Денсаулық

Сарымсақтың пайдасы

Сарымсақ халықтық медицинада мың сан ауруға ем. Қытай халық медицинасы сарымсақты салқын тиюден болған аурулардың барлық түріне, тыныс жолдары ауруына, тіпті туберкулезге қарсы қолдануға кеңес береді. Оқырманның сұранысына сай сарымсақты қолдану арқылы жасалатын ем-дом туралы кеңес ұсынуды жөн көрдік. 

Суық тиіп ауырғанда бірінші күні 30 грамм сарымсақ қабылдау қажет. Сарымсақтың ай жарым ішінде мөлшерін күннен-күнге көбейтіп отырып, 90-120 грамға дейін жеткізесіз. Ал ай жарымнан кейін сарымсақтың мөлшерін, керісінше, біртіндеп азайтып, бастапқы кездегі 30 грамға дейін төмендету керек. Оған қоса күніне бірнеше рет сарымсақ буымен дем алып, арқа мен кеуде тұсын өсімдік майымен араласқан сарымсақтың сөлімен сүртесіз.

Он шақты пиязды бір бас сарымсаққа араластырып турап, сүтке  салып жұмсарғанша қайнату керек. Оған аз ғана шырын немесе шөптердің қайнатпасын құйып, балды қалауынша қосасыз. Мұны күшті жөтел кезінде сағат сайын ішуге болады. Қатты тұмауратқанда, түшкіріп, жөтеліп, қызу көтерілгенде, тамақ ауырғанда, бұлшық ет пен сіңір тартылып ауырғанда бір шай қасық сарымсақ майын және 20-25 тамшы пияз сөлін қайнаған суға араластырып, жылылай бір стаканнан төрт сағат сайын ішіп отыру керек. Мұрынға 5-10 тамшыдан тамызу қажет.

Жүрек ауруларына да сарымсақ — таптырмайтын ем. Бір литр балға 10 лимонның сөлін қосып, оған 10 сарымсақты ұсақтап араластырып, тығыз жабылған ыдысқа салып қояды. Ол қараңғы, салқын жерде бір апта тұруы тиіс. Сосын күніне бір рет 4 шай қасықтан тамақтанардан 20-30 минут бұрын қабылдап, әр қасықты жұтқан сайын арасына бір минут үзіліс жасап алған жақсы. Бұл қоспа демікпесі бар стенокардияға өте пайдалы. Тіпті бір адым жүрген сайын ентігіп қалып, тыныстап алатындардың өзі осындай тұнбаны қабылдағанда сауығып кеткен көрінеді.

Ағзадағы холестириннің деңгейін төмендетуге де сарымсақ жақсы көмектеседі. Ол үшін күн сайын өрік, шие, қара өріктен алынған қойыртпақты 15-20 грамнан қабылдап, бұған қоса, бір шай қасықтан күніне үш рет сарымсақ майын немесе

1/3 шай қасық сарымсақ ұнтағын қабылдап отыру қажет. Ал бастапқы инфаркт кезінде тамақ мәзіріне сарымсақ майын, сарымсақ шарабын, сарымсақтың өзін араластыру керек. Бұл инфаркті тежейді. Жүрек ұстамасының жиілеуін тоқтату үшін тазаланған бір түйір сарымсақты жұтып жіберген дұрыс. Қалтаңызда нитроглицерин болмай қалған кезде осылай істесеңіз, жүрегіңізді бүрген ауру ізім-ғайым жоғалады. Бұрынғы емшілер жүрегіне қан толып, тынысы тарылған адамға сарымсақты тұзға батырып, содан соң стакан толы шарапқа араластырып ішкізген. Бұдан кейін ауру адамның пештің түбінде, жылы жерде терлеп жата тұруына мүмкіндік беру керек. Сол кезде қан дененің барлық жеріне тарап кетеді де, ол адам тез сауығады.

Ал шаш түскен кезде басты күн сайын ұстарамен тақырлап алып, бір апта сарымсақтың, бір апта пияздың сөлімен сүртесіз. Сонда шаштың түсуі тоқтап, керісінше, жақсы өседі.

Сарымсақ — теріге сыздауық, сүйел, теміреткі, қышыма сияқты жаралар шыққанда да таптырмайтын ем. Мысалы, шүберекті өсімдік майына шылап алып, артық майын сығып, ортасына ұсақтап туралған сарымсақ салып, жараның үстіне жапсырып таңып тастаса, қабығы тез жарылып, қабынуы тоқтап, солқылдап ауырғаны басылады. Бірақ жараның үстіне танған сарымсақты күн сайын ерінбей ауыстырып тұру керек.

Беттегі безеу, бөртпе, терінің тағы басқа іріңді жараларын кетіру үшін сарымсақтан жасалған емдік тұнбаны қолдануға болады. 400 грамм сарымсақты ұсақтап турап, шыны құтыға саласыз. Үстіне шамалап спирт құйып, күннің көзіне сұйықтық сары жасыл түске енгенше қою керек. Оны қайта-қайта араластырып қойған да дұрыс. Содан соң сүзгіден өткізіп, бірінші күні бес тамшысын қабылдайсыз. Екінші күннен бастап, әр күн сайын бір тамшыдан қосып отырып, 25 тамшыға дейін жеткізесіз. Содан кейін, керісінше, әр күн сайын бір тамшысын кемітіп, бастапқы бес тамшыға дейін азайғанша қабылдайсыз. Қажет болған жағдайда бұл емдеу курсын қайталауға болады. Тұнбаны бетке жағып, терінің зақымданған жерін сүртсе де артық етпейді.

Гаухар ДОСМЫРЗА,

Жедел медициналық жәрдем ауруханасының

перзентхана медбикесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button