«Ақтөбе» газеті — Әйтеке би ауданында
Бағдар: әртараптандыру мен өнеркәсіптік дамуға бейімделу
Көлеңкесіз көрсеткіштер
Бұл ауданның өзіндік ерекшеліктері бар екендігі көпшіліке мәлім. Соның бастыларының бірі — Ресеймен шектесетіні болса, екіншісі — кешегі күнгі екі ауданның ізін ұстап отырғандығы.
Уақытында мал шаруашылығын дамытып, егіншілікпен де шұғылданып, қыруар тірлікпен қазынасын көмкеріп ұстап отырған Қарабұтақ ауданы таратылғанда біраз жұрттың абдырап қалғаны ақиқат.
Бүгінгі ахуал бұл өңірде түбірінен өзгерді. Бұрын-соңды болмаған жаңарған көлік жолы, ауданды аралай тартылған темір жол жаңа леп әкелді, бұйығылау жатқан ел басқаша серпінді сезінді.
Әйтеке би ауданының әкімі Аманғали Бердалин кешегіні де, бүгінгіні де көзімен көріп, ортасында болып келе жатқандықтан өңірдің шаруа жағдайын жақсы біледі. Сондықтан да осының алдында біраз жыл шаруашылық басқарып, аудан әкімінің орынбасары қызметінде жарты жылдай уақыт болған соң өңір тізгінін қолға алған Аманғали Бейсенбайұлы бізбен әңгімесінде аумақта қазіргі уақытта өндірістің дамып, ауыл шаруашылығы өрістей бастағанын нақты мысалдармен атап өтті.
Ең басты көрсеткіш — бюджет кірісі 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында 281,1 млн. теңге құраған, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 157,5 пайызды көрсетеді. Биылғы жылдың алты айында өнеркәсіптік кәсіпорындар 236,4 млн. теңгенің өнімін өндірген. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Текше тас» ЖШС-де жылына 700 мың тонна жоғары сапалы қиыршық тас өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Бенқала мыс кенін игеру мақсатында «ҚазКупер» ЖШС катодты мыс өндіру және кенді өңдеу кешенін салды. Оның бірінші кезеңі іске қосылды. Сондай-ақ «Вертикс Холдинг» ЖШС темір кен шығару өндірісінің рудасын темір жол арқылы өңдеуге жіберуде.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, бизнесті қолдау, инфрақұрылымды ілгерілету үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Шағын кәсіп иелерінің саны бүгінгі күні 750-ден асады. Бұл бағытта 6654 адам жұмыс жасайды.
Ауыл шаруашылығында қазіргі заманғы технология бойынша жұмыстар атқарылуда. Әртараптандыру ісі қолға алынды. Бір кездердегі мол егіс алқабы азайтылып, биыл 186 мың гектар алқапқа егін егілді, 45 гектар алқапқа қарақұмық себілді. Мұның сыртында 9394 га майлы, 5900 га мал азықтық дақылдар және бар. Ауыл шаруашылығы құрылымдары мен кәсіпкерлер 470 гектар картоп, 210 гектар көкөніс, 9 гектар бақша өнімдерін салды.
Мал шаруашылығын дамытуға «Сыбаға» бағдарламасы септігін тигізуде. Аудандағы «Әділет», «Дәулет», «Наурызбай», «Өріс» шаруа қожалықтары 24,5 млн. теңге несие алып, 212 ірі қара мал сатып алды.
«Ауызсу» бағдарламасы аясында Тасқожа ауылынан Комсомол селосына су құбыры желісін тарту құрылысы аяқталды. Қазір аудан орталығы тұрғындары тұщы судың рахатын көруде.
2011-2014 жылдарға арналған білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 170 орынды Сұлукөл орта мектебі, 150 орынды Жабасақ орта мектебінің құрылысы басталды. Сонымен қатар М.Жұмабаев атындағы және Т.Шевченко атындағы орта мектептер мен 2011 жылы басталған Ақкөл орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталады.
Аудан бойынша орталық аурухана, туберкулез ауруханасы, 5 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 17 медициналық пункт және түрлі меншіктегі 5 дәріхана жұмыс жасап келеді. Қазіргі уақытта эндоскопист, эпидемиолог, УДЗ мамандары және балалар дәрігерлері жетіспейді.
Келешегі жоқ ауылдар қатарында Бөгеткөл, Тасқожа ауылдары белгіленіп, оның тұрғындары басқа жақтарға көшірілуде. Бұған ауыл адамдары түсіністікпен қарап, өсіп келе жатқан балаларының, олардың келешегін ойлап, жүктерін буып-түйіп отырғанын көзімізбен көрдік.
Әрине, осындай көрсеткіштердің ар жағында адамдардың көзге көріне бермес тағы да біраз тыныс-тіршілігі, ішкі дүниелері болатыны айқын ғой. Біз іссапар барысында сондай жайларға да көбірек көңіл бөлгенді жөн көрдік.
Комсомолдағы жаңа мешіт
Неге екенін кім білсін, сырттан келген адамның бәрі Комсомолда бұрыннан біреу де болса көне мешіт бар деп ойлайды. Ал, шындығында, мынау салынып жатқан еңселі имандылық үйі — мұндағы алғашқы ұмтылыс. Бұған қарап аудан басындағылар мұсылман дінін ұстамайды деп ойлау және күпірлік. Ақсақалдар той-садақасына ретімен жиналып, қажетті жерінде құранын оқып, аруақтарға аятын бағыштап, оразасын ұстап, жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт беріп отырады. Мұның сыртында жас балалардың арасында мұсылмандық әліппесін оқып, діни сауатын аша бастаған балғындар да біраз бар екен.
Алыстан еңселі көрінетін екі қабатты мешіттің бірінші қабатында ер адамдар намазға жығылады, ал жартылай мөлшердегі екінші қабаты әйелдерге арналған екен. Сондай-ақ төменгі қабатта асхана жұмыс істемекші. Мұнда садақалар өткізіледі, басқа да діни ас беру шаралары жасалады.
Мешіттің ауласында тағы бір ғимарат бой көтеріпті. Онда жуыну, дәрет алу бөлмелері орналасады. Мешіт қоршауының ішіндегі едәуір аумақта тазалау, ағаш отырғызуға дайындық, басқа да көркейту жұмыстарының басында біраз адам жүрді. Олардың барлығы да ортақ іске қол көмегін жасауға келген ауыл тұрғындары екен.
— Осы ізгілікті шаруалардың бәрі халықтың, ел-жұрттың демеушілігімен жүзеге асуда,— деді бізге мешіт қорының төрағасы Қалиолла Ниязов,— амандық болса желтоқсан айының алғашқы күніне имандылық үйі есігін айқара ашады деп отырмыз.
Бұған дейін Алматыда болған Дайрабай Рысқалиев деген діни білімі бар азамат осында молда ретінде тағайындалыпты. «Жақында қызметіне кіріседі, бүкіл-жағдайы жасалған» деді жергілікті азаматтар.
Тойханаға таңданбаңыз немесе кәсіпкерлік көкжиектері
Комсомол селосында енді ғана салынып бітіп, жұртшылыққа есігін ашқалы отырған бұл тойхананың сыртқы салтанаты да, ішкі құрылымдары мен жабдықтарының орналасуы да үлкен шаһарлардағы осындай ғимараттардан бір де кем емес. Оның қожасы Сағындық Кішкенебаев — аудандағы белгілі кәсіпкерлердің бірі.
Оның Ақтөбеден Астанаға баратын жолдағы кемпингі де бұрыннан жолаушылардың тыныс алып, тамақтанатын жайлы орны. Ол бұл нысанды «Бизнес-аймақтар» бағдарламасы бойынша салып алған болатын. Мұнда қазір жайлы қонақ үй, кафе, әртүрлі қызмет көрсету орындары жұмыс істейді. Комсомол халқына газ жеткізіп беріп отырған да осы кәсіпкер.
Сырттан келгендер мұнда тағы бір кәсіпкердің еңбегіне таңданбай кете алмайды. Галина Хусаиновнаның торттары десе, аудан орталығында елең етпейтін адам жоқ. Тіпті оның өнімдерін Ақтөбеден де арнайы келіп алып кететіндер бар екен.
Бір ерекшелігі, Галина Волынецтің жеке кафесінде тек өз өнімдері ғана қойылады. Тұтынушылар да соған үйренген. Ал осында пісірілетін нан өзінің сапасы жағынан да, бағасы жөнінен де көпшілік талғамынан шығуда.
Кәсіпкер шаруасын кеңейтуге 15 миллион теңге жұмсапты. Соның нәтижесінде қосымша он төрт жұмыс орны ашылған.
Ауданда осындай кәсіпкерлер саны көбейіп келеді. 2012 жылы ғана орта және шағын бизнес өкілдері шығарған өнім көлемі 3 миллиард 362 миллион теңге құрапты. Алдағы уақытта бұдан да ұлғаймақшы.
Мәселен, жеке кәсіпкер Р. Айтмағамбетова Комсомол селосында супермаркет құрылысын жүргізуде. Пайдалануға 2013 жылы берілетін бұл құрылыстың аумағы 720 шаршы метрді құрайды. Онда жиырма адам жұмыс істемекші. Алыстағы Әйке селосында да осындай тағы бір супермаркет салынады. Оны жеке кәсіпкер А. Ырзина қолға алуда.
Айта берсек, мұндай тірлік-қозғалыстар ауданда жеткілікті. Солардың ішіндегі ең бір елеулісі, Қарабұтақ селосындағы газ орталығы құрылысы болып отыр. Оның құны 30 миллион теңге тұрады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойында орналасқан бұл орталық келесі жылы пайдалануға беріледі.
… Қазір ауылды қалаға теңестіру туралы көп әңгімелеп жатыр. Мұның оншалықты қиын емес екенінін біз осы сапарда байқадық. Сенбесеңіз, Әйтеке би ауданына жол шегіп көріңіз.
Тарас ақынның жолымен
Қарабұтақ селосындағы Тарас Шевченко атындағы мектептің қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар. Соның бірі — Украина елімен тығыз қарым-қатынастың үзілмей келе жатқандығы. Соңғы жылдары бұл байланыс тың сипат алды. Ол — Украинаның Қазақстандағы елшілерінің осы білім ордасына ерекше назар аудара бастағаны.
— 2008 жылы Елші Николай Селивон осында болып, ұлттық «Оксана» орталығының мүшелерімен бірге мәдени шараларға қатысты,— дейді мектеп директоры Амангелді Жанқұлов,— олар біздің ұлы кобзарь Тарас Шевченко есіміне ерекше құрметімізді көріп, ырза болды.
Қысқасы, осындай ізгі ниетті кездесуден кейін қарабұтақтық он оқушы жолдамамен Артекте тегін демалып қайтыпты.
2011 жылы мектеп білім ордасына Тарас Шевченко атағы берілуінің 45 жылдығын атап өтті. Осы салтанатқа қазіргі елші Олег Демин келіп қатысты. Онымен бірге Қазақстан Халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Юрий Тимошенко, Астанада орналасқан «Оберег» украиндар ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Тамара Ширмер келіп, екі ел арасындағы достық тінін нығайта түсті.
Тарас ақынның бір кездері қазақ еліне келген жолы қазір айқындала түсті, ол достық пен ынтымақтастықтың, ізгіліктің соқпағына айналды. Биылғы тамыз айында 9-сынып оқушысы Кәмшат Молдағалиева Ужгород қаласында екі апталық демалыс саяхатында болып қайтты.
Деминнің демеуімен биыл мектепке ақысыз екі квота беріліп, соның нәтижесінде Салтанат Сағынтаева мен Айтолқын Ділмұханова Харьков қаласындағы жоғары оқу орнында білім алуда.
Украинаға саяхатқа бару немесе сонда білім алу үшін сол елдің тілін білгеннің еш артықтығы жоқ. Сондықтан Валентина Гулей жүргізетін украин тілін үйрететін үйірмеге қатысуға құштарлар мұнда аз емес. Тарас ақынның тілі қазақ балаларына да жат емес екендігіне біз Қарабұтақта болғанда көзіміз жетті.
Жол бойындағы жаңарулар
«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізі қазір батыс пен шығысты бекем байланыстырушы алып арнаға айналды. Мұнда күні-түні тынбастан түрлі маркалы, ірі-ұсақты көліктер ағылып жатыр. Олардың бірі жүк тасыса, екіншілері жеке шаруаларымен, үшіншілері — түрлі келіссөздер ыңғайымен жолға шыққан жолаушылар.
Қалай дегенде, солардың бәріне ортақ бір ұқсастық өлшемі бар. Ол — жолаушы атаулының ұзақ сапар барысында аз-кем тыныс алып, күш-қуат жинайтын жер іздейтіндігі. Бұрын ойлы-қырлы, бұрылысы көп, қауіп-қатері мол шоқалақтар енді заман ауқымына ыңғайланған тегіс те тура жолға айналды. Кешегі күнге дейін сол уақыттың жүргіншілеріне шәй-суын беріп келген қақыра-үйшіктер қазір бұзылды, олардың бүгінгі талапқа үйлеспейтіндігі айқын білінді.
Сондықтан да басы кемпинг деп аталып, одан кейінгісі еңселі ғимараттардан тұратын асхана, қонақүйлердің жол бойынан орын тебуі заңдылық. Соның біразы осы ауданға тиесілі.
«Дальнобойщик» деп аталатын жол бойы кафесінің өзіндік тарихы бар. Осыдан он шақты жылдың о жақ, бұ жағында жеміс-жидегін, көкөнісін көлігіне тиеп алып, сонау оңтүстік жақтан батысқа бет алған кәріс ағайынның көлігі Қарабұтақ тұсында күрт бұзылып, жөндеуі келіспей, ілгері баспай тұра қалады емес пе? Не істеу керек? Көлік иесі амалсыздан жол бойынан қалқа жасап, өнімдерін сата бастайды. Сөйтсе, сауданың нағыз қызатын жері осы ара екен. Содан әлгі Л. Тян деген азамат 2002 жылы тіркеліп, шаруасын бастап кетеді.
Қазір оның ұлттық асханасында кәріс, ұйғыр, қазақ тағамдары даярланады. Қарауында бес адам жұмыс істейді.
Бүгінгі күні мұндай кәсіпкерлікті кеңейту қызу жүріп жатыр. Келесі жылдың үшінші тоқсанында үлкен «МОТЕЛ» пайдалануға берілмекші. Сол кезде жұмыс орындары жиырма адамға дейін ұлғаяды.
«Керуен» деп аталатын демалыс және қоғамдық тамақтану орны жеке кәсіпкер Н. Наурызбаевтың иелігінде. Оның шаруасын жүргізуге Қарабұтақ селолық округі 0,25 га жер бөлген. Мұнда да бес жұмыс орны бар. Қазірге дейін шаруаны жолға қоюға кәсіпкердің өз қаржысынан 5,0 млн. теңге жұмсалыпты.
Жол бойындағы осы қызмет көрсету орындарына қарап тұрып, нағыз бәсеке енді қызған ба деп қаласың. Мәселен, «Ақжол» деп аталатын асхананың екі жағында — біреуі төрт шақырымда, екіншісі тоғыз шақырымда осындай қызмет көрсететін дәмханалар бар. Алыс жолға тұрақты шығатын жолаушылар таңдауды өздері жасайды емес пе?!
«Өріс» өрісін кеңейтеді
Ерлан Жұбанышов туралы сұрастырғанымызда ауылдастары сыртынан «Қызылқұдықтағы кәсіпкер ме?» деп атап қалды. Негізінде осындағы шаруа иесі, көш бастаушы ағасы Жолдас Ерғалиев болғанымен, бүкіл тірлік Ерланның қолынан өтіп жатқанын сырт көздің өзі байқайды.
Біз Жылысу бойына келгенімізде ұқыпты салынған мал қоралары, оның жанында қатар қойылған бірнеше техника, еңселі үй іргесіндегі шетелдік автокөлік, үш дөңгелекті «Урал» мотоциклі бірден көзге түсті. Ал биіктетіп үйілген қос іскірт шөп бұл шағын ауылдың қыстан қысылмайтынын байқатқандай.
— Әкем Орынбасар өмір бойы осы арада кеңшардың қойын бақты,— дейді Ерлан бұл кәсіпке көлденеңнен қол сұқпағанын білдіргендей,— ол озат шопан болды, үздік көрсеткіштері үшін сыйлыққа жеңіл машина, сол кездің басқа да қомақты сыяпаттарын алып тұрды. Ал біз бала кезден атқа мініп, бүкіл шаруаға көмектесіп өстік.
Бұрын басқа жұмыстармен шұғылданған Ерлан Жұбанышовтың мұнда «Өріс» деп аталатын шаруа қожалығын құрысып, кәсіп ете бастағанына бір жылдан енді ғана асыпты. Соған қарамастан ауыл маңында қара-құра біраз көрінді. Мәселен, жиырма бес жылқы бір бүйірде тебіндеп жатса, 150 қой өз алдына жайылуда. Ал биыл ғана «Сыбаға» бағдарламасы бойынша сатып алған қырық тоғыз сиыр алдағы уақытта үлкен шаруа негізін құрамақшы.
Әулетке төрт перзент тауып беріп, шаңыраққа шуақ кіргізіп отырған Жаңылсын негізі Қобданың Бестау деп аталатын жерінен екен. «Осы өңірге келін болып түскеніме он алты жыл болды»,— деп жымияды ол.
«Амандық болса «Өрістің» өрісін кеңейтеміз деген ойымыз бар»,— деп Жұбанышовтар жігерлі айтып отыр.
Бір кездері әкесі Орынбасардың орнын лайықты басып отырған азаматтың айтқаны орындалатынына біз де сендік.
Жәкібай жыраудың немересі
Ауыл шаруашылығы жайымен, жер тынысымен танысуымыз керек болғанда жанымызға ауданнан қосылған өкіл Арыстан деген агроном жігіт болды. Жолбасшымыз, жергілікті «Жаңалық жаршысы» газетінің директоры-бас редактор Геннадий Стручков әріптесіміз қашаннан қазақша әңгімеге қамшы салдырмайды. Қаламдасымыз сол әдетімен көлігіміз түзу жолға шыққан соң-ақ Арыстанның атақты Жәкібай жыраудың немересі екенін мақтанышпен айтты. Таңырқап қалыппыз. Бұрыннан өзіміз білетін:
Жәкібай жырау мен едім,
Қай жыраудан кем едім,
Жылағанды жұбаттым,
Әлсіздерді демедім.
Байлардан алып тілменен
Жарлыларды сүйедім, —
деген өлең жолдары ойға оралды.
Таңданатын ретіміз — Жәкібай жырау туралы, оның шығармашылығы жөнінде бұрын-соңды біршама білгенімізбен, кейінгі ұрпағы жөнінде қолымызда дерек жоқ екен.
Негізінде бұл дарынды адам, Жәкібай Сағымбайұлы 1885 жылы Ырғыз уезінде дүниеге келген. Әкесі айналаға танымал арқалы бақсы болған. Ол: «балам молда болып, мал таба ма десем, үйде отырмайтын болды ғой», — деп өнер қуғанын жақтырмаған.
— Атамыздың он бір баласынан елге көрініп, тірі қалғаны үшеу. Олар — Мінат, Жаухар және менің әкем Зәмзә,— дейді Арыстан біздің сауалдарымызға жауап бере отырып,— Ол қазір Ақтөбенің іргесіндегі Пригородный елді мекенінде тұрады. Атамның еңбектерін, ол туралы жазылған зерттеулерді жинастырып жүрген сол кісі.
Жәкібай жасынан зеректігімен көзге ілініп, молда алдын көреді, арабша сауат ашады. Ырғыздағы екі жылдық орыс мектебіне түсіп, Тел Жаманмұрынов, Ұзақбай Құлымбетов сынды кейін қоғам қайраткерлері болған азаматтармен бірге білім алады.
Жәкібайдың асқан жыраулығын білдіретін ел аузындағы бір әңгіме мынадай: бірде оның үстіне кірген Әбу бақсы: «Жәкібай, сен жаттанды жырау емес, арқалы пірің бар жырау екенсің, екі иығыңда екі бала дауысыңды домбыраға қосып отыр», – депті дейді.
Жәкібай жырау туралы біраз мәліметті жаңғыртқан соң, Арыстанға атасынан не жұққанын білгіміз келіп еді, ол «мен ештеңе айта алмаймын» деп қысылып күле берді.
Дегенмен, жыраудың немересі де қатарының алды болып, сонау тоқсаныншы жылдары Орынбордың ауыл шаруашылығы институтын бітіріпті. Содан кейін аудандағы бұрынғы «Щербаков» кеңшарының ізіндегі серіктестікте мамандығы бойынша еңбек етіпті. Қазір аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің агрономы.
Атасы осы өңірдің халқын жақсы жырымен сусындатса, немересі жер құнарын келтіріп, ел ырысын молайтуға үлес қосуда.
Ақсақалдың батасы
Қарабұтақта Нысаналы Жаңбырбаев ақсақалды құрметтемейтін адам жоқ. Ол біздің қоғамымыздағы біраз дәуірді бастан өткеріп, өзі де көп істің ортасында, басы-қасында жүрген жан. Көкірегі сәулеге толы осы кісі өңірдің шежірелі тұлғаларының бірі.
Кешегі күні заман талабымен аудан жабылғанда да көңіл күйі түскен халықтың ой-ниетін бөлісіп, елдің бет-бетімен ыдырамауына күш салды.
— Әрине, бұрын аудан орталығы болған кездегі көрініп тұрған көп игіліктер көзден таса болып, бәрін бір жаққа алып бара жатқандай жағдайда болған жұртшылықтың абдырап қалғаны рас, дегенмен, шүкірлігін айтуымыз керек, қазір көпшілік кәсіп көзін тапты, мынау үлкен жол, анау темір жол, ауылға енген газ, Үкіметтің мал бағамын, шаруа істеймін деп талпынған адамға көмектесіп жатқанын көзбен көрім отырмын. Сондай игілікті пайдаланып менің өз балаларым да тірліктерін жандандырып жатыр,— деп марқайды қария.
Қарабұтақ селосы әкімінің міндетін атқарушы Сәндібек Шыныбаев Нысекеңнің баласы Қажымның «Дәулет» шаруа қожалығының жетекшісі екенін, биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қырық шақты ірі қара сатып алып отырғанын айтты.
Қарабұтақ өзені сағасындағы Манас деп аталатын табиғаты бөлек жерде дүниеге келген, жастайынан әсемдік пен әдемілікке көз суарып өскен Нысекең қазақтың классик қаламгерлері Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаевтармен бала кезден бір ұядан қанат қағып, аралары олар дүниеден өткенше үзіліп көрген емес.
Ақсақал екі қимас адамының кітаптарына жазып жіберген қолтаңбаларын көрсетті. «Нысаналы ағама Қуандық інісінен!» деп жазыпты бір кітапқа ақиық ақын. Соны қайта оқып, Нысекең тебіреніп қалды. Іштей «ондай адамдар енді қайда?!» дегенін айтқызбай ұқтық.
«Соғыстан соң ауданда жастар ұйымының бірінші хатшысымын, іс басындағы қызметкер қыздарға қарамай, Ақкөлде қозы бағып жүрген Кемалды алып келдім»,— деп әдемі әзілмен әңгіме айтатын абыз жақында ғана ұзақ жыл бірге ғұмыр кешкен сол сүйікті зайыбының жыл садақасын беріп отыр екен.
Бұрынғы баспасөз күні саналатын 5 мамыр күні дүниеге келген Нысаналы қарт алдағы көктемде амандық болса, тоқсан жасты толтырмақшы. Ғұмырында тоқсан тарау жолды көріп, соның қай-қайсысында да сыр бермей ілгері басқан ол біздерге жолға шығар алдында ақ батасын берді. Сол ізгі тілегінің ішінде ел амандығын, айналадағы ауызбірлікті арнайы айтқаны көңілге шуақ сеуіп өткендей болды.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Әйтеке би ауданы.
ерѬT����X��Сырым батырдың жеке отбасы да тәптіштелмейді. Тек бір тұста ғана, онда да жол-жөнекей ғана, батырдың бәйбішесін әспеттейтін құйттай деталь ғана келтіріледі. Бар болғаны сол.
Сонда бұл романда не бар?
Бұл романда бір өзінің ғана бойына империялық Ресейдің бүкіл саясатын, өте сауатты саясатын жинақтап алған, сол себепті де оқырманға Екатерина патшадан да зор болып көрінетін барон Игельстром бар.
Бұл романда жауға шапқанда қаһармандығын суреттеуге сөз жетпей қалатын бұрынғы батырлардан өзгеше, сөйлегенде жан-жағын тегіс ұйытып отыратын бұрынғы билерден басқаша; тіпті де терең, өзгеше батыр Сырым бар, тіпті де жұмбақ, өзгеше би Сырым бар.
Егер Игельстромның сөздері мен пайымдауларынан империялық құрсаудың қаншалықты зымияндықпен тарыла түскені, бұл құрсаудан құтылудың ешқандай мүмкін еместігі соншама анық байқалатын болса, Сырым батырдың әрекеттерінен мойынға түскен құрықтың қаншалықты қылғындырып бара жатқаны, қазақ даласының қаншалықты жантәсілім халге жеткені соншама айқын көрінеді.
Игельстром мен Сырым образдары — Ресей мен Қазақ даласының, бірі көндіргісі келетін, бірі көнгісі келмейтін, жасырмай айтсақ, осы күнге дейін жалғасып келе жатқан, бәлкім, өкінішке қарай, болашақта да жалғаса беретін мемлекеттік саясаттарының екі басқа екі түп қазығы.
Романды толық талдау мерейтойлық сөздің көлеміне сыймайтыны да белгілі. Түйіндей айтарымыз, айтқаны болып, айдағаны жүріп тұрған Петербургтің ас та төк астамшылық күн тәртібін баяндаумен басталып, үркіншілік пен үрейден өзге тірлікті ұмытуға қараған ыбыр-жыбыр қазақ даласының әлденеден әлде де үміт күткен сәтімен аяқталатын бұл роман — қасіретің мен қайғыңды ұмыттырмайтын ызалы ызың, талансыз дәуірің мен таланған шағыңның ескі жарасын қайта түрткілейтін ұйқысыз сарын, ең бастысы, шындықтан аттай алмайтын шын суреткердің қолынан шыққан өмірі ұзақ өзгеше туынды.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Байғанин ауданының құрметті азаматы Қажығали Мұханбетқалиұлының әдебиетке сіңірген қадау-қадау еңбектері қысқаша айтқанда осындай.
Ертай АШЫҚБАЕВ.



