Жаңалықтар

Бұқара

 Денсаулық

Ең қымбат дәулет— адам

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен өмірге келген «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы барлық жердегі сияқты біздің аймақта да жүзеге асып жатыр.  Президент осы бағдарлама арқылы үкімет басшысынан бастап, барлық министрліктер мен облыс әкімдеріне елдің ең қымбат дәулеті — адам екенін қатты тапсырған-ды. Сондықтан халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, мұң-мұқтажсыз өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, елімізде адамның орта жасын 70-тен асыру міндетін қойды.  Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындаудың негізгі екі  шарты бар. Біріншісі — халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру, екіншісі — денсаулық сақтау орындарының халыққа қызмет көрсетудегі жұмысының сапасын жақсарту.

Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы біздің аймақта жоғары. Облыстың жас әрі тегеурінді басшысы Архимед Мұхамбетовтің ыждағаттауымен көп жұмыстардың жасалып жатқанын көріп отырмыз. «Жол картасы» бойынша жұмыстар жүргізіліп, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде жаңадан өндіріс орындары ашылып, адамдардың жұмысқа орналасуына мүмкіндіктер туып отыр. Сөйтіп, барлық жерде жұмыссыздар саны азаюда. Бос жүрген жастардың екі қолына бір күрек табылды. Ал бұл— әр отбасының күнелтіс жағдайлары жақсарды деген сөз.

Жақында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Елбасына, халыққа ант берді. Мұны теледидардан көріп біз де қуандық және жас басшының  елдің тұңғыш Президенті, қазақ халқы алдындағы парызын орындайтынына кәміл сендік.

Экономикасы жоғары өңірдің халқының тұрмысы да жақсы болатыны белгілі. Ал жайлы тұрмыс — адамның ғұмырын ұзартудың алғышарты.

Екіншіден, облыс тұрғындарының жасын ұзартуға ақ халатты абзал жандардың қосар үлесі зор. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, Қайрат Сабырдың  аймақтың денсаулығын сақтаудағы ұйымдастырушылық жұмысына біз, ардагерлер, куәміз.  2003 жылы Ақтөбе медицина академиясының ректорынан облыстық денсаулық сақтау басқармасына бастық болып келген сәттен қариялардың жағдайын ойлап, қала орталығынан ардагерлер емханасын ашты. Қазіргі кезде осы емханада соңымыз 70-тен асқан, алдымыз 90-ға аяқ басқан мыңнан артық ардагерлер есепте тұрамыз. Аудандардан келіп емделетін ардагерлер өз алдына. Емханада қариялар үшін барлық жағдайлар жасалған. Сырқаттанған адамдар күндіз жатып ем қабылдайтын бірнеше төсек орын бар. Ардагерлерге қажетті дәрі-дәрмектер тегін беріледі. Мұның бәрі басқарма бастығының бақылауында. Тек бұл емес, облыс көлеміндегі денсаулық сақтау қызметін жақсы жолға қойғаны үшін басқарама республикада алдыңғы орындарда жүрді.

Сондықтан қариялар үшін жақсылық жасап, бас ауырғанда барар жерімізді белгілеп беріп отырған Қайрат Қанатұлына айтар алғысымыз шексіз. Қажет болса, ауруымыз жанға батып мазамыз кеткенде, Қайраттың өзіне ат басын тіреп баратынымыз да жасырын емес. Сондай кезде менің қабылдау күніме келіңіз деп бастықтығын білдіріп, шіреніп тұрмайды. Қайта ауруымыздың тарихы жазылған кітапшаны алдырып, жүргізілген емдеу шараларын қарайды, дәрігерлерге нұсқау беріп, өз бақылауында ұстайды. Сырқат жанға бұдан артық не керек. Тіпті, адамшылықпен қабылдап, жылы сөзін айтқанның өзі неге тұрады!

Қазір менің жасым — 82-де. Ауруымның түрі көп.  Олар аздай-ақ,  өтте тас пайда болды. Қайраттың жәрдемімен ем қабылдадым. Бұрын жиі-жиі ұстап, жанымды қинайтын сырқат алты айдан асты – тынышталды.

«Мың күнгі жұмақтан бір күнгі тірлік артық» деп бұрынғы бабаларымыз айтқан ғой, әйтеуір қартайсақ та өлгіміз келмейді. Бізге осындай қиналған кезде көмек беретін құдайдан кейінгі сүйенішіміз Қайрат баламыз, ақ халатты абзал жандар болып тұр.  Сондықтан да осындай қайырымды жандардың аман-есен жүруін тілейміз.

Әрине, білдей бір мекеменің басшысының бізден де басқа шаруасы жеткілікті ғой. Оның сырқаттарды тікелей емдеу-сауықтыру жұмыстарымен айналыспайтынын да білеміз.  Республикада «100 аурухана, 100 мектеп» салу бағдарламасына байланысты тек біздің облысымызда 4 аурухана салынып, пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ ауылдық жерлерде он медициналық пункт және дәрігерлік амбулаториялар салынған.

Осындай жұмыстардың нәтижесі болар, 2012 жылы бірде бір ана өлімі болмаған, сәбилердің шетінеуі де азайған. Мен осы жерде бір мәселені айта кеткім келеді. Ата-аналар балаларын ауыртып ем іздегенше, ауыртпайтын жолды іздеу керек.

Облысымызда балаларын түрлі ауруларға қарсы алдын ала еккізуден бас тартатын ата-аналардың саны көбейіп бара жатқаны өкінішті.  «Алла сақтансаңдар, сақтармын» депті деген сөз бар. Баламыз аман-есен ер жетсін десеңдер, дәрігерлердің айтқанын тыңдап, оларды түрлі аурулардан қорғауға қарсы ектіруден қашпаңдар. Мен де әжемін. Немере-шөберелерім арқылы мұның пайдасын жақсы білемін.

Менің айтарым, дәмі таусылмаған жанға дәрігер арашашы. Демек, дәрігерлердің, денсаулық сақтау мекемелерінің қызметіне сүйенбей болмайды. Ал бізде Қайрат Сабыр басқарып отырған сондай сенімді мекеме бар. Басқарма бастығының өткен жылдың қорытындысымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталуы да қызметіне берілген лайықты баға болар. Біз соған қуанамыз.

Қарылға КЕРЕЕВА,

Қазақстан Республикасы

 Журналистер одағының мүшесі,

 зейнеткер.

                                                                                                                               

 Жаңғырық

МӘРТӨК АТАУЫ ТУРАЛЫ

«Ақтөбе» газетінің 2013 жылдың 17 қаңтарындағы №7-8 санында жарияланған оқырман Өтеген Нұрмағамбетовтің «Мартук пе, әлде Мортық па?» деген мақаласына орай.

Газет оқырманы көтеріп отырған ұсыныс шын мәнінде терең талдауды қажет етеді. Өткен ғасырдың идеологиясы біршама жер-су атауларының бұрмалануына әкеп соқты. Кейінгі кездері ата-бабаларымыздан енші болып қалған байырғы тарихи атауларымызды қайтару ісі өте көп қиындықтарға душар етті. Алдымен заңнамалық тұрғыда кемшін тұстар айқындалды. Алайда облысымызда тарихи әкімшілік-аумақтық бірліктердің тарихи атауларын қайтаруда біршама жұмыстар атқарылғанын айта кету керек. Мен өзім Қобда, Қарғалы, Мәртөк аудандарында бірнеше дүркін іссапарда болып, елді мекендердің халқымен сөйлесіп, пікірлестім. Насихат, түсінік жұмыстарының және арнайы зерттеудің нәтижесінде қомақты жұмыстар атқарылды. Айталық, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өзгертілуге тиіс 167 елді мекеннің 140-ының тарихи атаулары қайтарылды. Облыстық ономастика  комиссиясында 2004-2012 жылдар аралығында 118 ұсыныс қаралып, оның ішінде 66 елді мекен тарихи атауларына ие болды. Соңғы жеті жылда Мәртөк ауданында 18 елді мекен жаңа атауларын алды. Бұл Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік мекемесінің республика бойынша тұңғыш рет 2008 жылы жарық көрген «Ақтөбе облысының топонимикалық жүйесіндегі атаулардың өзгертілуі» атты тарихи-этимологиялық зерттеуінің нәтижесінде қол жеткен табыстар.

Қазір Мәртөк ауданында әлі де онның үстінде байырғы атаулардың өзгеріске ұшырау фактілері кездеседі. Ол ауылдың жерінің атауына жаны ашитындарын бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз.

Ал, енді Мәртөк атауына келетін болсақ, зерттеушілер Мәртөк топонимиясы туралы бірнеше болжам барын алға тартады. Біріншісі – атаудың біздің жерімізде өсетін мортық деген шөпке байланысты қойылу мүмкіндігін қарастырады. Екінші болжам – осы ауыл тұрған жерде кішкентай көл болып, «Мәртөк» деген атымен  шақырылатын малдың сол көлге батып кетуімен байланыстырады. Үшінші болжам бойынша сол маңда Мартық деген өзен болған деген мысал келтіреді.

Осыларды айта келе ұсынысты қараудың тәртібімен таныстыра кеткенді жөн санаймыз.

Жақында ғана «Ономастика мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Ол әлі күшіне ене қойған жоқ. Осы Заңның талаптары бойынша Мәртөк атауының транскрипциясын өзгерту туралы ұсыныс аудандық өкілді және атқарушы органдарға жолданады. Ұсыныс бойынша жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілуі керек. Ұсыныс ашықтық қағидаттарымен 3 реттен кем емес бұқаралық ақпарат құралдарына жариялануы тиіс. Жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасы, Мәртөк аудандық өкілді және атқарушы органдарының бірлескен шешімі негізінде ұсынысты облыстық ономастика комиссиясы қарайды. Ұсыныс мақұлданған жағдайда облыстық әкімдік пен мәслихаттың шешімі қабылданса, республикалық ономастика комиссиясының  қарауына ұсынылады. Соңғы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдайды.

Алмат ПАНГЕРЕЕВ,

Ақтөбе облыстық ономастика комиссиясының хатшысы.

 Мәселе

Қазынамыз ортайып қалған жоқ па?.. 

Мені қазіргі қарттарымыздың мәселесі қатты толғандырады. Тарихымызға көз жүгіртер болсақ, дүйім елді аузына қаратып, қара қылды қақ жарған әділдігімен көзге түсіп,ел аузынан түспеген қарттарымыз көп болған.

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, олар ел арасында болып жатқан дау-дамайларды шешіп, ел басына күн туғанда осынау тығырықтан қалай шығудың сан түрлі амалдарын ойластырып, патша алдында да ел мұңын тартынбай айтып, кемшілігін түзеп отырған. Дуалы ауыз қарттардың бір ауыз сөзі заң, одан ешкім де аттап кетпеген, аттаған адам бүкіл елге қарабет болып, қадір-құрметінен айырылған.

Ал қазір ше? Қарттар ешкімге керексіз болып қалғандай. Рөлі де өзгерген секілді. Мұхаммеджан Тазабеков ағамыз айтқандай, «патшаға шындықты айтар ақсақал жоқ, оған да, халқым, өзің куәгерсің. Шал басымен қыз іздеп, шарап ішсе, аузында қайдан оның дуа болсын». Иә, естуге тым ауыр сөз, бірақ ақиқат. Жастар жүретін алаңда шал мен кемпірдің аймаласып отырғанын көреміз. Ұят қой. Ол бізге көрсеткен өнегесі ме? Мәңгілік махаббатты бұлай насихаттамас болар…

Келесі бір мәселе — кейбір қарттарымыз баласындай баламен бірге ішімдік ішіп, аузына келгенін айтып отырады. Ел ағаларына ел мұңын айтпақ түгілі, өз немересіне сөзін жүргізе алмайды. Балаларына дұрыс жол сілтеп, немерелерінің ортасында ертегісін айтып, әдемі қартаюдың орнына өз қадірін өзі кетіреді. Кейде бір қарттардан тарихи, аңыз әңгіме сұрай қалсаң, қылқан жұтқан кісідей қақалып қалады. Бұған қандай шара бар? Бұл да тамырсызданудың індеті емес пе?

Әрине, мен көпке топырақ шашып отырғаным жоқ. Барлығына бірдей күйе жақпаймын. Данагөй аналарымыз, аузы дуалы қарттарымыз бар, әрине. Бірақ аз олар. Ал көп көптігін істейді…. «Қарты бардың қазынасы бар» дейді. Қазынамыз ортайып қалған жоқ па?..

Нұрсұлтан ӘБЖАНОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті тарих-филология факультетінің 2 курс студенті.

Ақтөбе қаласы.

 Естелік

ПОЛКОВНИКТЕН ҚАЛҒАН ІЗ

Редакциямызға ішкі істер қызметінің полковнигі Үркімбай Әділшінов туралы жазылған естелік хат келді. Бір кездері темір жол қызметі саласында қатардағы қарапайым милициядан Көліктегі Батыс ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілген Үркімбай Әділшінов туралы онымен он жылдай бірге еңбек еткен, бүгінде  темір жол саласының ардагері Құлмұханбет Тілегенов өз хатында былай дейді: 

Көліктегі Батыс ішкі істер департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған жылдары мен ол кісімен он жыл бірге жұмыстас болдым. Өмірде де, қызметте де Үркімбай Жиенбайұлының адамгершілігі мен бойындағы кісілік ізгі қасиеттеріне тәнті болатынмын. Өз жұмысын жетік білетін басшы қарамағындағы қызметкерлерінен де соны талап етуші еді. Үрекең жүргізген жұмыстың негізгі бағыты — темір жол транспортындағы жолаушылар қауіпсіздігін сақтау және халық шаруашылығы жүктерін тасымалдау. Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары бойынша  темір жол саласында қылмысты болдырмау, болған қылмыстың бетін дер кезінде ашу, қылмыскерге тиісті шара қолдану жұмыстары бағытында да ол көп тер төкті. Сол жылдары темір жол саласында бірнеше ұйымдасқан қылмыстар болды. Контейнерлерді тонау, топтық қылмыстың бетін ашу оқиғаларында Үрекең үлкен ұйымдастырушылық шеберлігімен ерекше көзге түсті. Әсіресе, Тоғыз стансасы мен Шұбарқұдық аймағында, Ақтөбе депосында тіркелген қылмыстық істер осы кісінің араласуымен тиісті нәтижесін тапты.

Темір жол саласының қыр-сырын шебер меңгерген Үркімбай Әділшінов қызмет бабымен туған елі Шалқарда, Қандыағашта, тіпті Қарағанды облысының Қаражал қаласында да  осы құрылымның тізгінін ұстаған жан. Осы қызметтерде жүргенде бірнеше мәрте министрліктің Алғыс хаттарымен, медаль, ордендермен марапатталды. «Милиция үздік қызметкері»,  «Құрметті теміржолшы» деген атақтар кез келген адамға бұйыра бермейді. Ақтөбе өңірінің өзінде бұл атақ санаулы адамдарға ғана берілді. Соның бірі — Үркімбай Әділшінов.

Қазір Шалқар қаласында ішкі істер қызметінің полковнигі Үркімбай Әділшінов атында көше бар. Шалқар аудандық мәслихатының шешімімен 2001 жылдан бері бұрынғы Пионер көшесі теміржолшының атымен аталады. Жергілікті биліктің ұйымдастыруымен, көше бойына Ү.Әділшіновке арнап мемориалдық тақта ілініпті. Теміржолшының зайыбы Күләш Әділшінованың айтуынша, жыл сайын естелік тақта алаңы күл-қоқыстан тазартылып, гүл шоқтары қойылады.

А.НҰРБАЕВА.

Қоғам

ТАҒЫ ДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖАЙЛЫ…

— Бір адамға ығысайықшы, бір адамға, — деп күні бойы айқайлай-айқайлай қарлыққан кондуктордың  дауысы естілді. Автобустың ішіндегі «Қайда ығыспақпыз? Кондуктордың өзі түсіп қалсын, артық адам сол» дейді біреу күңкілдей. Сөзіне амалсыз езу тартасың.

Таңертең… Жұмысқа асыққан қызметкерлер, оқуға асыққан студенттер, балаларын бақшаға жетектеген ата-аналар бәрі жүгіре басып, таласа-тармаса, №7 немесе №47 автовусқа мініп жатыр. Онсыз да аузы-мұрнынан шыққан автобусқа біреуді итеріп, біреуді қақпайлап мініп жатқан адамдар. Әйтеуір өзім мініп алсам болды дейтіндей, адамдар бірінің аяғын бірі тапап әйтеуір ілініп кете барады.

Кешкі алтыда да дәл осындай көріністер қайталанады. Ашудың көкесі сонда басталады:

—   Аяғымды тападың!

—   Әрі тұр, енді үстімнен тапайсың ба?

—   Қойшы-а, тиеп не бар еді сонша?

—   Осылар да ақшаға құнығады да жүреді…

Жұмыстан шаршап келе жатқандар «нервничть» етіп, бір-бірімен тіресіп жатады әйтеуір. Кондукторға ренжіп: «Неге келіп болмайсыңдар? Автобустардың арасын бес минуттан қою керек» деп арыздарын айтып жатқанда, кондуктордың «оны маған айтпаңдар!» деп түйеден түскендей дүңк ете қалған дауысы естіледі…

Қыс ызғарына мінді. Ызғарлы суық жел сай сүйегіңнен өтіп барады. Жетінші бағытты автобусты күтіп тұрмын, 15 минуттан асып барады. Жанымда 4-5 жасар баласын жетектеген келіншек тұр. Кішкентайдың тоңғаны қызарып кеткен бет-ауызынан көрініп тұр. Күткен автобус та келіп жетті, автобус күткен жүргіншілер таласа-тармаса сыймасақ та мініп жатырмыз,  Мағауиннің Тұлымханы секілді мәдениеттілікті сақтап, келесі автобусты күтіп тұру қайда?..  Жанталаса ілігіп, қыстырылыса мініп жатқанымызды көріп отырған апа: «Үлкен автобус шығару керек қой, таңертең де, кешке де осы» десе, қызын жетектеген келіншек  «Неге 5 минут сайын жүрмейсіңдер?» деген ренішін білдіріп жатты….

Перизат САТЫБАЙ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті тарих-филология факультетінің студенті.

Нарық

«Сэконд хэнд» бізге не керек?  

Қазақта «біреудің қаңсығы — біреудің таңсығы» деген сөз бар. Соңғы кезде біздің елімізде өлшеп сататын киімдер дүкендері көбейіп кетті. Олар сырттан, әсіресе, Еуропа елдерінен әкелінген киімдер деседі. Сатушылардың айтуынша, бұл дүкендерде тек қалтасы жұқа, тірлігі жұтаң адамдар ғана жүрмейді, үстіне құндыз бөрік киген адамдар үлкен көлікпен келіп, тиеп кетіп жатады екен.

— Біздегі тауарлар бұрын киілгені рас, бірақ барлығы таза, фирмалық киімдер. Бізге қалталы адамдар жиі келеді. Олар кей­де өзі іздеген фирмалық киімді басқа­ дүкендерден емес, бізден тауып жатады, — дейді сатушылар.

«Second hand» деген сөз ағылшын тілінен аударғанда «екінші қол», яғни екінші қолды тауарлар, ұсталған киімдер деген мағынаны білдіреді. Қазақстанға мұн­дай киімдер негізінен Англия, Герма­ния, Даниядан әкелінетін көрінеді. Ал Шым­кент дүкен­дерінің қожайындары ол­ар­ды Алматыдан таситынын білдік. Та­уардың дені осы ел­дердегі «Rottes Kreuz» деп аталатын қа­йы­рымдылық қорына өт­кіз­ген қайырымды не­містердің дүниелері деседі ек­ен. Адамдар белгіленген күні есік сыртына керексіз заттарын шығарып қояды екен, оны кейін арнайы көлік келіп жинап алып кететін көрінеді. Бұдан соң әлгі тауарлар іріктеліп,  дезинфекциялық тазалаудан өтіп, барлық микробтары өлтіріледі. Содан соң саудаға шығарылады екен. Бұл тауарларды басқа елдер арнайы аукцион арқылы сатып алады дейді. Міне, бізге мұндай киімдер осы жол арқылы келеді екен.

Бірде мен де осындай дүкендерге бас сұғып көргем. Кіріп қалғанда қолқаны қауып алған ащы иістен демала алмай қалатын шығармын деп ойладым. Және… мұнда кілең жоқ-жұқа кісілер жүретін шығар десем, жо-оқ, басына құндыз бөрік қондырған, үстіне құндыз тон ілген апайлар жүр екен. Киімдер жәшік-жәшіктерде үйіліп жатыр. Кәдімгі дүкендердегідей киімдер ілгіште ілулі тұрмайды, үсті-үстіне лақтырылып жатыр. Көмбе қазғандай арасынан ақтарып жүріп өзіңе керегін тауып алуың керек. Бір апай жәшіктің түбіне түсердей болып ақтарып жатыр. Бір кезде  бірдеңе тапты-ау деймін, қуаныштан жүзі бал-бұл жанды: «Міне, керегім ең түбінде жатыр екен ғой» деді. «Сорлы қазағым-ай, біреудің киіп қоқысқа тастаған киіміне зар болғанын қарашы…» деген ой келді басыма.

Еуропадан бастау алған мұндай дүкендер ХVІІ ғасырда Англия королі вассальдарына ерекше құрмет көрсету үшін үстіндегі киіп жүрген киімін сыйлау дәстүрінен бастау алыпты. Корольдің сый-сыяпатын алған бағыныштыларын халық «Second hand» деп атайтын болған. Ал, ХХ ғасырдың басында АҚШ-та бай-бағландар өздерінің киіп тастаған ескі киімдерін кедей-кепшікке арналған дүкендерге қайырымдылық көмек ретінде ақысыз тапсыратын болыпты…

Сонда… біз кедей-кепшіктің, қайыршының еліміз ба?

Киілген киімдердің басқа елдерден біздің елге тасылатыны менің намысыма тиеді. Сонда біз киім шығара алмаймыз ба? Қарап отырсақ, үстімізге кигеніміздің барлығы не Қытайдікі, не Түркиянікі, не Ресейдікі, не Еуропанікі…

Сонда біздің жеңіл өнеркәсібіміз дамымаған ба? Неге біз «Қазақстанда жасалған» деген киімдер кимейміз?

М.КЕНЖЕ, студент.

Ақтөбе қаласы.

Қос басылым

Жақында М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында жаңа басшы Гүлнара Тажығалиеваның игі бастамасымен шығармашылық топтың үлкен еңбегінің арқасында мектеп-интернат оқушыларының «Талаптың мініп тұлпарын» атты шығармашылық жинағы мен «Балауса» мектепішілік-танымдық журналының алғашқы саны жарық көрді.

Жыл басында жарыққа шығып отырған жинаққа мектеп-интернат оқушылары мен түлектерінің шығармалары, өлеңдері, әңгімелері, ұстаздар қауымының тілектері мен естеліктері енген. Жинаққа ұсынған жас таланттардың жырларынан санаңды сергітер салиқалы жолдар табылады, әңгімелері мен шығармаларынан өмір мен өнердің қатар өрілген сан түрлі өрім-өрнектерін көруге болады. Жинақта мектеп түлектері Б.Нұрғалиев, А.Ұлықпанов, Д.Мұханбетқалиева, Ж.Исакаев, Ә.Есенгелді, талантты оқушылар М.Қадыржанов, Ф.Раева, А.Мұхитова, Д.Салиев, Н.Тамабай, жас қаламгерлер А.Жақсылықова, А.Аяпбергенова, И.Жеделбаева, А.Социал, Д.Әмірханқызы, Д.Игибай, Д.Қоблан, Н. Жанарыстановалардың шығармалары жарық көрген.

Ал мектеп-интернаттың балғын, балауса тілшілер мен әдебиетшілердің шығармашылық қабілетін шыңдайтын, ғылыми-теориялық ой-өрісін кеңейтетін басылым болса деген ниетпен ұйымдастырылып, жарық көрген «Балауса» шығармашылық-танымдық журналының алғашқы санында мектептің ұшқыр ойлы, жүйелі сөз иелері қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің елеулі еңбегі мен ізденісінің арқасында бірнеше айдар болып, оқушылардың жырлары, әңгіме-мақалалары, өз ойлары мен қиялдарынан туындаған сән үлгілері жарияланған.

Міне, осындай киелі жолға бас бұрып, көкірегіне құдіретті сөз құйған жастардың қатары жұлдыздай шоғырланып арта түссе, әр түп жусаны жыр шертіп тұратын дархан даладан, небір шалдырмас шешендер мен парасатты көсемдер, ақиық ақындар мен қарымды қаламгерлер тудырған арда қазағымның арасынан топ жарар дүлдүлдер бүгін неге шықпасын…

Өнер мен өлеңнің теңізіне қайығын салған жас іні-сіңлілеріме сәттілік тілеймін!

Данагүл БАЙМҰХАШЕВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Патриотизм

Отан отбасынан басталады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы халыққа арнаған Жолдауында  отансүйгіштікке аса зор маңыз беріп, «Патриотизм — көпұлтты, көпконфессионалды қоғамымыздың негізі» екендігін баса көрсетіп айтты. Мәпелеп өсірген аяулы ата-ана, олардың қажырлы еңбек жолы қазақтың қай баласы үшін де отансүйгіштікке баулитын асыл ұғымдардың бірі болып табылады.

Әкеміз Әнес Жұбаниязовтың еңбек жолы еліміздің экономикалық, ағартушылық, мәдени, рухани қалыптасу белестерінің іске асуына құлшына кірісіп, аянбай күш жұмсаудың адал үлгісі болып табылады. Ол ата-бабамыз, отбасымыз  тұрақтаған  бір елді мекенді өркендетуге аттай 50 жылдан аса өмірін арнаған.

Әкем Ақтөбе облысының Алға ауданы, Көлтабан, кейін Ильинка ауылында өмір сүрген.

Ол бастап отырғызған ағаштар мәуелі баққа айналды. Көлтабанда ол салдырған мектеп күні бүгінге дейін қабырғасы қақырамай тұр.

Марқұм әкем Әнес Жұбаниязов өзінің 90-ға таяу ғұмырында еліміздің басынан өткен небір қиын замандарды — Кеңес кезіндегі ұжымдастырудың салдарын, аштықты, қуғын-сүргін зұлматын, өндірісті дамытудың бесжылдықтарын, сұм соғысты, соғыстан кейінгі кезеңді, сондай-ақ қайта құру заманын көрді, егемендіктің қарсаңына қуанып, тәуелсіздік туы желбіреген тұстың да куәгері болды.

Әкем 1923 жылы туған. 18 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, Берлинге дейін барған. Өз қолымен Берлинді алған майдандастарының көбіне жер басып, тірі жүру ырыздығының бұйырмағанын еске алып, өкситін-ді қарт әке. Елі мен ұрпақтарының бағына орай «Паравоз жүргізушілері, мұғалімдер мен жарақаттанғандар елге қайтарылсын» деген Сталин жарлығына екі рет ауыр жарақаттанған сарбаз ретінде әкем де ілігеді.

Елге келген соң әкеміз еңбек майданына бірден құлшына бас қояды. Сол кездерде ол Ақтөбе облысының Алға ауданы, «Парижская Коммуна» колхозына қарасты Көлтабан, Қарсақпай бөлімше бастығы, бригадир болып қызмет атқарған. Бір қауым халқына сөзі өтімді, атқарған ісі орнықты, халқының зәру мәселерін басшылар алдына қойып, шешімін табуда батылдық таныта білген Әнес Жұбаниязов ел ішінде  «Батыр», «Генерал» аталып кетті.

Анам Қалипа да Алға ауданында дүниеге келген. Бізге үнемі жақсы адам болыңдар деп айтып отыратын. Қазақтың батырлар жырын, дастандарды оқып отыратын, мәнерлеп, дауыстап оқитын. Біз де анамызға еліктеп оқуға  тырысатынбыз. Үйімізде қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетінің таңдамалы шығармалары да мол болатын. Оларды бас алмастан оқитынбыз. Күйлердің орындалуын, қобыздың тартылуын, жырлардың айтылуын анам сатып алдыртатын күйтабақтардан тыңдайтынбыз. Сөйткен анам мен университет бітірген жылы кәлимасын айтып бұ дүниеден бақиға озды. Марқұм анам ылғи «балам, бақытты бол» деп тілек қосатын. Аяулы анамның Алладан тілеген дұғасы қабыл болды деп ойлаймын. Сол жылы болашақ жарыммен сөз байластым.  Қазақ әдебиетінің классик жазушысы, қазақ халқының қайсар да талантты, тау тұлға перзенті Хамза Есенжановтың киелі отбасына келін болып түсу ырыздық-несібесі маған бұйырған екен. Жазушы немересі дүниеге келгенде оған  «Ақ Жайық» романының бас кейіпкері Хакім есімін бердік. Бұл да болса отанды, елді сүюдің бір көрінісі деп білемін. Ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретін елді сүю, құрметтеу құндылығын енді мен өз ұрпағыма айтып отырамын…

Дина ЕСЕНЖАН,

арабтанушы.

Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button