Ауыл

«Ақтөбе» газеті Байғанин ауданында

 Сабытайдың қымызханасы

 Жасы сексенге таяп қалғанмен, Сабытай ақсақал сырт көзге тың көрінеді. Сақал да, мұрт та жоқ. Тамағы қымыз болғасын ба, жүзі де жылтырап тұр.  Кесек тұлғасын ширақ қозғайды. Әңгімесінен де үлкендікті, қартайып отырмын-ау деген сыңайды байқай алмайсың. Алыс жоспарлары көп.

Біз жолсоқты болып Жарлыға жеткенде, алдымыздан күтіп алып, бірден қымызханасына бастаған еді. Мен бұған дейін еш ауылдан мұндай қымызхана дегенді көрген емеспін. Мүмкін қымыз құйып сататын орындар бар шығар, бірақ мынадай өндірістік негізде арнаулы бөтелкіге құйып, қымыз тартқанды білмедім. Зер салып, айналама қарағыштап отырғаным да содан. Қаладағы күнделікті өзіміз көріп жүрген дәмханалар сияқты. Столдар, отырғыштар қойылған. Қымыз сататын арнайы сөресі бар. Кірер кезде ғимараттың маңдайшасынан: «ҚосТемір» шаруа қожалығының қымызханасы» деген жазуды оқыған едім. Енді қабырғалардан  шаруа қожалығының басшысы Сабытай Жексенбайға берілген Алғыс хаттардың,  дипломдардың, сертификаттардың көптігіне қайран қалдым. Бұл мадақтау, сараптау қағаздарын ақсақал әр жылдарда, мал шаруашылығындағы жетістігі, шығарған өнімі үшін Астананың, Ақтөбенің ресми орындарынан алған.

Негізгі өнімі — қымыз. Қымыз болғанда, саптыаяқтан сапырып сары қымыз құйғанды көріп жүрміз ғой. Ал мынау бөлекшелеу. Қымыз өндірісін өндірістік негізге қойған. Қымызды сыйымдылығы әртүрлі пластикалық бөтелкілерге құйып бекіткен. Бүйіріне серіктестіктің арнайы таңбасы бар қағаз жапсырылған. Сабытай ақсақалдың бәйбішесі Қаламқас Жалмұханқызы қонақжайлылықпен алдымызға қойған қымыз бөтелкелеріне қол создық. Талай қынулы жас кәсіпкерлер жолға қоя алмай келе жатқан ұлттың көсегесін көгертетін мына шаруаны сексенді алқымдағалы отырған ақсақалдың қолға алғанына қалай сүйсінбейсің.

«Бір аяқ қымыздың желі бар, аттың үстінің желі бар» деп қазекең тегін айтпаған ғой. Шамалыдан соң, орта қызып жүре берді. Сабытай ақсақал да әңгіменің тиегін ағытты.

— Қымыз шаруашылығын 1995 жылы үш жылқы сауып бастадым.  Содан осы ғимаратты салып, ауылға қымызхана аштым. Қысқа қарай адам көп аяқ баспайды. Жазда студенттер жағы келіңкірейді. Болашақта бұл қымыз дайындайтын цех болмақшы. Әзірге қымызхана есебінде тұр. Қымызды станокпен арнайы сауда орындарынан алынған бөтелкілерге өзім құямын, бекітемін. Бұл шаруаға басқа ешкімді араластырмаймын.

— Саудаға шығарып сатпайсыз ба?

— Шығарып тұрмын. Қаладағы «Анвар» дүкенімен осы жылдың 1 қазанынан бастап, өнімімді салуға  шартқа отырдым. Жарты литрлік бөтелкіні дүкен 200 теңгеден қабылдап алатын болды.

— Соншама көп қымыз дайындап тұрсыз ба?

— Биыл жазда 13 бие саудық. Құлынын желіге байлайтын едік, кейін аулаға қамайтын болдық. Күн өтпес үшін қалқа жасадық. Әр бие араға екі сағат салып, 5-6 мәрте сауылады. Күніге 25 литр, айына 1 тоннадай сүт алынады.  Менің қымызымды негізінен Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау аймағының тұрғындары тұтынады. Әрине, мен тек қымыз өндірумен шектелмеймін. Болашағы алда деп есептеймін. Алдағы жылдары биенің санын 50-ге дейін жеткізіп, қымыз цехын толық жолға қоюды ойлаймын.

— Шаруаны қалай бастадыңыз?

— 1993 жылы қазан айында осы «ҚосТемір» шаруа қожалығын аштым. Сол уақытта зейнеткерлікке шықтым. Жағдай қиындау болды. Балаларға жұмыстың көзі табылмады. «ҚосТемір» деп  атағаным, бір інімнің баласының аты Темірғали еді. Өзімнің кенже баламның есімі Темірбек болатын.

Алдағы жылдың қазан айында шаруашылықтың құрылғанына 20 жыл толады. Ол уақытта 5-6 бас сиыр, 30-дай қой-ешкі, 3 бас жылқы болды. Алғашқы бетте 1300 гектар жер алдық. Шиқетер деген жерден жаңа баз салдық, тұрғын үй тұрғыздық.  Бастапқыда балам Жайлаубай, келінім Жанар  шаруаны ұйымдастырып, мал бақты. Одан бұл шаруаны ұлым Еркін, оның жолдасы Айгүл екеуі алып, жалғастырды. Үшінші ұлым Нұрлыбек жәрдем берді. Сөйтіп бірте-бірте шаруашылықтың малы өсті. Төрт түліктің саны түгел молайды. Сонымен байланысты қымыз дайындауды бастадық. Шу асау жылқыны сауу алғашқыда оңай болмады. Екі аяғын байладық, ноқталап ұстадық. Бірте-бірте сөйтіп үйренді.

Шаруашылықтың кеңеюімен байланысты техника, шөп шабатын агрегаттар алдық. «Казагроқаржы» мекемесі арқылы лизингіге 2005 жылы «МТЗ-82» тракторын жеті жылға алып, қарызды 2011 жылы толық төлеп құтылдым. Биыл тағы да шөп бутатын жаңа агрегат алдық. Мал азығын өзіміз толық дайындап алатын дәрежеге жеттік. Шөптің биылғы шығымдылығы төмен болғанмен, өзімізге жететін пішен дайындап алдық. Қазіргі таңда 970 рулондап буылған пішен жинаулы тұр.

Мал шаруашылығын Еркін балам уысында ұстап келеді. Ал кенже ұлым Темірбектің мамандығы—веттехник. Ақтөбенің ауыл шаруашылығы коледжін бітірді.  Қазіргі шаруашылықтың жағдайы осындай.

Ендігі менің негізгі шаруам қымыз өндіру болып отыр. Жылқы саууды мамыр айында бастаймыз. 4-5 ай сауып, қазанда тоқтатамыз. Қымыз шаруашылығын өндіріске айналдырмақ болып, биыл біраз жұмыстар жүргіздім. Дүкендермен шартқа отырдым. Бұл істе маған кеңес берген облыстық ауыл шаруашылығының мамандары болды. Олар маған дұрыс жол сілтеді. Қымыз құятын ыдыс алу үшін де қаладағы арнайы кәсіпорынмен шартқа отырдым. 2009 жылдан бастап қаладағы «Глобал мастер групп» кәсіпорнынан  жылына мың дана қақпағымен пластикалық ыдыс сатып аламын. Жапсырма қағазын жасаттым Ақтөбеден. Осы ыдыстарға қымыз құйып, саудаға шығарып келемін. Қазіргі уақытта үш облыс тұрақты алады. Қаладағы сараптау орталығының зертханасына қымызды тексертіп, өнімді таратуға сертификат қағазын алдым. Сол арқылы  Астана қаласында өткен екі үлкен шараға қатыстым.

— Қымыз қалай дайындалады?

— Әуелі бие сауылады.

— Кім сауады?

— Нұрлыбек балам. Шиқетердің басында қазіргі таңда. Сосын Еркін балам, Айгүл келінім. Сол үшеуі сауады, қолмен.

— Ер бала қалай сауады?

— Қайта сол сауады. Ерлеп тұрған  менің ер балам.

— Әлгінде бір сөзіңізде музыкамен сауу дегенді айтып қалдыңыз. Ол не?

— Жылқыны музыкамен саууды біз кеңшар уақытында жасадық. Жарсай фермасында  музыкамен 60 бие саудырдым. Жылқы шаруашылығының табаны сол кезде қаланған.

Бір айта кететін мәселе, мемлекеттен қымыз өніміне субсидия берілмейді. Жылқының белгілі мөлшердегі санына ғана береді. Бізге өндірілген сүтке берілсе, тиімді болар еді.

— Қымыз дайындайтын құрал-жабдығыңыз бар ма?

— Жайлауда бие сауып, қымызды бір апта жинақтап балаларым менің қолыма жеткізеді. Қымызды шайқайтын арнайы жабдығым бар. Бұрынғыдай піспейміз. Электр қуатымен жүретін арнаулы қондырғы арқылы шайқалады. Ыдыстарға құю, ауызын бекіту қолмен атқарылады. Мұның бәрін мен жасаймын. Жолдасым Қаламқас Жалмұханқызы есепші болып саналады. Жәрмеңкелерде қымыз сатады.

— Біліміңіз, мамандығыңыз қандай?

— Қазалының ауыл шаруашылығы техникумын 1962 жылы бітіргенмін. Содан кейін осы жердегі «Байғанин» кеңшарында жұмыс жасап жүріп,  1968 жылы Орынбордың ауыл шаруашылығы институтына түстім, 1973 жылы бітіріп, ғалым-зоотехник мамандығын алып шықтым. Екі саладан мамандығым болды да, кешегі «Байғанин» кеңшарының мал шаруашылығында да, техника саласында да жауапты қызметтер атқардым.

Сәкең бүгінгі жүргізген шаруасына қанағаттанып отырған жоқ. Алда қымыз өндірісін өнеркәсіптік негізге көшірсем деп армандайды. Сол мақсатпен Астанадағы  құзырлы орындарға да барып жолыққан. Шаруашылықты бірігіп жүргізуге шақырған астаналық кәсіпкерлер де болған. Олар жылқыны 150-200-ге арттыруды сұрап отыр. «Әзірге бұл таяу болашақтың жоспары, несие алып 50 бие саууға жетсем», — дейді фермер. Тек бұл сала емес, тұтас шаруашылықты ұлғайтудың жолдарын үнемі ойластырады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 20 ірі қара, 2 асыл тұқымды бұқа алған.

…Мұнда біз бір-екі адам емес, ауданның ауыл шаруашылығы  бөлімінің басшылары, басқа да жолбасшы болып жүрген азаматтармен келген едік. Сары қымызбен шөл басып отырғанда, қонағасыға деп сойылған семіз қойдың еті де алға тартылды. Осыдан кейін Сабытай ақсақал жаз жайлауы мен қыстағына апарып,  шаруашылығын көрсетпек еді. Алайда жолбасшыларымыз: «Ақсақалдың бар шаруасы осындай!» деп,  жолға ішер қымыздарын алған соң, келесі ауылға асықты…

 

 

 

Ауыл  көшесі  асфальтталды

 

Ауданның орталығы — Қарауылкелдіде асфальт төселген көшелер бұған дейін де көп емес еді. Кеңес кезеңіндегі бірер көшенің қара жамылғысы әлдеқашан ұңғыл-шұңғылға айналды. Олар жылда жамап-жасқалады. Сондай жағдайда ауылда асфальт төселген жаңа көшенің пайда болуы — аса қуанышты жағдай.

Биыл аудан орталығындағы Тобық Жармағамбетов атындағы көше мен темір жол өткелінен «Байғанин көлік» серіктестігіне дейінгі жолды асфальттау үшін жергілікті бюджеттен 49 млн.теңге қаржы бөлінді.

Осы қаражатты игеру мақсатында тендер өткізіліп, оны «Мерей и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алып, жұмысты жедел бастап кеткен еді. Таяуда сол игілікті іс толық аяқталды. Аталған серіктестік Т. Жармағамбетов атындағы көшені және жалпы қашықтығы 1902 метр жолды  жөндеп, қалпына келтірді. Оған жаңадан асфальт төседі. Мұнымен бірге темір жол өткелінен «Байғанин көлік» серіктестігіне дейін 503 метр жолға тегістеу жұмыстарын жүргізді. Қиыршық тас төсеп, тығыздау, тапау жұмыстарын атқарып, асфальттады.  Аудан орталығындағы көшелерге арнайы жолақтар мен жол белгілерін салу сияқты жұмыстар да осы тұста атқарылды.

Ауыл көшесі мен жолдарды асфальттауға 2 «КамАЗ» , бір тиегіш, бір автогрейдер, 1 асфальт төсегіш тартылды. Шебер С. Беркенов, бригадир Б.Қилыбай, жұмысшылар О. Байдуллин, Қ. Қарамұхан, Н. Есенғазин, Н. Қосшин, А. Қоңыров, т.б. осы жұмыстардың бел ортасында жүрді.

Осындай мамандардың тынымсыз еңбегінің арқасында екі көшені асфальттау белгіленген мерзімде аяқталды.  Бөлінген қаржы толық игерілді. Оның нәтижесін көріп отырған көлік жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де алғыстарын жаудыруда. Ауыл тұрғындарының қуаныштарында шек жоқ.

Бұл құрылыс ауылдың ажарын келтіріп қана қойған жоқ, ең бастысы, көлік қозғалысына ыңғайлылық әкелді.

 

 

 

Тағзым

 

Ядролық жарылыс құрбандарына арналды

 

Ядролық сынақ жарылыстарының зардабын тартқан өңірдің бірі — Байғанин ауданы. Бір кездері аудан орталығы болған Жарқамыс елді мекенінің іргесіндегі Қалдайбекте ядролық жер асты сынағы өткенін бүгінде екінің бірі біледі. Оның құрбандарына арнап Естелік-ескерткіш қою мәселесінің біраздан  көтеріліп жүргені жұртшылыққа тағы мәлім. Соның сәті биыл түсті.

Өткен жұма күні Жарқамыста ядролық сынақ жарылыстары құрбандарына арналып орнатылған Естелік-ескерткіштің  ашылу салтанаты болды. Оған ауданның орталығынан, барлық ауылдарынан адамдар қатысты. Өзіміздің облыстың орталығынан, Мұғалжар, Темір аудандарынан, Семей, Астана, Алматы қалаларынан, көрші Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан арнайы қонақтар келді.

Естелік- ескерткіштің ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Аудан әкімі Мамырғали Аққағазов кіріспе сөз сөйледі.

Ескерткішті ашу рәсімін «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының вице- президенті, профессор Майдан Әбішев пен Жарқамыс ауылының әкімі Сәндібай Дербісов орындады.

Ядролық жарылыс қасіреттері туралы әңгімелегендер өте көп болды. Ауыл ардагерлері, Семей полигонының әскери адамдары, Чернобыль жарылысының куәгерлері сөйлеп, ядролық қасірет зардабын барынша жеткізіп айтты.

«Невада-Семей» антиядролық қозғалысы филиалының жетекшісі Ізімғали Көбенов осы бағыттағы атқарылған жұмыстар жайлы баяндады.

Жанұзақ Талдыбаев пен Тельман Ермағамбетовтің «Қалдайбек қасіреті» атты мұңды әні орындалды.

Жиын соңында ядролық сынақ жарылыстары құрбандарының құрметіне ас беріліп, құран бағышталды.

 

 

 

Болашағы жоқ мекен

Халықты жұмыспен қамтудың жаңа картасы жасалды

 

Халықты жұмыспен қамтудың үшінші бағыты — әлеуеті төмен елді мекендерден адамдардың экономикалық даму орталықтарына көшуіне мемлекеттік қолдау көрсету. Байғанин ауданында  болашағы жоқ елді мекендерден әлеуеті жоғары елді мекендерге биыл 10 отбасын көшіру жоспарланып отыр. Оның сегізі — Қазақстан елді мекенінен. Біздің жолымыз осы ауылға да түскен еді.

 

Ауылдың аты — Қазақстан…

Қазақстан — Қарауылкелді селолық округіне қарайтын елді мекен. Аудан орталығынан 18 шақырым жерде. Қазір мұнда 13 үй ғана қалған. Әлеуметтік дамуы төмен елді мекенге жатқызылғаны да содан. Бұл ауылдың байырғы атауы — Жанбике. Бір кезде осы өңірде 42 ұжымшар болған екен. Соның бұл ауыл маңдайалдысы болған. Кейін Қаурауылкелді ұжымшарының №3 фермасына айналған. Сол тұста ұзақ жыл ферма меңгерушісі болып қызмет атқарған Ерназар Қалиев қазір Қарауылкелді селолық округінің әкімі. Әрине, бұл ауылдың жайын одан артық білетін адам жоқ.

— Бұларда көлік қатынасы қиын. Сосын суы ащы. Ауыз суды тасып ішеді. Кезінде  2 су таситын автокөлік тұрақты су тасып тұрды. Ол кезде бөлімшеде 23-24 мың қой,  1200-дей сауын сиыр болды. Ферма ауданды сүтпен қамтамасыз етіп тұрды.  Қыста да 200 сиыр сауып, балабақшаға, ауруханаға, басқа да бюджеттік мекемелерге сүт берілді. Ферма басында 40 шақты үй тұрды. Ол кезде де мектебі бастауыш болды. Бірақ оқитын бала толық еді. Қазір мүлде азайды. Тоқсаныншы жылдарға қарай,  Бұлақтыкөл және осы Қазақстан ауылдарының астынан су шығып, үйлер жарамсыз болып қалды. Сонымен байланысты бір жарым шақырым жерден ферма орталығы осы жерге көшірілді.  Бір жылда 22 тұрғын үй,  мектеп, клуб салынды.  Әлі де біраз құрылыстар салынуы керек еді. Жылу қазандығы орнатылып, үйлер бір-біріне жақын қоныстанды. Ондағы мақсат ауылға бір орталықтан жылу беру болатын. Кеңшардың тарауымен байланысты, бұл жоспарлар да орындалмай қалды, — дейді, өзі де осы жерде туып-өскен ауыл әкімі.

Оның әңгімесіне қарағанда, ауылдан адамдардың көшуі 1995 жылдары басталыпты. Халық негізінен жұмыс жоқтықтан қозғалып кеткен. Қазіргі отырғандар азын-аулақ малымен күнелтеді. Ауылды айтпағанда, айналада 11 мал қыстағы бар екен. Соның екеуі жоқ болған, қалған баздарда мал бағып адамдар әлі де отыр.

Ауылдың малының санына келгенде әкім:

— 13 отбасында күн көрерліктей мал бар…  Әрқайсысында 15-20, 30-дан қой, кейбіреуінде 40-50 қой болуы мүмкін. Бес-алты, он шақты сиыр шығып қалар. Жылқы жағы кемдеу бізде. Ит-құстан қорқып, азайтты, 30-40-тай жылқы жүреді қазір осы жерде. Сіздердің көріп отырғандарыңыз… Бір шаруа қожалығы базда отыратын еді, биыл осында көшіп келді. Артығымен дайындап алған шөпті. Оның қолында 150-дей қой болуы мүмкін, — деп күмілжігендей сыңай танытты.

 

Бастауыш мектеп…

Мұнда малдан басқа жұмыстың жоқтығы рас сияқты. Бес бала оқитын бастауыш мектепте 2 мұғалім жұмыс істейді. Медпунктте бір адам бар. Клуб, кітапхана жоқ.

— Биыл мектепті жауып тастай жаздады. Әупіріммен ұстап қалдық. Бірінші, екінші, үшінші сыныптар бар, төртінші сынып жоқ, — дейді мектепке жиналған азын-аулақ ауыл тұрғындары.  Әлгі екі мұғалімнің бірі — Айдана Таласбаева:

— Мен 2003 жылы келдім осында. Алғашқыда 8,7, 11 оқушы болды. Қазір мүлде азайды. Бес баланың біреуі — өзімнің ұлым. Қатты сырқаттанып, қалада ауруханада жатып, өлім аузынан қалды. Содан да дәрігері бар жерге жақындағым келеді. Жолдың, ауыз судың қиындығы бар, — деп мұңын шақты.

Осы ауылдан өз еркімен көшеміз деген адамдарға жолықтық. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар», жайсыздық көп те, болмаса жусаны мен жуасы бұрқыраған ауылын қиып кім көшеді?!

Гүлсім Төреханова:

— Өзімнің туып өскен жерім осы жер. Бұрынғы кезде клубта сыпырушы  болдым. Қазір ауылда жұмыс жоқ. Әсіресе, жастарға қиын. Жол қатынасы нашар. Мұнда өмір бақи ауыз су болған емес. Түйе арбамен су тасып ішіп, күн көріп отырмыз. Кезінде балаларымды да атқа мінгізіп, трактормен тасымалдап, аудан орталығына оқыттым. Енді немерелерім сол қорлықты көрмесін деп, мүмкіндік болып жатса, қалаға көшуді жөн санадым.  Бір балам қалада пәтер жалдап тұрады. Өзім зейнетақы жасына жете алмай жүрмін. Отбасымда балам-келінім, екі немерем,  5 жан тұрамыз. Мал ұстамаймын. Себебі, бұл жерде мал ішетін су да тапшы. Сағыз өзені сегіз шақырым жерде. Малға да тасып береміз суды. Келінім мұғалім болғанмен, бала саны жетпейді, болашағы жоқ.

«Атамекенді қалай қиясың, сағынбайсың ба?» дейді?  Қайтеміз енді,  амалымыз жоқ, балаларымыздың тағдыры үшін қиямыз.  Балаларым ендігі жерде бейнет  көрмесін деймін. Жастарға қиын мұндай жерде тұру. Қаладағы үйдің қашан боларын да білмейміз. Құжаттарымызды тапсырдық, әйтеуір.

Ақзия Бергенова:

— Біз де осы жолға бекініп отырмыз. Көнелеу «УАЗ» автокөлігіміз бар, сонымен азық-түлігімізді күнілгері тасып аламыз. Болмаса, күзгі жауын-шашында, қыс айында бұл ауылға қатынау қиын. Орталықта интернатта оқитын балаларымызды Қосаралдан бері  атпен жеткіземіз. Менің бұл жерге келін болып түскеніме он шақты жыл болды. Содан бері осы қиындық. Жұмыс жоқ, үйде отырмын. Жолдасым азын-аулақ малын бағады. Малға да су жетпейді, түнімен су тасып, бөшке толтырамыз. Болашағы жоқ ауыл-аймақты көшіреді дегенді естіп, құжаттарымызды жібергенбіз. Енді содан үміт күтіп отырмыз. Беріп жатса, риза болар едік. Балаларымыздың болашағы сонда тұр. Азғантай малымызды қарап бұл жерде атам қалады.

Әңгімеге атасы Әбен Оразымбетов араласты:

— Пайғамбар жасына келдім. Осы арада онның үстінде отбасы бар. Ауыз су тасымал, 4 шақырым жердегі құдықтан тасылады. Мектептің түрі мынау. Осы жерде 5 бала оқиды. Бірі — менің немерем. Сосын қыс айында жол қатынасы қиын. Қарауылкелдідегі интернатта екі немерем оқиды. Қыста үйге келіп-кете алмайды. Жол болмайды. Тағы бір қиындық — жастарға жұмыс жоқ. Бала-келін екеуі де жұмыссыз.  Тек малмен отыр.Төрт бөпесі бар. Соларды қалаға жіберейін деп отырмын. Түбінде өзім де барамын. Әзірге үйдің реті келмей тұр. Беретіні бір бөлмелі үй деп естимін, оған кім сияды? Кемпірім, үйленбеген балам бар, солармен қала тұрамын ауылда.

Көштерің көлікті болсын, басқа не айтамыз. Көшуге кезекте тұрғанның бірі Гүлсім Танауова: «Ілкіде түсінбей қалдық. Көшуге енді бел байлап отырмыз. Менде су таситын көлік те жоқ. Әркіммен саптасып барамын. Үйім — клубтың бір жағы. Екі бала бар үйленбеген. Екеуінде де жұмыс жоқ. Менің зейнетақыма қарап отыр. Бірінші қол көтеретін мен болуым керек қой көшемін деп. Бірақ туған жерді қимай, алғашқыда тосылдым. Шынымды айтсам, баспана бола ма, болмай ма деп, Үкіметке де сенбедім».

Ауыл тұрғындарының әңгімесі бірыңғай болып шықты. Болашағы жоқ мекенді тастап, қоныс аударуға бекінген екен. Биыл — 7, келер жылы — 6 отбасын көшіру жоспарланып отыр. Сонымен бір ауылдың оты өшеді. Есесіне экономикалық даму орталықтарында еңбек ресурстары нығаяды. Бұл — мемлекеттік саясат. «Көш көлікті болсын!» деген тілек қана қалды бізден.

 

 

АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА…

 

Қарауылкелдіде үй шаруасындағы әйелдер өздері жұмыс орындарын ашып, еңбектің дәмін тата бастаған. Солардың бірі Анар Төремұратова аудан орталығынан тігін цехын ашқан.

Әзірге тігін цехы — жеке үйінің ішінде. Үйінің алдынан, көше беттен тігін цехына арнап ғимарат та тұрғызып үлгерген. Газ кіргізген соң, соған қоныс аудармақ.

Анар — маңғыстаулық, бұл ауданға келін. Өзге саланың маманы, есеп қызметкері болғанмен, өнерлі елдің қызы болғаннан кейін, іс тігуге де ебі бар. Тұрмыс қиындаған тоқсаныншы жылдардан бастап, іс тігуді күнкөріске айналдырған.

Өткен жылы 2 млн. теңге несие алып, тігін цехын ұлғайтқан. Тігін цехы үшін жаңа ғимарат салумен бірге, осы заманғы жаңа технологиямен іс тігетін машиналар алған. Бұрын аудандық тұрмыстық қамту комбинатында іс тіккен абысын-ажындарын, келіндерін жұмысқа шақырған. Олардың жасы үлкенін өзі үлгі тұтады. Мысалы, сондай сыйлас абысыны Айгүл Жауымбаева Қарауылкелдіде жұмыссыздықта жүріп, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша, өткен жылы Ақтөбе қаласындағы лицейден үш айлық курста оқып келген.

— Соның арқасында мына компьютерлік іс машинасын жан-жақты меңгердім, — дейді Айгүл.

Бұл бір әмбабап іс машинасы екен. Ою-өрнек, кесте тігеді. Моншақ тастарды да өзі қадайды. Осы машинадан шыққан ұлттық киімдердің неше түрі цех ішінде үлгі ретінде ілулі тұрды.

Біз Жарқамыс ауылында кеңес өкіметі атом бомбасын сынақтан өткізген Қалдайбек қасіретін еске түсіретін ескерткіш орнатылмақ екенін естігенбіз. Сол салтанатқа қатысатын адамдарға арнап бас киім тігуге тігін цехына тапсырыс берілген екен. Ісмер тігіншілер осы шаруаны жақсы атқарыпты. Тігін цехынан шыққан 50 бас киім жаңа үлгісімен қызықтырады.

Жаңа іс машинасының мүмкіндігін пайдаланып тігіншілер ұлттық киімдер тігуді қолға алған. Олардың қолынан шыққан бешпент-шалбар, кәжекей, камзол жоғары сұранысқа ие деседі.

Тігін цехы тұрғындардан тапсырыстар қабылдау арқылы жұмыс жасайды. Әзірге тігіншілер де, іс машиналары да көп емес. Тігіншілердің жас шамалары да  әр түрлі. Мақпал Есенжанова  бұрынғы тұрмыстық қамту комбинатының айтулы тігіншісі екен, жасы 74-те. Соған қарамастан, шебердің аты шебер ғой, осы топтың тәлімгері сияқты. Жарты миллион теңгеге алған іс машинасының құлағында ойнайды. Оқу — ойдан артық емес деген осы. Нұрлыгүл Қалиева, Айнагүл Қыдырбай да осы тігін цехы арқылы нәпақа тауып жүр.

Ауылдағы шағын ғана цех. Соның өзі қыруар шаруа тындырып отыр. Себебі, өздері айтқандай, тігіншілер тапсырыс берушілердің көңілінен шығуға тырысады. Үнемі ізденіс үстінде. «ЕркеНұр», «Айгөлек» журналдарынан тігін үлгілерін алады. Ақтөбе қаласындағы «Бикеш» тігін цехымен байланыс жасайды.

— Бізге негізінен тапсырыс беретін мектеп оқушылары, балабақша бүлдіршіндері. Сондықтан солардың ата-аналарының талабынан шығуға тырысамыз, — дейді тігін цехының меңгерушісі Анар Төремұратова.

Және бір сүйсінерлігі, бір мақсатқа біріккендер туған келін, абысын дегендей, жақын адамдар екен. «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деген осы емес пе?!

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Қостанайдан жем келді

 

Қуаңшылықтың салдары сезілмей қалмады. Шабындықтың шөбі сұйық болды. Кенеулілігі де төмен. Мал баққан шаруа биылғыдай жылы қосымша жем берілмесе, қыста малдың күйі таюы мүмкін деп қауіптенеді. Ал өңірде жемнің де тапшы екені түсінікті.

Осыны білетін Қарауылкелді селосындағы «Ай-Жібек» базарының басшысы Қама Табынбаева ауыл тұрғындарына Қостанайдан жем жеткізіп беріп жатыр.

Темір жол  арқылы келген алғашқы вагон жемді тұрғындар пышақ үсті бөліп әкеткен.

Кәсіпкер  жақында тағы бір вагон жем жеткізген екен. Сұраныстың жоғары екендігіне өзіміз де куә болдық. Тура темір жол бойынан, вагон үстінен ауданның әр ауылынан келген шаруа қожалықтарының иелері, жекелеген адамдар көліктеріне аударып алып жатты.

Астықты өңірден келген жем аса құнарлы, бидайдың жармасы, кебегі. Құрама жемнің қапшығы — 600 теңге. Мұны тұрғындар биылғыдай жылы қымбат көріп отырған жоқ. Шамаларына қарай, тіпті 50-60 қапшықтан сатып алып,  қор жасауды жөн көрген.

Қыс — қыр астында тұр. Жемшөбін ерте түсіріп, қора-қопсысын сайлап, жақсы дайындық жасағандардың ұтатыны даусыз.

 

  Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button