Білім

Ыстық тамақпен қамту: 98 мың бала тамақтанады

Мектеп оқушыларының 87,4 пайызы ыстық тамақпен қамтылған. Ал бастауыш сынып оқушыларының 98,9 пайызы тегін тамақтанады. Былтыр 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту үшін 2 млрд. 301 млн. теңге бөлінген.

Біз облыс мектептерінде оқушыларды ыстық тамақпен қамту туралы облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратовамен сөйлескен едік.  

— Біздің облыста оқушыларды сапалы ыстық тамақпен қамту жақсы деңгейде ұйымдастырылып жатыр.  Желтоқсан айындағы мәлімет бойынша 98 мың бала  ыстық тамақпен қамтылды. Бұл — жалпы мектеп оқушыларының 87,4 пайызына ыстық тамақ  беріледі деген сөз. Біздің көрсеткіш республикалық көрсеткіштен (79 пайыз) жоғары тұр. Әрине, бұл қуанарлық жағдай. 

90-жылдардың басында еліміз ауыр жағдайды бастан өткергенде мектепте балаларға ыстық тамақ бермек түгілі, балабақшаларды сақтап қалу мүмкін болмады. Мұның бәрін қалпына келтіру оңай жұмыс емес. 2005 жылы оқушылардың 19,1 пайызы ғана ыстық тамақпен қамтылды. Арада 7 жыл өткенде ыстық тамақты ұйымдастыру 87,4 пайызға жетіп отыр, — дейді облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратова.

Тегін ыстық тамақпен қамтылған оқушылардың саны — 63 мың (жалпы оқушылардың 65 пайызы. Ал республикалық көрсеткіш — 33 пайыз).

Балаларды тегін ыстық тамақпен қамтуды ұйымдастыру жұмыстары туралы Жанат Бақытжанқызы былай дейді:

2011-2012 оқу жылымен салыстырғанда биылғы оқу жылында тегін ыстық тамақпен қамту көрсеткіші 6 пайызға артып отыр.

Облыс бойынша бастауыш сыныпта оқитын 46 мың бала бар. Соның 45  мыңы тегін тамақтанады. Бұл — 1-4 сыныпта оқитын балалардың  98,9 пайызы тегін тамақтанады деген сөз. Республикалық көрсеткіш  45 пайыз екендігін ескерсек, бұл, әрине, мақтануға тұрарлық жағдай.

Облыста 20 мың әлеуметтік қорғалмаған (жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді қажет ететін отбасылардың  және өзге де санаттағы балалар) және аз қамтылған отбасы балалары бар. Олардың 19 мыңы (93,6 пайыз) —  тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл санатқа жататын аудандарда тұратын балалардың барлығына бірдей тегін тамақ беріледі. Әзірге бұл мәселе Ақтөбе қаласы бойынша ғана толық шешілмей жатыр (ыстық тамақпен қамтылғандарың үлесі — 89,7 пайыз).

Айта кету керек, бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту үшін былтыр 2 млрд. 301 млн. теңге бөлінген. Аз қамтылған отбасы балаларын жалпыға міндетті оқу қорынан және басқа да қаражат көздерінен тамақтандыруға 586 млн. теңге бөлініпті.

Облыс бойынша оқушыларды ыстық тамақпен қамту жөнінен Қарғалы мен Қобда аудандары көш бастап тұр. Ойыл, Әйтеке би аудандарының көрсеткіштері — 97 пайыз. Одан кейінгі кезек Хромтау ауданының үлесіне тиеді: 96,3 пайыз. Темір ауданындағы оқушылардың 95 пайызы ыстық тамақпен қамтылған. Ақтөбе қаласының көрсеткіші — 91,1 пайыз.

Оқушыларды сапалы тамақтандыруды қамту мақсатында білім басқармасы жанынан ведомствоаралық сараптау тобы құрылыпты.

— Оқушылардың тамақтануының ұйымдастырылуы үнемі қадағаланып, Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне ай сайын мәлімет беріледі. Былтыр ведомствоаралық сарапшы топ Хромтау, Шалқар, Әйтеке би аудандарының жалпы білім беретін мектептеріндегі оқушылардың тамақтануын тексерді, — дейді білім басқармасының бастығы.

Елбасы Жарлығымен бекітілген «2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында еліміздің кейбір өңірлерінде мектептік тамақтандыру комбинатын салуды «ASTANA» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы  ұйымдастырып жатыр екен.

«ASTANA» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы біздің облыста да мектептік тамақтандыру комбинатының құрылысының жобасын дайындауға көмектесуге келісіп отыр. Қазір осы мақсатта аталған мекемемен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз.

Мектеп оқушыларын сапалы тамақтандыру мақсатында мектеп ас блоктарын заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтуды жоспарлап отырмыз. Облыстағы 20 жалпы білім беретін мектептің ас блоктарын кеңейту де —  уақыт созбай тындырылатын шаруа, — дейді Жанат Самұратова.

 

Дәрігер кеңесі

Денім сау болсын десеңіз…

 

Дариға ПІРЖАНОВА, Ақтөбе қаласындағы №4 емхананың педиатры:

 

— Балалардың дұрыс тамақтануы олардың денсаулығын нығайтып, дене дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар мидың дамуына, ойлау қабілетінің жақсаруына және жүйке жүйесіне жақсы ықпал етеді. Яғни баланың сабақ үлгерімі жақсы болуына дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Егер бала құнарлы тамақтанбаса, ағзада метаболизм, зат алмасу бұзылып, әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұрарлық қабілеті төмендейді.

Дұрыс тамақтанудың бес негізі бар. Тамақ құрамында негізгі қоректік заттар — нәруыз, май, көмірсу болуы тиіс. Бұл — бір. Екіншіден, тамақ рационында витаминдер мен микроэлемент болуы керек. Үшіншіден, тамақ нәрлілігі адамның  жасына, денсаулығына, ауа райына байланысты болғаны жөн. Төртіншіден, тәулік бойы тамақтану тәртібінің мөлшерін сақтау қажет. Бесіншіден, тамақтану санитарлық-гигиеналық талаптараға сай болуы тиіс.
Айта кету керек, тәулігіне бір, екі рет қана тамақтану дұрыс емес, белгілі бір мөлшерде үш-төрт рет тамақтану керек. Сонымен қатар тәуліктік ас мәзірі әртүрлі болғаны дұрыс. Әсіресе, организмге жануар белоктарының маңызы зор. Жануар белогы жалпы белок мөлшерінен 50  пайыздан кем болмауы тиіс. Жануар белогы  жетіспесе, балалардың жұмысқа қабілеті төмендеп, тез шаршап, оқу үлгерімі  нашарлайды. Тәуліктік рационда картоптан  бөлек түрлі көкөніс, жеміс-жидектердің жалпы мөлшері 400 грамм болуы керек. Күн сайын сүт және сұйық ашыған сүт өнімдері 500 миллилитрге жуық болуы қажет. Сонымен қатар бала апта бойы жарма түрлері мен  ет, балық, жұмыртқаның қажетті мөлшерін қабылдауы тиіс.

Жасөспірімдердің тамақ нәрлілігі мен құрамы талапқа сай болуы керек. Балалардың тамақтарының құрамында тәулігіне 80-100 грамм нәруыз, 100 грамм май, 380 грамм көмірсу болғаны жөн. Нәруыз — сүттің, дәнді дақылдардың, етттің, салаттың, картоптың; майлы заттар — майдың, жұмыртқаның, сүттің; минералды тұздар мен микроэлементтер — шайдың, шырынның, компот және жеміс-жидектердің құрамында болады.

Мектепте оқушыларға  міндетті түрде  ыстық  тамақ  берілу қажет. Жоғары  сынып оқушылары  мектепте 5-6  сағаттан, егер үйірме, секцияларға және басқа қосымша сабақтарға  қалатын болса, одан да көп  уақыт  болады. Сөйтіп, ертеңгілік  тамақ  пен  түскі  астың арасындағы  үзіліс 7 сағатқа, тіпті  одан да  көпке  созылып  кетуі  мүмкін. Бутерброд, бәліш, тәтті  тағамдар  ыстық асқа деген ағзаның  қажеттілігін  өтей  алмайды. Құрғақтай  тамақ  жеу зиян. Мектепте  дұрыс  ұйымдастырылған  тамақтану оқушының  үлгерімі  мен  жұмыс  қабілетінің артуына   жәрдемдеседі.

Таңертеңгілік  ас қою, тығыз  болғаны дұрыс. Түскі  аста негізгі  тамақ қабылданады. Кешкі  ас калориялылығы  жөнінен таңертеңгілік аспен бірдей болуы керек. Кешкі ас ұйықтардың алдында кем дегенде 1,5-2 сағат  бұрын ішілу керек. Әйтпесе, ас қорытуды қиындатады, май  жиналуы мүмкін. Ұйықтар  алдында  бір  стакан айран ішкен  пайдалы.

Қазір қыс мезгілі. Қыста ағзаның иммунитетін сақтап, суықтан қорғайтын көп күш қажет. Ол үшін мына кеңесті еске сақтау артық етпейді.

B тобының дәрумендері күш береді және жүйке жүйесіне жақсы ықпал етеді. Бұл топтағы дәрумендер көкөністерде, жаңғақта, балық, қызыл ет, қара нан, тары мен қоңыр күріш құрамында бар.
C  дәрумені жұқпалы инфекция ауруларымен күреседі, қышқылға қарсы құнды дәрумен. Олар цитрус жемісінде, қырыққабат, ақжелкен, мүкжидекте бар.
D3 дәрумені кальцийдің сіңірілуіне қажет. Кальций сүтте, маргаринде, теңіз балығында, жұмыртқаның сары уызында және бауыр құрамында бар.
Мырыш суықтан қорғап, төзімді етеді.  Бауыр, ет, теңіз тағамдары, тары, ашытқы, асқабақ, күнбағыс тұқымы, күнжіт тұқымы мен жұмыртқа құрамында бар.
Магний бұлшық еттеріне, қан тамырларына, денсаулыққа маңызды элементтер мен асқорытуға әсер етеді. Магний арпада, бананда, жапырақты көкөністерде және қара шоколадта бар.
Селен вирустармен күреседі. Селен нан, бауыр, теңіз тағамдары, қызылша, брокколей, бидай, пияз және жұмыртқа құрамында бар.

 

Оқушылар тасымалы

 

Үкіметтің қаулысына сәйкес, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар тұратын мекен білім мекемесінен 3 шақырым қашықтықта болса, онда балаларға күнделікті ақысыз тасымал қамтамасыз етілуі тиіс. Біздің өңірде бұл іс жақсы жолға қойылып отыр. Мектептен 3 шақырым қашықтықта тұратын балаларды 74 автобус тасымалдап жүр. Оның 57-сі — мектеп автобустары. Қалғаны — автокөлік кәсіпорындарының көліктері. Жыл сайын мектептер жаңа автобуспен толығып отырады. Былтырдың өзінде Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар, Ойыл аудандарының мектеп оқушыларын тасымалдауға 5 мектеп автобусы алыныпты.

Облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратованың айтуынша, облыста мектептен 3 км қашықтықта тұратын 4026 оқушы бар (Бұл —  96 елді мекеннің оқушылары). Оның ішінде 235 бала мектеп жанындағы интернаттарда орналасқан. 3352 бала мектепке арнайы автобустармен барып жүр. 

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button