Қаракемердің ертеңі
Еңкейіп еңбек еткенге иіп тұрған өңір
Өзгерген атаулар
…Біз отырған жеңіл көлік Қобда ауданының орталығынан шығып, Тұзтөбе бағытындағы күре жолға келіп түсті. Ұзақ жылғы журналистік қызметімде мен бұл жолмен де талай жүргенмін. Өңірде апталап жатып, талай шарлағанмын. Әсіресе, қазақы ауылда өскен маған ол кезде ауданның жер атаулары өрескел естілетін еді. Ауыр қабылдап, қойын дәптеріме жазып алудың өзіне қиналатынмын. Новоалексеевка, Хабаловка, Астрахановка, Херсоновка, Зеленый дол, Успеновка, Благовещенка, Пятигорка, Краснояр, Михайловка, Новоалександровка, Вознесеновка, Ропповка, Брусиловка… болып жалғаса беретін еді күшпен таңылған атаулар. Бұларды қазірде де айтқанда, тілім бұратылады. Кешегі кеңес заманындағы сол атаулар бүгінде түгел дерлік өзгеріп болыпты. Көкүй, Қаракемер, Жарсай, Қызылжар, Қазақай, Ақсай, Өтеп… делініп елді мекендердің байырғы атаулары қайтарылыпты. Жарасымды-ақ. Ішің жылиды. Тәуелсіздігіміздің бір жемісі осы ғой.
Ресейдің Орынбор облысымен шектесетін бұл құйқалы өңір сексенінші жылдары Қобдадан енші алып, Исатай ауданы атанып дүрілдеп тұрды. Кеңес заманы науқаншыл еді ғой. Жаңа ауданның көркеюі үшін үкімет бәрін осында үйіп-төкті. Әсіресе, құрылыс қатты қарқын алды. Ауданның орталығы, елді мекендер тез өсіп, әсем құрылыстар орнады. Сөйтіп күш ала бергенде, жоғарының пәрменімен аудан тарады, халқы бытырады. Елді мекендер, оның ішінде ауданның орталығы да күйзелісті күндерді бастан кешірді. Кешегі тұрғызылған әлеуметтік әсем құрылыстар қаңырап, иесіз қалды, азды-тозды. Аудан да, ауданның орталығы да ешкімге керек болмай қалды.
Бүліншілік сонымен бітсе де ештеңе емес еді. Сөйтіп жүргенде, сол атауымен аудан қайтадан оралды. Бірақ елдің қуанышы ұзаққа бармады, арада бірер жыл өткенде, аудан тағы да жабылып тынды. Сонда бір ауыл ақсақалы: «Шайқаста қыршын кеткен Исатай есімін бермеу керек еді. Ауданның да ғұмыры қысқа болды…» деп, қиналыпты. Қазақ — ырымшыл халық. Ақсақалдың өзінің көңілі де, бұдан өзге не келсін қолынан енді.
Расын айту керек, аудан жамандығынан құлаған жоқ. «Жері байдың — елі бай» демекші, еңкейіп еңбек еткенге иіп тұрған өңір ғой.
Ол кезде бұл өңірдің қай ауылына барсаң да, іргеде егісі жайқалып, қырында малы қаптап жататын. Сондықтан бұл маңайдағы көріністердің көпшілігі маған таныс, көзіме оттай басылып келе жатқаны да содан. Көлік үстінен көз салып шолып, қазіргі жаңалықтарын да жол серіктерімнен анықтап сұрап қоямын.
Осы біз түскен күре жол бұрынғы ауданның орталығы — Ақырапты екіге бөлетін еді. Селоның оңтүстік батыс бетінде сол кезде өңшең жаңа құрылыстар бой түзегені есімде. Ауданның әкімшілік ғимараттары, әлеуметтік- мәдени нысандары, ірі сауда орындары, бәрі сол жерде болатын. Тоқсаныншы жылдарға қарай тап осы жолдың іргесінде қызыл кірпіштен екі қабатты монша да салынып еді. Ол кезде ондай монша Ақтөбенің өзінде жоқ десетін жұрт. Қарап отырсам, сол құрылыстардың бірі жоқ. Жапанда қалған бақсының моласындай, әр жерде қабырғалары ғана қалқаяды. Ілгерірек жүргенде астық қоймалары, элеватор құрылыстары бар еді, ол да — сол. Кейінгі ұрпақ кинодан ғана көретін бүліншілікке ұшыраған қалаларды еске түсіреді. Ең болмаса, бүліншілікке ұшыраған ғимараттардың құрылыс материалдарын, нешебір жылдардан бері жинап алып, орындарын тегістеп тастауға болар еді ғой деп, әлдекімдерге ренжисің. Шаруаға икемсіздік, оралымсыздық деген осы ғой…
1 миллион 300 дәптер тексерген ұстаз
Кешегі кезде ферма орталығы болып, Брусиловка атанған ауыл, қазір Қаракемер. Бұл — «Алтын қыран» компаниясының президенті, белгілі бизнес иесі, бүкіл елге қолқайыр көрсетіп отырған Исламбек Сәлжановтың туған ауылы. Бірсыпыра жылдардан бері атымтай жомарттығымен аты шыққан азаматтың «Көркейе бер, туған жер!» акциясымен байланысты тіпті қолы ашылып кеткендей… Қобданың қай ауылына барсаң да, жұрттың аузында — Исламбек. Ауданның қақ ортасынан, көрнекі жерден, өз қаржысына екі қабатты, осы заманғы сәулет, салтанатпен балабақша салдырып жатыр. Қызылжар орта мектебіне спорт жабдықтарын алдырып берген. Өз туған ауылына жасамағаны жоқ, мектебін жөндетіп, көшені күн батереясымен жарықтандыратын қондырғы орнатқан. Ауданның басқа ауылдарына да сондай-сондай жасаған жақсылықтары жетерлік. Жекелеген жерлестеріне де шапағаты көп тиген. Екі ауылдың ардагерлері мен мектеп оқушыларын Астанаға шақырып, бар шығынын компания есебінен өтетіп, мол қызық көрсеткен.
Осының бәрін жақсы білетін жолсерік жігіт пен «Қос шынар» Әлия, Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы, сыйлы ағамыз Ғалымжан Байдербес айтып тауыса алмай келеді. Әңгіме үстінде байқамаған екенбіз, түстіктің де уақыты өтіңкіреп кетіпті. Алдын ала ойластырылған жоспарымыз бойынша, біз Исламбектің туған ауылы — Қаракемерден ат шалдыруымыз керек еді.
Соны еске алғанда, жолсерігіміз қиналатындай сыңай танытты. Бір кезде өзі де осы жерде туып-өскен азамат, түсер жерге келгенде, бұрынғы орыс көршілерін айта берді. «Ау, құдайы қонақпыз деп, салып ұрып үйге кіріп бару қазақтың ғана қадеті ғой. Өзіміздің ағайындарға барғанымыз жөн емес пе?» деп біз тосылдық. «Мұнда ондай жоқ. Ұзақ жылдар бойы аралас-құралас отырғандықтан ба, бір-бірімізге бара береміз, тамыр-таныс болып кеткенбіз» деп, жолбасшы баламыз қиылды. Бұл ауылда басқалай баратын асхана, дәмхана жоқ. Біз амалсыз ыңғайына көндік.
Онымыз дұрыс та болған сияқты. Жолсерігіміз бір үйге кіріп кетіп еді, ізінше жас жігіт шығып, өтініп, қояр да қоймай бізді де үйге бастады. Құрмет, ізет, дастарқан мәзірі — бәрі де қазақша. Ұзақ жылдар бойы бірге өмір сүріп келе жатқандықтан қазақы дәстүрді де жақсы үйренген бе деп қалдық. Үйдің басшысы — жетпістің екеуіне келген орыс кемпірі Валентина Лареновна Грачева. Бірде қазақша, бірде орысша әңгімені төгілтіп отыр.
— Осы Қаракемер ауылында тудым. Осында төрт класты бітірдім. Бастауыш мектеп болды. Одан кейін Красноярға жіберді. Соғыс жаңа басылған жылдар, ел жүдеу, айнала қиыншылық. Күн сайын, қыс демей, жаз демей, жаяу қатынап оқыдық. Екі ауылдың арасы 7-8 шақырым жер. Сөйтіп жүргенімде ата-анам мені Ақтөбе қаласына жіберді. Қаладағы 11 жылдық мектептің 8 класын бітірдім. Ақтөбенің педучилищесіне оқуға түсіп, үздік бітірдім. Одан Оралдың пединститутына түстім. Жұмысты 1958 жылы осы Қобда ауданының «Қазақстанның 15 жылдығы» ұжымшарынан бастадым.
Одан соң әкем қайтыс болып, отбасы жағдайымен байланысты осында жұмысқа аударды.
1959 жылдан 1995 жылға дейін осы мектепте жұмыс істедім. Исламбектің қолына қалам ұстатқан алғашқы мұғалімімін. Зейінді бала болды. Үздік болмағанмен, өте жақсы оқыды. Берілген тапсырмаларды мұқият орындайтын. Кеңпейіл, ақжарқын болатын. Сол кездің өзінде тек өзін ойлаған жоқ. Қалам, сияға дейін жанындағы балалармен бөлісетін. Оның әке-шешесі де сондай еді. Көп балалы үлкен отбасында өсті. Осы ауылдағы көп балалы ең үлкен отбасы болды. Мен сол үлкен отбасының кемінде жартысын оқыттым. Ұлдарына да, қыздарына да дәріс бердім.
Мен осы бір мектепте табан аудармастан жұмыс істеп, «Қазақстан республикасы оқу ағарту ісінің үздігі» атағын алдым. Еңбек ардагері болдым. 1995 жылы зейнеткерлікке шықтым. Әлі де сабақ беріп келемін.
Таяуда бір кездесу өтті. Сонда жиын басшысы менің есімімді атап, кім оқыды дегенде, клубта отырғандар түгел орындарынан тұрды. Маған біртүрлі ұнамды болды.
Неге екенін білмеймін, маған ауылдастарым келіп, менің баламды бірінші класқа ал деп жалынатын. Кейде әлі алтыға толмаған балаларын да тықпалайтын…
Валентина Лареновна бүгінгі осы ауылдың шежіресі сияқты. Айтып отырса, білмейтіні жоқ, есте ұстағаны көп.
— Бұл жерде үлкен кент болды. Ұзын, кең үш көше. Әсіресе, көп балалы отбасы орасан мол болды. Бізде ол кезде бір үйден кейде 10,11 бала өретін. Мысалы, Құсбекте 12 бала болды. Тұрлыбекте 14 бала болды, — дейді.
Ал өзінің аталары қақындағы сауалдарымызға:
— Біздің әулет бұл жерге Украинаның Черныловский губерниясынан, 1906 жылы келген, Столыпин реформасынан кейін. Алайда менің бабаларым сол келген жылдың келесі жылы қайта көшіп кеткен.Тек олар емес, көшіп келген бірнеше отбасы қайта көшіп кеткен. Сондағы сылтаулары — шіркеу жоқ. Екінші сылтауы — нанды қимен, тезекпен пісіреді. Оны біздің бабаларымыз күнә деп есептеген. Олардың отыны — ағаш, шөп екен.
«Ауылдың Брусиловка атануы қалай?» дейміз біз тағы бір сауал тастап.
— Біздің аталарымыз шіркеу тұрғызуға жәрдем сұрап орыстың генералы Брусиловқа хат жазған ғой. Оның даңқы сол кезде қазіргі Жуковпен бірдей болған. Ол өзінің бір айлық жалақысын берген. Хат жазып, жұмысбастылықтан келе алмайтынын айтқан. Тұзтөбе арқылы шіркеуге қажетті құрылыс материалдарын жеткізіп берген. Содан осы жерге шіркеу салынған. Қазіргі мектеп тұрған жерде бұрын шіркеу болды. 1937 жылы жаппай репрессия кезінде шіркеу жойылған. Бабалары шіркеу іздеген менің әкем де коммунистке кірген, — дейді өткенді еске алғандай ойға беріліп.
Өзінің ұстаздық еңбегі туралы:
—Ағарту саласында жарты ғасыр істеппін Мен тек оқушылардың өзім қараған дәптерлерін орта есеппен санасам, 1 миллион 300 дәптер болады екен, — дейді.
Не деген еңбек?! Қайран қаласың. Бірақ мұғалімнің еңбегінің өлшемі дәптер ғана ма?
Алдынан дәріс алып, өмірге түлеп ұшқан шәкірттерінің азаматтығы елге қосқан үлесімен өлшенбей ме? Осы жердегі мектепті бітіріп мынау кішкентай ауылға тірек болып отырғандар қаншама!
Осы ауылда біз Кежебай Сибағатов деген азаматпен әңгімелестік. 1969 жылы туған, осы жерде мектеп бітірген. Мамандығым — стоматолог. Бірақ өз мамандығы бойынша көп жұмыс істемеген. Ауылына келіп, шаруашылық ашып отыр. Бір отар қойы бар. Мал қораларын кеңейтіп салып жатыр. Осы ауылдағы Қабыш Қисықов, Марат Шәріпов сынды азаматтар басқаратын шаруа қожалығына теңелсем деп талпынады.
Ол қайта айналып келген құтты қоныс Қаракемер, әрине, баяғыдай үлкен емес, бас-аяғы 52 аула бар. Осыдан екі күн бұрын тағы бір үй көшіп кетті. Шағын ауылдың уайымы ішіп-жем емес. Ол жағынан ауылдың жағдайы жақсы. Тек жылма –жыл ауылда бала саны кеміп бара жатқаны қинайды. Ауыл тұрғындары мектеп жабылып қала ма деп қауіптенеді. Қаракемер ауылының ертеңі, болашағы мектеппен байланысты екенін жақсы біледі.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.



