Білім

ҰБТ жақсы өтті

Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Мамандардың айтуынша, биылғы түлектер ҰБТ-ға өте жақсы дайындалған. Мысалы, 149 «Алтын белгіге» үміткердің 68-і білімдерін дәлелдеді. Сонымен қатар 69 үміткердің 29-ы «Үздік аттестат» иесі атанды.

Облыс бойынша жалпы 5109  мектеп бітіруші ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп, өтініш жазған. Сынаққа 4945 оқушы қатысты.

Біз Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы №714 ҰБТ өткізу пунктіне барған едік. Сонымен…

Сынақ әділ өтті

Шолпан Шүйіншина, апелляциялық комиссияның төрайымы:

– Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы арқылы баланың мектептегі білімі анықталады. Сынақтың бұл түрі шетелдерде бұрыннан бар. Емтихан кезінде ешкім түлектерге көмектесе алмайды. Сынақ әділ өтеді.

ҰБТ биыл алтыншы рет өткізілсе де, еліміздің тұрғындары – ата-аналар мен оқушылар бұл сынға әлі бойы үйренер емес. Оқушылар тестілеуге қатысуға жүрексінеді. Ата-аналар да қобалжып, беймаза күйге түседі. Расын айту керек, ҰБТ-ға мұғалімдер, кейбір директорлардың өзі үрке қарайды. Себебі мектеп бітірушілердің емтихандағы  жинаған балдары жөнінде мектеп басшысы аудандық, қалалық білім бөлімдеріне немесе облыстық білім басқармасына есеп береді. Көрсеткіші аз білім шаңырағы сынға алынады. Яғни директордан бастап сөз естіп, тіпті, сөгіс алады деген сөз. Мұндай жағдайдан кейін мектеп басшысы мұғалімдерге талапты күшейтеді. Ал мұғалімдер оқушылар мен ата-аналарға қысым көрсетеді. Тіпті, оқу үлгерімі нашар балаларға сынаққа қатыспау керектігі туралы да айтады. Жалпы, ҰБТ-дан қорқып, қобалжу дұрыс емес. Ең бастысы, баланың дайындығы дұрыс болса болғаны. Тест сұрақтарында бұрынғыдай кемшіліктер жоқ.

Апелляциялық комиссияға өтінішті үш түрлі жағдайда береді. Сұрақтың дұрыс жауабы жоқ. Бұл – бір. Екіншісі, бірнеше жауабы бар. Үшіншісі, тапсырманың мазмұны дұрыс емес. Осының негізінде өтініш жазып, өзінің сөзін дәлелдеуі керек.

Байқағаным, балалар апелляцияның не екенін әлі түсінбейді. Түлек тест сұрақтарына қойылған ұпайдың дұрыс емес екендігін дәлелдесе, онда балл қосылады. Дегенмен өтініш жазғандардың барлығы бірдей жауаптарын дәлелдей алған жоқ. Оқушылар ұпай әншейін қосыла салынатындай көреді. Балдың қосылып-қосылмауын аппелияциялық комиссиясының басшысы емес, республикалық апелляциялық комиссия шешеді. Апелляция барысында «маған бір балл қосып беріңізші» дегендер бар.  Мұның бәрі апелляцияның не екендігін дұрыс түсінбегендіктен болып отыр.

Тағы бір қынжылтатын жайт, апелляцияға ата-аналар балаларымен бірге кіргенді жөн санайды. Ал бұл дұрыс емес. Кәмелетке толған адамды ата-ананың жетектеп жүруі жас жеткіншекке белгілі бір деңгейде зиян келтіреді. Яғни жастар ата-анаға арқа сүйеп кетеді. Өз бетімен әрекет ете алмайды. Өзіне сенімсіз болады.

Әрине, балаларға көмектескің-ақ келеді. Бірақ көмектесуге негіз жоқ. Себебі олардың жауабы нақты емес. Қобалжу, толқудың әсері болар, өздерінің аты-жөндерін дұрыс толтыра алмаған оқушылар да кездесті. Бір бала 19-нұсқа дегеннің орнына 1-ді және 9-дың орнына шатасып, 0-ді белгілеген. Сөйтіп,

10-нұсқа болып кетті. Әлгі оқушы сол 10-ыншы нұсқа бойынша 15 балл жинады. Апелляцияға шағымданғанда ол 0-ді шатастырып белгілегендігін айтты. Бұл – оқушының кінәсінен болған қате. Дегенмен баланың меселін қайтармау үшін республикалық апелляциялық комиссияға ұсыныс жасадым. Ондағылар баланың болашағын ойлап, ортақ шешімге келдік. Соның арқасында баланың жауаптары 19-нұсқа бойынша тексерілді. Нәтижесінде белгілеген жауаптарының 78-і дұрыс болды.

Біздің пунктте тестілеу уақытында басталды. Тест тапсыруға берілген уақыттан бұрын тапсырдық. Соған байланысты қорытынды да көп күттірмей дайын болды. Менің ойымша, №714 пунктте ҰБТ жоғары деңгейде өтті.

Түлектерге барлық жағдай жасалды

Ғалымжан Нұрышев, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, мемлекеттік комиссияның төрағасы:

– Біздің пунктте тестілеу екі кезеңде: маусымның 4-і мен 6-сы күндері өтті. Жалпы, осы екі күнде 1184 оқушы сынақ тапсыруы керек-тін. Дегенмен кейбір оқушылар емтиханға қатысқан жоқ. Олар –  халықаралық олимпадалардың жеңімпаздары мен емтихан тапсырудан бас тартқан балалар.

№714 пунктте Мәртөк ауданының оқушылары, қаладағы мектептер, оның ішінде жеке мектептер мен облыстық мектеп-интернаттардың балалары (жалпы, 31 мектеп) сынақ тапсырды.

Емтихан тапсырушыларға барлық жағдай жасалды. Сынақ тапсырылатын аудиторияларда кондиционер бар. Балалар уақыттың қанша болғандығын біліп отырсын деп қабырғаға сағат ілінді. Сонымен қатар балалар уақытқа қарай бейімделуі үшін кезекші мұғалімдер 1 сағат өткен сайын сағаттың неше болғандығын хабарлап отырды.

ҰБТ қорытындысы мектептерге таратылып берілді. Сонымен қатар сынақ нәтижесі тестілеу өткізілген пунктте де ілінді.

Маусымның 4-і күнгі сынақ тапсырған 4 түлектің жұмысын республикалық апелляциялық комиссияға жіберген едік. Екі оқушы өздерінің жауаптарын дәлелдеп, нәтижесінде оларға балл қосылды.

ҰБТ – үлкен шара. Оның өз мәнінде өтуі үшін облыстық, қалалық әкімдік тарапынан қолдау көрсетілді. Электр қуаты мен судың үзілмеуі қатты қадағаланды.

Біздің облыстың көрсеткіші жақсы

Майра Өтепбергенова, облыстық білім басқармасының бас маманы:

– Биылғы түлектер тестілеуге өте жақсы әзірленген. Соған байланысты жетістіктеріміз де көп. Мысалы, «Алтын белгі» мен «Үздік аттестатты» қорғағандар  былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай көбейді. ҰБТ нәтижесі бойынша облыстың орташа балы – 77,6. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға артық деген сөз. Былтыр облыс түлектерінің 35,9 пайызы шектеулі балл жинай алмаған болатын. Ал биыл 45 ұпайды мектеп бітірушілердің 9,8 пайызы алған жоқ.

Түлектер ҰБТ-ның тәртібін жақсы түсінген. Емтихан барысында ешкім  ұялы телефон, калькулятор пайдаланған жоқ.

Тестілеу көрсеткіші бойынша облыс мектептерінің арасынан облыстық физика-математика мектеп-интернаты алдыңғы қатарда. Аталған білім шаңырағының орташа көрсеткіші – 112,8. Одан кейінгі кезек М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың еншісінде (104,3 балл). Ал  қазақ-түрік лицейінің орташа балы – 101,8 балл. Аудан мектептерінің арасында

І орынды Шұбарқұдық гимназиясы иеленді. Бұл білім ордасының көрсеткіші – 101,4 балл. Аудандар бойынша Қобда ауданы алда (79,1 балл). Ал ұпайы төмен аудан – Алға ауданы (66,5 балл).

Сонымен, ҰБТ-ға жауапты мамандардың айтуынша, ҰБТ жоғары деңгейде өтті. Үлкен шараны өз мәнінде өткізу үшін облыстық білім, денсаулық сақтау, ІІБ жол полициясы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары, облыстық ішкі істер, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері мен өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі, «Энергосистема» АҚ жұмыла жұмыс істеді. Яғни барлық мекеме балалардың қауіпсіздігі үшін қызмет етті. Дегенмен біз байқаған бір кемшілікті айтпай кетуге болмас. №714 пункттегі балаларға жедел жәрдем қызметін көрсететін дәрігер Зинаида Мұсабаева өзі жауапты пункттегі жағдай туралы жауап беруден бас тартты. Ал №4 кеңес беру-диагностикалық емхана қызметкерінің сынақ барысындағы жағдай жөнінде жауап бермеуге құқығы жоқ. Сондықтан бұдан былай мұндай  маңызды шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр ілтипатты маман жібереді деген сенімдеміз.

****

Арман 124 балл алды!

«Алтын белгі» иегері әрі облыс бойынша ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған Арман Құсайыновты сөзге тартқан едік.

Арман Құсайынов тестілеуден 124 балл алды. Ол бастауыш сыныпты Әйтеке би ауданында бітіріпті. Қарашатау орта мектебінің 6-сыныбын аяқтаған соң,

М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды  балаларға арналған мектеп-интернатқа  ауысқан. «Бала білімінің негізі бастауыш сыныптан қалыптасады ғой. Сондықтан мен жетістіктерім үшін алдымен алғашқы ұстазым Ырысгүл Жағыпарқызына алғыс айтамын», – дейді Арман Құсайынов.

Ол сынаққа мұқият әзірленгендігін айтады: «Былтыр қыркүйек айынан бастап тестілеуге дайындалдым. Еңбектеніп, ізденгенім зая кеткен жоқ. Бір ғана жауап дұрыс болмады. Таңдау пәнім физикадан бір қате кетті. «Мүмкін, жауабым дұрыс болар» деп апелляциялық комиссияға өтініш жазған едім. Дегенмен босқа күдіктенген екенмін», –  дейді Арман.

Жоғары балдың иесі орыс тілі мен математика пәндерінен сұрақтардың қиындау тигенін айтады. «Алдымен қазақ тілі пәнінің сауалдарына жауап бердім. Математиканың сұрақтарына келгенде біраз ойлануға тура келді.

Емтихан тапсырарда біраз қобалжыдым. Ата-анам мен мұғалімдерімнің еңбегін, үміті мен сенімімін ақтай алмай қаламын ба деген қорқыныш болды. Бірақ тестілеуден 100-ден аса ұпай жинайтыныма нық сенімді болдым. Себебі ҰБТ-ға өте жақсы әзірлендім. Әрі бақылау тесттерінен үнемі жоғары көрсеткіш алып жүрдім. Ең төмен балды (95) бірінші сынақ тестте алдым. Ал ең жоғары жинаған ұпай 122  балл болды.

Мұғалімдеріміз мектептегі үш оқушының 125 балл алатынына сенім білдірген болатын. Дегенмен үшеуміз де ең жоғарғы ұпайды жинай алмадық. Бірақ үшеуміз де 120-дан жоғары ұпай алдық», – дейді Арман Құсайынов.

Әңгіме арасында «Алтын белгі» иесі география пәнінен екі жыл қатарынан облыстық олимпиадаға қатысқандығын айтады. Арман аталған пәннен дәріс берген  Гүлнар Тәжіғалиеваға дән риза.

Арманның айтуынша, оқушылардың ҰБТ-ға дайындалуы үшін мектеп-интернат басшылығы барлық жағдайды жасапты. «Сынаққа дайындаған мұғалімдер – Роза Алматова, Ақнұр Төлепбергенова,  Рабиға Ермекова, Гүлшат Жағыпарқызы, Жұмағали Байбосыновтарға рахмет айтамын. Сонымен қатар мектеп-интернат директоры Данағали Кенжебаев пен 11-сыныптың тәрбиешісі Ақтілек Жұмабаеваға шексіз ризашылығымды білдіремін», – дейді Арман. Ол болашақта байланыс саласында қызмет еткісі келетіндігін айтады.  «Бірақ әлі қандай мамандыққа, қай оқу орнына бартынымды анықтаған жоқпын. Дегенмен Алматы мен Астана қалаларындағы жоғары оқу орнына баратыным анық», – дейді Арман Құсайынов.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button