлізін салып, Жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз…»

 Елбасы  Н. Назарбаевтың Жолдауынан.

 Жол —  әр елдің әлеуметтік жағдайын көрсететін ең бірінші стратегиялық нысан. Елбасы Н. Назарбаев  дамыған елдердің қатарына енуді мақсат етіп қойғандықтан, бұл мәселеге соңғы он жылдықта  баса назар аударылып келеді. Осының нәтижесінде 2003  жылы республикалық маңызы бар Ақтөбе — Хромтау — Қарабұтақ  тас жолы іске қосылды. Қазір халық осы жолдың қызығын көріп отыр. Бірақ бір ғана жолдың салынып болуымен барлық мәселенің шешіле қоймасы анық. Бүгінде облыстағы жолдардың көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Сапасыз жолдардан болатын жол көлік апатының саны көп. Осы орайда  автомобиль жолдары комитетінің Ақтөбе облыстық департаментінің директоры Бағлан Баймағанбетов пен «Қазақавтожолы» мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе облыстық филиалының директоры Әкімжан Өтемұратовты әңгімеге тартқан едік.

Қаржы мен қарқын

«Жол азабын тартқан біледі» демекші, облыста бұл азапты тартпағандар аз шығар. Ортасы ойылған, шұрық-тесік жолдарда жүрудің  азабы тілшілер қауымына да жақсы таныс. Әсіресе, Ақтөбе — Астрахань тас жолына жататын Алға, Мұғалжар,  Шалқар, Байғанин, Темір аудандары мен  Ақтөбе — Орск тас жолына қарайтын Ақтөбе — Қарғалы бағытындағы жолдардың  сапасы сын көтермейді. Әр жері тесіліп, қырық жамау болған жолдарда  жарақты көліктің өзі әрең жүреді. Жөндеусіз жолдың кесірінен талай жолаушы жолда қалса, енді бірі апатқа ұшырап жатыр.

—  Бұл жолдардың барлығы кеңес дәуірінде салынғандықтан күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Мәселен, ұзындығы 135 шақырым болатын Ақтөбе —  Орск тас жолын түгелдей күрделі жөндеуден өткізу керек. 2003  жылы Ресей шекарасынан бері қарайғы бес шақырымын жөндеуден өткізсек, 2006-2007 жылдары орташа  жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кейінгі уақытта жолды тек ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізіп қана сақтап отырмыз. Алайда тозығы жеткен  жолды күрделі жөндеу болмаса, жай жамап түзету қиын. Біраз уақыт бұрын осы жолдың Әлімбет елді мекенінің үстімен өтетін он алты шақырымының асфальті жойылуға қарағандықтан, қайта қалпына келтіру үшін  жоба жасалды. Қаржы бөлінбегендіктен жоба ескірді. Ал жобаны  қайта жасау тағы қаржатқа келіп тіреледі. Сондықтан жыл  сайын осы мәселені тиісті министрліктердің назарына ұсынып, өтініш жасап келеміз.  Бірақ  қазір басты күш ғасыр жобасы саналатын «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» жолына жұмылдырылып жатқандықтан, Үкіметтің барлығына бірдей қаржы қарастыруына мүмкіндігі жоқ. Бұған қоса соңғы жылдары Самара —Шымкент, Ақтөбенің айналма жолдары жөнделді. Сондықтан бұл жол  биылғы  жоспарға енген жоқ. Әрине, халық  жолды пайдаланып отырғандықтан,  иесіз қалдыра алмаймыз. Жыл сайын қолдан келгенше ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, — дейді Бағлан Баймағанбетов.

Ал ұзындығы 330 шақырым болатын Ақтөбе — Астрахань жолы — облыстағы күрделі жол. Бұл жол  Алға, Мұғалжар, Темір, Байғанин және  Шалқар аудандарын байланыстырып тұр. Маңғыстау мен Атырау облысының жолаушылары да осы жолмен қатынайды. Аталған өңірлердің көпшілігінде мұнай, газ өнімдері шығатын  болғандықтан, мұнай өнімдерін таситын ауыр жүк көліктері жиі жүреді. Бұған қоса экономикалық тұрғыдан, әсіресе, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланысты нығайтуда маңызы зор. Осы жол арқылы Ресейдің Астрахань облысына тікелей шығуға болады. Яғни бұл жол маңызы жағынан «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» дәлізінен кем түспейді. Алайда салынғанына қырық жыл болған жолдың қазір тозығы жетіп тұр. «Қазақавтожолы» мекемесінің директоры Әкімжан Өтемұратовтың айтуынша, бұл — облыстағы ең қауіпті жол. Жолдың ені тар  болғандықтан, көлік тығыз жүреді. Талап бойынша бұл жолмен күніне үш жарым мың көлік өтуі керек болса,  қазір жеті жарым мың  машина қатынайды.  Яғни жолдың сапасы көліктің қарқындылығына сай емес. Сондықтан апат та  жиі болады. Жылына орта есеппен он бес адамның өмірі осы жолдың бойында үзіледі екен.

— Жолдың сапасы өте нашар. Сондықтан апаттың алдын алу жұмыстарына бірінші кезекте көңіл бөлінеді. Тіпті қауіпсіздік үшін белгі қоймайтын  жерлерге белгі қоямыз.  Мәселен, тегіс жерлерге «басып озу» сызығы қойылатын болса, біз қауіпсіздік үшін оны «басып озуға болмайтын сызықпен» ауыстырып отырмыз. Өйткені жер тегіс болғанмен, жолдың сапасы көліктің қарсы бетке шығып, алдындағы көлікті басып озуына мүмкіндік бермейді. Сондықтан бұл жолдағы апаттың көпшілігі сәл сәтте орын алып жатады. Жол белгілерін өзгертуден бөлек, жол полициясы да қауіпсіздікті қадағалап отырады. Мәселен, Ақтөбе мен Алғаның арасында арнайы бекет бар, —  дейді Әкімжан Өтемұратов.

Ал Бағлан Баймағанбетов 2008 жылы Кенжалы өзенінен Қарауылкелдіге дейінгі қырық алты шақырым жолды жөндеуге жоба жасалып, қаржының жетіспеушілігіне байланысты оның он алты шақырымы ғана қалыпқа келтірілгенін айтты.

Ал ағымдағы жөндеуге бөлінетін қаражат жолды қысы-жазы күтіп ұстаудың қырық пайызын ғана қамтып отыр.

Қазір облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы — 1864 шақырым. Жоғарыда айтып өткенімдей, әзірге бұл жолдардың барлығын бірдей күрделі жөндеуден өткізуге мүмкіндік жоқ. Аймақтағы жолдардың қазір қандай күйде тұрғанын біз бес саусақтай жақсы білеміз. Бірақ  шыдамдылық  танытуымыз керек. Бұл біртіндеп шешілетін мәселе. Осыдан он жыл бұрын облыста бірде-бір жол күрделі жөндеу көрмесе, қазір аймақтағы жолдың алпыс пайызы халықаралық деңгейге жетті. Ал қалған қырық пайызы алдағы уақытта жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ ел Үкіметі жол салуға  байланысты 2014-2015 жылдарға арналған үлкен бағдарлама жасады. Осы мәселелердің барлығы сол бағдарламаға енгізіледі.

Қазір «Жезқазған — Бейнеу» темір жолы салынып жатыр. Темір жол бойында міндетті түрде көлік жолы болуы керек. Осы орайда Шалқар мен Ырғыздың үстінен өтіп,  әрі қарай Астанаға тіке шығатын жол жобалары айтылып жүр. Бұл жоба Парламентте сөз болып жатыр. Қазір Ырғыздан Нұраға қарайғы елу шақырым жолдың алғашқы жобасы жасалды. Болашақта бұл жоба да жүзеге асады деген үміттеміз, — дейді Бағлан Баймағанбетов.

Келер жылы Ақтөбе мен Қобда арасындағы 33  шақырым жол жөнделіп, Ақтөбе мен Мәртөк арасындағы тас жол толық аяқталмақ.

Бір шақырым жол — 130 миллион теңге

 Бүгінде жұрт Ақтөбе — Қарабұтақ — Ырғыз, Қарабұтақ — Қостанай жолы және Қобда мен Ойыл арасындағы жолдардың тақтайдай тегіс екенін аузының суы құрып әңгімелейді. Ал Ақтөбе мен Хромтау жолының қызығын халық он жылдан бері көріп келеді. «Қазақавтожолы» мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе облыстық филиалының директоры Әкімжан Өтемұратовтың айтуынша, бұндай жолдарды салу тым қымбатқа түседі.  Мәселен, бір шақырым жолды салуға  орта есеппен 130 миллион теңге жұмсалады екен.

— Жол салуға осынша қаржы жұмсалатыны құрылыс материалдарының қымбаттығына байланысты. Мемлекеттің отандық өнімді пайдалану туралы тапсырмасына орай құрылысқа қажетті құм, қиыршық тас секілді өнімдердің барлығы жергілікті кәсіпкерлерден алынғанның өзінде біраз қаражат жұмсалады. Оның ішінде битумды  Павлодардан тасимыз. Мәселен, битумның бір тоннасы жүз мың теңгеге  жуық. Атырауда салынып жатқан битум зауыты келер жылы іске қосылса, бұл мәселе де шешімін табады. Сондықтан мемлекет тек қана маңызы бар жолдарға баса назар аударып, тиімділігіне байланысты жолдар салады. Және жол салудың тағы бір қиын жері, құрылыс біткеннен кейін бірден  қыруар пайда түспейді. Біз оның игілігін бірнеше жылдардан кейін ғана  көруіміз мүмкін. Ең бастысы, жол біздің ұрпағымыз үшін керек.

Қазір облыстағы күрделі жөндеуді қажет ететін жолдардың барлығына жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алайда тозығы жетіп тұрған жерді қайта-қайта жамай беру тиімсіз. Ал республикалық бюджеттен бөлінетін азын-аулақ қаржыға ештеңе істей алмайсың.  Мәселен, биыл біздің кәсіпорынға 400 миллион теңге бөлініп отыр.  Бұл қаржы қыста жол тазартып,  жазда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге әрең жетеді, — дейді Әкімжан Өтемұратов.

Зиянды үлестің иесі — жүк көліктері

Әкімжан Өтемұратовтың айтуынша, кез келген жол салынғаннан кейін сегіз немесе  он  жылдан кейін күрделі  жөндеуден өтуі тиіс. Егер осы ережеге сүйенсек,  2003-2005 жылдары салынған Ақтөбе — Хромтау — Қарабұтақ жолдарының қайта жөндейтін уақыттары келіп тұр. Бірақ басқа жолдардың сапасы  сын көтермей тұрғанда «талап солай екен» деп бұл жолдардың жуық арада жөнделе қоймасы анық. Өйткені сапасы халықтың көңілінен шығып тұр. Әкімжан Өтемұратовтың айтуынша, жолдардың бұлай  жақсы сақталуы, біріншіден, әу баста сапалы салынуына байланысты болса, екіншіден, жыл сайын жүргізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстарына қатысты. Өйткені жыл сайын асфальтті сақтап қалу үшін битум шашылып, үстіне ұсақ қиыршық тас төгіледі.  Яғни тас желінеді де астындағы асфальт жақсы сақталады.  Егер асфальт бұзылса, оны қайта жамау қымбатқа түседі.

Алайда осындай жөндеу жұмыстарына қарамастан жолдың сапасын сол күйі сақтап қалу қиын. Себебі жыл өткен сайын республикада көлік саны көбейіп жатыр. Деректерге сүйенсек, 2008 жылы еліміздегі автокөліктердің саны екі миллионнан астам болған екен.  Ал осыдан екі жыл бұрын бұл көрсеткіш үш жарым миллионға жеткен. Бұған қоса, қазір Қазақстандағы  жүк айналымының отыз пайызға жуығы автокөліктің үлесіне тиеді.  Және бұл көрсеткіштің де жыл сайын ұлғаймаса азаймасы анық. Ал Ақтөбенің тоғыз жолдың торабында орналасқан қала екенін ескерсек, біздің жолдарға түсетін салмақ та ауырлай береді.

Ақтөбе — Хромтау —  Қарабұтақ бағытындағы жолдарда он тоннадан артық жүк алып жүруге болмайды. Бірақ қазір осы жолдарды жүк көліктері бүлдіріп жатыр. Көлік инспекциясы мен біздің қызметкерлер қанша жерден бақылау қойса да талапты орындата алмай отырмыз. Өйткені тәртіп бұзғандарды ұстау қиын. Мәселен, Қарабұтақ пен Қостанай облысының шекарасында үлкен кен орны бар. Бұндағы қырық тонналық жүк таситын «Белаз» көліктері осы жолдың үстімен өтеді. Өткен жазда  бірнеше рет инспектор жібердік, бірақ тәртіп бұзғандарды ұстау мүмкін болмады. Өйткені біздің қызметкерлер барғанда інге кіргендей жатып алады.  Ал инспекторлар кеткеннен кейін қайта шығады. Ал Ресейден келетін кірпіш, ағаш секілді құрылыс материалдарының барлығы Ақтөбе — Орск тас жолының үстімен өтеді. Бұл техникалық мақсаттағы жол болмағандықтан ауыр жүк алып жүруге тыйым салынады. Артық салмақ жолдың тез бүлінуіне соқтырады. Қайта қалпына келтіру тағы қыруар қаржы тұрады.  Сондықтан тиісті мекемелермен бірігіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Үкіметтің қаулысы бойынша көктемде, яғни  наурыз айының соңынан мамырға дейін жүк көліктерінің жолда еркін қатынауына шектеу қойылады. Ал жазды күнгі 37-40 градус ыстықта жүк көліктері ыстық қайтқаннан кейін ғана жүреді.  Өйткені еріген асфальттің үстінде көліктің ізі қалса,  қайта қалпына келтіру қиын, — дейді Әкімжан Өтемұратов.

Тазалықтың түпқазығы — тәртіп

Қай қалаға барсаңыз да, ең алдымен, сол жердің жолдары мен көшесінің тазалығына көзіңіз түседі. Әрине, еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда Ақтөбе ең таза қалалардың бірі. Бұны, әсіресе, сырттан келген қонақтар бірінші байқайды. Қыста қала көшелері қардан тазартылып, айнадай жарқырап жатса, жазда жол жиегіндегі жасыл желектер жайқалып, ерекше сән беріп тұрады. Ал қала сыртындағы жолдардың тазалығы қандай?

Аймақтағы республикалық жолдардың тазалығын қадағалайтын «Қазақавтожолы» мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе облыстық филиалынының директоры Әкімжан Өтемұратовтың айтуынша,  жыл бойы тазалық жұмыстары жүргізілгенімен, тазалық сақтайтын жолаушылар аз. Мекеме қызметкерлері жазда республикалық маңызы бар жолдардың  бойындағы күл-қоқысты жинап, белгілерді жаңартып отырады. Бірақ жолаушылар мәдениетінің төмендігі мекеме жұмысшыларының еңбегін зая кетіреді.

Мәселен, Ақтөбе — Қарабұтақ тас жолының бойында дәретханалар бар, солардың қасында бетоннан жасалған  дөңгелек қоқыс салғыш  тұр. Алғашқы жылдары  бұның орнына контейнер қойғанбыз. Бірақ олар ұрланып кетті. Сондықтан оларды орнынан қозғалтуы қиын осындай бетон қоқыс салғыштармен ауыстырдық. Оның сыртында қызыл бояумен үлкен етіп екі тілде «қоқыс» деп жазылып тұр. Бірақ жолаушылар қалдықтарды осы  қоқыс салғышқа тастамай, жолдың жиегіне лақтырып кетеді. Тіпті үлкен плакаттарға «Тазалық сақтайық!» деп жазып, іліп қойдық. Алайда бұған құлақ асатын пенде жоқ. Жол халық игілігіндегі дүние болғандықтан оның бойындағы әрбір затты таза, ұқыпты ұстауға тиістіміз. Жол бойындағы дәретханалардан бастап, белгілерге дейін бояп, әктеп қоямыз. Бірақ халық осы әдемі тұрған дүниені бүлдіруге құмар.  Мәселен,  Ақтөбе — Қарабұтақ тас жолының бойында Ақжар, Қызылжар секілді елді мекендер орналасқан. Осы ауылдардың тұрғындары жол жиегіндегі  дәретханалардың сыртына өшірілмейтін қара бояумен неше түрлі лас сөздерді жазып кетеді. Ал Қобда тас жолы іске қосылған жылы осындай дәретханалардағы есіктер ұрланып кетті. Сондықтан біз есіктің  орнына жартылай кірпіш қалап қоятын болдық. Бірақ жолаушылардың бұл кірпішке де маза берер түрі жоқ. Жүргізушілер көлігі бұзылса, кірпішті тарқатып, дөңгелектің астына қояды. Айта берсек, осындай кемшіліктер өте көп.

Тіпті жол белгілерін ұрлап қазанның қақпағы қылатындар бар. Осыдан бір-екі жыл бұрын ішкі істер қызметкерлерімен бірігіп ұрланған он екі белгіні таптық. Соларды тұрғындар қазанның қақпағы қылып, кәдеге жаратып отыр. Алайда қазақ болғандықтан белгі үшін  соттасып жатпадық. Ұзын жолдың бойында тазалық бұзған жолаушыларды тәртіпке келтіру қиын. Әркімнің санасына берсін дегеннен басқа амал жоқ, —  дейді Әкімжан Өтемұратов.

Жалпы дамыған елдерде бұндай мәселеге бейжай қарамайды. Мәселен, Малайзияда асфальтқа тасталған қалдық пен сағыз үшін бір ай қоғамдық жұмысқа тартылып және 500 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады екен. Ал Қытайда  көшеде түкіргені үшін айыппұл төлейді. Айта берсек, дамыған елдерде бұндай заң көп. Және олардың барлығы орындалады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button