Спорт

Бірінші турда үздіктер қатарына ене алмады

11-18 қараша аралығында Хромтау қаласында волейболдан Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасында ХХІ Қазақстан чемпионатының бірінші туры өтті.

ХХІ чемпионатқа жеті команда қатыстырылып отыр. Олар — «Алматы», «ТҰК «Қазхром» (Хромтау), «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» (Өскемен), «Атырау», «Есіл» (Қызылжар), «Конденсат» (Орал) және «Павлодар» командалары. «Павлодар» командасы бұл дүбірлі додаға биыл бірінші рет қатысып отыр. Бұл —  Ұлттық лиганың Атқару комитеті мен жаттықтырушылар кеңесінің шешімі.

Біздің жерлестеріміз, алаң иелері — «ТҰК «Қазхром» командасы алғашқы турда үздіктер қатарына ене алмады. Алғашқы турдың алғашқы ойынында-ақ олар «Павлодар» командасынан 1:3 есебімен жеңілді.

Жалпы, бірінші тур қорытындысы бойынша, «Алматы», «Атырау», «Павлодар» командалары алда келеді. Ал екінші тур ойындары 7-16 желтоқсанда Павлодар қаласында өтеді.

Ел чемпионатының 3-5  турлары: 7-16 ақпанда — Өскеменде, 5-14 наурызда — Атырауда, 5-14 сәуірде Алматыда өтеді. Жүлдегерлер осы бес тур қорытындысы бойынша анықталады. Бүгінге дейінгі ел біріншіліктерінде алматылық командалар он рет топ жарып, чемпион атанды. Соның ішінде «Алматы» командасы соңғы бес жыл бойы (2008-2012 жж.) чемпион атағын ешкімге бермей келеді.

 

Бас киімсіз жекпе-жектер?

 

Бүгін Астанада бокстан Қазақстан чемпионаты басталады.

Оған еліміздің барлық өңірлерінен 180-нен астам боксшы қатысады. Бұл күндері Лондон Олимпиадасының жүлдегерлері — Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов және Иван Дычконың өнерін тамашалай алмаймыз, олар жарыстан босатылған.

Бокстан Қазақстан чемпионаты 1993 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы кезге дейінгі чемпионаттарда боксшылар бас киіммен өнер көрсетіп келсе, бұл жолы олар рингке шлемсіз шығатын болды. Қазақстан чемпионатын шлем­сіз өткізу жөніндегі шешім АИБА-ның шілде айындағы отырысында қабылданған. Сондай-ақ жоғары салмақтарда — (75 келі, 81 келі, 91 келі, +91 келі) — әуесқой боксшылар енді жекпе-жекке кәсіпқой боксшылар қолғабымен шығуы да мүмкін. Бұл өзгерістердің мақсаты — боксты жауынгерлік өнер ретінде қайта түлетіп, сол арқылы спорттың осы түріне деген көрермендер қызығушылығын ояту көрінеді. АИБА сарапшыларының пікірінше, соңғы кездері рингте қауіпсіздіктің барынша күйттелуі салдарынан боксқа деген қызығушылық күрт төмендеген.

Айта кетелік, бас киімсіз жекпе-жектер тек ересектер арасында ғана өтеді, ал әйелдер, жастар мен жасөс­пі­рімдер бұ­рын­ғысынша бас киіммен қолғап түйістіретін болады.

 

 

Екінші кездесу — ертең

 

«Астана арландары» биылғы алғашқы кездесуін жеңіспен бастады.

Өткен жұмада Киевте «Украин атамандарын» 3:2 есебімен тізе бүктірген «арландардың» биылғы маусымдағы екінші кездесуі 23 қарашада Астанада өтеді. Бұл жолғы қарсыластары — «АҚШ нокаутшылары».

«Астана арландары» клубы сайтында ертең екі жақтан рингке шығатын боксшылар тізімі жарияланды.

Ең жеңіл салмақта (50-54 келі) Қазақстан атынан Бағдат Әлімбеков айқасқа түседі. Оның қарсыласы — Джо Грегори Перес. Бағдат Бүкіләлемдік бокс сериясының бірінші маусымында «арландар» қатарында өнер көрсетті. Ал қарсыласы WSB аясында бірінші рет рингке шыққалы тұр.

Жеңіл салмақта (57-61 келі) «арландар» намысын команданың жаңа капитаны Самат Башенов қорғайды.

Бірінші маусымда «Астана арландары» командасының капитаны Бейжің Олимпиадасының чемпионы — Бақыт Сәрсекбаев, екінші маусымда Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам болғаны белгілі. Биыл олардың екеуі де «арландар» сапында жоқ. Ел біріншіліктерінде, халықаралық турнирлерде тәп-тәуір өнер көрсетіп жүрген қостанайлық Самат Башенов команда мүшелерінің қалауымен капитан болып сайланып отыр. Самат өзіне көрсетілген сенімді ақтайды деп үміттенеміз.

Капитанның биылғы маусымдағы алғашқы қарсыласы осал емес — тәжікстандық Анвар Юнусов. Анвар — Азия чемпионы, өткен жылғы әлем біріншілігінде жартылай финалға дейін жеткен, сондай-ақ Бүкіләлемдік бокс сериясының екінші маусымында жақсы өнер көрсеткен боксшы.

Бұл жолы орта салмақта (68-73 келі) «арландар» қатарынан Мирас Байырхановтың өнерін көретін боламыз. Ол АҚШ-тық боксшы Кларенс Джозефпен жекпе-жекке шығады. Мирастың өткен маусымда жақсы өнер көрсеткені бокс жанкүйерлеріне мәлім. Ал Кларенс WSB аясында рингке алғаш рет шыққалы тұрғанымен, негізінен, тәжірибелі боксшы. Ол туралы деректерде Чикагода өткен әлем чемпионатына қатысқаны айтылған.

Жартылай ауыр салмақта (80-85 келі) «арландар» өз легионерлерінің бірі — хорватиялық Хрвое Септі рингке шығарады. Ол алдыңғы екі маусымда париждік команда сапында өнер көрсетіп, биыл «Астана арландары» клубына келді. Септің қарсыласы — өз отандасы Марко Калич. Былтыр ол үндістандық «Мумбай жойғыштары» командасы құрамында болған. Марко Калич — өткен маусымда сүреңсіз өнер көрсеткен боксшылардың бірі, рингке үш рет шығып, тек біреуінде ғана жеңіске жетті.

Ал ауыр салмақта (91 келіден жоғары) қазақ жанкүйерлерінің сүйікті боксшыларының біріне айналған Руслан Мырсатаев рингке шығады. Бұл жекпе-жекте есімі бізге жақсы таныс тағы бір боксшы өнер көрсетеді: ол — венгр Иштван Бернат. Иштван алдыңғы екі маусымда «арландар» сапында болды. Екі жыл бойы бір командада болып, бірге жаттыққан Руслан мен Иштванның айқасы, біздіңше, осы кездесудегі қызықты жекпе-жектердің бірі болуы тиіс.

«АҚШ нокаутшылары» алғашқы кездесулерін өз елдерінде Англияның «Арыстан жүректілер» командасымен өткізіп, 1:4 есебімен жеңіліске ұшырады. Осы сәтсіздіктен кейін олар Астанаға барынша дайындықпен келетіндері сөзсіз. Бірақ, әрине, «арландар» да намысты қолдан бере қоймайды.

Айта кетелік, WSB-ның үшінші маусымының алғашқы айналымында Әзірбайжанның «Баку оттары» мен Ресейдің «Динамосы» ең жақсы өнер көрсеткен командалар болды. Олар өз қарсыластарын 5:0 есебімен тізе бүктірді.

Сондай-ақ WSB сайтында алғашқы айналым нәтижесі бойынша әр салмақтағы үздіктер тізімі жарияланды. Ең жеңіл салмақта үздіктер көшін 149 ұпаймен Мирас Жақыпов бастап тұр.

Екінші айналымнан кейін де үздіктер қатарына қазақ боксшылары қосылады деп үміттенеміз.

 

 

Астанада да алтынсыз…

 

Қарашаның 17-і мен 19-ы аралығында Астанада грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының Президенті Кубогы үшін халықаралық турнир өтті.

Жарысқа Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Иран, Грузия, Беларусь, Өзбекстан, Үндістан, Тәжікстан және Қырғызстан сынды күрес бұқаралық сипаттағы спорт түріне айналған елдерден балуандар келді, ал Қазақстан бұл турнирде үш құрамамен өнер көрсетті.

Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде өткен белдесулердің шиеленісті болғаны соншалық, жарыс қожайындары үш бірдей құрамамен қатыса тұрып, алтынға қол жеткізе алмады.

Лондон Олимпиадасына қатысқан балуандардың қазір демалыста екені түсінікті. Сондықтан турнирге аталған 10 елдің барлығынан да екінші құрамалар келді. Қазақстан атынан да, негізінен, ересектер арасындағы жарыстарда енді ғана тәжірибе жинауға кіріскен жас балуандар шықты. Белгілі балуандарымыздан Алмат Кебіспаев пен Алхазур Өздиев қана өнер көрсетті.

Біз оқырмандарымызды турнирдің ақтық сындары қорытындыларымен таныстырғанды жөн көрдік.

55 келі салмақ дәрежесі бойынша финалдық белдесуге қазақстандық балуандар шыға алмады. Бас жүлде оңтүстіккореялық Лю Юнг Байкке бұйырды. Финалда ол қытайлық Кене Хогуяннан басым түсті.

60 келі салмақ дәрежесіндегі ақтық сынға қазақ жанкүйерлері үлкен үмітпен қараған еді. Өйткені боз кілемге әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмат Кебіспаев шықты. Оның қарсыласы кореялық Сенг Жае Вунг болды. Өкінішке орай, бұл жолы кореялық балуанның бағы жанды. Алмат одан ұпай саны бойынша ұтылды.

66 келі салмақ дәрежесінде де қазақстандықтар финалдық белдесуге үлкен үмітпен қарады. Бұл салмақ дәрежесі бойынша ақтық сында ресейлік Адам Курак пен қазақ балуаны Асхат Жаңбыров күш сынасты. Біздің Асхат өзінен әлдеқайда тәжірибелі Адам Курактан айласын асыра алмады. ҚР Президентінің кубогы Ресей балуанына бұйырды.

74 келі салмақ дәрежесі бойынша да ақтық сынға қазақ және орыс балуаны жолдама алды. Константин Шираев пен Досжан Қартықов арасындағы белдесу орыс балуанының жеңісімен аяқталды.

84 келі салмақ дәрежесінде алтын және күміс жүлдені ресейлік Азамат Бикбаев пен оңтүстіккореялық Парк Джинг Сунг сарапқа салды. Бас жүлде — Азамат Бикбаевта.

96 келі салмақ дәрежесі бойынша ақтық сында тағы бір қазақстандық Ерлан Ысқақов өнер көрсетті. Ерлан ресейлік Никита Мельниковтен ұтылды.

Аса ауыр салмақ дәрежесінде ақтық сында ресейлік Әлихан Аюбаев пен ирандық Бехнем Мехдиздез күш сынасып, жеңіс ресейлікке бұйырды.

Көріп отырғандарыңыздай, біздің балуандар төрт салмақ дәрежесі бойынша ақтық сынға жолдама алып, төртеуінде де күмісті қанағат тұтты. Бұл жарыста ресейліктердің бағы жанды. Олардың қанжығасына бес алтын жүлде байланды.

Алғашқы күні қазақстандық балуандар алтынсыз қалғаннан кейін, жанкүйерлерді Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың өзі жұбатты: «Алтын міндетті түрде болады», — деген еді ол… Өкінішке орай, бұл үміт ақталмады.

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында біздің балуандардың сәтсіз өнер көрсетуі бапкерлер жіберген қателіктен деп есептейтінін жеткізіпті.

Қайткенде де, біз Астанада ұйымдастырылған жарыста балуандарымыздан алтын күткен едік. Әттеген-ай!..

 

Республикалық БАҚ матеиалдары бойынша әзірленді.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button