Мереке

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізі — Елбасы ұсынған жоба

Батыс пен Шығысты жалғаған сауда магистралі — «Ұлы Жібек жолын»  бес ғасыр өткен соң қайта жаңғыртуды ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы — «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі әлем жұртшылығының назарын аударды. Жалпы құны 825,1 миллиард теңге болатын қазақстандық жобаға Дүниежүзілік банк, Еуропа Қайта құру және Даму банкі, Ислам Даму банкі, Азия және Жапония Даму банктері инвестиция бөлді. Қазақстандағы бейбітшілік пен татулықты бағалаған шетелдік банкирлер мойнын бұрып, құрылысты қаржыландыруға ықыласты екендіктерін білдірді. Осыдан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы беделінің қаншалықты зор екенін бағамдай беріңіз.

 

Халықаралық транзиттік дәліздің жалпы ұзындығы 8445 шақырымды құрайды. Оның ішінде, Қазақстан Республикасынан — 2787, Ресей Федерациясынан — 2233, Қытай Халық Республикасынан 3425 шақырым жол өтеді. Дәліздің негізгі бағыттары мынадай: Санкт-Петербург-Мәскеу-Нижний Новгород-Қазан-Орынбор-Ақтөбе-Ырғыз-Арал-Қызылорда-Шымкент-Тараз-Қордай-Алматы-Қорғас-Үрімші-Ланьчжоу-Чженчжоу-Ляньюньган. Яғни Петербор мен Ляньюньган арасындағы бағыт негізінен Ұлы Жі­бек жолы маршрутына сәйкес келе­ді. Ол Қазақстан бойынша бес облыстың үстімен жүреді. Барлығы 2452 шақырым жол қайта жаңартуға жатады (Ақтөбе – 358, Қызылорда – 817, ОҚО – 458, Жамбыл – 480, Алматы – 339 шақырым). Осы бағыт бойында 4,6 миллиондай халық тұрады екен және бұл еліміздің халқының үштен бір бөлігі болып табылады.

Бұл жобаның ар­тықшылықтары дәліздің бо­лашағынан үлкен үміт күттіріп отыр. Дәліздің Транссібір автомобиль жолымен немесе Суэц каналы ар­қы­лы теңіз жолымен тасы­малдаудан артықшылығы – төтелігі мен жолға кететін уақыттың қысқа­лы­ғында. Теңіз жолын пайдаланғанда жолға 45 тәулік, ал Транссібір арқылы жүргенде 14 тәулік кетсе, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жо­лына кететін уақыт небәрі 10 тәулік болады.

Бұл жобаны жүзеге асырудың орташа жылдық экономикалық тиімділігін есептеген мамандар жолаушының жүретін жолы қысқаратынын, соған байланысты жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға ықпал ету мүмкіндігі туатынын айтып отыр.

“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” дәлізінің құрылысы аяқтал­ғаннан кейін еліміз­де туризм саласын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер берілетін болады. Дәліз “Көксай” тау шаңғысы базасы, “Ежелгі Түркістан”, “Ежелгі Отырар”, “Қасқасу” таулы шаңғы курорты, “Байқоңыр”, “Қорқыт Ата”, “Қамбаш”, “Ғарыштық айлақ”, Киіз үйлі отель, “GREENLAND” және “Ырғыз керуен сарайының ” турис­тік аймақтары арқылы өтеді. Туристік орта­лықтарға апаратын бағыт қауіпсіздігі мен қолайлылығы қамтамасыз етілетін болады.

Дәліздің құрылысы толық аяқталғаннан соң халықаралық стандарттарға сәйкестендіре отырып, жол бойында қызмет көрсетудің 20-дан астам нысанын салу жос­парланып отыр. Олардың құры­лысын қаржыландыру үшін жеке инвестициялар тартылмақ. Өйткені тұңғыш Президентіміз елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бәсекелестікті және қызмет көрсету тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін айтып, өңірлерге арнайы тапсырма берді.

Жалпы, Қытай мен Еуропа аралығында жаңа жүк тасымалы легінің пайда болуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту үшін алғышарттар жасап отыр. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу кезінде Қазақстан Республикасы бойынша 2020 жылы жүк тасымалы 2,5 есе, яғни жылына 13 млн. тон­надан 33 млн. тоннаға дейін өсетіндігі белгілі болған. Жоба Қытай – Қазақстан (25%), Қытай – Орталық Азия (35%) және Қытай – Қазақстан – Ресей – Батыс Еуропа (40%) бағыттары бойынша жүк та­сы­ма­лын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Яғни мамандар бұл дәліз арқылы Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Еуропа елдері арасындағы жүк тасымалының шамамен 80 пайызы Қазақстан арқылы өтетін болады деп жобалауда. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, бүгінде транзиттік жолы бар елдер жылына 1 триллион доллар көлемінде табыс табады екен. Демек, біздің елдің жүк тасымалындағы үлесі қомақты болмақ.

Ресейдің деревнялары арасында тас жолдар сайрап жатқан кешегі кеңес дәуірінде Қазақстан аумағында автомобиль жолдары дамыған емес. Ол кезде ауылдарды айтпағанда, аудан орталығынан облыс орталығына жетудің өзі қиямет еді. Енді осындай олқылықтың орны толмақ.

Жол болса өңірлердегі экономиканың дамуы қарқын алады, ішкі-сыртқы сауда дамиды. Жұмыс орындары ашылады. Енді ғаламдық көлік компаниялары қазақстандық рынокта шоғырлана бастайды. Еуропадағы және әлемдегі сияқты көлік рыногында қатаң бәсекелестік қалыптасады. Көлік кешені дамып, халықаралық байланыс күшейеді, бұл экономиканың одан әрі дамуына серпіліс береді.

Дәліздің 700-ге тарта шақырымы Ақтөбе облысының аумағы арқылы өтеді. Ұлы жолдың 39 шақырымы Ақтөбе қаласы арқылы және біздің облысқа тиесілі қалған бөлігі жолай төрт ауданның аумағынан өтеді. Қазір облыста халықаралық жол өтіп жатқан аумақтардағы нысандарды талапқа сай қайта салу, жол үстіндегі ауылдардың келбетін реттеу жұмыстары жүріп жатыр.

Кезінде әлемді аузына қаратқан Кеңес Одағының «Байкал-Амур» магистралін, «Чита-Хабаровск» автомагистралін аяқтауға шамасы жетпеді.  Алып империяның аяқсыз қалдырған құрылыстары туралы «естелікті» есіне алған әлем елдері «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралін жас мемлекет Қазақстанның айтулы уақытында аяқтайтынына күмәнмен қарағаны шындық. Дегенмен, көптің күпті көңілін су сепкендей басқан Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы беделінің арқасында ғасырдың ең ірі жобасы саналған алып құрылысқа бел шеше кірісіп кетті. Ол аяқталып, пайдалануға берілгенде ақтөбеліктер үшін мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі жоспарлар жанданады. Көлік рыногы арқылы Қазақстан ықпалды мемлекетке айналып, жүк тасымалында айтарлықтай табыс түсіреді.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button